Ғылымнан шырақ жаққан ғұмыр

1113

0

Мен «артық білімді» қажетсінбейтін, қоңыртөбел тірлікті қанағат тұтып қалғандар қатарынанмын. Дегенмен, қазақ жазушылары мен ақындарын мектеп жасымда адақтап шыққанмын. Сол білімім ақыры тіл мамандығына қарай жетеледі. Ал,  шығыстық һәм еуропалық ескі әдебиет әлемін студент кезімде көбірек оқыған едім. Омар Хайям, Жүсіп Баласағұни, Әлішер Науаи секілді жауһарлар ішінен маған саф алтындай өмір салтымен ерекше әсер еткен тұлға – Әбу-Райхан әл Беруни (973-1048).

Астроном, математик, географ, философ, филолог, тарихшы, этнограф,  дәрігер, ақын… Қазір мен басқа әңгімеге ауысып кеткен сияқтымын ба, жоқ, мұның бәрі сол Берунидің бір бойындағы мамандық, бәлкім, дарын мен даралық десем де болар.

Бала күнімде Беруни туралы бір кино көргенмін. Кинода Ғазна билеушісі Махмут сұлтан Әбу-Райханды бөренеге байлап, аяғының астынан от қойып өртейді. От тұтатарда сұлтан оның жанына келіп, ат үстінен тіл қатады.

– Әбу-Райхан, қып-қызыл болып кеттің ғой, айтқан өтіріктеріңе ұялып тұрсың ба? – дейді. Сонда Берунидің:

– Мен қараңғы халықтың күні едім, ал, күн батарында қызармаушы ма еді? – дейтіні бар.

Шынында, осынша ғы­лымды меңгеріп, олар­дың кейбірінің негізін өзі қалап, халық санасын сәу­лелен­дір­ген Әбу-Рай­хандай тұлға өзіне дейін де, өзінен кейін де бол­маған.

Бірақ, мен оқыған әде­биет­терде Махмут сұлтан Әбу-Райханды өлтіре алмайды. Жалпы, Махмут сұл­танның аты тарихта қанішер, басқыншы ретінде қалса да, оның әлем әдебиеті қазынасын толтыруға жа­саған еңбегі бар. Мәселен Фирдоусидің атақты «Шахнамасы» осы Махмуттың тапсырмасымен жазылған. Иран, тәжік, ауған халқына ортақ болып саналған парсы ақынын бағалаған Махмут оған патшалар тарихы туралы, оның ішінде өзінің жорықтары жайында жаздырмақ болған. Алайда, Махмуттың зұлымдығын жек көрген ақын шығармасында ол туралы бір де бір мақтау сөз айтпайды. Сондықтан ақын сұлтанның қудалауына түсіп, тіпті халық оның сүйегін де жасырын жерлеген екен.

Мұнан кейін Махмут өзіне мадақ айтатын кітапты Беруниге жаздырмақ болады. Оған айтқанын істету амалымен алдымен тұрмысын нашарлатып, мұқтаждық  құр­­­сауына түсіреді. Сонан соң барып, ақынды дүниеге қы­зықтырып әрі мәжбүрлеу үшін пілге артып, алтын мен кү­містен сыйлық жібереді.

Сонда Беруни: «Мен жылтыр тасқа алданып, ақындық биіктігімді аласартпаймын», – деп мол сыйлықтан бас тартқан. Солай десе де, Беру­нидің мәңгілік биігі ғалым­дығымен қалған.

Берунидің туған жері Қарақалпақтың Қият қаласы деп айтылады. Бұл қала Хорезм мемлекетінің астанасы, ірі мәдениет орталығы да болған деседі. Хорезмдіктер қыпшақтармен, Еділ булгарларымен, Сібір, Қытай, Үндістан елдерімен қарым-қатынас жа­сап тұрған. Берунидің  «Ел қоныс­тан­ған жерлердің шека­рала­рын белгілеу және олардың арақашықтықтарын анық­тау» деген кітабында Арал, Каспий теңіздері, Сырдария аймағы, Отырар мен Сауран қалалары сипатталады. Мүмкін бұл тұл­ғаны қазақ тілінде оқыған­дығымнан болар, мүмкін ішкі әлемім солай қабылдаған шығар, мен үшін Беруни жақын сезіледі.

Ол заманда атақты адамдарды туған жерімен байланыстырып немесе басқа да жағдайлармен салғастырып атау дәстүрі болған. Мысалы, біз айтып отырған тұлғаның шын аты – Мұхаммед. Ал, «берун» деген сөз ежелгі хорезмдік тілде «қала сыр­тындағы ауыл» дегенді білдіреді екен. Осы атау арқылы ғалымның қарапайым халық арасынан шыққандығы мегзеледі. Енді «Әбу-Райхан» қайдан қосылған? «Әбу» араб тілінде «әкесі» деген сөз болса керек, осыған қарағанда Мұхамедтің Райхан деген қызы не баласы болған. 

Беруни аса діншіл адам емес. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегеніндей, Әбу-Райханның дінсіздерді де қолдайтын кездері көп. Ол карматтарды жақтаған, өйткені, олар кедей-кепшіктер мен құлдар еді. Карматтар исламды қабылдаса да, көп жағдайда дінге қарсы шығатын. Осыған орай, Беруни де қудалау зардабын көрген. Айдауда жүріп, көп жылын Үндістанда өткерген. Бір ғажабы, ол барған жерінің тілін тез арада түбегейлі меңгеріп алатын болған. Сөй­легенде тыңдаушылары үйрен­ген тілін оның ана тілі деп ойлаған. Ол өзі паналап барған Үндістанның ғылыми және әдеби тілі болған санс­крит тілін дәл солай мең­герген. Сонымен бірге парсы, араб, грек, тілдерін өте жетік білген. Оның мұнан басқа қанша тіл білгені туралы дерек кездеспейді, себебі Берунидің өзі ғылыми айналымда түбегейлі зерттелмеген.

Шым-шытырық есеп ойы­ны шахматты ойлап тапқан үнділер математика мен астрономия ғылымдарында өшпес із қалдырған. Алайда, олар сол математика жө­нінде Беруниден үйре­нетін нәрсенің көп екенін мойындаған. Әбу-Райхан үй­ренуді ешқашан таусылмай­тын ғылым деген. Өзі үнді ғылымының үздік табыстарын меңгеріп, халқының тарихын, әдет-ғұрыптарын зерттеп, «Үндістан» атты әйгілі кітабын жазған. Орта Азияның, араб елдерінің, Еуропаның ғалымдары үнді мәдениетімен Беруни еңбек­тері арқылы танысқан. Екінші жағынан, Беруни Евклидтің негіздерін, Потомидің Аль­магесін және өзінің астрология жөніндегі кітабын санскрит тіліне аударған.

Замандастары да, одан кейінгі ғасыр оқымыстылары да Беруниді «Орта ғасыр ғылы­мының энциклопе­дия­сы» деп атайды. Себебі, ғалымның жаз­ған еңбек­те­рінің көтерген жүгін уақыттың өзі көтере алмай, әлі сол жазып қалдырған  күйінде тұрған сияқты.  Оның «Бұрынғы ұрпақтар ескерткіші» атты еңбегі неше ғасыр бойы ғалымдардың зерттеу алаңы болып отыр.

Жалпы алғанда, ол 150 еңбек жазған делінеді, олар­дың 45-і астрономия мен математикаға арналған екен. Астрономиялық шығар­ма­ла­рында Беруни дүниенің гелиоцентрлік жүйесін Коперниктен 500 жыл бұрын, денелердің жерге қарай тартылуын Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын болжаған.   

Махмут сұлтан өлген соң оның орнына баласы Масғұт келген. Ол ғалымды сыйлап, қамқорлық танытып, құрмет көрсеткен. Осы құрметке жауап есебінде ғалым «Масғұт таблицалары» атты көлемді еңбек жазып қалдырады.

Осындай данышпан ғалым және ойшыл Әбу-Райхан әл Беруни 1048 жылы дүние салыпты. Оның еңбектері әлі талай ғасыр бойы адамзатқа қызмет ете береді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<