Ғарыш әлемінің берік қақпасы

803

0

Әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы 1955 жылы 2 маусымда құрылып, соның арқасында қазақша «бай алқап» деген мағынаны білдіретін Байқоңыр қаласының аты қазақ еліне ғана емес бүкіл әлем елдеріне танымал болды.

Соның негізінде тылсым әлемге бір елі жақындауға керемет мүмкіндік туды. Ондаған жылдар бойы жабық стратегиялық аймақ болған Байқоңырды бүгінгі күні турист ретінде тамашалап қайтуға болады.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ғарыш айлағының пайда болуы 1954 жылдан қолға алынып жасала бастаған  Р-7 зымыранына байланысты. Оны сынақтан өткізу үшін ауылшаруашылық жерлерінің үлкен аудандары мен жақын маңдағы ірі  қалалар болмайтын халқы аз, кең аймақта орналасқан ғарыш айлағы қажет болды. Сонымен қатар, зымыран ұшыру алаңы Камчаткадағы оқтұмсық құлайтын жерден кемінде 7000 км қашықтықта орналасуы және ғарыш айлағын қамтамасыз ету үшін таза судың сенімді көздері болуы керек еді.

Кейбір деректерге сүйенсек Байқоңыр қаласының бұрынғы атауы «Жеркіндік» деп аталған екен. Яғни, «ғаламмен байланысқан жердің кіндігі»,  ̶  деген мағынаны білдіреді.

Космодромның алғашқы жылдарындағы барлық сәтсіздіктерге қарамастан, Байқоңыр кеңестік және ресейліктер үшін ғана емес, әлемдік ғарышкерлік саласы үшін нағыз таңғажайып орынға айналды. 1961 жылы әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин, 1963 жылы алғашқы ғарышкер әйел Валентина Терешкова, ал екі жылдан кейін ашық ғарышқа шыққан алғашқы адам Алексей Леонов аспан әлемін зерттеп қайтты. Байқоңырдан «Протон», «Циклон» және «Энергия» тасымалдағыш зымырандары, орбитаға Жердің алғашқы жасанды жер серігі, сондай-ақ бортында Белка мен Стрелка бар «Спутник-5» ұшырылды.

Кейіннен 1991 жылы 2 сәуірде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр қаласынан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа сапар шекті. Ал, Талғат Мұсабаев ғарышқа 3 рет ұшқан. 1994 жылы бірінші рет ұшқанда 126 күн, 1998 жылы екінші рет ұшқанда 208 күн, 2001 жылы үшінші рет ұшқанда 8 күн ғарышта өткізген. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет, 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылған.

Қазақтаннан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов 1993 жылы алғаш рет ғарышқа ұшуға өтініш берген. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екінші борт-инженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді.

Бүгінгі таңда, тарихи өлкеде «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихи музейі бар. Аталған музей 1967 жылы қалалық мәдениет сарайының ғимаратында, Қазан революциясының 50 жылдығын мерекелеу аясында ашылды. Кейін музейдің экспозициялық алаңдары ұлғайды. Қазіргі уақытта экспозицияда 4 зал жұмыс істейді. Музей жыл сайын 10 мыңнан астам туристерді қабылдайды.

Байқоңыр – тыныс-тіршілігі түгелдей ғарышпен байланысты қала, сол себепті қаладағы көрнекті орындардың барлығы жерден тыс кеңістікті игеру тарихы жайлы сыр шертеді. Қалада ғарышқа «жол салған» әйгілі ғалымдар мен зерттеушілердің құрметіне орнатылған ескерткіштер, өз заманының алыбы болған ұлы тұлғалардың есімі берілген саябақтар өте көп.

Малика ТҰРҒАНТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<