Жер-дүниені шарлап жүрген жиһанкез ертеде «Сырдың бойын жағалап жүрген адам көптеген шаһарға кезігеді. «Бесқаладан қашқан лақ Таразға дейін тек үйдің үстімен жүгіріп жетеді. Сырдың аяғынан ұшқан бұлбұл басына дейін тек гүлге қонып жетеді» деген екен. Бұл дарияның жағасы құт қонған, гүлденген қасиетті мекен болғанын айшықтай түседі. Алаш жұртының түп-төркінін түгендеген белгілі ғалым Әлкей Марғұлан көне кезеңнің шежіресін таразыға тартқан шығармасының бірінде «Сыр бойында мыңнан астам көне қаланың орны бар» деп айрықша атап өткен.
Кезіндегі солақай саясаттың салқыны көне жәдігерлерге кері әсерін тигізді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін ұлтымыз ұлық тұтқан дүниелер көз алдымызда жетім күйге түсті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы сол олқылықтың орнын толтыруға оң ықпалын тигізді. Бүгінде археологтар түрен тимеген тың ізденістерге назар аударып отыр.
Биыл Алтын Орданың 750 жылдығына орай Сыр өңірінде де ескерткіштерді түгендеуге мән берілді. Оған қатысты тарихи құндылықтардың санын анықтау және зерттеу ісі қолға алынды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары Асанас шаһарын зерттеуді қолға алды. Орталық жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев бізбен әңгімесінде тарихи мекеннің ежелгі заманда ұлан-ғайыр даламызда үстемдік еткен Алтын Орда дәуіріндегі ірі қаланың бірі болғанын алға тартты.
– Асанас Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырымда орналасқан. Облыс аумағында жатқан көне шаһарлар арасында Сығанақтың тарихта алатын орны ерекше. Ол Алтын Орда дәуірінде де Алаш жұртының айбынды шаһарының біріне айналды. Асанас та – сол замандағы ірі қаланың бірі. Десе де, оған көп жылдар бойы археологтар тарапынан назар аударылған жоқ. Кешенді қазба жұмыстары тұрақты жүргізілмеген. Қолдағы мәлімет деректеріне сүйеніп, біз оның моңғол шапқыншылығына дейінгі орта ғасырлық қала болғанын нақтылай түстік. Биыл Асанаста кешенді жұмыстар атқарылды. Зерттеу жұмыстары енді ғана басталды. Көне шаһар төңірегіндегі барлау шаралары аяқталып, бұл аумақта бірнеше қаланың орны бар екені белгілі болды. Оларға Асанас-1, Асанас-2, Асанас-3 және Ахмет қала деген атау берілді. Осылайша қаланың ескі орнынан бөлек тағы көне 4 шаһардың іргелес жатқаны нақтыланды, – деді Ә.Тәжекеев.
Ғалымның айтуынша, Асанас маңайындағы қорым және Асанас ата кесенесі сол дәуірдің сәулет өнері мен архитектурасынан хабар беретін ескерткіштер деп есептеледі.
«Тарихи деректер бойынша, Шыңғыс хан әскері Сығанақтан кейін Асанасты өз ықпалына қаратқан. Одан кейін елшілер Жентке жіберілді делінеді. Итальяндық жиһанкез Джованни Плано Карпини өзінің саяхат жолында Баршынкент, Жанкент және Асанас жайында мол деректер қалдырған. Көне жазба беттерінде жиі кездесетін Асанас археологтар мен тарихшылар қызығушылығын осылайша туғызып отыр. Сырдың бойында Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Жент, Жанкент және Асанас сынды тарихи атауын сақтап қалған санаулы ғана қастерлі мекен бар. Ал Жетіасар, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Қосқала, Сорлытөбе, Сортөбе атаулары беріде қойылған. Қолымызда Асанас туралы тарихи деректер жетерлік. Енді қазба жұмыстары барысында сол мәліметтердің табылған жәдігерлермен сәйкестігі зерделенеді. Ол зерттеуіміздің нәтижелі болуына оң әсерін тигізеді деген сенімдемін, – деді археолог.
Көне тарих беттерінде кездесетін мына бір дерек те назар аударуға тұрарлық. Сығанақты моңғолдар басып алғаннан кейін Асанаста, одан кейін Жентте 1-1,5 жыл әскер жинап аялдап, Хорезмге жорыққа аттанған дейді. Асанас атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен бірге кездеседі. Орта ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы әл Жувейнидің еңбегінде оны 1219 жылы моңғол әскерінің Сығанақтан Жентке қарай бара жатқан жолда жаулап алғаны жөнінде сипаттама беріледі.
Асанас Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Ірі экономикалық, сауда-саттық, аумақтық маңызы бар орталықтарда қазандай қайнаған тіршіліктің бәрі осы тарихи шаһарлар арқылы жалғасып жатыр. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап белгілі. Жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен, жермен-жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырғынға ұшыраған. Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV-ХV ғасырларға дейін өмір сүрген.
Сырдың төменгі ағысы бойымен жүріп өткен Плано Карпини «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік. Осы аумақта үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз. Жағалауында Янкинт деп аталатын қала бар. Тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және бізге белгісіз қалалар бар» деп жазған. Ресей шығыстанушысы Павел Лерх аталған қоныстарды Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалармен сәйкестендіріп Орнас-Асанас, Янкинт-Янгикент, Бархин-Баршынкент қалалары болуы мүмкін дейді. Ал, ресейлік зерттеуші Василий Каллаур 1899 жылы Асанас қаласы орнын анықтаған. Топографиялық сипаттамасын жасаған. Қалаға тартылған су жайында жазған. Қызылқұм ішіндегі сеңгірге дейін жететін арықтың бірін ауызсу десе, екіншісін егістікке тартылған арық деп жорамалдайды.
– Қала мықты мұнарасы бар қабырғамен бекінгені аңғарылады. Оның сырты ормен қоршалған. Қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 метрге жуық. Қабырғаның ені іргетасымен есептегенде 15 метр. 1960-1961 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Асанас қаласын есепке алып, барлау жұмыстарын жүргізген. Ал, 1968 жылы ғалым Нина Вактурская қалаға екі мәрте зерттеу жүргізді. Қазба барысында табылған қыш ыдыстар ХІІ-ХV ғасырларға жатқызылды. Ал екінші қазбадағы керамикаларды VІІ-ІХ ғасырдағы оғыз заманымен сәйкес деп бағалады. Нәтижесінде Асанас қаласы VII-IX ғасырда пайда болып XV ғасырға дейін өмір сүрген деген болжам айтылды. Хорезм экспедициясының зерттеуіне дейін тарихи әдебиеттерде Асанасты соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болған еді. Кейінгі қазба жұмыстарында оны қала тұрғындары мен оғыздар тұрғызғаны нақтыланды, – деді Ә.Тәжекеев.
Зерттеушілер көне шаһардың оңтүстік іргесінен өтетін Іңкәрдарияның солтүстік сағасы табанынан магистральды канал қазылғанына назар аударды. Оған Асанасөзек немесе Тораңғылсай деп атау берілген. Аталған су жүйесі Іңкәрдарияның барлық иінін немесе бұрылысын қайталап отырады. Ол ескі арнадан бірнеше рет кіші, жағаларының арасы 10-15, тереңдігі 3-5 метрге жетеді. Кейбір жерден шығыр шұңқырының ізін, бөгеттерді және басқа да жасанды суландыру құрылыстарын байқауға болады.
Ортағасырларға жататын егістік алқаптар осы каналдар арқылы сумен қамтамасыз етілген. Аталған су жүйесі шамамен 60 шақырымға созылады. Сырлытам және Заңғар қалалары оазисіне дейін жетеді. Көне шаһар аумағында қала типтес бірнеше ірі қоныс орналасқан. Олардың айналасында орналасқан ирригациялық желінің барлығына осы Асанасөзек магистральды каналы арқылы су жеткізілген.
– Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Тәңірберген Мәмиев 2000 жылы барлау қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген нақты мәліметтерге қол жеткізді, – деді Ә.Тәжекеев бізбен әңгімесінде. – Ол шахристан дуалының орташа биіктігі 3, қалыңдығы 5 метр екенін атап көрсетті. Ал мұнара саны 20-ға жуық екеніне тоқталып, олардың арасы 6 метр жиі бекіністік сипатта екендігіне назар аударды. Ал, 2005 және 2012 жылдары Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы ескерткішке қайта барлау жұмыстарын жүргізді. Сол арқылы жинақталған мәліметтер облыстық ескерткіштер жинағына енгізілді. Ғалымдар Асанас қалашықтарының тобын айқындап, ғылыми мақала жариялады.
Оның айтуынша, биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айларында мұндай кешенді зерттеу шаралары қайта жалғасты. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсетті.
Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткішінің бірі саналған Асанас қалашығын археологиялық зерттеу бұдан кейінгі жылдары да жалғасады. Оған қоса қорғау аймағына сәйкес қалашықтың аумағын қоршау жоспарланып отыр. Көне қала «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енгізілген.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<