Екі мыңдай жәдігердің егесі немесе елу жылдық еңбек

295

0

Тарихы 200 жылдан асатын арба, қамыстан жасалған сандық, сиялы қалам, портфель, майшамдар. Осы сияқты екі мыңдай жәдігер көненің көзіндей болып Қызылордадағы мектептің төрінде тұр десем, сенбессіз. Бірақ солай. Ал оны қарапайым мұғалім жылдар бойы өз ақшасына сатып алып, жинады десем, тіпті таңғаларлық.

Кейіпкеріміз Күләш Алматшаеваны білетіндер «Музей апа» деп атайды. Ол Қызылорда қаласындағы К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектепте жарты ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Жасы жетпістен асса да жанының қалауы болған жұмысынан қол үзгісі жоқ. Тәжірибелі ұстаз – қазіргі күні осындағы «Атамекен» музейінің меңгерушісі.

– Мектеп 1972 жылы ашылған болатын. Ол кезде жасым небәрі 23-те. Салтанатты ашылу рәсімінде жас ұстаз ретінде маған символикалық кілтті табыс етті. Кілтті өзімде сақтап жүрдім. Бұл жерде мектептен басқа ешқандай үй, ғимарат жоқ-тұғын. Көк шаңы көтеріліп жататын. Құрылысшылардың мектеп салып жатқан сәтін суретке түсіріп, келешекте керек болады деп сақтап қойдым. Сол кездегі басшымыз Рахат Құлтановтың тапсырмасымен мектеп, ұжым туралы материал жинауға кірістім. Ол кісі үнемі қолдау білдіріп отырды. Қазіргі күні қорда 1972 жылдан бергі мектеп басшылары, мұғалімдері, түлектер туралы толық дерек бар, – деді музей меңгерушісі.

Біз көрген жәдігерлердің қай-қайсысы да бір-бір төбе. Күләш апа оларды жинауға талай жылын, қаржысын жұмсады. Сондықтан тарихын өзі біліп қана қоймай, мектебінің, облыс орталығындағы басқа да білім ошақтарының ұл-қыздарына ұғындырудан жалыққан емес. Музейдегі кез келген құндылық – өзі үшін де, әріптестері үшін де дайын көрнекілік құралы. Өйткені әріптестерінің арасында сабақ кезінде пайдалану үшін сұрап алатындар жетерлік.

Музейде мектептің ең алғашқы қоңырауы, сиялы қалам, Кеңес одағы кезіндегі оқушы партасы, портфелі, облыстың ең алғашқы телефон анықтамалығы, ұлттық дүниелер, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқ және тағы басқа көне жәдігерлер жиналған. Мектепке аты берілген Көмекбай Қаракөзов пайдаланған тұрмыстық бұйымдар да сақтаулы тұр.

– Ең бағалысы – киіз үй мен арба. Арба атқа да, түйеге де, өгізге де жегіледі. Кемінде 200 жыл болған. Киізден басылған жайнамаз бар, оны үлкен музейлерден таппайсыз. Алаш арыстары Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин ұстаған портфельдермен танысуға болады. Қазақстанның Халық артисі, кино және театр қайраткері Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періште» фильмінде тартқан шәлісі тоқылған аппаратты Орынбордан алып келдім. Қай жерге барсам да құр қайтпаймын. Осындай ерекше, ескі дүние іздеп, тауып, сатып аламын, – дейді К.Алматшаева.

Мектеп музейінде бесік, сандық, үтік, майшам, қолсағат, қабырға сағаттарының эволюциясына кезігесіз. Әр кезеңде пайдаланылған тұрмыстық дүниелер заманның жылжып, технологияның жетілгенін көз алдыңа әкеледі.

– Соның ішінде бағасы ең жоғарысы – арба. Ұлым сатып әперді. Қаншаға алғанын айтпады, бірақ қымбат екені даусыз. Оны мұнда жеткізудің өзі мұң болды. Жалпы, балаларым жалақымның біраз бөлігін музейге жұмсағаныма түсіністікпен қарайды. Қызығушылығым болғасын ештеңе айтпайды. Немереме дейін тиын тауып алса да маған әкеп береді, – дейді К.Алматшаева.

Күләш апа жиған-тергенінің бір бөлігін 50 шабаданға салып сақтап қойыпты. Оның ең ескісі – 1941 жылы Алматыда жасалғаны. «Шабадандағы музеймен» талай көрмеге қатысып, олжалы қайтқан.

– Ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған көрмеде еліміздің 19 қаласынан келген коллекционерлер арасынан озып шықтым. Қарасаздағы көрмеге жәдігерлерді ұнның қабына салып апарғанмын. EXPO-ға да солай жеткізуге тура келді. Бірақ қапқа салғаннан ішіндегі бұйым зақымдалуы мүмкін еді. Сөйтіп жүргенде енемнің шабаданын пайдалану туралы ой келді. Ол кейін менің визитті карточкама айналды. «Шабадандағы музеймен» қаланың бүкіл мектебін аралап, оқушыларға таныстырғанмын. Ең есте қаларлығы – 2018 жылы әлеуметтік идеялар және жобалар жәрмеңкесіне қатысып, «Чемодандағы музей» жобасымен жеңімпаз болып, 10 млн теңге сыйақы ұтып алғаным, – дейді кейіпкеріміз.

Коллекционердің тағы бір ерекшелігі, «Туған өлкем – тұнған шежіре» тақырыбында аудандар, тұлғалар мен әртүрлі оқиғаларға арнап газет мақалаларын, кітаптар мен басқа да жазбаларды жинақтап, музей бұрышын жасап қойған. Оның ішінде биыл жарық көргеніне 95 жыл толған облыстың ата басылымы – «Сыр бойы» газеті де көпшілікке өлке тарихын танытуға сеп. Аудандарды ерекшелейтін тарихи орындар, ескі қалашықтар, тұлғалар туралы керек деректі жинақтан оп-оңай таба аласыз. Отан соғысы, «Невада-Семей» ядролық сынағының, «Чернобыль» апатының зардабын жоюға, Ауған соғысына, Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың өмірдерегі де том-том болып музей төрінде тұр.

К.Алматшаева мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақ, мектептегі партия ұйымының басшысы, қалалық комитет бюросының мүшесі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Ыбырай Алтынсарин, Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Астанаға – 20 жыл», «Қызылордаға – 200 жыл», «Қорқыт ата университетінің үздік түлегі», «К.Қаракөзов атындағы №235 орта мектебіне – 50 жыл» төсбелгілерінің иегері.

– Орыс мектебін, университетті орыс тілінде бітірдім, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Қазақ тіліне, туған жердің тарихына, ұлттық құндылықтарға қызығушылығымды оятқан осы музей болды, – дейді кейіпкеріміз.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<