Сыр бойы – ежелден алаштың анасы атанған аймақ. Ескі заманда елдің ардақ тұтар абызына айналған Қорқыт ата қашанда түркі халықтары үшін қастерлі тұлға. Ел аузындағы аңыздарға үңілсек дала данагөйі мәңгілік өмірді іздеп, әлемді шарлап, Сырдарияның бойында дамыл тапқан. Мұнда тұғырлы тұлғаның талбесіктен жербесікке дейінгі өмір өткелінің ізі қалған.
Мың жылдан астам тұтас бір дәуірді межелеген ескерткіш әлі де адамзат баласының зор қызығушылығын туғызып келеді. Әлемнің әр қиырында тарыдай шашырап жүрсе де, түркілер атақты абызды ұлы бабамыз деп дәріптейді. Қазақ топырағына қадам басқан сәттен Қорқыттың мәңгілік мекеніне арнайы ат басын бұрады. Мұның өзі Сыр өлкесінің түбі бір түркі жұртының тәу ететін қасиетті мекені екенінің дәлелі болса керек.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қорқыт ата мазары 1925 жылы опырылып, 1952 жылы Сырдария өзені шайып кеткен. Мазар 19 ғасырдың соңында Ә.Диваев, И.Кастанье, П.Лерх зерттеулеріне негіз болған. Мұндай деректер бүгінге дейін «Түркістан альбомы» жинағында жарияланған фотосуреттер арқылы жеткен. Диваев пен Кастаньенің жазуы бойынша құрылымы шикі кірпіштен қаланған дөңгелек пішінді 6-8 қырлы күмбезді құрылыс. Ішкі көрінісі биік, қабырғалары кереге өрнегімен нақышталған. Исламға дейінгі түрік сәулет құрылысы үлгісімен салынған.
Қазіргі таңда, қайта бой көтерген Қорқыт ата мемориалды кешені Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жерде Қорқыт стансасына жақын төбе үстінде орналасқан. Ол жерге барған туристер желдің екпінімен сыңғырлап тұратын жел әуенін ести алады. Тұрғындар арасында «әуендететін құбырлар» деп те аталып кеткен. Қорқыт Ата жерленген Сырдария өзенінің жағасында Х-ХІ ғасырлар аралығында «Қорқыт-Төбе» кесенесі орнатылған. Ғасырлар өте келе қирап, сәулетші Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен қайта тұрғызылып, 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарының арқасында амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Тіпті Қорқыт ата мұрасынан 2 мыңнан астам жәдігер қойылған мұражайы бар. Реконструкциялаудың нәтижесінде кешендегі басты ескерткіш қобызды 8 метрден 12 метрге дейін биіктеткен. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.
Бұл күнде соққан желмен бірге күңіреніп күй шертетін Қорқыт қобызы өткен-кеткен жолаушылар мен халықтың зиярат ететін қасиетті жеріне айналған. Көрмеген адам сенбейтін болар, бірақ бар қасиетін ішіне бүккен ескерткіштің бізге беймәлім тұстары жетерлік.
Малика ТҰРҒАНТАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<