Шыжыған шілде айы. Кейінгі тәуліктерде отты леп үзбестен соғып тұр. Бүгін тіпті қапырық. Күн арайы төгілісімен төңірек тымырсық күйге бөленді. Сәл жел көтерілсе, таңдайыңды кептірер аңызақ қосыла еседі. Қарға адым аттасаң, киіміңді сығып алғандай терге малшынасың. Ми қайнатар аптап адам түгілі хайуанаттардың да берекесін қашырғандай. Жайшылықта жағы сембейтін көршінің қара төбеті көлеңкеден шығар емес.
Телефон шырылдады. Тұтқаның арғы жағындағы адам Жанқожа батырдың кесенесіне келуімді өтінді. Алып-ұшып жетіп бардым. Кісі үзілмейтін қасиетті мекенде жұртшылықтың шоғыры мол екен. Көршілес аудан әкімдері, мәслихат хатшылары да жүр. Маңызды оқиға болары анық. Мәнісін білуге асықтым. Естігенім «көпке танымал бауырымыз Алматыдан жүк көлігімен салмағы жарты тонналық қос барыстың мүсінін жіберген. Соны кесененің алдындағы бұрынғы мүсіннің орнына қоймақшымыз» деген жауап болды. Бірақ мұны қоштамағандар да баршылық. Олар «баба рухына сыйынушылар кесенемен бірге салынған жолбарыстың бейнесін де киелі деп есептейді. Сондықтан қозғамаған жөн» дегенді алға тартты. Кешен ауласындағы талдардың көлеңкесін саялағандар мұндай қарсылыққа екіұдай сезіммен қарағандай.
Кенет көкжиектен көтерілген қою қара бұлт аспанды әп-сәтте жайлап алды. Жаңа ғана тәніңді шоқтай қарыған күн кейпі күрт өзгерді. Жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнады. Күн күркіреп, іле-шала бармақ басындай бұршақ құйып берді. Баршаның зәре-құты қалмады. «Аллалап» қашып кесененің ішіне тығылды. Ет асым уақытқа созылған табиғат құбылысы тылсым күштің құдіретін мойындатты. Үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлағанын БАҚ-тар жазды. Ал жолбарыстардың ескі мүсіні қозғалған жоқ. Жаңадан жеткізілгені шығаберістегі баспалдақ жанына орын тепті. Арада жылдар өтті. Аузын арандай ашқан, бабаның пірі есептелетін киелі барыстарды көрген сайын сол көрініс жадыма оралады. «Кереметіңнен айналайын, әз бабам» деп толғанамын.
Мына оқиға да естігенді елеңдетпей қоймайды. Теңіздің кемерінен асқан кезі. «Чкалов» кемесінің капитаны Насрадин Бижанов – Жанқожа батырдың тікелей ұрпағы, механигі Тұрман әзілқой кісі екен. Бірде шағын кеме қайраңдап қалыпты. Маңайда тірі жан жоқ. Бір шеті – дала, бір шеті шалқар айдын. Команда өмірден түңіле бастапты. Егер мотор жанса, құрыды. Тұрман кейін «Насрадинге көзім түскенде денем түршікті. Оны Жанқожа бабаның ұрпағы болғандықтан, айрықша құрметтейтінмін. Осы жолы айран-асыр қалдым. Нәкеңнің ажарлы өңі қатты бұзылыпты. Бет-аузы жас әлде суға малшынған. Өзі баба аруағына сыйынып тұр. Оқыстан «Барынша алға!» деген бұйрық берді. Мен «қайраңда қалған кеме қалайша жылжиды?» деп аң-таңмын. Қатқыл үнмен «Кеме, алға!» деген пәрменін тағы қайталады. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Мен амалсыздан моторды іске қостым. Міне қызық. Кеме құмды айқара тіліп, суға түсті. Бәріміз аман құтылдық» дегенді көпшілікке жырдай қылып айтқан екен.
Өзге ұлт өкілдерінің арасында да қиналғанда Жанқожа баба рухынан жәрдем тілегендер кездесіпті. Қазалы қаласы тұрғынының айтуынша, бұл оқиға Қазан төңкерісіне дейін болыпты. Оның арғы атасы Оралдан қоныс аударған казакпен серіктесіп, Үргенішке кіре тартуға жалданыпты. Бірде керуенге қарамай, асығыс жалғыз өзі жолға шыққан әлгі кісі қиындыққа тап келіпті. Қызылқұмның қиясында әлденеден үріккен аты шылбырын үзіп, шығынып кетеді. Шағыл құмның ыстығы тынысты тарылтады. Торсықтағы су қанжығада байлаулы. Не істеу керек? Еңіреп жылап атының соңынан қуады. Әбден сілесі құрып, титықтап құлайды. Есінен танып қалыпты. Сәлден соң басын көтеріп, жан-жағына қарайды. Биік төбенің басындағы Жанқожа батырдың бейітіне көзі түсіпті. Қазақшаға аса жетік ол жолдастары арқылы баба туралы әңгімелерге қанық екен. Тізесін бүгіп, мінажат жасап «Батыр баба, ұлтым бөлек болғанмен мен де пендемін ғой. Бала-шағам бар. Құтқара көр» деп жалбарына жылапты.
О, ғажап! Сол мезетте көз ұшында желіп бара жатқан аты кілт тоқтапты. Төбе басын шыр көбелек айнала беріпті. Кеудесінде үміт оты лаулап, құстай ұшқан бұл сексеуілдің бұтағына аты шылбырынан байланып қалғанын көрген. Атына мінген жаңағы пақыр еш жерге аялдамастан Қазалыға аман жетіпті. Келісімен мал базардан семіз қой сатып алыпты. Аулаға құрақ пішен, қалақ қоға төсетіпті. Қазақы дәстүрмен жерге дастархан жайыпты. Бабаға арнап Құран бағыштатыпты. Көзі жұмылғанша Жанқожа бабаның рухын құрметтеп өтіпті. Өзі батыр бабаның шыққан тегі Майдандар әулетінің шежіресін жатқа біледі екен. Ескіден жеткен есті сөз осылай толғайды.
Біздің ауылдың балалары Жанқожа батыр, Ақтан батырдың есіміне, батырлық жолына есін білгеннен қанық. Тіпті қазақ тарихын бұрмалаған кеңестік жүйенің кезінде де үлкендер қос баба жайлы қызықты әңгімелер шертетін. Алайда «әулиелердің есімдерін тура атауға, жиі айта беруге болмайды» деп «баба», «батыр ата» деп атайтын. Бұл ұғым қазір де бар.
Тоқсаныншы жылдардың аяғы еді. Қазалы қаласына бармақшы болып автобусқа міндік. Күз мезгілі. Жауын бүркіп жауып тұрды. Автобус орнынан қозғалар-қозғалмастан әбден боянып, сыланған жастау әйел жүргізушіге «Мені Жанқожаның қасынан қалдырып кетші» деді қатқылдау үнмен. Шофер үнсіз басын изеді. Мұны естімеді деп санады ма, келіншек даусын онан әрі қатайтып «Мені Жанқожаның қасынан тастап кет дедім ғой» деді тағы да.
Шыдамаса керек, бір үлкен кісі «Балам, ол кісі – аса киелі, әулие адам. Тура атын атамай «баба» болмаса «батыр ата» дегенің дұрыс» деген еді.
Әйел өршелене түсіп, жаңағы сөзін тағы әлденеше мәрте қайталады. Отағасы енді ауыз ашса ұрыс басталатынын түсінгендей үнсіз қалды.
Бабаның кесенесіне жақындап қалғанбыз. Кенет… Оқыстан тарс еткен дыбыс шықты да автобус бір қапталға қарай қисая берді. Салонда шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады. Сырғанап, жолдың нақ жиегіне аялдаған автобустан бәріміз түсуге асықтық. Дөңгелегі жарылып, жауынның салдарынан тайғанақтап барып тоқтапты.
Жүргізуші болса «кеше ғана жаңадан салған едім, не болғанын қайдам?» дейді маңдайынан сорғалаған терін қолының сыртымен сүртіп. Дөңгелекті ауыстырып алып, қайтадан жолға шықтық. Кесір тілді келіншек болса сол жерден қалып қойды.
Арада қаншама жыл өтсе де аузы көбіктенген әйел, жарылған дөңгелек, бір бүйіріне қарай жантайған автобус жадымнан шығар емес.
«Аруақ сыйлаған ел азбайды». Тарихты таразылау, өткенді қастерлеу біздің парызымыз екендігін қаперде тұтсақ.
Марқұм Иманғали Сағадинұлы батыр бабамыздың Қызылқұмдағы мәңгілік мекенінде, ал Әбдіхалық Өмірбайұлы кент орталығындағы Жанқожа батыр кесенесінде ұзақ жылдар шырақшылық қызмет атқарды. Қазір ардақты ақсақалдардың екеуі де бұл өмірде жоқ. Алайда сол бір қадірменді аталарымыздың жолын олардың ұрпақтары Еркін Сағадин мен Дәурен Әбдіхалық жалғастыруда. Батыр баба аруағы жар болғай!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<