Ефрейтор Ермағанбетовтың ерлігі

504

0

Кең байтақ қазақ елім-ай! Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында, сегіз Франция сыйып кететін шалқар аумақты ата-бабаларымыз ат тұяғымен шаңдатып жортып-ақ қалай игергеніне, сонша байлықты ұрпағына аманатқа қалдырғанына қалайша таңданбасқа, қалайша  бас имеске?! Бек разымыз!

Осындай ұшқан құстың қанаты талатын даланың қияндағы бір бөлшегі «Ақбасты» қонысының ақылгөй ардагері, кезінде жауапты қызметтер жасап, көп құрметіне бөленген әрі шайырлығы бар, әлденеше кітап жазған Сәуелқан Смағұлұлымен ойда-жоқта кездесіп қалдым. Есен-саулық, таныстықтың соңында ол әлдебір жыр шумағын тебірене толғады-ай!

– Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін,

Қанды қырғын қызыл от,

Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін,

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма, мені өз елім?!

– Ау-у, мынау Қасым Аманжолов қой, – дедім де, – бұл Сәуелқаныңыз кім де болса, сол сұр шинелімен қанды шайқасқа қатысқан аяулы бір тектісін іздейді-ау деп топшыладым.

Екеуміз де үнсізбіз. Сірә, ол да, мен де кешегі қан майданда шейіт кеткен туыстарымызды, аға-әпкелерімізді ойласақ керек. Мен бесінші сыныпта оқитынмын. Алғашқы қолға түскен газет хабары әлі есімде. Онда «Отанға жау шапты. Қапыда тұтқиылдан басты. Түн жамылып келді. Соғыс 1941 жылдың 22 июнь күні түнгі сағат үште басталды. Москвадағы Герман елшісі соғыс басталғанын таңертеңгі жетіде ресми түрде мәлімдеді.

Батыс Европаны түгелге жуық жаулап, ашса алақанына, жұмса жұдырығына ұстап отырған фашистер тым өрескі, менмен, өркөкірек, өзіне-өзі сенімді де өзімшіл екен. Шу дегеннен алқымдап ішке еніп кетті. «Қауырт соғыс» жоспарын іске асырмақ. Бүкіл дүниедегі капиталистік елдердің қоршауында мұхит ортасындағы жартас тәрізді боп тұрған Социалистік Отанға, Ленин орнатып берген өмірге қауіп төнді. Жау Москваға тақап қалды. Бірақ олардың бұл арам пиғылы іске аса қоймас» делінген еді.

– Кешіріңіз дедім, – Сәуелқанға – жұрт күңіреніп, қосақтарын жау шебіне аттандырған жеңгелердің өксіп жылағаны осы кезге дейін құлақты шулатып тұрғаны-ай! Ал сіз жоқ қараған жолаушыға ұқсайсыз, – деп едім, ол зым-зия жоғалған соғыс солдатының фамилиясын атады.

«Боздақтар» кітабын қолыма алдым. 5-томы. 119-беті.

«Ермағанбетов  Бақтыгерей – қызыл әскер. Аван ауылдық кеңесінде 1909 жылы туған. Шала сауатты. Балықшы. Арал АӘК арқылы 1942 жылы майданға аттанып, атқыш ретінде соғысқа қатысқан. 1943 жылы қыркүйекте ұрыс даласында хабарсыз кеткен. (Мәскеудегі Қазақстан елшілігі арқылы алынған. ІҚАІЖБҒЗИ мәліметі)».

– Осы кісі ме?

– Иә, дәл өзі!

– 1909 жылы туып, 1942 жылы Отан қорғауға шақырылса, 33-тердегі естияр жігіт болды ғой. Үйлі, бала-шағалы шығар?

– Ол тұста мен 8-9 жас шамасындамын. Білетінім – осы «Ақбастыда» 1945 жылы оба індеті тарап, 130-дай тұрғын опат болды. Соның ішінде Бақтыгерейдің әйелі мен екі ұлы да кетті. Өзі де кіндіктен жалғыз-тұғын.

– Обалдағы-ай! Шаңырақта кім қалды?

– Кім қалсын. Ешкім жоқ. Сосын да ер-азаматтың артында бір белгі қалсын деп әр есікті қағып жүрген жайым бар.

– Хабарсыз кетті деген – мерт болды деген сөз емес. Алай-дүлей арпалыста жаңылыс бола береді. «Соғыста бірінші болып шындық өледі» деген қағиданы да ұмытпа, – деп жұбатқан болдым да, «Қарақұм» ауылдық округіндегі компьютердің нағыз білгірі, өзіме таныс Абай Әбішовтың қалта телефонының нөмірін тердім.

– Иә, көке, тыңдап тұрмын, – деген  әдеттегідей жұмсақ үні естілді. Мән-жайды баяндап едім:

– Ләппай көке, – деді ол, – қазір қазір… Сәл-пәл уақыт беріңіз. Ресей сайттарының ішек-қарнын ақтарайын, – деді құлшыныс танытып.

Шай қайнатым уақыт өтті ме, өтпеді ме, компьютерде отырған Мерей қызым:

– А-та! Жауап келді, келді! – деді. Оқыдым. Қайталап оқыдым:

«Приказ по 624 стрелковому полку, 137 стрелковая дивизия 24 июля 1943 года №19/4 Действующая Армия от имени президиума Верховного Совета – Союза ССР НАГРАЖДАЮ: медалью «ЗА ОТВАГУ».

Пулеметчика 3 пулеметной роты, ефрейтора Ермаганбетова Бахтыгирея за то, что он, в бою за д.Васильевка Орловской области, 23 июля 1943 года проявив мужество и отвагу отрезал контратаку группы немецких солдат, уничтожив из пулемета до 30 гитлеровцев.

1907 года рождения, казах, безпартийный, призван в Красную Армию Аральским РВК Кзылординской области».

Міне, ерлік! Бір өзі отыз фашистің көзін жойған. Мұның өзі бір дастан ғой, – дедім жерлесінің ерлігіне сүйсінген Сәуелқанға қарап.

– Жо-қ, аға! Бұл бір емес, әлденеше дастанға жүк болар, кейінгі ұрпаққа үлгі, шамшырақ қой! – деді ол көңілі шалқып.

***

– Абай-ау, – дедім «Қарақұмға» қайта телефондап, оған рахметімді айттым да, мұны Ресейдің қай сайтынан алғанын сұрадым.

– Көке! – деді даусы саңқ етіп, – оны Ресейдің «Память народа» сайтынан таптым. Енді интернетті «сүзіп» жатырмын. Ермағанбетов жайында мұнда да басқа біраз мәлімет бар екен.

***

Интернеттен алған дерегі ертеңіне арнайы конвертпен жетті. Қазақ тілінде жазылған тұтас бір бет. Әйтсе де толық бергенді жөн көрдім.

Ермағанбетов Бақтыкерей. Ұлты қазақ. Партияда жоқ. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ленин атындағы (кейін Аван аталған) колхозда дүниеге келген. 1942 жылы Арал АӘК арқылы майданға аттанып, ефрейтор шенінде «Максим» пулеметі қаруының пулеметшісі ретінде 137 атқыштар дивизиясы, 624 атқыштар полкінің құрамында жаумен айқасқа түскен.

1942-1943 жылдары ефрейтор Ермағанбетов Бақтыкерей Мценск қаласы маңындағы ұрыстарға қатысып, Орел қаласы жанындағы қиян-кескі ұрыстар арқылы Неручь өзенін кесіп өтіп, Змиевка теміржол станциясы үшін немістермен қырғын шайқасқа қатысқан, нағыз ержүрек жауынгер.

Осы ұрыстардың бірінде ефрейтор Ермағанбетов Бақтыгерей жарақат алып, Саратов қаласындағы №3631 госпиталінде емделіп, 1943 жылдың 11 қаңтарында жазылып, қайта қатарға қосылады. (Бас дәрігердің анықтамасы қоса тігілген).

1943 жылдың 23 шілдесінде Орлов облысы, Васильевка деревнясы маңында болған ұрыста қайта-қайта қарсы шабуылға шыққан неміс әскерлеріне оқ жаудырып, жаудың 30-ға тарта солдатын жер жастандырған. Осы ерлігі үшін ержүрек пулеметші Ермағанбетов Бақыткерей «Ерлігі үшін»  (За отвагу) медалімен марапатталған.

1943-1944 жылдары Ока өзенінің аумағындағы Кром қаласы мен Гомель қаласы бағытындағы көптеген  елді мекендерді жаудан тазартуға қатысып, Десна, Сож, Березина өзендерін ұрыспен кесіп өтуде жанқиярлық таныта білген.

Ефрейтор Ермағанбетов Бақтыгерей 1944 жылдың жазында Белоруссияны неміс-фашист басқыншылығынан азат етуге қатысып Бобруйск, Нарев, Бельск қалаларын жаудан тазартуға атсалысқан.

1945 жылы «Шығыс Пруссия» операциясына қатысып, немістің Мюльхаузен қаласында соғысты аяқтайды.

***

Қолға ұстатқандай дерек. Жантүршігерлік дерек десеңіз де болады. Қаншама қаланы, жер-суды, өзен-көлді қан кешіп жүріп азат еткен! Ефрейтор Ермағанбетов соғыстың соңғы күніне дейін сапта болған.

Оқушы кезімізде сахнадан бір әнді шырқаушы едік. Екі жолы ғана көңілімде тұр:

– От кешіп жүріп, шынында

Жау жеңіп қайтқан солар ғой! – деп.

Ерлік ұмытылмайды дейміз. Көзі де, өзі де жоқ Ермағанбетовтың Тәуелсіз елі, ол қорғаған туған жері, зиялы қауымы, шүкір бар ғой! Есіл ерді ел есінде сақталатындай іс-шара жасалар деген үлкен сеніммен осы жазбамды түйіндедім.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Арал ауданының Құрметті азаматы.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<