Көгершін пішіндес шырағдан

741

0

Қойнауы қазынаға толы Сығанақ қалашығынан көгершін формасында шырағдан табылды. «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде табылған құнды дүниелер облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына өткізілді. Бұрын-соңды кездеспеген ортағасырлық зооморфты құс пішінін бейнелейтін шырағдан музей қызметкерлерін таңғалдырды. Қызметкерлердің болжамы бойынша, көгершін тәріздес болып келген керамикалық шырағдан культтік бұйым болуы мүмкін. Өйткені, формасының анық шығуы, жасалу техникасында глазурь пайдаланылуы, түстер колориті ерекше көңіл аудартады.

Көгершін көп халықта бейбітшіліктің белгісі, жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп саналған. Халықтың хайуанаттар ішіндегі ең жақсы көретіні – құстар. Пайдасы болмаса, зияны жоқ осы бір тіршілік иелерін құрметтеген адамзат баласы бағзы замандардан-ақ оларды жақсылықтың нышанына балаған. Сонау оғыздардың символы болған бүркіт, сұңқар сынды киелі құстардың қатарында көгершін де бар.

Көгершін орта ғасырларда да қасиетті құс болып саналған. Оған музей қорындағы Жанкент, Кескен Күйік қалашықтарынан табылған көгершін формасындағы керамикалық бұйымдар дәлел. Сол бір көгершін тәріздестер коллекциясын Сығанақ қалашығынан табылған шырағдан толықтырып отыр.

Шырағдан шын мәнісінде көгершіннің бейнесін анық береді. Ақсүйек, бақуатты отбасылардың сарайларында пайдаланылған не болмаса діни-ғұрыптық, мистикалық рәсімдерде қолданылған болуы мүмкін. Жасалу техникасы мен глазурь колоритіне қарай өз заманында қымбат бағаланған деген болжам бар.

Көгершіннің құйрығы бізге жартылай сынып жеткен. Қолөнершілер қандай да бір бұйымды жасау үшін оған өзіндік болмысын, табиғатын, қолтаңбасын ерекшелеп қалдыруға тырысатынын ескерсек, шырағданның көркем формасы орта ғасыр қолөнерінің биік үлгісін көрсетіп тұрғандай.

Халқымыздың әдеп-ғұрпы мен наным-сенімінде «шырақ» сөзі ерекше мәнге ие. Қазақ халқы ежелден тұрмыс-тіршілігінде қолданып келе жатқан өнегелі тағылымдық маңызы зор бұл сөзді тек жақсы мағынада айтады. Мәселен, «Шырағың сөнбесін!» деп отбасына береке тілеген. Сондай-ақ қазақ халқы арасында «Қорықсаң от жақ, қарның ашса от жақ, жаурасаң от жақ» деген мақал да жиі кездеседі. Осыдан-ақ, ықылым заманнан ата-бабаларымыздың отты қасиет тұтқанын байқауға болады. «Шырақ» – «жарық», «нұр», «үміт оты» дегенді білдірген, «қасиетті», «киелі» ұғым мағынасында айтылған. Тұрмыс-тіршілікте оған қатысты наным-сенімдер ортағасырлық шеберлердің де санасында қалыптасқан. Сол дәуірдің болмысы мен мінезін бейнелейтін дүниелерді жасап, ұрпағына аманат еткен. Жалпы шырағдандар тіршіліктің, адамзаттың ең көне жарық көздерінің бірі болып саналады.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі кезеңдерді сипаттайтын шырағдандар бай тарихымыздан, өнегелі өткенімізден хабар береді. Ал музей қорында сақтаулы тұрған түрлі шырағдандардың материалдары мен жасалу үлгілері әртүрлі кезеңдерді қамтиды.

Бұл бұйым – тарих тылсымына тартып, уақыт бедерін сипаттайтын дүние. Археологтардың болжамы бойынша ХІІ-ХVІ ғасырларға мерзімделеді. Түр-түсіне келетін болсақ, балқытылған шыныны яғни, глазурді көгілдір, өсімдік тәріздес оюлармен безендірілген, үстінен құйып әсемдеген.

Ал төменгі бөлігіне қарай ақшыл түспен бұрышталып жасалған, қылқиған мойын бөлігі, өзіне жарасымды көздері анық көрініп тұр. Табаны тегіс келген. Ойық ернеуінде қара ыстың, яғни оттың ізі бар. Артқы май тұратын бөлігінің жартысы сақталмаған. Диаметрі – 8 см, биіктігі – 6 см, жалпы ұзындығы – 13 см.

Х-ХVІІІ ғасырларда мұндай үлгідегі шырағдандар күнделікті тұрмыста жарықтандыру үшін және сәндікке жиі қолданылған. Сондай-ақ көне замандарда наным-сенімге байланысты әдеп-ғұрып, салт-жоралғыны өткізуде де тұтынған.

Шырағдан, шырақ, жарық туралы халық арасында әдемі аңыз-әңгіме сақталған. «Ертеде бір данагөй би өмірден өтерінде үш ұлын шақырып алып: «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырсаңдар, бар жиған қымбат қазынамды мұраға қалдырамын» деген екен. Сонда тұңғыш ұлы үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы құс жастықтың мамығымен толтырыпты. Ал кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып, жарығымен толтырған кезде дана би кенже ұлының тапқырлығына тәнті болып: «Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені, өмір сүру дегеніміз – айналаңа жарық шашу!» деп, өзінің жиған бар қазына-мүлкін соған қалдырған екен». Бұл аңыздың астарынан да шырақтың адам өмірінде қаншалықты маңызы бар екені байқалып тұр емес пе?!

Жаңақорған ауданы Сунақата ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан, Ұлы Жібек жолы бойындағы саудасы мен қолөнері қатар дамыған Сығанақ қалашығының алдағы уақытта да құнды жәдігерлерімен музей қорын толықтыратынына күмәніміз жоқ.

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<