Фельдмаршал паулюсті тұтқындауға қатысқан

774

0

Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы», т.б. ордендер мен ондаған әскери медальдың иегері Сәрсенбек Байжанов – 99-ға иек артып отырса да, жас ұрпаққа шертер әңгімесі, айтар өсиеті сарқылмаған қазыналы қария. Аракідік домбыраға қосылып ән салып, өзі ойынан шығарған термелерді толғап қоятыны да бар…

Майдангер қарияның маман­дығы – педагог. Жарты ғасыр ғұ­мырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.

Сәрсенбек Байжанов 1942 жыл­дың 8 наурызында Шиелі қыс­тағынан жасы 19-20 шамасын­да 30 жігіттің қатарында соғысқа аттанды. Үш айдай Алматы қала­сында ұрыс тактикасына машық­танғаннан кейін ең сұрапыл со­ғыс жүріп жатқан Сталинград шайқа­сына жіберілді.

Кеңес әскерлерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылы 19 қарашада басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әс­керлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастау; «Шеңбер» – фельдмаршал Ф.Пау­люс­тің армиясын талқандап, өзін қолға түсіру.

Сталинградта айбынды жауынгерлер 140 күн жаумен бетпе-бет айқасты. 330 мың неміс әскері мен офицері, 24 генерал қолға түсті, сөйтіп жау ең негізгі күшінен айырылды. Нәтижесінде 22-фашист дивизиясы қоршауға алынып, ге­нерал-фельдмаршал Паулюс бас­қарған 6-неміс армиясы тізе бүкті.

Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандауды міндетіне ал­ған «Шеңбер» операциясының жан­кеш­ті әрекеті нәтижесінде 1943 жылы 2 ақпанда генерал-фельд­маршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды. Сталинград шайқасы 2-дүниежүзілік соғыстың барысындағы түбірлі бетбұрыстың басталуына негіз жасады.

«…Сталинградқа жорық қай­ғы­лы қателік болды. Енді ешқа­шан соғыс өрті неміс жерінен тұ­тан­бауы тиіс. Бұл менің жасаған жауыздығым үшін кеңес халқы алдында тәубеге келгенім болсын… Мен Ресейге дұшпан болып келген едім, досы болып қалдырып барамын» деп жазыпты өзінің ес­телігінде фельдмаршал Фридрих Паулюс. Бұл сөздері оның саяси өсиеті ретінде тарихта қалды.

Атақты фельдмаршалды тәу­басына келтірген осы шайқасқа қарапайым қа­зақ жауынгері, киелі Шиелі топы­рағында дүниеге келген азамат Сәр­сен­бек Байжанов та қатысқан еді. Ол қисынсыз ырымға, әр нәрсеге сене бе­ретін жан емес. Көзімен көрмесе, құла­ғымен естігенге иланбайды. Десек те, 30 саны Сәрсенбек Байжа­новтың өмірінде жиі ұшырасады. Майданға 30 жігітпен бірге аттанды. Солардың тек екеуі ғана отбасына оралды. Қызылорда пединс­титутына сырттай оқуға 30 адам түсті. Содан төртеуі бітіріп шықты. Төртеуі де кемтар, әрине, мұның бәрі дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың зардабы еді.

Ауыр жарақаттан кейін майданнан елге оралып, алдымен ша­руашылықта, кейін мектепте ұстаздық қызметті бастаған кезде де отызға енді иек артқан жігіт еді.  Байжановтың тағы бір қасиеті – өжеттігі, яғни бірбеткейлігі десек болады. Алматы қаласындағы бірер айлық дайындықтан соң, ант қабылдар кезде бұл рәсімді  өз ана тілімде жасаймын деп қасарысып тұрып алуы сөзімізге дәлел. Сон­дағы уәжі  – «Мен Отан-ананы қор­ғауға аттанып барамын. Елге ант, өзіме серт бергелі тұрмын. Сондықтан қасиетті сөздерді ана тілімде айтсам деймін. Сол менің жүрегімді тербейді, намысымды жаниды», – деді.

Мұндай тосын мінез бен батыл ұсы­нысты бұрын-соңды естімеген офи­церлер алғашында қарсылық та­ныт­қанымен, ойлана келе жауынгер тала­бын орынды санап, келісім береді. Осылайша Байжанов жүздеген қазақ жігітінің ішінде бір өзі әскери антты қазақ тілінде қабылдады.

Соғыс  ардагері қолы қалт ет­кен­де өткен өмірінен естелік жазуды әдет қылды. Елге майданнан өлеңмен жазған хаттары да сақ­таулы. Осыдан 82 жыл бұрын Сталинград майданынан жазған «Ауылға хат» өлеңін оқып көрейік.

1.

Сәлем саған «Үлгілінің» даласы,

Қарт-қария, үлкен-кіші данасы.

Өздеріңді көптен көрмей сағындым,

Көрмегелі жыл жарымдай шамасы.

Сағынған соң жазылды сөз сарасы,

Әр пенденің бір құдайы панасы.

Күн-түн қатып Отан қорғау қызметім.

Жүрген жерім Сталинград қаласы.

Алыс жерден сәлем жолдап, хат жаздым,

Мен Сәрсенбек Байжекеңнің баласы.

2.

Туысқан апам еді Сайыпжамал,

Айдай бер тракторды, тәуір амал.

Еске алсам өздеріңді еске түсет,

Өзен-көл, ауыл маңы, аққан канал.

Қасымда Нәрзілдадай бар жолдасым,

Деп жүрмін бұл сапарды Алла оңғарсын.

Ауылды көп ойлауды қойып жүрмін,

Қасымда жолдастарым бар болғасын.

қыркүйек,1942 жыл.

Ой-толғаулары да аз емес. Солардың кейбіріне тоқталайын. «Достық көмек» деген естелігінде былайша жазыпты:

«Мен мейрімділік деп біреудің бұйрығымен, яки еңбекақыға қы­зығып немесе мақтаншылық үшін емес, өзінің адал ниетімен жеке адамдар мен қоғамдық игіліктерге шын жанашырлықпен қарауды, сол үшін еңбектенуді айтар едім.

Мысалы, 1942 жылы 5 қыр­күйек күні көзімнен, қолым­нан, аяғымнан жарақат алып, сан­инс­труктордан жараларымды бай­латып, соғыс даласында мина­ның жарықшағынан жарақат танғаным туралы құжат алып, енді сан­батты іздеп кейін қарай қайтып келе жаттым. Жарты шақырымдай жүргеннен кейін алдымда кетіп бара жатқан бір жаралы солдатты қуып жеттім. Абайлап қарасам, өзіміздің 5-ші ротаның сержанты Скрыльников екен. Менің ко­мандирім. Автоматтың оғы көкі­регінен тиіп, арқасынан шығып кетіпті. Сонда да аяғы сау ғой, жақсы жүріп келе жатты. Алма­тылық жігіт болатын. Қазақ тілін тәп-тәуір білетін. Екеуміз санбатты іздеп бірге келе жаттық. Бір кезде ол маған: «Жолдас Байжанов, мен жүруге жарамай келе жатырмын» деді. Мен оған:  «Менің жарақатым үш жерден. Сенікінен де ауыр ғой. Сонда да шамаң жүруге келмей бара жатса, маған сүйеніп, салмағыңды маған сала жүріп көр. Санбатқа жетсек демалармыз» дедім. Маған сүйеніп бір шақырымдай жер жүрді. Сосын: «Мен жүруге жарамадым. Мен қалайын, өзің жүре бер» деді. «Ай, жолдас командир, мен сені көзің тірі тұрғанда қалай тастап кетемін, енді санбат алыс емес шығар. Менің арқама мін. Екі аяғыңмен белімнен қысып отыр. Екі қолыңмен менің жарақатыма тиіп кетпей мойнымнан құшақта. Сөйтіп жүріп көрейік» дедім. Ол сөзіме көніп, арқама мініп, иы­ғымнан, мойнымнан құшақтап отыр­ды. Сонымен Скрыльниковты арқалап кішкентай өзенге келіп жеттім. Өзеннің ағысына қарсы кешіп жүріп келемін. Өзеннің те­реңдігі тізеге жете қоймайтын. Ол маған қайта-қайта «су ішкіз» деп өтініп келеді. Мен оған «Өзім тірі тұрғанда өз қолымнан саған су әпермеймін, су ішсең өліп қаласың. Мен сені өлтіргелі арқалап келе жатқан жоқпын» деймін. Өзеннің ішінен басқа жүретін жол жоқ, екі жағы қалың жыныс орман. Өзеннің ішімен ағысқа қарсы, ішіндегі доңғалақ тастарға сүріне-қабына тағы жарты шақырымдай жол жүрдім. Анадай жерде өзеннен шығып жүретін жол көрінді. Сол жолға жақындағанда ая­ғымның астындағы тас домалап кетіп, су жағасына етбетімнен құ­ладым. Сол кезде Скрыльников басындағы каскасымен суды алып үлгерді. Мен жалма-жан касканы қағып жібердім, каска суға кетті. Скрыльниковты арқалаған бойда судан шығып, жолға түсіп жүрдім. Анадай жерде арбасы бар екі солдат көрінді. Мына ауыр жарақатты жанды санбатқа жет­кізіп салуды өтіндім. Олар «біздің басқа жұмысымыз бар» деп көнбеді. Сол кезде Скрыльников «мені отырғыз, жағдайым болмай барады» деді.

Бір түбірден үш ағаш өс­кен екен. Оның біреуін арамен кесіп алыпты. Ағаш түбірі орын­дық се­кілді. Қалған екі ағаш орын­дықтың арқалығы сияқты. Жайлы орын табыла кетті. Сәл демал­ғаннан кейін, «ал, жүрейік, арқама мін» дедім. Ол: «Байжанов, енді мен арқаңа мінуге жарамаймын. Сенімен осы жерде қоштасайын. Саған өте ри­замын, өзімнің орыс бауырларым­нан көрмеген жақсылықты сенен көрдім. Енді Қазақстанға, Алма­тыға, менен сәлем айт. Екеуміз де қазақстандық, жерлес едік. Ең­бе­гіңе көп-көп рахмет!» деп қазақ тілінде айтты.

Содан көп ұзамай бірте-бірте сөзі нашарлай бастады. Құлағына екі-үш рет «Скрыльников!», «Скрыль­­ников!» деп айқайладым. Жауап қат­­пады. Жүрек соғуын тыңдадым. Соқ­пай қалды. Өзімнің туған бауырым өлгендей көзімнен жас төгіліп қасында тұр­дым. Анадай жердегі арбалы екі жігіт қасыма келіп: «енді жүре бе­ріңіз, қалған жұмысты  біз ат­қа­рамыз» деп Скрыльниковтің қал­тасынан адресін іздеп жатты. Шамасы, ол арбалы жігіттер осындай өліктерден жолды тазартып жүргендер екен-ау?! Скрыльниковті тірі қалдыру үшін біраз еңбектендім. Амал не, өзінің са­бырсыздығынан су ішіп қойып, ажа­лын жақындатты. Қазақта жаралы адамға су ішуге болмайды деген түсінік бар. Мейрімділік пен жан­ашырлық нә­тижесі ғой мұным деп ойлаймын…» деп аяқталыпты естелік.

Ардагердің жады әлі мықты. Қан майданның тақсіретін әбден тарт­қандықтан ба, соғыс дерек­те­рін жатқа біледі. Айталық, Шие­лі ауданы бо­йынша Ұлы Отан со­­ғысына 5909 адам аттанған, олар­дың елге оралғаны 1862, қаза тапқаны 2268, хабарсыз кет­кені 1379 адам екен. Майдангер ұс­таз­дың аузынан естіген  бұл мәлі­меттің ау­дандық қорғаныс істері жөніндегі мемлекеттік мекеменің ақпарымен сәйкестігіне таңғалдық.

Қарт сарбаз бүгінде Сыр бо­йының Шиелі өңірінде, өзі туып-өскен атақты  сазгер-ақын Нартай ауылында тұрады. 2019 жылы отау құрғанына 60 жылдан асқан зайыбы Батыр ана Жәмила апа өмірден озды. Араға 3-4 ай салып үлкен ұлы Абылай дүниеден өтті. Осы екі қайғылы жағдай жасы жүзге  жақындаған қарияға оңай соқпады. Біраз қажытып тастады. Тірі адам тіршілігін жасайды демекші, Жәмила апа екеуі өмірге әкеліп, тәрбиелеген 5 ұл, 5 қыздан өрбіген ондаған немере, шөбере және шөпшектері – майдангер қарт­тың  бүгінгі алданышы.

Айтпақшы, ақсақал Шиелі ауданынан Отан соғысына аттанған 5909 адамнан қалған, жер басып жүрген жалғыз майдангер. 2019 жы­лы ардагер ұстазға «Шиелі ау­данының құрметі азаматы» атағы берілген еді. Жеңістің 75 жыл­ды­ғында қаржылай сияпат көрді. 98-ді бітіріп, 99-ға қадам басты. Айтпақшы,  оның туған күні – 9  мамыр.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті журналисі, халықаралық

«Михаил Шолохов»

медалінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<