Келер жылы Қызылорданың астана болғанына 100 жыл

267

0

• 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді.

Ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді.

• 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР орталық атқару комитеті төралқасы мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды.

• Сол жылғы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деген атауын «қазақ», «Киргиз АКСР» дегенді «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдады.

• 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді.

Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев,

Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев,

А.Кенжин, С.Ақаев,

А.Серғазин, О.Исаев,

С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты.

• Қызылорданың Қазақстан астанасы болуымен тарихтың жарқын беттері ашылды. Бұл кезде қала тұрғындары

22 577-ге жетті.

• Астана мәртебесіне қол жеткізген соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, басқа да артельдердің қатары көбейді.

• Орта оқу және арнаулы оқу орындары, өнеркәсіп және ауылшаруашылық мекемелерімен қоса Қазақтың эпидемиология және гигиена институтының негізінде егу лабораториясы ашылды. Сондай-ақ Жер қыртысын зерттеу, Малдәрігерлік- бактериологиялық және басқа да ғылыми-зерттеу институттары өз жұмысын осы қалада бастаған.

• «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») «Советская степь», («Казахстанская правда») республикалық газеттері мен журналдар Қызылордадан тарай бастады. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағанбетовтың шығармалары осы жерде жарық көрді.

• Қос қабатты, әсем үлгідегі үйлер, өнеркәсіп, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандары бой көтерді.

• 1927 жылдың наурызында Қазақстан Орталық атқару комитеті мен Халық Комиссарлар кеңесі Қазақстан астанасын Алматы қаласына көшіру туралы қаулы кабылдады. Осы құжаттың негізінде Қазақ АССР Кеңесінің VІ съезі 1927 жылғы 3 сәуірде болған мәжілісінде оны бекітті. «Түркістан- Сібір» теміржолының іске қосылуы астананың көшуін тездетті.

Қызылорда 1929 жылдың мамыр айына дейін Қазақ АКСР астанасы болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<