Ілімнің ізашары

446

0

Қызылорда облысының мемлекеттік архив қорында Қазақ Халық ағарту институтының 1927-1935 жылдардағы құжаттары сақталған. Институт 1919 жылы арнайы орта оқу орны ретінде Орынборда ашылып, жұмыс жасады. Басты мақсаты қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлау еді, 1921 жылы онда 140 студент білім алды.

Оқу орны 1925 жылы Қызылорда қаласына көшірілген. С.Сейфуллин институтта сабақ беріп, кейін ректор лауазымына көтерілген. Сондай-ақ тәжірибелі педагогтер, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев, С.Мұқанов, С.Шонанов дәріс берген.

Ағарту институтында студенттер қоғамтану, СССР географиясы, жаратылыстану, физика, қазақ әдебиеті, химия, халық ағарту жүйесі, саяси экономика, мектептану, сызу, әскери дайындық, денешынықтыру пәндерін оқыған. Оқыту бағдарламасы екі типке бөлінген: индустриалды педагогикалық және агропедагогикалық. Физика-техника, химия-биология, қоғамдық ғылымдар, тіл және әдебиет мамандықтары бойынша бөлімдерге, яғни факультеттерге бөлінген.

Студенттерді негізгі курстарға дайындау үшін ағарту институты жанында дайындық бөлімдері мен кешкі жұмысшылар факультеті ұйымдастырылды. Сонымен қатар оқытушыларды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша сырттай курстық сектор болды.

1927 жылы 10 қыркүйекте институт кеңесінің мәжілісі өткізіліп, күн тәртібінде сабақтарды оқу жоспары бойынша бөлу мәселесі талқыланған. Оқу бөлімінің меңгерушісі Қаржаубаев оқу жоспарына сәйкес оқытушыларға сабақтардың алдын ала келісімге байланысты бөлінгенін айтқан. Мәселен, кіші және жоғарғы топтардағы қазақ тілі пәні бойынша 6 сағат А.Байтұрсыновқа, орыс тілі пәні бойынша 6 сағат С.Мұқановқа, өлкетану бойынша 2 сағат Т.Шонановқа, педагогика пәні бойынша 2 сағат Қ.Жұбановқа 1, 2, 3-топтардағы қазақ әдебиеті пәні бойынша Т.Жүргеновке, материализм тарихы бойынша 2 сағат М.Жолдыбаевқа берілген.

1928 жылдың басынан институтта ауыл мектептеріне қазақ мұғалімдерін дайындайтын 2 жылдық курс ашылып, онда 44 қыз бала оқыған. Құжатта 1929 жылы Ташкент ағарту институтын Қазақстан аумағына көшіру мәселесі күтпеген жерден және тез шешілгені туралы жазылған. Осыған байланысты барлық мәселе уақытында шешілмей, қиыншылықтарға әкеліп соқтырған. Институттың мүлкі мен материалдық құндылықтары тоналған.

С.Сейфуллин институт Қазақстанға көшірілмей тұрып қызметінен босатылған, орнына Сүлеев келген. 1929 жылдың қыркүйек айында Қазақ Халық ағарту институтына Ташкент ағарту институтының 2 дайындық курсы және 1 негізгі студенттер контингенті 63 адам ауыстырылды. Жалпы студенттер саны 326 адам, 11 топ болды. 1929-1930 оқу жылының басында институтта 5 топ, яғни 2 дайындық және 3 негізгі топ болды. Институт жалпы, өндірістік, шаруашылық, бухгалтерлік бөлімдерден тұрды. 1930-1931 жылдары Қызылорда Қазақ ағарту институтының құрамына алдын ала даярлық тобы, ағарту институтының негізгі курсы, мұғалімдер курсы, жұмысшылар факультеті кірді.

1930 жылы 15 қазаннан институт жанынан тігінші үйірмесі жұмысын бастады.

Институт зертханалық сабақтармен қатар студенттерге экскурсия ұйымдастырып отырған. Физика, жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар бойынша теміржол шеберханалары, балалар мекемелері сияқты ұйымдарда экскурсиялар жоспарлы түрде жүргізілді. Мәскеу, Ленинград қалаларына ұзақ экскурсиялар ұйымдастырылды. Дәрістерді оқумен қатар лабораториялық сабақтар жүргізілген. Лабораториялық сабақтар мынадай түрде өткізілген: тапсырма тақырыбы бойынша жұмысты жоспарлау, тапсырма материалын студенттің өз бетімен өңдеуі, оқытушының ақыл-кеңесі, яғни консультациясы, оқушының атқарған жұмысын дербес есепке алу, өңделген тапсырма нәтижелері бойынша қорытынды конференция ұйымдастырылған.

Сол кезде институт оқытушылары мен студенттері елдегі сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты. Оқушылардың күшімен аудандар бойынша сауатсыздардың статистикалық есебін анықтау жұмыстары жүргізілді. №7 ауылда институт ұйымының басшылығымен «Жас қайрат» колхозы құрылып, сауатсыздықты жою пункті ұйымдастырылды. Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын құрылысқа тартып, қоғамдық іске араласуға үйрету сияқты насихат жұмыстары жүргізілген.

1930 жылы республикада педагогика және мұғалімдер институттарының көбеюіне байланысты 1933 жылы 15 қазанда жабылды.

ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдары ұлттық мамандар даярлаған, қазақ жастарын мамандар қатарына қосқан бірден-бір мекеме Қазақ Халық ағарту институтының тарихы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді.

Э.ЖҮСІПОВА,

ұлттық архив қоры құжаттарын пайдалану және жариялау

бөлімінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<