Кәрі тарих тамырында бүлк-бүлк соққан бір сойқан

834

0

Тарихтағы бұл қаралы күн Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып өтеді.

Саяси репрессия қашан басталды?

КСРО республикаларында репрес­сия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Соның салдарынан  Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин  және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.

Ресми деректер Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астам адам атылды дейді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болған.

Күштеп көшірілгендер және қазақ  жеріндегі лагерьлер

Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ, қазақ жеріне қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері күштеп көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.

«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.

Аруларды аяққа таптаған азап орны

Қазақстандағы ең ірі лагерь – АЛЖИР болыпты, бұл жерде сол кездегі саясаттың тілімен айтқанда, «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалған («Акмолинский лагерь жен изменников родины»).

Талайдың тағдырын тәлкек еткен қамақ мекемесі КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде құрылған. 30 гектар жерді алып жатқан лагерьдің Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшесі болған. Бұл жерде 62 ұлт өкілі жазасын өтеген. Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен әйелдер әкелінген.

Кәрі тарих тамырында бүлк-бүлк соққан бір сойқан

Ол вагондарды сол кезде «сталиндік» немесе «столыпиндік» деп атаған екен. Әйелдер өздерінің қайда келе жатқандарын білмеген. Оларға «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп айтқан. Ол кезде жылдам жүретін пойыздар қайда, сондықтан олардың сапарлары айлап жалғасқан.

Әйелдер қақаған аязда тоңып, үсіп кететін жағдайлар болған. Таңертең ұйқыдан тұрған кезде шаштары мұз болып қатып қалған. Ал, вагондар бекеттерге тоқтаған кезде арнайы күтіп тұрған адамдардың қол зембіліне бірнеше әйелдің өлі денесін әлдебіреулердің беріп жіберген сәлемдемесі секілді лақтырып кетіп отырған. Бейбақтардың туған-туыстары олардың өлі-тірісін ешқашан білмеген, сондықтан өздері о дүниелік болғанша бір келер деп зарыға күткен.

Лагерьдегі әйелдер жиырма сағаттап жұмыс істеген.  Олар АЛЖИР лагерінің жанында Жалаңаш деген көлден қамыс шауыпты. Әр әйел күніне 40 бау қамыс жинауы керек болған. Егер бұл талапты орындамаса, оларға бір тілім нан да, тамақ та бермеген.

Мұндай деректер АЛЖИР мемориалды-музей кешенінің архивінен және «Қанмен жазылған хат» деп аталатын деректі фильмде кездеседі.

Қазақ ауылдары лагерьдегі әйелдерге шамасынша көмектесіп тұрған. Көктемде әйелдерді тікенек сымнан шығарып, егін ектірген. Жергілікті жұрт тастың астына нан, ет қалдырып кетіп жүрген. Оларға әйелдермен сөйлесуге болмайды. Себебі, барлығын күзетшілер қалт жібермей қарап тұрады. Сондықтан қазақтар тамақты қайда тастағандарын ыммен, қамшымен түсіндірген. Ал, ауыл балалары тікенек сым қоршау ішіне құрт лақтырған. Күзетшілер олардың әрекетін сатқындардың әйелдерін жек көріп, таспен шөкелеп жатыр деп ойлаған.

Осы оқиға жайында қазақтың талантты ақыны Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» деп аталатын поэма-реквиемі бар. Сол мұңлы жырдан бірер сөз:

… Қасиетін қара тасқа қашатқан,

Тас атпаған кім кімге де ас атқан.

Мейіріміне мейірлене шөлдеген,

Барактағы баланда емес ол деген.

Азаматқа көңілінің жоқ аласы,

Құрт лақтырған қайран қазақ баласы.

… Жалаңашкөл маңында,

Сол АЛЖИР-дің жанында.

Құрт лақтырған анасына қазақтың,

Құрт лақтырған баласына қазақтың.

Алтын кешен салып қойсақ қайтеді,

Жарасар ед, әй, тегі…

340 мың қазақстандық ақталды

Жаппай саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары елімізде тоқтаған жоқ.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды.

1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың кінәсіз айып тағылған қазақстандықтың аты жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес 340 мыңнан астам қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.

2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысындағы Карлаг орнында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі ашылғанын атап өтіп, жазықсыз сотталғандарды ақтау жұмысы жалғасатынын айтты. «Этностық және діни тегі бөлек миллиондаған адамдар, тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, ГУЛАГ түрмелерінде жазықсыз көз жұмды. Біз үшін, азат, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз. Әділеттіктің салтанат құруы үшін біз Қазақстанда кең көлемді жұмыс жүргізіп келеміз. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде ондаған ескерткіш белгілер орнатылған. Бұрынғы ГУЛАГ лагерьлерінің орындарында мемориалдық кешендер жұмыс істейді», деген еді Н.Назарбаев.  

1921-1922 жылдар

Сонымен қатар 31 мамыр – ашарлық азабынан қаза тапқандарды еске алу күні.

Қазақ даласында ашаршылық 2 рет болды: 1921-1922 және 1932-1933 жылдары.

Азамат соғысы аяқталғаннан соң Кеңес одағының халқын тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдары ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. Орал, Орынбор, Қостанай, Бөкей, Ақтөбе губернияларында құрғақшылықтан егін шықпай қалды.

Мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жайылымдар мен шабындықтар толықтай күйіп кетті. Оның үстіне 1920-1921 жылдардағы ұзаққа созылған қатал қыс Торғай уезінде малдың жаппай қырылуына әкеп соқты. Салдарынан Қазақстанның көпшілік ауданы ашаршылық құрсауында қалды. Кейбір деректерге сәйкес, 1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1922 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда ашаршылық ушығып кетті.

ҚазОАК төрағасы Сейітқали Меңдешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-тың III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша қазақ жерінде аштыққа ұрынғандар саны 2 миллион 832 мың адамға жеткені айтылады. Ал, 1920 жылдың соңында халық саны 4 миллион 781 мың 263 адам болған. Оның 50,3%-і қазақтар, 31,2%-і орыстар, 14,4%-і украиндар.

1932-1933 жылдар

Бұл жылдардағы ашаршылық 1925 жылы Ф.И.Голощекиннің Қазақстанға басшылық қызметке келуі себеп болған. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, «Кіші Октябрь» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанған. Сол арқылы ол халықты ұжымдастыруға күштеп, тап өкілдерін теңестіру сылтауымен қазақты малынан айырды. Нәтижиесінде 1931-1933 жылдары жаппай ашаршылық орын алып, қазақ халқының саны 49 процентке кеміді. Одан кейінгі жаппай жазалау кезеңі 1937-1938 жылдары жалғасып, қазақ зиялыларын түрмелерге жауып, кейін ату жазасына жалғасты.

2012 жылы Астанада «Ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» атты монументтің салтанатты ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екенін атап өткен болатын.

«Сол кездерде Қазақстанда ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі қазақ еді», – дейді Елбасы.

Тарихи деректерге сәйкес, 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал, 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті.

Қошқар ата хикаясы

1937 жылдың 27 қыркүйегі күні талма бесінде қорабын брезентпен жапқан бір машина «Аққұм» колхозына гүрілдеп келді де, дәл Жанұзақтың үйіне тақала тоқтады. Ішінен төрт адам секіріп түсті, түрлері өрт сөндіргендей.

– Жолдас, Мірахметов, сен тұтқындалдың!

Неге? Кім бұйрық берді? Не істемек?

Мұндай сұрақтарды ешкім де қойған жоқ. НКВД қызметкерлері де оны түсіндіріп жатпады. Машинаның жағымсыз үні алыстай берді…

Олар мұнан әрі №2 ауылдан да бірнеше адамды әй-шәйсыз көліктеріне тиеп алып, Қызылорда қаласының іргесіндегі «Қошқар ата» қорымының жанындағы құмның етегіне келіп тоқтады.

Тоғыз тұтқын, төрт сұр шинель киген жендет. Олар тұтқындардың қолына күрек берді. Тоғыз адам өз көрлерін өздері қаза бастады.

– Тез бол, күн батып барады? – деп айқайлады біреуі.

«Баратын жеріңнен қалып қоясың» деп жаны ашып тұрған адам секілді. Өз көріңді өзің қазу қандай ауыр?! Дүниеде мұнан асқан азап бар десе, оны мына тоғыз адамның жай-күйін түсінбеген біреу айтсын. Осы шұңқыр қазылып бітпесе екен, құм сусып құлап, титықтатып таң атса екен дейді олар. Бірақ тоғыз соқталдай азамат, тоғыз күрек қимылы көр емес, көлдің орнын аршып тастауға жететін күш. Әне-міне дегенше шұңқырдың ені төрт метр, тереңдігі екі метр бола қалды.

– Сапқа тұрыңдар! – деп саңқ етті бір дауыс.

– Байғонов Қалмаш!

– Мен…

– Тышқанбаев Омар!

– Мен…

– Қауымбаев Қайыпназар!

– Мен…

– Мірахметов Жанұзақ!

– Мен…

Осылайша тоғызын да түгендеп алды.

Мына азаматтар фәни дүниеге шыр етіп келгелі өзінің аты-жөнін талай рет ататты, сөз жоқ, соның біріне қуана қарады, біріне ренжи қарады. Бірақ солардың бәрі дәл қазіргі атын атағаннан басқа, тым басқа.

Бүгін олардың атын атаған дауыс соншалықты суық әрі қорқынышты. Қылдан да жіңішке тағдырды табанына тірек қылып тұрған тоғыз жан сол сәтте қандай ойда болды екен?

Жанұзақ қу тірлігінде қанша жайдары адамдармен жүздесті. Соның бәрін көз алдына әкеле алмайды, әрине. Ал, соңғы рет көріп тұрғаны сұр шинелі аяғына төгілген мына төртеу. Адам боп көз біткелі мынадай сұрықсыз түсті көрген емес. Дүниенің ең соңғы түсі сұп-сұр болады екен-ау.

Кенет… тұла-бойына мұздай сүңгі бойлай кіріп, оттай ыстық жүрегін кеудесінен суырып алғандай тым қысқа әрі тым ащы үн гүрс етті. Жалған дүниенің соңғы үні…

Тоғыз адам өздері қазған шұңқырға топырлай құлады. Төрт мылтық үш мәртеден атқанда тоғызы да жаһәннамдық болған шығар. Осыны ойлаған төртеудің бастаушысы шұңқырға бір сәт үңіліп тұрды да, «Көміңдер!» деді. Қараңғы түсіп кеткен еді. Шұңқырдың бетін ыспа құммен толтыра тегістеп, машина гүрілі қалаға қарай кетіп бара жатты.

Ой, Алла-ай! Тұз-дәмі таусылмаған пенде болса, көрден де кері шығады екен. Кенет сусыма құмды суша ескектете екі адамның басы әлгі шұңқырдан қайта қылтиды. Бұлардың бірі «тасарықтық» Байғонов, екінші «жаңатұрмыстық» Тышқанбаев еді. Қалмаш Байғонов сол кезде Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатын.

Ажалсыз екеу дариядан жүзіп өтіп, түнделетіп үйлеріне жетіп, тамақ ішіп әлденіп алды. Бірақ нквдышылар бұл оқиғаны тез сезді. Іздеу, аңду басталды. Олардың отбасын қинады, нағашыларына дейін әлекке салды. Барады-ау деген ағайынның бәрін де тінтіп, балағаттап, ұрып-соққылады. Біразын түрмеге жауып тастады. Бала-шағаны шырылдатып, «қашқындарыңды тауып бермесеңдер, өздеріңді соттаймыз» деп әңгір таяқ ойнатты. Осының бәрін сырттай көріп-біліп, үш ай бойы ауыл сыртын  паналап жүрген Қалмаш жазықсыз жандарға мұнан әрі жапа шектіргісі келмей, өз еркімен НКВД-ның қолына келіп түседі. Көп ұзамай олар Омар Тышқанбаевты да тауып алады, ақыры екеуін де атып тынады.

Ал, Қошқар ата қорымынан мәңгі мекен бұйырған №1 ауылдан Жанұзақ Мірахметов, Сәтен Ершоқаев, №8 ауылдан сол кезде облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болып қызмет еткен Қайыпназар Қауымбаев, Нұрлан Мектепов, Үйсінбай Дошанов, №10 ауылдан Есмұхан Тәжиев, №14 ауылдан Дәуренбек Ершоқаев секілді 25 пен 40 жастың арасындағы арыстар еді.

Ал, Байжанов Зүбәйра сынды он жылдан алып, жазықсыз сотталып кет­кендер қанша?! Түрме мен ауыр жұмыс азабынан олардың жат жерде көз жұмғандары да көп.

Сол аяулы жандар өздерінің даладай кең, таза көңілдеріндегі өмірге деген құштарлықты, адалдық пен азаматтық парызды кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырды.

Ел ішіндегі әңгімелер

Ел аузындағы біз естіп жүрген біраз әңгіме сталиндік қуғын-сүргіннің белең алған кезі, 1937-1938 жылдары жаптым жала, жақтым күйемен нақақ кетіп қалғандардың көп екенін көрсетеді.

Солардың екі-үшеуі – мынау.

Сейтімнің сыбайласы

Қызылорда маңындағы бір ауылда Сейтім  деген бай болыпты. Бай деген атты бізге жеккөрінішті еткен сол кеңестік саясат қой. Қазақ «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп неге айтқан? Өйткені, бай – елдің асыраушысы. Әрине, енді бай болған кім көрінгенмен жалпылдаса бермесе керек, есесіне өзінің жақын араласатын адамдары болады. Оларға былайғы жұрттың қызығатыны да шын.

Бір мақтаншақ ауыл адамы сол Сейтімнің үйінің маңына барып, басын әнтек көтеріп, көпті көрмегендей тісін шұқып тұрады екен. Сонда біреулер оған:

– Неғып тұрсың? – дейді ғой.

– Сейтімнің үйінен ет жеп шығып едім, – дейді ол. Жұрт айта жүрсін дегені ғой. Әйтпесе ол Сейтімнің қолын алуға да жарамайтын бір жан болса керек.

Кейін Сейтім кәмпескеленіп, сотталғанда біреулер оны байдың сыбайласы, үнемі үйінен ет жейтін деп сыртынан көрсетіпті. Сөйтіп, мақтанамын деп сол сорлы да сотты болып кетіпті.

Бас-басыңа он жыл қайда?

Сол заманда сот үкімін шығару үшін көп дәлел керек болмаса керек. Тек үштік шешсе болды. Ол үштік – НКВД-ның, революциялық кеңестің және бір жергілікті атқару комитетінің мүшесі. Бұл заңды ұйым ба, жоқ па, оны да ешкім екшеп жатпайды. Оларды сол үшін де «құпия тройкалар» деп атаған болар. Әйтеуір олардың «антисоветтік элементтерді» жою машинасы болғаны анық.

Солардың алдына бір топ адамды әкеледі екен.

– Мынау не істеген?

– Халық жауының досы.

– Он жылға.

– Мынау не істеген?

– Бидай ұрлаған.

– Он жыл.

– Мынау не істеген?

– Малын жасырған.

Үштіктің ішінде малын жасырғанның туысы отыр екен, сонда сол кісі айтыпты: 

– Сендердің бас-басыңа бере беретін он жыл қайда? Саған бір жыл да жетеді, – депті жекіп. Оның сөзін қалған екеуі құптапты.

Бюстін сүртем деп бетіне түкіріп…

Аудандық атқару комитеті ғимаратының алдында Лениннің бюсті тұрыпты. Кеңсе қарауылы ертелеп ескерткіш жанына бара қалса, бюсттің бетіне құстың саңғып кеткенін көреді. Жеңімен сүрткілесе, жағалданып кете қоймапты. Содан шал жұмсартып алмақ оймен «түф» деп түкіріп кеп жібермей ме, дәл соны көріп қалған біреу жоғарыға: «Қарауыл Лениннің бетіне түкірді» деп жеткізіп барады.

Байғұс шал сол жаламен он жылға сотталып кетіпті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<