Иірімі терең «Он екі ирек»

733

0

Ән – көңілдің ажары. Әсем де сырлы саз жан-жүрегіңді еріксіз баурап, қиян-қиырға жетелейді. Бір сәт көкірек сарайың жауыннан кейінгі табиғаттай тазарып, жеңілденіп-желпініп қалады. Тыңдарманды осындай көтеріңкі көңіл-күйге бөлеп, жүрген есті де, әсерлі әуен қатарында «Он екі иректі» атап өтсек ешқандай қателеспейміз.

Жібектей есіліп, халық әуезін еске түсіретін бұл туындының авторы жүзден астам ән шығарып, «Қазалының Шәмшісі» атанған ардагер ұстаз, жергілікті сазгер Нұрмаш Алғашбаев екенін біреу білсе, енді бірінің білмеуі әбден мүмкін. «Он екі иректі» аудан көлемінде өтетін түрлі деңгейдегі шараларда ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Ғалия Оспанова нақышына келтіре шырқағанда көрермендер ұйып тыңдайды. Көңілдерді көкке көтерген ән:

– Жасымда ән естуші ем он екі ирек,

Көгендей ағытылған түйдек-түйдек.

Көмейден күмбір-күмбір келуші еді,

Бұл күнде оны айтатын әнші бөлек, – деп аяқталғанда жұртшылықтың үсті-үстіне қол соғып, өнерпазға айрықша қошемет көрсеткенінің куәсі болып келеміз.

Біз бүгін тілге тиек етіп отырған музыкалық шығарма қашан, қалай дүниеге келді? Осы сауалды сазгердің өзіне қойып, жауабын білгіміз келгенде: «Кейбір үлкен мәселелер, күтпеген тұстан сәтімен басталып жатады. Бұл да – сондай ыңғайымен келген істің бірі» деп өткен күндер оқиғасын көз алдына келтірді.

1988 жылдың жадыраған жаз айының ортасы. Мектептегі мұғалімдік қызметтен қолы босап, кезекті еңбек демалысында жүрген. Аула ішіне егілген бау-бақшаны суғарып бітіріп, жаңа келген газеттерді парақтап қарай бастады. Нұрмаштың көзіне республикалық «Лениншіл жас» басылымының ішкі бетінде жарияланған қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбековтың бір топ өлеңдері түсті. Әдетінше ширатылған шумақтарды асықпай шолып шықты. Солардың арасынан оған «Он екі ирек» атты жыр жолдары қатты ұнады. Қайталап оқыған сайын терең сезім құшағына беріліп, қиял қанатында қалықтады. Бір кездері иығына баянын асынып, оның пернелерін тергіштей бастады. Арада бірнеше тәулік өткенде өнер адамының кеудесін мазалап, шабыт шырғалаңына салған жаңа әуен жарыққа шығып, қалың қауымның кәдесіне жарады. Жақсы әнді естіген бірқатар ұжымдастары бұның қуанышына ортақтасып, талабы өрлей беруіне тілектестігін білдірді.

Көп ұзамай «Он екі ирек» қазалылық өнерсүйер қауымның да көзайымына айналды. Оны сахна төрінде алғаш рет аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкері Ғалия Оспанова орындап, жиналған жұртшылық пен сазгердің талғамынан табылды. Бұл жөнінде әншіні әңгімеге тартқанымызда:

– Маған Нұрмаш аға хабарласып, «Он екі ирек» туралы  айтқанда дереу келісімімді бердім. Әп дегеннен, әдемі әуені мен мазмұнды сөзі көңілімнен шықты.

Алдымен аудандық мәдениет үйі сахнасына алып шығып, кейін «Қорқыт сазы» ансамблінің құрамында қазақ теледидарының фильм-концертіне түстім. Сол арқылы «Он екі ирек», «Аралым – аяулым» әні менің орындауымда республикалық радиотелевидениенің алтын қорына қабылданды.

Қасиетті Қазалы жерінен асып, облыс, республика көлеміне танылған бұл әнді қазіргі күні Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Ақтөбедегі Қ.Қуанышбаев атындағы театр қызметкері Әлия Дәуітова, «Атамұра» халық ардагерлер ансамбльдің мүшесі Күлпараш Сәрсенбаева, тағы басқалар әуелетіп, халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп жүр, – деп біз қажет еткен дерек көзін толықтырды.

«Он екі иректей» естіген жанды өзіне үйіріп алатын шұрайлы әуенімен көпке белгілі қазалылық сазгер Нұрмаш Алғашбаевқа талантыңыз мұқалмай, биік белестерді бағындыра беріңіз деген риясыз пейілімізді жеткіземіз.

Сахи ҚАПАР

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<