Ескі ғимараттардың тарихи маңызы ескеріледі

1175

0

Ескі ғимараттардың тарихи маңызы ескеріледі Оғыздардың ордасы саналатын Жанкент қалашығының шығыс бөлігі ескі арнаның үстіне салынған. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов төрағалық еткен тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі облыс­тық ғылыми-әдістемелік кеңес отырысында археологтар құнды дерек айтты. 

Жанкент – Қазалы ауданында орналасқан ортағасырлық шаһар. Кешенді зерттеу кезінде оның төңірегінен өзен арналарының ізі көрінген. Бұрғылау әдісі ескі арнаның 5 мың жыл бұрын аққанын айғақтап отыр. Су шайып кетпес үшін Жанкенттің шығыс қабырғасының астына үлкен бөгет салынған. Соған қарамастан, мәдениет ордасы ретінде қалыптасып келе жатқанында қалашық су тасқынынан жапа шеккенге ұқсайды.

Ескі шаһардың шығыс қақпасында былтыр басталған қазба жұмысы әлі жалғасып жатыр.

– Қақпа лабиринт әдісімен жасалған. Бұл оның қорғаныс жүйесін арттырып, қаланы басты стратегиялық ғимарат ретінде ерекшелеген. Қазба кезінде жаңа керамикалық кешеннің табылуы «қаланың шығыс қақпасы мен қабырғасы 18-19 ғасырларда қайта салынған» деген пікірді жоққа шығарды. Шығыс бөлігі де ежелгі Жанкентпен байланыс­ты, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті археология және этнография зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.

Зерттеу кезінде керамика сынықтары көп кездескен. Археологтардың ендігі ойы – Жанкентті ашық аспан астындағы музейге айналдыру. Атқарылған жұмысты осы жолдағы алғашқы қадам десе де болады.

Қармақшы ауданының тер­риториясындағы Сортөбе қа­лашығынан табылған бұ­йым­дар коллекциясының да басым бөлігі – керамикалық. Ал былтырғы зерттеу барысында мұндағы сағаналардың бірінен ер адамның мәйіті шықты. Ол мұсылманша жерленген, жанында ешбір жерлеу мүлкі болмаған. Ә.Тәжекеевтің айтуынша, Сор­төбедегі жан-жақты жұмыс оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы кешенді дерек жинауға мүмкіндік береді. Ол келешекте осы кезеңге қатысты еліміздегі үлгілі ескерткіштердің біріне айналуы мүмкін.

Жиында одан бөлек Сығанақ, Бәбіш молла, Қышқала қалашықтарындағы археологиялық зерттеу қорытындысы, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне ұсынылатын ескерткіштер туралы, жергілікті ескерткіштерді қайта жаңғыр­ту және Сыр өңірінің туристік әлеуетін арттыру мәселелері айтылды.

Тағы бір зерттеу Бәбіш молла оазисіне тиесілі Ақшұңқыр қорымындағы кесенеге жүргізілді. Нәтижесінде солтүстіктен оңтүстікке қарай қабырға арқылы бөлінген екі бөлме ашылды. Өкініштісі, бөлмелер тоналған болып шықты.

– Бір жерде бірнеше кісінің сүйектері үйіліп жатты. Жерлеу тәсіліне қарап шығыс Арал өңірі тұрғындарының жерлеу ғұрпымен ерекшеленетін бірнеше тайпа немесе руға бөлінгенін жорамалдадық. Екінші бөлменің аузы батысқа қараған. Ондағы ағаш зембілдің үстіне шырағдан, ұршықтың басы, темір пышақ, екі құлағы бар бүтін ыдыс пен ыдыстың сынықтары қойылған. Бөлмеден ағашсап, моншақ, алтын шеге, саздан істелген ядро және қайрақ тастар табылды, – деді ­Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қыз­меткері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанболат Өтебаев.

Өңірдің туристік әлеуетін көтеруде киелі жерлер мен көрнекі орындардың орны бөлек. Осы орайда биыл Қазалыдағы Жанкент қалашығы қоршалды. Ал жыл соңына дейін оғыз дәуірінің элементтері белгіленген стелла орнатылады. Жанкент, Сығанақ қалашықтарында консервация жасалып, Ғанибай үйінің (Қазалы ауданы) ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр.

– 2019 жылы Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала, Бәбіш молла қалашықтары зерттелді. Қазалыдағы Күйіккескен қалашығынан археологтар 500-ге жуық бұйым тапты. Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешіті, «Христос спаситель» шіркеуі, «Өшпес даңқ» мемориалының қорғау аймақтары белгіленді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Өңірде көненің көзіндей көптеген ғимарат бар. Оларды күтіп ұстау үлкен күш пен қаражатты қажет етеді. Мысалы, Арал ауданының Шөміш, Сапақ станцияларындағы теміржол вокзалының ғимараттары 1905 жылы салынған. Облыс әкімінің орынбасары мұндай орындарды бұзу немесе сақтап қалу туралы шешім қабылдамас бұрын тарихи маңызын екшеп алу керектігін ескертті.

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<