Гүлбаршын қайда жерленген?

344

0

Сурет ашық дереккөзден

Ежелгі Іңкәрдария Баршындария арнасы «Айдарлы» ауылындағы Байсал бауының жоғарғы жағынан Сырдариядан күркірей аққан Күркүреуіктен саға тартады. Батысқа Көксеңгір жотасына қарай құм-құмды көктей өтіп Асанас, Мортық, Қожақазған қалаларын жанап, Заңғар қала мен Сырлытам қалаларын тіршілік нәрімен қамти отырып, Жаңадария арнасына қосылады. Жаңадарияға жалғасқан мол су осыдан екі жүз жыл бұрын ғана Арал теңізіне құйып жататын. Кезіндегі сулы жер, нулы жер, көз тартатын көрікті қалаларға, бау-бақшасы жайнаған, өркениет ордаларына, ежелгі қалалар мен тарихи ескерткіштерге тоқтала кетейік.

Сырлытамды жермен-жексен еткен Жошы хан Асанас, Баршынкент, Жент қалаларын басып алып бір қыс қыстап шыққан. Өркениет көшінде өз үлесі бар бұл қалалар жайлы мол тарихи деректер көзіқарақты оқырманға таныс болар.

Сырлытам қала қонысынан табылған керамикаларға қарап XI-XII ғасырлар деп мерзімдеуге болады. Қыш бұйымдарға, күлгін түсті дөңгелек биік тұтқалы құмыраға қарап бұл форма Хорезмнен келгенін байқауға болады. Сонымен бірге материалдық мәдениеті мен өнеріне қарап көрші тайпалармен жақсы қарым-қатынаста болғаны аңғарылады. Сырлытам қаласына ең жақын орналасқан Заңғар қалашығы.

Ол IX-XI ғасырларда гүлденген. Сырлытам қалашығынан солтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан және тарихи кезеңделуі осы қалаға сәйкес келеді. Үйінді құм мен олардың үстін басқан дала өсімдіктері қалашық бетін жауып тастаған. Бұл екі қала да «Бесарық» ауылынан оңтүстік батысқа қарай 60, Іңкәрдария ауылынан шығысқа қарай 30 шақырым жерде жатыр. ҚР Ғылым Академиясының архивіндегі құжаттарға сәйкес 1991 жылы қалашықтың есеп карточкасы, паспорты жасалған, аймағы белгіленген. Аталған ескерткішке келушілер ертедегі бабалар салып кеткен тарихи құндылықтарға қызыға қарап, тамашалап қайтады.

Сырт бейнесі Сырлытамның жоспарына ұқсас, төртбұрышты цитадель, дөңгелек қалашық диаметрі 300 метр. Барлық қабырғалары су ағынымен бұзылған, табылған керамикалық материалдарға қарап Сырлытам керамикасына қатысты гүлді, жапырақты, өрнекті ыдыстардың ұқсастығымен X-XI ғасырлар деп мерзiмделді. 1959-1960 жылдардағы Хорезм экспедициясы барлау отрядтарының зерттеу жұмыстары барысында бұрын белгiсiз болған, Іңкәрдария бассейнінде орналасқан, оңтүстік оғыз ескерткіштер тобына жататын бірнеше ескерткіш ашылды. Сырлытам қалашығының ерекшелігі қаланың іргесіндегі кесененің алыстан көз тартып сырт көз келушілерді өзінің жұмбақ сырын білуге тартып тұратыны болса керек. Мазар Қызылқұмның өткел бермес жалпақ құмы басталатын Көксеңгір жотасының етегінде, шағын төбеде орналасқан. Ішкі беті көк түсті бояумен боялған, биіктігі он метр. Бояуына орай ел «Сырлытам» атап кеткен. Мазардың үстінде биік купол бар. Өзінің архитектурасы жағынан Асанас әулие кесенесіне ұқсас келеді. 1971 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған экспедиция мүшесі, профессор Әуелбек Қоңыратбаев Сырлытамды Баршын қыз мавзолейі деп тану жөнінде ұсыныс жасап, төлқұжат толтырған. Ежелгі Баршындарияның жағасында орналасуына орай қаланы да, мавзолейді де Гүлбаршынға телу жөніндегі ұсыныс Сунақатадағы Көккесене Баршын қыз мавзолейі болуы мүмкін деген пікір үстем түсіп бұл ұсыныс өтпей қалды. Кейін уақыт өте келе Көккесененің Гүлбаршынға қатыстылығы анықталмады.

Әйгілі Алпамыс батыр жыры:

– Бұрынғы өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Жиделі Байсын жерінде,

Қоңырат деген елінде.

Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты.

…Сонша бай болса да,

Жоқ еді ердің баласы,

Алланың өзі бермесе,

Пенденің бар ма шарасы? – деп күн-түні Алладан бала тілеген тілеуі қабыл болып, дүниеге келген Алпамыс батыр туралы жырдың географиясы арабтар Мауренахар деп атаған екі өзен Әмудария мен Сырдария аралығында өтеді.

Кесенеден бар жоғы екі жүз шақырымға жетпейтін жерде кемеңгер ұстаз, болашақты болжай алатын көріпкел әулие, күйшілердің атасы саналатын Қорқыт бабамыздың мәңгілік мекені жатыр. «Қорқыт ата» кітабындағы он екі жырдың бірі «Байбөрі баласы Бәмсі – Байрақ» туралы жырда:

– Баяндүр хан тойына Байбөрі бек те келді. Ханның қарсы алдында Қара Көне баласы Қара Бодақ, оң жағында Қазанның баласы Ораз, сол жағында Оғыз бектің баласы Иекенктерді көріп Байбөрі бек көкірегі қарыс айырылып, өкіріп жылады. «О, Байбөрі бек, мұнша неге қайғырасың?» дегенде «Басына менің тәжімді киер ұл жоқ, тағым мен тәжімнің қамын жеп қайғырамын» деген. Бұл сөзді естіген оғыз елінің бектері қолын жайып, жүздерін көкке жая жалбарынып, «Тәңірі саған ұл берсін» десті.

«Алпамыс батыр» жырындағы Алладан сұрап дүниеге келген Алпамыс батыр да, «Қорқыт ата» кітабында Тәңірден тілеп алған ұл Бәмсі Байрақ та өмірде болған бір адам. Әңгімеміз Алпамыс батыр мен оның жары жырдағы Гүлбаршын, «Қорқыт ата» кітабындағы Бәну шешектің мәңгілік мекені жайлы ой толғап көрелік.

Әйгілі ғалым, осы өңірдің тумасы Әуелбек Қоңыратбаев Сырлытам мазарының түстік бұрышында екі қадам жерде орналасқан қамкесектен соғылған күмбезді қорым Бәмсі Байрақтың – Алпамыстың моласы деп жорамалдайды. «Аруздар Қазан жағында болған Бәмсі – Алпамысты жамбастан шауып өлтіреді. Егер антрополог ғалымдар осы мүрдені ашып сараптама жасаса, ондағы адам оң жамбасынан шабылған болса, ол Алпамыс батыр болар еді. Арузды кейін Қазан өлтіргендігі жайлы «Қорқыт ата» кітабында жырланады. 1043 жылдан қыпшақтар түркімендерді Сырдан қуып шығады.

Осы оқиғалардың бәрі шиеленіскен шақтарда Рум елі, Стамбұлды да қамтып жататыны болмаса негізгі оқиға Сыр бойында өтеді.

Ал Сырлытам мазарында Алпамыстың жеті қарындасы, сегізіншісі әйелі Баршын сұлу болуға тиіс» деп жазады. Кесененің қасбетіндегі маңдайшасында «гүмал жай лаһат – мәңгі тыныштық орны» деген парсы тіліндегі жазу әлі күнге дейін сақталған. Ал Бұқара ұсталарының сырлы бояумен жазған, кейін М.Массон қасбетіндегі сөзді «бейкүнә ғұмыр 698 cафар жылында көзден таса болды. Ары таза, ақ жүрек, мейірімнің ұйытқысы, игіліктің иесі болған Қызыл қатынның рухы фәни жалғаннан бақиға ауысты» деп оқыған. Сырлы бояумен жазылған бұл жазба қазір жоқ. Ғасырларға созылған жел мен жауыннан өшіп қалған. Осы кесенеден елу шақырым жерде «Қоғалыкөл» ауылының іргесіндегі ежелгі қаланың Баршынкент, ескі арнаның Баршындария аталуы  кесенедегі жазбалар, табылған әшекей бұйымдар бұл жерде Баршын аталатын текті әйелдің жатқандығын дәлелдей түседі. Бүкіл түркі жұртының ортақ әдеби, тарихи мұрасы саналатын жыр кейіпкерлері Алпамыс пен Гүлбаршынның жатқан жерін анықтап «бұрынғы аталардан сыйға қалған біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп дәлелдеп, тұжырым жасаудың уақыты келді. Әрине, соңғы сөз антрополог, археолог ғалымдарда. Сол үшін зерттеу-зерделеумен қатар, насихаттау жұмыстары кешенді түрде жүрсе игі еді.

 Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

өлкетанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<