Кәмпеске: Халықты күйреткен науқан

485

0

Сурет ашық дереккөзден

Қазақстан орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі 1928 жылдың 5 қыркүйегінде «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы» қаулысын және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларды ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хатын жариялады.

Кәмпескелеуді жүргізу жөніндегі директиваларда оның маңызы атап көрсетілді. «Бір уақыттағы іс-шара ретінде жүргізіліп, қысқа мерзімде ауылдың жартылай феодал байларының ықпалын болдырмай тастау. Кулактар мен байларға шабуыл ұзақ уақытты іс-шара болып табылады. Ол ЖЭС-ке негізделіп, батрак-кедейлер мен орташалардың кулактар мен байларға қарсы аянбай күресуі арқылы жүргізілуі тиіс». Декреттегі көрсетілген цифр 700 ірі шаруашылықты кәмпескелеу, «ықпалын болдырмай тастау» мәселесін шеше алмайтын еді. Халықтың аздығын есепке алғанның өзінде осы шаруашылықтардың кәмпескеленуі ауыл мен селодағы үлкен ауқымдағы жаппай экспроприациялаудың алғышарты болды десек қателеспейміз.

Директиваға сәйкес «кәмпескелеу жалпы байларға қарсы емес, ауылда өзінің ықпалы арқылы патриархалды жартылай феодализм қалдықтары мен рулық қатынастарды қолдайтын байларға қарсы қолданылады», делініп кәмпескелеу тәртібін біршама тежеу қарастырылды. Мәселен, кәмпескелеуге үй бұйымдары, сонымен қатар күнделікті ішіп-жем тағамдары кірмеді. Акцияны қысқа мерзімде 1 қыркүйек декрет жарияланған күні бастап, 1 қарашада барлық процесті жер аудару мәселесін қоса отырып бітіру көзделді.

Сырдария округіне өлкелік өкіл ретінде сол кездегі Қазақ АКСР ХКК төрағасы Ораз Исаев жіберілді. Округ бойынша кәмпескеленетін шаруашылықтардың жалпы саны 1-категория бойынша 80-ге жетті. Бұлар «ірі бай, жартылай феодалдар еді» және 2-категория бойынша 9 шаруашылық  «бұрындары ерекше лауазымды топтарға жататын, антикеңестік қызметтерге байланысы барлар» болатын. Кәмпескелеуді барынша қысқа мерзімде өткізу және шаруа қожалықтары тарапынан қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында, тізімді құруды тікелей жергілікті жерде өткізу міндеттелді. Қорытынды тізім БК(б)П Өлкелік комитетінде бекітіліп, оған дейін округтік және аудандық комиссиялардың, кедейлер мен батрактардың жалпы жиналысында сайланатын көмектесу комиссиясында (комиссия содействия) талқыланатын. Кәмпескеленген малды бөлу «…аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек, жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға)» деп есептелді. Кәмпескеленген мүлік байдың туысқандары мен достарына берілмеуі атап айтылды, сонымен қатар «кеңес немесе партия аппаратында жұмыс істейтіндердің мал алуына» жол берілмеді, партия мүшелеріне, батрактар мен кедейлерге бұл тек жалпы негізде ғана мүмкін болды. Округтік комитеттер партиядағыларға қатысты ешқандай артықшылықтың болмауын қадағалауға тиіс еді.

Қызылорда округі аудандарындағы кәмпескелеу әу бастан-ақ директивамен қарама-қайшылықта болды. Ауылда жартылай феодалдық, патриархалдық рулық қатынастарды сақтап отырған ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу және жер аудару комиссиясының отырысында Арал ауданында кәмпескеленетін шаруашылықтардың тізімі дер кезінде құрылмағаны атап өтілді. Комиссия жұмыс барысындағы қиын жағдайларға байлар тұратын жердің жақын емес екенін, байдың мүлкін бөлуде заң жоқтығын, бұл мәселенің шиеленісіп кеткенін айтады. «Бай шаруашылықтарын бөлу мәселесінде нақты шешімнің жоқтығы, байдың туысқандарының малын дұрыс кәмпескелемеуге апарып отыр» делінген.

«Осылай 1928 жылдың 20 сентябріндегі округтік комиссия мәжілісінде Буқарбай улы – мәжіліс төрағасы, Коболоб, Қаракожа улы – хатшы, Кубатсыб, Сары улы, Жана Жантуар улы (құжатта осылай жазылған) қатысуымен осы жылдың 16 сентябріндегі округтік комиссиясының 7-санды хаттамасының 1-бөлімін өзгерту туралы мәселе қаралып, округтегі Қармақшы, Қазалы, Тереңөзек, Қарсақбай және Арал аудандарындағы ықпалды байларды көрсетілген мінездемелер бойынша 2 группамен тізімге кіргізіп, мал-мүлкі конфескеленіп, қоныс аударылуы туралы қаулы қабылданды.

Айтар болсақ, Қармақшы ауданынан 1-группамен Баймақан Жиенбайулы, жасы 60-та, малы – 300 түйе, 300 жылқы, 2000 қой, дүние-мүлкі – 3000 сом, төлеген салығы – 3892 сом 5 тиын. 7-ауылдан бай – Нажимадин Бекенулы, жасы 30-да, дәулеті арылмай келе жатқан бай, малы – 156 түйе, 25 жылқы, 700 қой және дүние-мүлкі – 1000 сом, тартқан салығы – 2500 сом 45 тиын. 6-ауылдың байы Бесжат Абдулла улы, жасы 40-та, зор атаның баласы болумен қатар арылмай келе жатқан бай, малы – 300 түйе, 50 жылқы, 300 қой және дүние-мүлкі – 100 сом, тартқан салығы – 1937 сом 25 тиын.

2-группамен 5-ауылдың азаматы Қазақбай Байдар улы, жасы 35-те. Атақты жуан жұдырықтың баласы, әкесі Қабылан Кеңес уақытында 2 жыл ұрлық істеген, зорлықшы, кісінің малын алушы, малы – 60 түйе, жылқысы – 70, қойы – 2009 және дүние-мүлкі – 1000 сом. Тартқан салығы – 36 сом 80 тиын».

Келтіріліп отырған кәмпескеленген мүліктер тізімінде киіз үй, кілем, текеметтер бар. Осы орайда аталған мүліктің декрет және директивалар арқылы рәсімделмегенін (рұқсат етілмегенін) айту керек. Әрі қарай құжатта «Байлардың кәмпескеленген малы мынадай жолмен бөлініп берілді: байлардың өзіне ірі қара малға шаққанда 16 бастан, 4 артельге, ірі қара малға шаққанда 181 бас, оның ішінде 450 қой мен 150 ешкі, ал қалғаны ірі мал, яғни түйе, жылқы және сиыр, осының бәрі артельдерге теңдей үлестіріліп берілді. Кәмпескеленген малдың қалған бөлігі 105 батрак пен кедейге,  әрқайсысына ірі қара малға шаққанда 5 немесе 6 бастан бөліп берілді»  делінген. Бұл жерде кәмпескеленген малдың ауылдан жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым қашықта болуына қарамай тездетіп есепке алынуы осы мәселедегі шалағайлықты көрсетіп тұрғандай.

Қызылорда округтік комитеті секретариатының құпия мәжілісінде кәмпескелеу кампаниясын жүргізу барысында жіберілген жетімсіздіктер мен қателіктер айтылды. «…Ірі байларды дер кезінде жер аудармау, кәмпескеленген малды бөлу кезіндегі жайбасарлық, Қармақшы ауданында кәмпескеленген ірі байлардың белсенділік танытуына ешқандай кедергінің болмауы, олардың приговорларға кедей шаруаларды қосып жібергені, тек бір ауылдан басқасы өтірік болып шықты. Приговорларда 6 жасар бала, ауылдан тыс жерлердегі ауру-сырқаулар қатыстырылған. Сонымен қатар халықтың психологиясына кері әсерін тигізетін үгіт-насихат жүргізіліп отырған». Осыған орай жазалау шаралары мынадай болды: «Аудандық атқару комитетінің ОАК төрағасы жолдас Қарақожаевқа және басқа да партия мүшелеріне байланысты барлық материалдар, осы және басқа да шалағайлықтарды жіберіп көзге түскендердің ісін партиялық жауапкершілікке тарту үшін округтік бақылау комитетіне өткізу, облыстық прокуратураға тез арада өтірік құжаттар құрап, елден қол жинауға түрткі болғандар мен бастамашыларға қатысты қылмыстық істі бастау керек». Бұл арада осы мәселелерге қатысты, кәмпескелеу барысындағы прокуратура өкілдеріне аудандық комиссия мен әсер ету комиссияларының арасында тек қосымша дауыс құқы ғана берілгенін айтуымыз қажет. Партиялық жауапкершілікке тартудың оперативтілігі таңғалдырады, осылай аумақтық тексеру комиссиясы байлардың мүлкін кәмпескелеу барысындағы немқұрайлық пен партия бағытын дұрыс жүргізбегені үшін ОАК төрағасы Қарақожаев туралы барлық материалдарды секретариат мәжілісінен кейін 10 күннің ішінде талап еткен.

Үгіт жұмысының белсенді атқарылуының мысалын Тереңөзек ауданынан көруге болады. «…Халық толқулы, олардың қазіргі назары толығымен кәмпескелеу туралы заң мен осыған байланысты атқарылып жатқан істер төңірегінде. Кедей қауымы үкімет тарапынан жүргізілген іс-шараларға барынша ықыласты. Барлық дерлік кедей жиналыстарында байлар мен атқамінерлер туралы мәселелер қарастырылып, оларды кәмпескелеуге және жер аударуға жататындардың тізіміне қосу туралы бірауыздан шешім қабылдануда. Басқа аудандар мен жалпы аймақ бойынша да осындай талап қойылуда. Кәмпескелеуге тек ірі байларды ғана емес, сонымен қатар барлық атқамінер мен бұрынғы басқарушылардың писарьларын да іліктіру».

Батрактар мен кедейлердің белсенділігі басқа да қырынан көрінген жайлар болды. №3 ауылдың кедейлері өздеріне қажетінен едәуір көп шөп жинап кәмпескелеуден түскен малдан дәметіп, берілмеген малға қысқа дайындық жасады. Қазақ ауылы мен переселендік деревнядағы кедейлердің мұндай белсенділігін тек түсіндіру жұмыстарының қайтарымы деп ұғынбау керек. Оның түбірі тіпті де тереңде жатқан сияқты. Ғасырлар бойы өмір сүріп келген шаруалар қауымдастығында, анығында, барлығы тани білген жекеменшік институты құралған жоқ болатын. Керісінше, озбыр кулактың шаруашылығын жағып жіберу немесе шылқыған байдың малын айдап әкету тез қабылданатын.

Орташалар болса жоғарыда айтылған кәмпескелеуге түсіп қалудан  қорыққаннан бөлек, барынша күтушілік позициясында үнсіз қалды. Дегенмен  кедейлердің жиналысында белгілі бір жағдайда оларды қолдаған (жаны ашыған) сыңай білдірді. Қайсыбір жағдайда орташалар кедейлердің жиналыстарында сөз сөйлеп, онда «байлар орташалардың шаруашылығына аз нұқсан келтіріп жатқан жоқ, олар барлық күшті жайылымдар мен егіс алқаптарын тартып алуда және өздерінің аталастары арасындағы ықпалын пайдалана отырып, орташаларды жеке мақсаттары үшін пайдалануда. Осылай №2 және №4 ауылдардың екі орташасы өз еркімен ықпал ету комиссиясына кіріп, кедейлермен бірге түйеге мініп Қостанай аймағындағы кәмпескелеуге жататын шаруашылықтарға жеткізуге атсалысты». Орташалардың күтушілігі мен үнсіздігі олардың меншікке деген салмақты, саналы көзқарасымен, оны құрау мен жинақтау үшін толықтай бір ұрпақтың еңбегі қажет екенін ұғынуымен түсіндірілсе керек. Ал кедейлер мен батрактар болса, өз қарсыластарының әлсіздігін пайдаланып, оларды тіпті құртып жіберу үшін осы науқанға білек сыбана кірісті. Басқа да себептер ретінде көпшілігінің әлі жайлаудан көшіп келе алмағаны, науқанның егін жинау мен шөп, пішен дайындау жұмыстарының қызған шағымен дәлме-дәл келуі айтылады. Әрине, өз шаруашылығымен әлек, жұмысбасты орта шаруаның әртүрлі жиналыстарға қатысуға мүмкіндігі болмайтын еді.

Тиісінше бос уақыты мол, яғни өз шаруашылығы жоқ кедейлер мен батрактар кәмпескелеу жұмыстарына қызу атсалысты. Ықпал ету комиссиясына мүше 10 батрак уәкілмен бірге Қызылқұмнан екі байдың малын айдап келу үшін қиян даламен мыңдаған шақырым жер жүріп өткен. Тереңөзек ауданындағы №.3 ауылдың ықпал ету комиссиясының мүшелері байлардың малын алып келу үшін 200-300 шақырым қашықтағы жайлауға барып келген. №20 ауылдың да комиссия мүшелері байлардың малын алып келу үшін 300-400 шақырым қашықтықтағы жайлауға осы мақсатта барған. Көрсетілген жайттар кәмпескелеу кезеңінде нақты мал санын анықтаудың мүмкін болмағанын көрсетеді. Себебі, осыншама қашықтан дұрыс бағыт-бағдар, құдықтардың қайда екенін нақты білмей, экспедицияның ішіп-жемінің жетіспеуі салдарынан малды аудан орталықтарына айдап келудің оңай болмағанын көрсетеді.

Кәмпескелеуге жататын байлар малын толық немесе жартылай болса да сақтап қалуды көздеп, шаруашылықтарын бірнеше бөлікке бөліп, оны туыстарына таратып берді. «Бай Қонтаев Рахметтің 1700 ірі қара және 1190 ұсақ малы бар. Оның баласы малының біразын жасырып, Қарақұмға 14 жылқы, 38 түйе және 165 қой айдап бара жатқан жерінен ұсталды». Қызылорда округі бойынша тәркілеу жұмыстарының қорытындысы БК(б)П-ның округтік ұйымы тарапынан әртүрлі тұрғыда талқыланды. «Жергілікті жерлердегі партия ұйымдары батрактар мен кедейлерді саяси жағынан жұмылдыруды жүзеге асыра алды және оларды өздерінің соңынан ертті. Мұның өзі олардың жаппай партияға өтуіне өз еріктерімен көмектесу комиссияларына қатысуына, байларға барынша күшті шабуыл жасауына ұласып отыр. Осы арқылы рулық қарым-қатынас әлсірей түсуде».

Әрине, бұл жерде берілген баға мен қорытулардың біржақтылығы және тым көтеріңкілігі көзге ұрып-ақ тұр. Байыбына барып анықтасақ, байлардың малын тәркілеудің шу дегеннен-ақ заңсыздыққа негізделіп, ұрда-жық әдістерге сүйенгені, сонымен қатар жекеменшікті жоюда оның түп негізіне тереңдемегені білінеді. Соңғысының тамырына балта шабу оны үш негізінен айырған еді: иелік етуден, пайдалану құқынан және жеке билігінен.

Сонымен жекеменшіктің алғашқы функциясы иелік етуден айыру тіпті де оңай шешілді. Байлардың мыңғырған малы батрактар мен кедейлерге және ауылшаруашылық өндірісін ұйымдастыру тәжірибесі жоқ колхоздарға – ауыл шаруашылығы артельдеріне бөлініп берілді. Екінші функциясы пайдалану десек, оның көзі табылмай, тартып алынған малдың едәуір бөлігі бірден сойысқа кетті, олардың санын көбейтуді ешкім ойламады да. Осы үшін қажетті қора-қопсы салу, жем-шөп, құрал-сайман дайындау, сөйтіп жекеше немесе ұжымдық шаруашылық жүргізуге машықтануға талпыныс жасамады. Пайдаланудағы тағы бір келеңсіздік – кедейлер мен артельдердің малды жергілікті партия және кеңес органдарының шешімдері негізінде алуына байланысты болды. Сол арқылы соңғылары шаруашылықты жүргізуде заңды белінен басып, өз білгенін істеді. Малды бөліп бере салысымен, ауыл шаруашылығы салығы қарызын өткеру үшін қойды қырқу туралы өкім шықты. Күздің соңғы күндерінде атқарылған мұндай іс-шара отарларды қыстың көзі қырауда қырып салары анық еді. Жеке билік функциясының жоқтығы малды сатуға, келісім-шарт арқылы жалға беруге және т.б. әрекеттер жасауға тосқауыл болды. Ауылды орташаландыру 1928 жылдың қыркүйегі-қарашасы аралығындағы малды байлардан басқаларға айдап апарумен бітпеді. Мұндай қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық өзгерістер бірден жүзеге аса қоймайтын. Ол үшін жаңа тұрпаттағы меншік иелерінің әлеуметтік-психологиялық тұрғыдағы дайындығы қажет еді, бұл әрине, ұзаққа созылатын процесс. Құжатта әрі қарай окружком кампания жүргізудегі кемшіліктер ретінде «…байлардың шаруашылықтарын бөлу кезінде көзбояушылықтың көп болғанын, тәркіленуге жататындардың рәсімделмей, округтен алыс жаққа көшіп кетуін, сонымен қатар байлардың батрактар мен кедейлерді өз жағына тарту үшін жасаған қаскүнемдіктерін» атап көрсетеді. Байлардың бұл әрекеттері қайсыбір жағдайда жүзеге асып, батрактар мен кедейлер тәркіленген малды алудан бас тартып, бай жағына шықты, осы арқылы оның малын жасыруға септігін тигізді. Әрі қарай орташалардың заманның аңдысын аңдуы күстаналанады. Арал, Қазалы, Шиелі аудандарындағы жұмыстың нашарлығы, тіпті бей-берекеттігі атап өтіледі. Жұмыстың бар ауыртпалығы негізінен окружком мен аудандық партактивке, жеке ұяшықтар мен жекелеген партия және комсомол мүшелеріне түсіп отырғаны айтылады. Кемшіліктің бірі мал бөлу барысында оны тым мардымсыз немесе бәріне тең бөліп берілуі, сонымен қатар мал бөлу кезіндегі жемқорлық тәркілеу арқылы экономикалық пәрменділікке жетуге кері әсерін тигізген еді.

Зерттеліп отырған мәселеге байланысты қабылданған резолюцияда кампания жүргізілу ауқымынан асып түсетіндей қорытындылар жасалды. Бірінші пунктінде: «Ауылдық, партиялық және комсомолдық бастауыш ұйымдарын, байлардан және байлармен бірігіп өзі азғындаған, өзінің және партияның абыройын түсірген элементтерден тазарту. Партия ұйымын жұмысшылар мен батрактар және кәмпескелеу кезінде көзге түскен кедейлер белсенділерімен күшейту» туралы айтылады. Бұл арада саяси тактиканың маңызды элементінің қолданысқа енгені көрініп тұр, яғни сәйкес келмейтіндерді құрту, уақытша атып-асусыз, тек жағдайы төмен әлеуметтік топтарға сүйеніп орташаларға қарсы аңдысын аңду позициясында болу, оларды жағдайға байланысты не көтермелеу, не қуғын-сүргінге ұшырату. Резолюцияның соңында әдеттегідей окружком мен ОКК-ге кәмпескелеу кезінде партияның бағытын бұрмалаған коммунистерге тиісті жазасын беру тапсырылады.

Ұсынылып отырған іс-шаралар тізбесі мен кемшіліктерді жою әдістері, кампанияның бұдан да кең ауқымды қайта құруларға ұласатынын көрсеткендей.

С.БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің профессоры,

«Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<