1848 жылдың тамызында күннің ыстығынан тартылған Збруч өзенінен (Австрия мен Ресейдің арасындағы шекаралық өзен, Батыс Украина) Збруч мүсіні деп аталып кеткен ғажайып бір тас ескерткіш табылды. Оның биіктігі 2,67 метр болатын төртқырлы баған үлгісінде сұрғылт түсті әктастан жасалған еді. Ол өте бағалы әрі жұмбақ тарихи ескерткіштердің қатарын толықтырды. Қазынаның сырын ашуға ұмтылғандарды қиялға бергісіз көптеген сауалдар толғандырды. Журналист Андрей Подволоцкийдің былайша ой түйіндеуі кездейсоқ емес: «Оның табылуы – адам таңғаларлық жаңалық. Збруч мүсінінің құпиясы осы күнге дейін ашылмай келеді…».
Бұл тарихи құндылық талай адамдардың назарын өзіне аударды. Тас мүсіннің сырын ашуға тарихшылар мен археологтар, өнер зерттеушілері мен жергілікті өлкетанушылар көп еңбектенді. Жергілікті аты әйгілі граф Мечислав Потоцкий және поляк ақыны Тымон Заборовский бұл ерекше жаңалыққа өз көзқарастарын білдірді. Тарихи ескерткіштің құпиясын ашуға белгілі академик Борис Рыбаков ықылас танытты. 2011 жылы Украина Ғылым академиясының Археология институтының қызметкерлері Алексей Комар мен Наталья Хамайко да өз көзқарастарын білдірді. «Загадки истории» журналының редакциясы да осы жауабы табылмаған жұмбақты шешкісі келетіндер қатарынан шет қалмады. Бұл басылымда Марина Викторова алғаш рет мақаласын жариялады. Ол өз мақаласына «Судан шыққан мүсін» деген тақырып қойды. Ал екінші мақаланы Андрей Подволоцкий жариялады. Бұл жарияланым «Орыстың ежелгі символы» деп аталды. Збруч мүсіні жайлы зерттеу жүргізіп, пікір білдіргендердің бәрі де бұл тілге қатысты ескерткіш, ол славяндарға тиесілі деген байламға ғана келді. Өйткені, олар бұл мүсінді өзгелерден қызғанғандай сыңай танытып, өздерінен басқа ешкімге де қиғысы келмеді. Ғалымдардың тап осындай қорытындыға келуі шындыққа жанаса ма? Не үшін олар жасаған қорытындыларда дәлдік пен нақтылық жоқ?
Ал біздің зерттеулеріміз Збруч мүсінінің славяндарға ешқандай қатысы жоқтығын көрсетті. Оған көптеген дәлелдеріміз бар. Ол түркілердің, анығырақ айтсақ, дулат тайпасының патшалар әулетіне тиесілі. Осы орайда: «Түркілер (дулаттар) мұнда қайдан жүр?» деген тағы бір заңды сауал туады.
Волга Болгарияның орта ғасырдағы тарихшысы Гази-Барадж «Барадж тарихы» еңбегінде 620 жылы Ұлы Болгарияның ханы Құбыраттың бұйрығымен оның інісі Шамбат Аскал ауылы орнынан Киев қаласын тұрғызды. Содан соң олар әскерімен өздерімен жауласқан аварларға қарай жылжыды. Талантты қолбасшы Шамбат оларды бас идіріп, жаулары Венгрия, Польша, Батыс Украинаға (қазіргі атауы) аттанып, жеңіске жетті. Шамбат өзінің аталары патшалық жасаған Дуло (дулат) әулетінің құрметіне Дулоба (Дулеба) деп аталатын жаңа мемлекет құрды. Билікті қолға алған соң ол өзінің туған ағасы Құбыратқа бас игісі келмеді. Ұлы Болгария ханы мұндай әрекеттен соң өзінің айтқанына құлақ асқысы келмейтін бауырын Қый ( түркіше қый – кесіп тастау) деп атады.
Шамбат Дулобаға (Дулеба) 33 жыл бойы даңқ пен құрметке бөленіп билік жасады. Ол өте мықты мемлекет құрды. Түптің түбіне келгенде Шамбат күшейе түскен франктардан жеңіліске ұшырады. Ол Фанагория (Азов жағалауында) қаласына орналасқан Ұлы Болгария ханының әскеріне қашып келді.
Құбырат өзінің тәккаппар әрі даңққұмар інісін кешірді. Ол оны тағы да Киев қаласына билік құруға жұмсады. Киев қаласының тұрғындары ер тұлғалы, іскер қала басшысын құрмет тұтып, жақсы көрді. Олар өз қаласына Құбырат айтқандай, Қый (ерке бауырын осылай атағандай) деген атау қойды. Бұл атау Византия императорының Константин Багрянородныйдың «Империяны басқару жөнінде» еңбегінде ұшырасады.
Сонымен, Дуло (дулат) патшалар әулеті Украинаның ортасында да, батыс жағында да өмір сүрді. Олар өз бабаларының аруағына арнап қасиетті тас мүсін жасауға тапсырыс берді. Сол кездегі түркі халықтарының діни нанымдарына байланысты ата-бабаларының рухын құрметтеді.
Бұл мүсіннің басты кейіпкері кім? Біздің ойымызша, бұл символикалық кескіндеуде ағасы мен інісі Құбырат хан мен Шамбат әйелдерімен көрініс тапқан (жоғардағы бөлік). Збруч мүсіні мынадай үш деңгейден тұрады және осынша бөлікке бөлінген: жоғарғысы – тәңірі, ортадағысы – жарық дүниедегі пенделер, төмендегісі – жер астындағылары. Ежелгі түркілер діни нанымдары бойынша Тәңірге табынып, жоғарыда бейнелеп көрсеткеніндей дүние үш бөліктен тұрады деп ұққан.
Тас мүсінде түркілерге тән, тіптен галереяға дерліктей портреттер дәстүрлі нанымдар мен көптеген әртүрлі бейнелер мен таңбалар бар.
Сонымен осы тас бейнеге назар аударайық. Ол тастан жасалған. Славяндар ежелгі замандарда мүсіндерді ешқашан тастан қашаған емес, ағаштан ойып істеген. Тас мүсіндер (балбалдар) – ол түркілердің ежелден қалыптасқан дәстүрлі өнері. Оны оқып , танып білу ғана керек.
Енді осы тас мүсінге талдау жасап көрелік. Тас мүсіндер (балбалдар) – түркілердің ежелден қалыптасқан салтын білдіреді. Басқа киген қалпаққа назар салыңыз. Одан көретініңіз түркілерге тән бас киім бөрік. Бұл осы тас бейнеде нақты көрініс тапқан. Сол замандағы түркілердің киім үлгісінің, ортақ істегі бірлігі мен ынтымақтастығының нақты айғағы. Бас киім түркілер үшін ерекше маңыз атқарған, сол дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді.
Тас бейненің кеудесіндегі славяндардың көктем құдайы, махаббат пен некенің қорғаушысы, (академик Борис Рыбаковтың танымы бойынша) сақинасы деп жүргендері – сол замандарда патшалық құрған дулаттардың таңбасы. Бір еске саларлығы, сол тас мүсіндегі дулаттардың таңбасын сикейлер осы күнге дейін сақтап келеді. Бір айта кететіні, сикейлер (сикели) осы күнге дейін өздерін Аттила мен түркі халықтарының ұрпағы деп санайды. Олар Румынияда, Венгрияда, Воеводинада өмір сүруде. Польшадағы Стефан Баторий – (түркіше – батыр) сикеилерден шыққан ұрпақ.
Мүсінде мүйіз бейнесі – дулат патшалық рудың символы. Ол руға Баламер мен Аттила және олардың ұрпақтары Құбыратхан мен Шамбат жататын. 1893 жылы Перм губерниясы Чердың уезі Керчев деревнясында Аттиланың екінші ұлы Теңізханның жазу мен суреті бар тостаған табылды. Ол суретте қошқардың мүйізі бейнеленген. Сондықтан, мүйіздің суреті ол дулат патшалық рудың ежелгі дәстүрі деуге болады.
Збруч мүсінінде қылыш бейнесі ерекше көрініс тапқан. Академик Борис Рыбаков ол славян құдайы Перунға қатысты деп ойлайды. Бұл – өте қате пікір. Мұндай қарумен славяндар ешқашан қаруланған емес. Бұл қару түркілерге ғана тиесілі. Мүсінде жалғыз ғана жануар – жылқының бейнесін көресіз. Баршаға мәлім, сол жылқы дегеніңіз түркілердің ең сүйікті жансерігі болғаны аян. Мүсіндегі үш бөлік те бір-бірінен көлемі және тақырыптық жағынан да ерекшеленіп тұр. Оның жоғарғы бөлігінде ең ерекше орын алған Құбырат хан мен Шамбат өз әйелдерімен бейнеленген. Олардың бәрі де композициялық жағынан нақты көрініс тапқан.
Ал енді орталық бөлікте дулебілердің (дулаттардың) өздері тұр. Айтпақшы, белгілі араб саяхатшысы Максуди және басқалар дулебілер славян тайпалары емес деп жазған. Батыс Украинадағы көп әрі ерекше халықтардың бірі – полищуктер ежелгі дулебілердің ұрпақтарына жатады. Олар дене құрылысы мен тектілігі және мәдениеті жағынан славяндардан өзгеше ерекшеленіп тұрады. Бұл халықтың тап осындай өзгешілігі көптеген ғалымдардың басын осы күнге дейін қатырып жүр.
Мүсіннің ортаңғы бөлігінде бала бейнеленген. Ол – ұрпақ жалғастығының айқын көрінісі. Соңғы бөлігінде тағы да адамдар бейнеленген. Олар қолымен жерді тіреп тұр. Бұл суреттегі ең басты идея ата-бабалар әруағы үнемі өз ұрпақтарын қолдап, демеп отырады. Бұл да түркілердің рухани жан дүниесін көрсетеді.
Збруч мүсінінде адамдардың қолын бейнелеуге ерекше назар аударылған. Осы көріністерден-ақ олардың ойлары мен сезімдері айқын аңғарылады. Сонымен жоғарғы бөліктегі суретте адамның оң қолы кеудесінде, ал сол қолы кіндік тұсында тұр. Түркілер өз Тәңіріне тап осылай ризалығын білдіреді, өзінің аталарымен және ұрпақтарымен сәлемдеседі, ізгі ниетін білдіреді.
Екінші бөліктегі адамдар екі қолын екі жаққа қарай жайып, алақандарын ашып тұрғанын байқайсыз. Бұл олардың өмірге деген құштарлығын аңғартады.
Үшінші бөліктегі суреттегі қол бос емес, салмақ түсіп тұр. Бұл түркілерде өз басындағы жеке қателіктері үшін және ата-баба әрауақтары алдында да өте ауыр жауапкершілік барын көрсетеді. Бұл моральдық жүйе мен адамгершілік ізгі қасиеттер түркі әлеміне ғана тән.
Тас мүсінде көзге онша аңғарыла бермейтін тағы бір ерекшелік бар. Ол – төменгі бөлікте бейнеленген адамдардың мұрты мен сақалы. Жасы ұлғайған адамдардың ата атанып, сақал мен мұрт қойғаны, олардың өзіне деген құрметінің айғағы болған. Сақал мен мұрт түркілердің тастан қашалған ескерткіштерінде жиі кездеседі.
Жоғары бөліктегі адамдардың сырт киімдерінің ұзын болуы да түркілерге тән. Ол шапанды көбірек еске түсіреді. Енді ең соңынан бұлтартпас нақты айғақтарды айталық. Бұл – төменгі бөлікте бейнеленген аспарухтық болгарлардың таңбасы. Таңба – нағыз шебердің туындысы.
Таңқаларлығы Збруч мүсіні бастапқыда Богит тауындағы құлама жартастардың арасында, Збруч өзенінің бас жағында тұрды. Оны 1984 жылы КСРО ҒА Археология институтының Карпаттағы экспедиция мүшелері тапты. Түркілер өздерінің діни нанымдарында аспан әлеміндегі өз Тәңіріне табынып, онымен байланысқа түсуге жақынырақ болу үшін биік тау жоталарын, өзендердің ең жоғарғы бастау алар тұстарын, табиғаты керемет аймақтарды таңдады. Бұл мүсіннің табылған орнында да ежелгі түркілердің өшпей қалған ізі бар екені анық.
Сонымен біздің көз алдымызда күрделі бейнелер – түркілердің ата-бабалары тұр. Бір айта кететіні, құдайлар мен адамдарды топтап бейнелеу түркілерге ғана тән. Журналист Мария Викторова былай деп жазады: «Ол кезде славяндардың діни ұстанымдарында бір құдай – бір мүсін болған». Збруч тас мүсіні антропоморфтық қатарға жатады. Ол кездерде славяндардың қолынан бұл келмеген. Ал мұндайлар түркілерде жетіп артылады. Бір айта кететіні, тас мүсін мен адам бейнесін (балбалы) тастан қашап жасау тәсілі дулаттардың отаны Оңтүстік Сібір мен Монғолияда, Қазақстанда кең тараған.
Ал, басқа мүсіндердің Збруч мүсінімен қандай ұқсастығы бар? Археологтар А.Досымбаева және Н.Бөгенбайдың «Жайсан – Шу өзені алқабы түркілерінің киелі жері» атты кітабында көп мәлімет келтірілген.
Збруч мүсіні – таңғажайып, қайталанбас, стандартсыз мүсін. Алайда, ол жалқы емес. Оларға ұқсас мүсіндер Еуразияның көптеген жерлерінде кездеседі. Ондай мүсіндерге ұқсас келетін мүсіндер Моңғолияның, Туваның, Алтайдың, Оңтүстік Оралдың, Жетісу мен Сарыарқаның аумақтарында кездесетіні зерттеліп, анықталған.
Тас мүсіндердегі құрамдар (композиция) түркілердің пәлсапасын (философиясын), олардың дүниетанымын және өмір жұмбақтарын сезінудің, сонымен бірге адамгершілік құндылықтар жүйесін, тарих және өткенге көзқарас танытуын, бүгін мен болашаққа, солардың барлығын кешенді түрде біліп, ұғынудың бір сипаты.
Збручтағы артефакт түркілердің рухани байлығының ұлан-ғайыр көкжиегін көрсетеді, ол – ежелгі мәдениеттің энциклопедиясы, баға жетпес байлық. Құбырат хан мен ұрпақтарының және ата-бабаларының баға жетпес өнеріне жете мән беріп, көңіл бөлудің кезі келді, өткеннің құндылықтарына оң көзбен қараудың сәті жетті. Сондықтан да Збруч артефактісінің көшірмесін Астана мен Алматыға, Тараз бен Шымкентке орнату – бүгінгі күннің талабы. Бүгінгі таңда ол Краков музейінде сақтаулы, ал оның көшірмесі де бар және олар Мәскеу мен Киевтің, Львов пен Тернопольдің музейлерінде салтанат құрып тұр. Біз өз тарапымыздан аталған музейлерге түркілердің баға жетпес байлығын көздің қарашығындай сақтағаны үшін алғыс айтамыз. Түркілер мен славяндарға Құбырат хан мен Шамбаттың даңқты ісі жарқын жол ашып, қолдай берсін деген ниеттеміз.
Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-ның ғылыми қызметкері, Чувашия Ғалымдар академиясының академигі,
Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<