Гауһартас немесе Сәжида Ахметова кім?

766

0

Мақаламыздың басын белгілі жазушы Дулат Исабековтің сценарийі бойынша жазылған «Гауһартас» ки­но­фильмінен бастауды жөн көрдік. 1975 жылы кинорежиссер Шәріп Бисенбаев түсірген осы кинофильм арада 48 жыл өтсе де, әлі экраннан түскен жоқ. Қазақ киноматографиясындағы сәтті шыққан туынды қанша көрсең де жалықтырмайды. Оның басты себептерінің бірі – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын үлгі етуі.

Ал фильмнің лейтмотиві – «Гауһартас» әні. Иә, ән бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген қайталанбас өнер иесі Сегізсерінікі. Сегізсері жайлы және аталған әннің тарихы туралы «Сыр бойы» газетінің үстіміздегі жылдың 7-қаңтары күнгі нөмірінде жарияланған «Гауһартас» атты мақа­лам­да кеңірек тоқталғанмын. Сон­дық­тан кіріспені ұзартпай-ақ қояйын.

…Жазушы Дулат Исабеков 1966 жылы ҚазМУ бітіргесін (сол жылдары аталған жоғары оқу орнында әскери кафедра болмаған) желтоқсан айында әскер қатарына алынып, ерекше объектіні күзететін Мәскеу түбіндегі «Кубинка» деген станса төңірегінде орналасқан ерекше батальонға келеді. «Орыс орманының іші, мойнымызда автомат, биік мұнараның үстінде кезектесіп қарауылда тұрамыз. Бір күні ерте азанда алдымдағы қыстақтан таныс ән естілді. «Маяк» радиотолқынынан алакеуімдегі жым-жырт тыныштықты бұзып, Бибігүл Төлегенова апамыз «Гауһартасты» шырқап жатты. Ап-анық естіліп тұр. Бұрында да «Гауһартасты» сүйсініп тыңдаушы едім, ал туған елден шалғайда тыңдаған сәтте сағыныш жүректі елжіретіп, көзімнен жас шығып кетті. Бірдеңе жазу керек болды. Әнші туралы ма, әлде ән туралы ма? Ақыры, ән туралы жазуға тоқталдым. Ротада қазақ жігіттері көп еді, күнде кешкілік жиналып маған келеді. Менің бірнәрсе жазып жүргенімді біліп, оқыңызшы деп қасымнан шықпайды. Өтініштерін орындаймын. Не керек күнде жазғанымды соларға күнде оқып, тыңдататын болдым. Тыңдаушыларым енді не болар екен деп әр кешті асыға күтеді. Сөйтіп, екі айда повесті жазып бітірдім. Әдепкі де «Дала еркесі» деген едім, кейін повесті «Гауһартас» деп өзгерттім» деп еске алады Дулат ағамыз.

 Әскерден оралған соң повесін машинкаға басып, «Жұлдыз» журналына апарып береді. Бас редак­тор Сырбай Мәуленовтің риза болғандағысы шығар: «мына жігіт­пен мені таныстырыңдаршы» депті. Повесть журналға басылып шығып, оқырман қауымның қызы­ғушы­лығын тудырған. Небәрі 24 жастағы жас жігіттің бұл повесін белгілі жазушылар мен өнер иелері жоғары бағалайды. Ақыры повесть бойынша киносценарий жазу тапсырылады. Сол кезеңде кино шығару оңай болмаған. Сценарий жарай ма, жарамай ма, соңғы нүктені Мәскеу қояды екен. Сәті болғанда КСРО орталық комитетінің «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу керек!» деп ұрандатып жатқан тұсына сәйкес келіп, шопандар өмірінен алынған «Гауһартас» жарап кетіпті… Повесті киносценарийге айналдырып жазу оңайға соқпаған… Сценарий дайын болған соң «Қазақфильм» басшылары режиссер таңдайды. «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайылов екен. Әкім Тарази екеуі ақылдасып, таңдау Шәріп Бисенбаевқа түседі. Әдепкіде, Дулат Исабековке қазақ тілін нашар білетін Шәріп ұнай қоймайды. Десе де, ол кісі іске бекем кіріседі. Басты кейіпкер Салтанаттың роліне режиссер орта мектепті енді ғана бітіріп, жоғары оқу орнының бірінші курсіне түсіп жатқан 17 жасар Жанна Қуанышеваны алады. (Жанна Қуанышева бүгіндері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Қазақфильм» киностудиясы кастинг бөлімінің меңгерушісі) 1975 жылдың қыркүйек айында түсіріле бастаған кинофильм қараша айында аяқталады.

Енді негізгі тақырыпқа қарай ойысайық.

Ұмытпасам, 1979 жылдың жазында бір себептермен Алматы қаласына жол түсті. Жол бастаушым Жалағаш ауданының «Таң» ауылындағы №118 орта мектеп директоры Қайырберген Әбдиев еді. «Қазақстан» қонақ үйіне орналасып, демалып алғасын Қайрекең осы қалада туған бөлесі тұратынын айтып, «сәлем беріп қайтайық» деді. Күн жексенбі еді. Бардық. Үй иелері жылы қарсы алды. Қайрекең мені таныстырды. Үй иесі:

– Мен полковник Қайназаров Елеусін деген ағаң боламын. Ішкі істер министрлігінде қызмет етемін. Мына кісі жеңгең, Сәжида Ахметова – Қыздар педагогикалық институтында оқытушы, – деді шай құйып отырған келіншегін нұсқап.

Әңгіме арасында жеңгеміздің әнші екенін, белгілі композиторлардың өтініштері бойынша қазақ радиосынан олардың шығарған әндерін орындап, тапсырыспен инсценировка да жасайтынын білдік… Он бір жасында Қызылорда қаласында оқушылардың республикалық ән фестивалі өтіп, сонда «Гәккуді» айтып, «кішкентай Күләш» атаныпты.

1959 жылы қыздар педагогикалық институтының 3-курсында оқып жүр­генінде Сәжиданы Шәмші Қал­даяқов іздеп келіп, «Ақмаң­дай­­лым» әнін радиода орындап беруін сұраған. «Бұл мен үшін үл­кен мәртебе еді» дейді жеңгеміз. Қазақ радиосының алтын қорында Сәжиданың да айтуындағы (Роза Бағланова апамыз ғой әнді алғаш орындаған.) «Ақмаңдайлым» әні сақ­талған. Оны бірнеше мәрте тың­дағаным бар. Таза, үйлесімді, әсем ырғақ, керемет дауыс… Сөзден сөз шығып, Елеусін аға: – Сәжида «Гауһартас» кинофильміндегі ән­дерді орындаған» деді. Біз таңғалдық. Кино­фильмде «Гауһартасты» айтқан Бибігүл Төлегенова немесе Жанна Қуаныше­ваның өзі шығар деп жүретінбіз.

– Сонда қалай, сіз киноға қалай бардыңыз, – деп сұрап қалдым.

– Мені режиссер Шәріп Бисенбаев өзі шақырды. Сәжида, – деді ол кісі – кинофильмдегі «Гауһартасты» айтуды саған сеніп тапсырғалы отырмын.

– Бибігүл апа бар ғой, – дедім.

– Ол кісі профессионал, Салтанат роліне келмейді, – дегесін, мен келістім.

Айтып бердім. Ұнатты білем, бірден қабылдады. Мұны кино тілімен айтсақ, бір дубльде жазып алынды деген сөз.

– Жеңгелерің өзін көрсетуге тырыспайтын кісі, атаққа да қызыға қоймайтын қарапайым жан, әнді орындағанымен, фильм аяғындағы титрға жазылмай кеткен. Бұл кісі де өкпе деген жоқ, тек бауыр ғана бар, – деп күлді Елеусін аға.

Сөйтсек, бұған дейін де Сәжида жеңгей ерекше лиркалық сопрано даусымен белгілі композиторлар Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев, Бақытжан Байқадамов және Дүңгенбай Ботбаев­тың әндерін, сонымен қатар көптеген халық әндерін қазақ радиосынан келістіре шырқапты.

Қонақжай әрі кең пейілді Елеусін аға мен жібектей жұмсақ мінезді, сыпайы Сәжида жеңгенің отбасында әңгімемен біраз отырдық. Сәл ертеректе Елеусін Қайназаровтың Алматы қаласы ішкі істер басқармасының бастығы болып қызмет еткенінен де хабардар болдық. Өзі де ән сала білетін, өнерді сүйетін ағамыз зайыбын қолдап, өнерін өрбітуіне мүмкіншілік жасаған. Бір-бірін жете түсінген. Ерлі-зайыптылардың дос­тары арасында да сыйлы екенін сөздерінен аңғардық. Отырыспаларда екеуі қосылып ән салатын көрінеді. Қатар құрбылары оларды «Ән қанатындағы махаббат» деп құрметтеген. Осы арада Елеусін Қайназаровтың Сыр бойының азаматы екенін айта кету де керек.

…Арада көп жылдар өткен. 2015 жылы «Гауһартас» кинофильмінің экранға шыққанына 40 жыл толғаны аталып өтіледі. Біз көрген бір телехабарға «Гауһартастың» авторы, жазушы Дулат Исабеков, Салтанат ролін сомдаған Жанна Қуанышева, Салтанаттың қайнысы Қайыркенді ойнаған Сапарғали Жәкішев және фильмдегі әндерді орындаған Сәжида Ахметова келді. Кинофильм­нен кейін, яғни 1975 жылдан бері ар­тис­тер бір-бірін көріп, біліспеген екен. Жақсы жүздесті. Жүргізуші мен бағдар­ламаға қатысушылар Сәжида апа­ларынан «Гауһартасты» орындап бер­уін өтінді. Сәжида мақұл көріп, әннің бір шумағы мен қайырмасын айтты.

«Баяғы дауысы, керемет», – деп қошеметтеді Дулат ағамыз. Өзгелері ризашылықпен алақан соққан. Осы жүздесуде сценарий авторы Дулат Исабековке мынадай сұрақ қойылды: «Дулат аға сіз повестегі Салтанат образын қалай таңдадыңыз?» Жауап: «Салтанат – қазақтың қаракөз қыздарының жиынтық образы. Салтанат – «Гауһартас» әнінің прототипі. Бұлай дейтінім ән мәтінінің өзі:

– Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлімкөз, оймақ ауыз, жазық маңдай, – деп қыз портретін беріп тұрған жоқ па, мен сол суретті көшіріп ала қойдым».

Күні бүгінге дейін экраннан түспе­ген кинофильмнің өміршеңдігі біріншіден, жоғарыда атап кеткендей, – ұлттық және отбасылық құнды­лықтарында. Екіншіден, сценаридің келісті жазылғандығы, үшіншіден, фильмнің сұлу табиғаттың аясында түсірілгені деп айтар едік. Сол жылы қуаңшылық болып, кинофильм түсірілетін жер біраз іздестіріледі. Ақырында Талдықорған облысының «Ақсу» ауылы маңындағы «Баласан» деген жерге тоқтайды. Шынында бұл жер керемет табиғат орны екен. Қарап көрсеңіз өркеш-өркеш тау жоталары, теп-тегіс су айдындары, орман-тоғай, сай бойын қуалап өскен қызылды-жасылды гүлдер өзара гармониялық үйлесім тауып, жапандағы жалғыз қойшы үйін көмкеріп тұр. Төртіншіден, фильмнің ажары – «Гауһартас» әні. Ал әннің орындаушысы Бибігүл де Жанна да емес – Сәжида Ахметова.

Бесіншіден, кинофильмде қазақ өнерінің тарландары – Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов ойнаған.

Сөз соңына қарай Сәжида Ахме­тованың өмір дерегінен азды-кем мағлұ­мат бере кетейік: Ол 1938 жылы туған. Әншілік өнер анасы­нан дарыған сыңайлы. Анасы татар ұлтынан екен. Қазанның, Петро­павлдың сахналарында ән салыпты. Сәжиданы кішкентайынан өнерге баулыған. Сәжиданың зерек­тігі, естіген әнін бірден қағып ала қоятын құймақұлақтығы анасына тартса керек. Әншінің өзі де мұны жоққа шығармайды. Сезімталдық, әнге деген құштарлық, қайталана бермейтін табиғи дарын, нота сауаты болмаса да композиторлар ұсынған әнді лезде үйреніп, оларды қазақ ра­дио­сына уақытылы жаздырып отырған.

Қыздар педагогикалық институтын үздік бітірген Сәжида Ахметованы ректорат өздеріне оқытушылық қызметке алып қалады. Бұл 1961 жылы болса керек. Осы оқу орнында ұстаздық ете жүріп, кандидаттық диссертация қорғаған. Доцент атағын алған. Ән еркесі Сәжиданың орындауындағы қазақтың халық әндері «Ахау керім», «Әйкен-ай», «Илигай» Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Қайықта», Әбілахат Еспаевтың «Сайра, сайра сандуғашым», Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел», тағы басқа көптеген әндері жүректі баурайды… Сәжида жеңгей өмірлік жолдасы Елеусін аға екеуі үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Қазақ радиосындағы әншілік және радиоқойылымдарды шебер дыбыстағаны үшін КСРО Мәдениет министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Институттағы оқытушылық қызметін жалғастыра беруге де болатын екен, алайда немерелерінің тәрбиесімен айналысуды жөн көреді… Олар жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауыпты. Еңбектері қайтып, немерелері шетінен өнерлі болған. Дүниеге шөберелер келген. Амал барма, мәңгілік өмір жоқ. Елеусін Қайназаров ағамыз 2004 жылы, ал Сәжида жеңгей бертінде, 2019 жылы дүние салған. Соңында ізгі жол қалды.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<