Кеңесшіл ел кемдік көрмейді

6

0

Ұлтты біріктірген ұлы жиындар

Құрылтай туралы айтқанда, «бұл – түркі-моңғол халықтарының, оның ішінде қазақтың төл сөзі. Түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенді білдіреді» деген анықтама көңілге қонады. Өйткені күні бүгінге дейін үлкен ас-жиынға ағайын-туыс түгел келгенде, «бәріміздің басымыз құралып қалды» деп қуанатынымыз бар. 

Ал құрылтайдың тарихы арғы дәуірлердің қойнауына, Шыңғыс хан империясы құрылғаннан бергі кезеңге кетеді. Қазақ тарихындағы Қара­құмдағы халық құрылтайы, Ордабасыдағы құрылтай елдегі өзекті мәселелерді шешу үшін шақырылғаны белгілі. Хандық өкілдері 1710 жылы Қарақұм құрылтайына жиналып, жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру үшін үш жүздің басын қосқан.

Елді бірлікке ұйыстырып, рухын көтерген жиынды ұйымдастыруға ықпал жасаған Әз Тәуке хан болды. Осы бірігудің, күш қосудың нәтижесінде басқыншыларға соққы берілді. Қа­зақ қоғамының шиеленіске толы ішкі-сыртқы жағдайы ретке келді.

Тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» деген еңбегінде Қарақұм құрылтайына «ұлы құрылтай» деп баға берген. «Халқымыз Ордабасыға 1726 жылы екінші рет бүкілқазақтық құрылтайға ұзақ жол жүріп жетті. Ол Қасым хан салған қасқа жол, ол Салқам Жәңгір салған Отанды қорғау қабілетін баянды ету жолы, ол Әз Тәукенің Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізіп салған «Жеті жарғы» жолы» делінген кітапта.

Сол кезеңде Қарақұм үш жүзге тең орта, қолайлы жер болыпты. Тарихи басқосу болған қазіргі Арал ауданында осы атаулы оқиғаның 300 жылдығына арналып іс-шаралар өткізілді. Қарақұм құрылтайын жоңғарларға қарсы соғысты ақылдастық жиыны деп қана айтуға болмас, бұл ел басқару ісіне ірі жаңашылдықтар енгізілген аса маңызды басқосу еді.

Тағы бір тарихи құрылтай Ордабасыда өткен. Бұл халқымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қасіретіне ұшыраған сын сағатта үш жүздің басын қосқан жиын болды. 1726 жылы Бадам өзені бойындағы Ордабасы тауында үш жүзден хандар, сұлтандар, билер мен батырлар, ел ішіндегі даңқты қолбасшылар жиналды. Жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық азаттық күресті ұйымдастыруды ойласқан, қазақтың ке­ле­шектегі тағдырын шешкен басқосу болғаны тарихта таңбаланған.

Ордабасы құрылтайынан кейін Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастары өтіп, қазақ жа­сақ­тары жауына күйрете соққы берді. Бұл же­ңістер қазақ халқының рухын көтерді, ұлт біріккенде ғана күш екенін дәлелдеді.

Бүгінде Ордабасы төбесінде осы құрылтайдың тарихи маңызын айқындайтын үш бидің ес­керткіші орнатылған. Бұл ескерткіш қазақ хал­қының тәуелсіздігі мен бостандығы жолында бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып біріккенінің мәңгілік белгісіндей асқақтап тұр.

Алаш құрылтайлары

1917 жылы Орынборда өткен Бірінші жал­пықазақ құрылтайында «Алаш» партиясын құ­ру туралы шешім шығарылған. «Съезд қау­лысы халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, ба­ба­мыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партия­сының атын «Алаш» қою әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек» деп жазды «Қазақ» газеті сол уақыттағы нөмір­лерінің бірінде.

Тағы да осы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді» деп жазыпты. Зерттеушілер бұл кезеңде қазақ зиялылары ұлт­тың жоғын жоқтайтын партия құруды көздеген дейді.

Тарихшылардың сөзіне сүйенсек, қазақ зия­лылары дәл осы басқосуда сол замандағы қазақ қоғамының ең өзекті мәселелерін көтерген. Күн тәртібіне қойылған он төрт мәселе мемлекеттік құрылысқа, Қазақ автономиясына, жер, халық милициясы, земство, оқу, сот, дін, әйел мәселелеріне, Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясы, Жетісу оқиғасы, Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберуге қатысты болды.

Қабылданған қаулыда «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын» делінген.

Қаулының «Суд мәселесі», «Дін мәселесі», «Әйел мәселесі» деп аталатын тармақтарында «Осы күнгі қазақтың народный суды жоғалсын. Өзгерілетін судтың орнына қазақ тұрмысына лайық айрықша суд құрылсын. Мағлұматты адамдардан жаңа судтың жобасын жасауға әр облыста суд комиссиясы болсын», «Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай, Орал һәм Закаспий (Маңғышлақ уезі) облыстарының қазақтары уақытша Орынбор муфтилігіне қарасын. Қазақ бөлімінің істері таза қазақ тілінде жазылсын», «Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын, тағы да басқа шешімдер қабылданған.

Бірінші жалпықазақ құрылтайы осылайша тәуелсіздікке ұмтылған ерлердің ерік-жігері жария болған, «Алаш» партиясын тарих сахна­сына шығарған, ел тағдырына қатысты шешімдер қабылданған басқосу ретінде қазақ жылнамасына жазылды.

Сол 1917 жылдың соңында Орынборда екінші жалпықазақ құрылтайы өтіп, Алаш ав­тоно­миясы жарияланды. Бар қазақтың басын бір тудың астына біріктіруге үндеген Алаш идея­сының мұраты айқындалды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз» деген еді. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері «өздеріне ар­тылған жүкті» мойымай көтеріп, нысанаға алын­ған тәуелсіздік мәселесін ұлттың жадына өш­пестей жазып кетті.

Жер-жаһандағы қазақтың басын қосқан

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992 жылы өтті. Оған әлемнің 33 елінен 800-ден аса қандас қатысты. Шеттен келгендер киелі де көрікті жерлерді аралады, ата-баба рухына тағзым етті.

Дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі қандастар тұңғыш рет алқалы жиын, салтанатты мәжілісте бас қосты. Қауымдастық құрылып, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелері талқыланды.

Екінші құрылтай 2002 жылы Түркістанда өтіп, оған алыс және жақын 32 шет мемлекеттен 400-ден астам өкіл қатысты. Осының алдында ғана тарихи қаланың 1500 жылдығы аталып өткен болатын. Құрылтайда тарихи отанына ора­луды аңсап жүрген қандастар қатарының то­лығуы жайында сөз болды. Осы жолы көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарас­тырылды.

Мемлекеттік бағдарлама қабылданып, тарихи отанына оралушылар саны артты. Қандастар ұлттық экономикадан бастап, өндіріс, сауда, кә­сіпкерлік, өнер, тағы басқа салалардың дамуына үлес қосты.

Қазақтардың үшінші Дүниежүзілік құрылтайы 2005 жылы Астанада өткізілді. Оған алыс және жақын 32 шет мемлекеттен, соның ішінде Ресей­ден, Қытайдан, Аустриядан, Чехиядан, Норве­гиядан, Италиядан, Сингапурдан, Мысырдан, 300-ден аса, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы және Астана қалаларынан 200-ден астам өкіл қатысты.

Алқалы жиында шетелде тұратын қазақ жастарын Қазақстанның жоғары оқу орында­рында оқыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ та­рихи отанына инвестициялар орналастыру мүм­кіндіктері талқыланды. Бизнес байланысты нығайту, шеттегі қандастардың республика экономикасы туралы толығырақ ақпарат алуына ықпал ету, кәсіпкерліктің даму жағдайы, мем­лекет пен бизнес-қоғамдастықтардың өзара қарым-қатынасы секілді мәселелер қаралды.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында, яғни 2011 жылы төртінші құрылтай өтті. Оған Қазақстандағы және басқа елдердегі жастар ұйымдарының, студенттер бірлестіктерінің көшбасшылары, таяу және алыс шетелдерден, 35 мемлекеттен 380 делегат, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларынан, еліміздің өңірлерінен 300-ден астам өкіл шақырылды. Делегаттардың 60 пайызын 30 жасқа дейінгі жастар құрады. Олардың қатарында шығармашылықтың, ғылым, педагогика, зияткерлік, бизнес, спорт салаларының, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Ұлттық спорт түрлерінен әртүрлі жарыстар, халықаралық жыр мүшәйрасы, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. 

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы 2017 жылы өтіп, «Шетелдегі қазақ диаспорасы: мәдениет, спорт, ақпарат құралдары жөнінен қол­дау және дін істері мәселесі», «Шетелдегі қа­зақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеу­меттік сипаты және бейімделудің өзекті мәсе­лелері», «Қазақстанға білім алу мақсатында кө­шіп келу: ҚР Білім және ғылым министрлігінің ке­зекті міндеттері», «Шетелдегі қазақ диас­по­расы: Қазақстанмен бизнес, кәсіпкерлік және ауыл шаруа­шылығы саласындағы серіктестік», «Қа­зақ­стандағы денсаулық сақтау мәселелері және шетел қазақтары» тақырыптары талқы­ланды.

Толғақты мәселелер талқыланған төрт құрылтай

«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұрты­мызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. 

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырт­тағы қандастарымыз Атамекенге шақы­рылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.                

Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жо­ццлын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық».

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда сөйлеген сөзі.

Ұлытаудан кейін Түркістан, Атырау, Бура­байдағы алқалы жиындарда Қазақстан қоғамын ортақ мақсатқа жұмылдыруға арналған бірегей идеялар талқыланып, Ұлттық құрылтай стра­тегиялық қадамдар ұсынатын институтқа ай­налды.

Құрылтай мүшелері осы құрылымның төрт отырысы мен жұмыс кездесулерінде көптеген бастама көтерді. Оның басым бөлігі орындалды. Мәселен, қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілету, тіл саясатын дамы­ту, еліміздің ақпараттық доктринасын жүзе­ге асыру, заңсыз ойын бизнесіне және лудо­ма­нияға қарсы күрес, оқушылар мен жастар арасында электронды темекі/вейп тұтынудың ал­дын алу мәселесі талқыланды.  Сонымен қа­тар, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы, во­лон­терлікті дамыту мен қолдаудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы сияқты маңызды құжаттарды қабылдау ұсынылды.

Құрылтайдың гуманитарлық бағыттағы жұ­мыстарына тоқталсақ, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени музей-қорығына ұлттық мәртебе беріліп, Ясауи мұраларын зерттеуге арналған ғылыми орталық құрылды, халықаралық симпозиум өтті. Мектептерге арналған «Адал азамат» бір­тұтас тәрбие бағдарламасы дайындалды. Ұлт­тық кітап күні белгіленді. Құрылтайда көте­ріл­ген бастамаларды жүзеге асыру аясында 16 заң қабылданды. Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­публикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіліп, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң қа­былданды. «Мемлекеттік жастар саясаты тура­лы» заңға, ғылым және білім беру мәселелері жө­ніндегі заңнамаларға түзетулер енгізіліп, креа­тивті индустрияны қолдауға арналған заңнамалық шаралар нақтыланды. Жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеру үшін 9 құрметті атақ берілетін болды.  Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі өндірушілер мен оны тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау, вандализммен күрес және табиғи объек­тілерді қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі заңнамаларға түзетулер енгізілді.

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды, «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне майдангер-батырлар Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Ономастикаға және символикалардың бірыңғай стандартына қатысты түзетулер енгізіліп, мем­лекеттік наградаларға толықтай немесе оның кейбір элементтеріне түр-сипаты ұқсас награ­да­ларды даярлауға, онымен марапаттауға тыйым салатын заң қабылданды.

Қазір тағы 5 заң жобасы, атап айтқанда, ар­хеология саласына қатысты, арнайы қажет­ті­ліктері бар балаларды кешенді қолдау, ғылым қалашықтарын құру, коммерциялық емес ұйым­дар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заң жобалары әзірленіп жатыр.

Осылайша Ұлттық құрылтай ел дамуына қатысты ұзақ мерзімге арналған күн тәртібін қалыптастыратын маңызды құрылымға айналды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»