Теміржол вокзалына бара қалсаңыз, жанынан тарихи ғимаратты байқайтыныңыз анық. Ішіне енсеңіз, сан ғасырлық сырды бүккен көне жәдігерлерге куә боласыз. Сыры кетсе де сыны кетпеген бұл ғимараттың музей екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сонау Николай патша заманынан бері келе жатқан ғимарат 1905 жылы салынған архитектуралық тарихи мұра. 1917 жылы әскери казарма болған нысан кейін сан түрлі мақсатта қолданылды. 2004 жылы қайта қалпына келтіріліп, «Ақмешіт» музейі болып ашылды. Мұнда Ақмешіт, Перовскіден бастау алатын тарих легі бүгінгі күннің мұраларымен ұштасып жатыр. Тарихи жәдігерге толы мұражайға кіргеннен өзгеше әсерге бөленесіз. Қадым замандағы қыш құмыралар, ағаштан жасалған ыдыстар бірден өзіне үйіріп әкетеді.
Қамысқаладан басталған қадам
Музей төрт залға бөлінген. Бірінші зал – қаланың Қамысқала болып негізі қаланған тұстан басталып, Ақмешіт, Перовск кезеңдеріне жалғасады. Тарихқа жүгінсек, “Ақмешіт” бекінісі шамамен 1817 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Ташкенттен, Бұқара мен Хиуадан Атбасар арқылы, Батыс Сібірге Торғай арқылы Тройцкіге, Орынбор губерниясына баратын керуен жолдарының қиылысында салынған. Яғни, жан-жағына қамыс пен бұта өскен көлдер мен батпаққа толы үлкен ойпатты аралда орналасқан екен. Бұл ойпат «Бақалы қоға» деп аталған. Сондықтан болар, 1817 жылы негізі қаланған Қызылордаға Қамысқала деген атау берілген.
Зал ортасына келгенде “Ақмешіт” бекінісінің макеті ерекше көзге түседі. Макетті қарап тұрғанымызда экскурсия жетекшісі Райса Алдоңғарова келіп, бекініс жайлы біршама ақпаратпен таныстырды.
– Сырдарияның оң жақ жағалауында 270 метр жерде тұрған “Ақмешіт” бекінісі саз балшыққа майда сабан араластыра салынған қамал болған. Оның қабырғаларының төменгі жағы 10,5 метр, ал жоғарғысы 4 метрден аса қалыңдықта болса, оның биіктігі 11,5 метрге барды. Қабырғаларында ұзын тісті қорғаныштар, әр бұрышта зеңбіректер орналастырылған мұнаралар болды. Бекіністің өзен жағасындағы мұнарасына темірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылды. Бекіністің ішінде тұщы суы бар үш құдық, екі мешіт-медресе және балшықтан салынған үйлер болды. Орданың айналасы 11 метрге дейін ендіктегі орлармен қоршалып, ол суға толтырылды. Онда әйелдер мен балаларды қоспағанда 400-ге жуық қоқандық пен жергілікті қазақтар тұрған.
1853 жылы Орынбордың генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтар салған қорған “Ақмешітке” қарсы жорық ұйымдастырады. Қоршалып шабуыл жасалғаннан кейін бекініс алынып, ол әскери трек пунктіне айналды. Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан қорған сол жылдың 31 тамызында патша жарлығымен «Перовск форты» болады.
1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуына сәйкес құрамына 5 уезд қарайтын Сырдария облысы пайда болды. Перовск уезінің орталығы – Перовск қаласы болды, атауы өзгеріп «Перовск форты» болып аталды, – дейді ол.
Тарихи мәліметтер орналасқан сөреден Перовск қаласының гербін де көзіміз шалды. Бұл герб 1908 жылы сәуірде бекітілген. Түпнұсқасы қорда сақтаулы тұрған көрінеді.
ХIХ ғасырдағы Перовск қаласындағы ең үлкен өзгерістің бірі “Орынбор-Ташкент” теміржолының салынуы болатын. Ұзындығы 1765 шақырым болатын теміржол тәулігіне 2 бағытта 22 жүк поездарының өтуін қамтамасыз ететін болды. Теміржолдың трестік бөлігі 1901 жылы басталып, 1905 жылдың 26 шілдесінде аяқталып, жұмыс жасай бастады. Бұл “Орынбор-Ташкент” темір жолы тек Перовск қаласына ғана емес, бүкіл өлкенің өміріне өзгеріс әкелді десек болады. Міне, сол кездегі теміржолшылардың пайдаланған фонарь, саквояж телефон, сағаттар да осы бөлімнің жәдігерлер қатарын толықтырып тұр.
Сондай-ақ, қазақ халқының алғашқы кездегі үй тұрмысында қолданған мыстан жасалған бұйымдары мен диірменін, ағаш табақ пен келі-келсап және ауыл шаруашылығындағы пайдаланған заттарын да осы залдан табасыз. Қақ ортада тұрған қол диірмен біздің де балалық шағымыздың белгісіндей. Сонау заманнан бері қолданыста болған бұл жәдігердің орнын кейінгі уақытта су мен жел диірмені басса, бүгінде олардың орнын электрмен жұмыс істейтін диірмендер алмастырып тұр. Музейдегі бұл жәдігердің көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың өмірінен сыр шертер құнды зат екені анық.
Құндылығын жоғалтпаған дүниелер арасынан білтелі мылтықты байқамау мүмкін емес. 19-ғасырдың жәдігері “Ақмешіт” бекінісі үшін болған шайқаста пайдаланылыпты. Құмнан табылған қаруды музейге Г.Ибрагимова деген кісі өткізген.
Астана болған Ақмешіт
Бұл 1925 жылдың ақпан айы болатын. Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің мұндай шешімін өлке еңбекшілері қуанышпен қарсы алды. Республика астанасына Ақмешіт қаласы ұсынылғанда ең басты дәлел ретінде онда Орынборға қарағанда қазақтардың көп тұратыны тілге тиек етілді. Оның үстіне Ақмешіт суармалы егістіктің орталығына орналасты. Осылайша “Перовск” станциясы теміржол жұмысшыларының бастамасы бойынша Қазақстан Үкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жібереді. 1925 жылдың 15-19 сәуірінде Кеңестің V съезі болып, онда бірінші рет Сырдария және Жетісу облыстарының өкілдері қатысады. Осы съезде халықтың тарихи есімі қалпына келтірілді. Сондай-ақ, бұдан былай АКСР астанасы Ақмешітті «Қызылорда» деп атауға қаулы қабылданады. 1925 жылдың сәуірінде өткен Қазақ АКСР-і Кеңесінің V съезі Республика дамуының келешегін айқындап, ұлттық мемлекеттік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдерін қабылдайды. Съездің құрамына Сыр елінің көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді. Сол уақытта С.Есқараев республика ішкі істер халық комиссары болып сайланды. Осы съезде Б.Ж.Аралбаев Қазақ АКСР Атқару комитетінің хатшысы болады. Осындай тағылымы мол тарихты музейдің екінші бөлімінен көре аласыз. Мұнан өзге мұнда ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салалары, тарихи ғимараттар мен ұлы тұлғаларымыз туралы құндылықтар орын алған. Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Есқараев, И.Тоқтыбаев, т.б. сынды қоғам қайраткерлерінің жүріп өткен өмір жолын кітаптан ғана емес, дәл осы залдан да көруге болады.
Бұл бөлімдегі ең құнды дүниелердің бірі Ахмет Байтұрсыновтың “Әліпби журналы” мен 1928 жылы жарық көрген әйелдерге арналған “Әйел теңдігі” журналы. Латын тілінде жазылған І.Жансүгіровтің “Жаңқа” еңбегінің түпнұсқасы көненің көзіндей сол қалпында сақтаулы тұр.
Тарих пен тағылым
Келесі зал Қызылорда облысының құрылу тарихы және аймақтағы өндіріс салаларының дамуынан дерек береді. Өткен күннің естеліктерін ғана емес бүгінгі күннің жетістіктерін де тамашалауға болады. Ал, зиялы қауым өкілдерінің қонақ бөлмесінен интерьер залында сол кездегі тұлғалар тұтынған жиһаздар мен мүліктер орналасқан. Оның ішінде ХІХ ғасырда Германияда жасалған пианиноны ерекше атап айтуға болады. Әлі күнге дейін жұмыс жасап тұрған аспаптың пернелері пілдің мүйізінен жасалған. Бұдан бөлек, сол замандағы үтік, патефон, кілем тарағы мен телефон бар. Сондай-ақ, киім фабрикасының өнімдері де осында жинақтаулы. Оң жақта, ХVІІІ ғасырдың аяғы немесе ХІХ ғасырдың басында ресейлік ағаш шеберлерінің қолынан шыққан ыдыс-аяқ салу үшін пайдаланылған үй жиһазы тұр. Биіктігі – 2 м 60 см, үстіңгі бөлігінің ені – 1 м 60 см-ді құрайды.
– Мұндай бағалы дүние негізінен зиялы қауым өкілдерінің төрінде тұрған. Нағыз шебердің қолынан шыққан, жинауға да ыңғайлы болып келеді. Мұны бізге тарихымыздың жанашыры Гүлнар Баяділова Шымкенттің көркемсурет галереясынан арнайы әкеліп, табыстады. Содан бері біздің музейдің еншісінде, – дейді музей меңгерушісі Кенже Ахметова.
Ал 150 жылдық тарихы бар қабырға сағаты әлі де өз бабында тұр. Бұл сағат “Le Roi a Paris” деп аталады. Француз тілінен аударғанда “Париж патшасы” деген мағынаны білдіреді. 1901 жылы Францияда жасалған бағалы бұйымның биіктігі – 1м, ені – 36 см. Мұны да Гүлнар апай табыстаған екен. Бүгінде осы экспонаттардың барлығы “Ақмешіт” музейінің экспозициясынан орын алып, баға жетпес мол мұраға айналып отыр.
Елбасы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында ең алдымен ұлттық кодты сақтауды алға тартқан болатын. Яғни, тағылымы мол тарих пен ықылым заманнан арқауы үзілмеген құндылықтарды жалғау. Сол арқылы әрбір қадамды нық басып, болашаққа сеніммен жету. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі екенін ерекше айтқымыз келеді. Сондықтан көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізетін осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<