Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз

1080

0

Тәжік-ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 20 жыл толды. Әскерилер 1992-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғау жөніндегі жауынгерлік тапсырмасын орындады.

Айтулы датаға орай Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты конференция өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдардың ардагерлері, еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан жауынгерлер мемлекетіміздің ғана емес, Орта Азияның барлық мемлекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өмірін қиды. Бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғап, шайқаста тайсалмай, өздерін нағыз ер, туған жердің патриоты ретінде көрсетті. Ендеше, олардың есімін ұлықтау, ерліктерін ұмытпау – біздің қасиетті парызымыз.

Еске салайық, КСРО ыдырағаннан кейін Тәжікстан аумағында бандиттік құрылымдар мен заңсыз қарулы жасақтардың белсенділігі арта түсті. Әлсіз қорғалған тәжік-ауған шекарасы олардың Орталық Азиядағы жағдайды тұрақсыздандыру, есірткі және қару-жарақ тасымалдау мақсатында Ауғанстаннан енуінің негізгі алаңы болды.

ТМД елдерінің тәжік-ауған шекарасын қорғауды күшейту туралы мемлекетаралық келісімдеріне және Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының 500 адамнан тұратын жеке құрамдағы атқыштар батальоны құрылып, Тәжікстанға жіберілді. Оның құрамына Қорғаныс министрлігінің, Қазақстанның шекаралық және ішкі әскерлерінің біріктірілген құрамы кірді. Осылайша, Қазақстан жауынгерлері 1992-2001 жылдар аралығында ТМД-ның тәжік-ауған секторында сыртқы шекарасын қорғауды күшейту бойынша тапсырмаларды орындады. Айтпақшы, аталған мерзімде Тәжікстанда барлығы тоғыз мыңға жуық адам, оның ішінде Сыр елінен төрт жүз сарбаз соғыс қимылдарына қатысқан. Шекара бұзушылардың қарулы топтарымен қақтығыстар кезінде бандиттердің заставаларға жасаған шабуылдары, лаңкестік әрекеттер мен диверсияларынан Қазақстанның әскери қызметшілері түрлі жарақат алды, қаза тапты.

Ең қанды оқиға 1995 жылдың көктемінде Пшихавр шатқалында болды. Бір ғана шайқаста 17 қазақстандық жауынгер қаза тауып, тағы 33 адам жараланды. Ауғанстан тарапынан шабуыл жасаған моджахедтер Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерінің ротасын толығымен жойып, Тәжікстан аумағына басып кірмек болған. Алайда қарсылыққа тап болып, бес сағатқа созылған ауыр шайқастан кейін моджахедтер шегінуге мәжбүр болды.

Конференцияға қатысушылар жауынгерлеріміздің әскери борышын абыроймен атқарып, антына адал болғанын атап өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<