Ескі мешіттің құпиясы

895

0

Ескі мешіттің құпиясы Жанқожа батыр ауылында әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы, ел арасында «ақ бұлтты батыр» атанған Ақтал Ақайұлы бабамыз, Қожаназар ишан, Ерлепес ишан, Суханберлі, Сарқұл қожа, Сары нысан, атақты емші Алпамыс баба, Хайрулла мақсым басқа да көптеген танымал тұлғалар өмірге келген. Ауыл сыртындағы биік төбеде Жанқожа батырдың әкесі Нұрмұхамед (Нұрымбет) пен ағасы  Өтеген жерленген үлкен зират бар. Сондай-ақ, Қазалы өңірінде ұзақ жылдар бойы болыс болған Егізбай мен Кенжебай байдың да дәл осы жерде өмір сүргені ұрпақ жадында.
Іргелі ауылдың нақ ортасындағы ескі мешіт жақсыдан қалған қимас белгі. Күні кешеге дейін мешіттің бір бөлігінде Ыбырай көкемнің отбасы (атақты әнші, марқұм Мәдина Ералиеваның туған нағашысы) тұрды. Кескін-келбеті Сталинге ұқсайтын сұсты жүзді Ыбырай атамыз он саусағынан өнер саулаған ісмер, керемет ағаш ұстасы болатын. Ел ішінде көкеміз дайындаған киіз үйлерге сұраныс жоғары еді. Өзі пайдаланып жүрген «Зингер» тігін машинасын Ыбырай ата соғыс жылдарында  майданнан әкелсе керек.  Мешіттің тағы бір бөлігінде жұмбақ тағдырлы Аққу атты ананың қоныстанғаны есімде қалыпты.
«Аққу ананың қыздарын пері алып кеткен. Сол қыздары өзгеге көрінбей келіп, отбасының шаруасына жәрдемдеседі екен» деген  аңызға бергісіз  әңгімелерді есітіп өстік. Қалай десек те, жартылай құлап жатқан мешіттің жанына жақындауға қатты сескенетін едік.
Осы ретте өзім басымнан кешірген төмендегі жайтты айта кетсем. Көп жыл бұрын мешіт туралы ғажап түс көрдім. Түсімде марқұм болған бір кластасым келіп «Сен маған еріп жүр. Сені аталар күтіп отыр» дегені. Екеуміз ауыл ортасындағы ескі мешітке келдік. Міне, ғажап! Өзіміз күнде көріп жүрген, жартылай  қүлаған мешіт мүлде өзгеріп кетіпті. Аумақты ауласынан самал жел еседі. Асқақтай шыққан азан үні шартарапқа тарап жатыр. Мешіттің ішіндегі иін-тірескен адамнан жер қайысады.Кластасым тура  ортада отырған ақ сәлде-шапанды атаға мені ертіп әкелгенін айтты. Қос қолымды ұсынып, сәлемдесе бергенде шошып ояндым.
Арада біршама жыл өтті. Бір күні ауылда тұратын анамның құрдасы Ханзада Қарабураева әже (ол анамыз да марқұм болды) жолығып кетсін деген хабар айтып  жіберіпті. Бардым. Апа маған ауыл ортасындағы ескі мешіттің, оның иесі Ерлепес ишан туралы әңгімелеп, колмен жазған деректі берді. Қайран қалдым. Мешіттің иесі Ерлепес ишан атамыз екенін тұңғыш рет естуім. Жадыма көп жыл бұрын көрген түсім елестеді.
Дерекке жүгінсек, Ерлепес ишан-Қаракесектің Байбағыс аталығынан өрбиді. Айтманбеттен Нұржан, Ерлепес, Пірлепес, Арзымбет тарайды. Айтманбет ерте дүниеден озып, үйелмелі-сүйелмелі төрт баласын  аналары Жұмагүл бағып-қағады. Бірде жалғыз басты ана ағайындарына өкпелеп, қатты налыса керек. Ашумен қайнысына барып «балаларымның нәпақасына деп бір тақия тары егіп бер» деп өтініш жасапты.Қайнысы сөзге келмей, жеңгесінің өтінішін орындапты. Ол кезде егін шығырмен атпаланып суарылады екен. Егіндері өте бітік өседі. Күзде мол астық жинаған ана өздерінің ішім-жемінен ауысқанын сатып, біраз қаражат құрайды. Жұмагүл анамыздың өзі Қарақалпақстанда медресе ұстаған ғұлама адамның қызы екен. Ерлепесті де оқуға жіберіпті. Нағашысынан дәріс алған Ерлепес оқуын бітіріп, елге оралады. Молда атанып, шәкірт тәрбиелейді. Мешіт салады. Атақты ишан артық мал жинамаған, дүниеге қызықпаған адам болыпты. Кедей-кепшікке, жетім-жесірге, жолаушыларға арнап шүлен қазан таратыпты. Жолаушыларға арнап мешіттің бір бөлмесіне қамыстан өріп, дайындаған дойра аталатын төсек төсеп қояды екен. «Халқым сусамасын»деп мешіттің жанынан шыңырау құдық қаздырыпты. Ақиректен түйеге теңдеп тас әкелдіріп, құдыққа өргізіп, шегендетіпті. Суы айнымасын деп арша ағашын пайдаланыпты. Осылайша халқының ризашылығына бөленіпті. Ертеректе мешіттің жанында тұрған отбасының ауласында жүзім сыңсып тұратын. Жеміс ағаштарын егу үрдіс емес кездегі мұндай көрініске бәріміз тамсана қараушы едік.
Бай, молда-қожаны қудалаған кеңестің саясаты Ерлепес ишанға да қауіп төндіреді. Амалсыздан туыс-туғанын Өзбекстанға жасырын көшірген ишан өзі қарт анасын тастап кете алмай, елде қалады. Бір күні ғұлама ишан анасына «апа, жағдайымыз қиынға айналды. Не істейміз?» деп мұңын шағыпты. Сонда текті жерден түлеп ұшып, аруақты елге келін болып түскен әз ана бабаларына сыйынып, жалбарынса керек. Жеті жерге шырақ жағыпты. Түнде аян көріпті. Ертеңіне «Мен жақсы іс көрдім. Сен үкіметтің құрығына ілінбейсің. Өсіп-өнесің. Атағың алысқа жетеді. Ұрпағың да мол болар. Мен үш күннен соң дүниеден өтемін. Денемді суытпай, жаным шығысымен жерле. Кәделеуге кідірме. Онда ұсталып қаласың. Бетімді жап та, жолға шық» деген Жұмагүл ананың сөзі айна-қатесіз келіпті. Үш күннен соң үзілген анасын қара жерге тапсырған Ерлепес ишан дереу сапарға аттанады. Ертеңіне ұстауға келген кеңестік жендеттер ғұламаның орнын сипап қалыпты.
Өзбекстандағы туыстарына қосылған ишан алаңсыз өмір сүріпті. Кейін Нұржанның баласы Ұзақбай елге келгенде әжесіне арнап үй там салдырып, құлпытас қойыпты. Ишан атамыз «менің аруағым, қасиетім мешіттің жарты кірпіші қалғанша сақталады» десе керек. Ертеректе ауылға су қаупі төнгенде мешітті паналаған жұрттың аман қалуы да тегін болмас.  
Уақыт ағымы тоздырған ескі мешіттің орнына көпшілік әлі күнге тағзым жасайды. Менде ауылға жолым түскенде Ерлепес ишан атамыз салдырған ескі мешітке барып, құран оқытуға тырысамын. Жан-жағына ақ шеңгел өскен мешітті көргенде  бойымды белгісіз күш билегендей әсерге бөленем. «Жақсыдан – шерепет» деген осы шығар.
Жұмабек Табынбаев.
Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<