Халқына қорған болған

726

0

Алдағы жылы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыздың дүниеге келгеніне 250 жыл толмақ. Соған орай батыр есімін ұлықтауда ауқымды шаралар өткізіледі деп күтілуде. Осы ретте Жанқожа батыр бейітінің шырақшысы Еркін Сағадинмен тілдесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Жанқожа батырдың мазары Қызылқұмдағы «Кәукей» елді мекенінен батысқа қарай 170 шақырым жерде Өзбекстанмен шекарада орналасқан. Биік төбенің ұшар басындағы мазар кейін силикат кірпішпен өрілген. Ұзындығы – алты, ені – бес метр, биіктігі – үш, күмбезделген беті – бес метр. Түнеухана маңында бұлақ бар. Зиярат жасаушылар алдымен осы бұлақтың жанына аялдап, жуынып-шайынып, дәрет алып, тазалануға тиіс. Алайда ауызсу, аяқсу мәселесі өте қиын. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде қазылған бұлақтың жағдайы қазір күрделі күйде, су көзі бітелген. Келушілер ауызсуды ыдысқа құйып, өздерімен бірге әкелуге мәжбүр. Бұлақ мәселесі бұған дейін қозғалған болатын. «Құжаттары дайындалуда. Алдағы уақытта бұл мәселелер шешіледі» дегенді естиміз. Тездетіп бітсе дұрыс болар еді.

Зират сырлауды қажет етеді. Басындағы түнеухана 1992 жылы шопанның үйі ретінде салынған. Ұзақ жылдар бойы шырақшы болған марқұм әкем Иманғали Сағадинұлы түнеухана ретінде пайдаланып келді. Жыл сайын қолдан келген жөндеу, әктеу-сырлау жұмыстарын үй ішімізбен бірге жасаймыз. Түнеухананы жөндеуге бару үшін қомақты қаржыға көлік жалдаймын. Осыны ескеріп, мүмкіндік болса техникалық жағдайы жарамды көлік қаралса деген өтінішім бар. Үйді күрделі жөндеуден өткізсе, жаңадан салса тіпті дұрыс болар еді.

Осы ретте мынаны қаперде тұтсақ. Жанқожа бабамыздың рухына тағзым жасаушылардың құжаттары «Қызылқұм» шекара бекетінде тексеруден өтеді. Арнайы рұқсат қағазы болуы қажет. Бұл жұмыстар бір терезе арқылы реттеледі. Кейде бұл жағдайдан хабарсыз сырт жерден келгендер кідіріп қалатын уақыты да болады. Сондықтан тиісті құжаттарды дайындауға ерекше көңіл бөлген ләзім, – дейді шырақшы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<