Көңіл төріне қонған ән

200

0

Сурет ашық дереккөзден

Он бес-жиырма жылдай бұрын көп адам біле бермейтін «Нұрикамал» әнінің дүниеге келу тарихын бүгінде ел біршама біліп қалды. Тіпті ол туралы жақында түсірілген фильм де көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген сияқты. Шынымды айтсам, көрудің реті келмеді, бірақ киноның аты кино, шын өмірден біраз айырмашылығы болуы заңдылық. Ал енді әннің сөзі мен сазының кереметтей үйлесім тапқанына дау жоқ. Әннің шығу тарихын естігеніме жиырма жылдай болып қалған. Үш-төрт жылдай бұрын қонақта отырғанымызда жасы елуге келіп қалған бір ініміздің «Нұрикамалды» халық әні деп орындағанын естіп, шамам келгенше Ханбибі Есенқарақызы, Тұрдықылыш Ізтаев, қазір марқұм болып кеткен Нұрикамал Сейтжанова туралы, әннің шығу тарихы жөнінде аздап мағлұмат беріп, өзімше бар білгенімді айтып, есіне салып қойғанмын.

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін де білмейтін қазақ жоқ шығар. Қателесуім де мүмкін, бірақ, осы әннің дәл «Нұрикамалдай» қанатын кеңге жайып қалықтамай, тереңірек зерттеліңкіремей тасада қалыңқырап кеткенін онша түсіне алмадым. Өйткені, бұл ән де 2000- жылдарға дейін халықтың сүйікті әніне айналып үлгергенін жұртшылық жоққа шығара қоймас.

Көпшіліктің басы қосылған жерде алуан түрлі тақырыпқа байланысты сөз қозғала беретіні белгілі. Сондай бір отырыста «Алтайдың ар жағынан келген ару» туралы да айтылды. Сол жерде отырған бір ініміз өзінің Моңғолиядағы Баян-Өлгей қазақтарының арасында он жылдай тұрғанын, әннің сол Моңғолиядағы Алтай тауының етегін жайлайтын елдегі қазақ қызы туралы екенін айтып өз нұсқасын жеткізді. Ол жігіттің Алтай тауы туралы айтқаны жобаға келсе де, ән тарихы туралы айтқаны көңіліме қонбады. Бұған қоса Алтай тауы жалғыз Моңғолия емес, Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттерінің шекарасын көктей өтіп, екі мың шақырымға созылған аймақты алып жатқаны да көзіқарақты көпшілікке белгілі болуы керек. Мен де бұл әннің Алтайдың арғы жағынан, Қытайдан келген қазақ қызы туралы екенін айтып, естіген нұсқамды ортаға салдым және қазіргі уақытта бұл жөнінде көпшілік хабардар деп ойлаймын.

Белгілі әнші Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні өткен ғасырдың соңғы онжылдығында халықтың зор сүйіспеншілігіне ие болып, кеңінен танылды. Ән тарихы туралы біршама алып-қашпа, жел сөздер де таралып жатты. Табыса алмай кеткен екі ғашықтың әні, ән авторы жас қызға ғашық болып отбасын тастаған деген сияқты тағысын тағылар. Әннің сөзін де, сазын да белгілі ақын, сазгер Тынышбай Рахым жазғаны белгілі. Тәуелсіздік таңы атып, ел мен елдің арасындағы тоң жібіп жылымық басталғанда, 1991 жылы Қазақстанға Қытайдан өнер өкілдерінің арнайы делегациясы сапарлап келеді. Олардың арасында Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясының дикторы Әмина Еркешқызы да жүреді. Кеңес Одағымен арадағы ұзақ жылғы кикілжіңнен кейінгі алғашқы басқосу болғандықтан, кездесу талабы, әсіресе Қытай тарапынан қатаң қадағаланады. Сөйлесуге, алаңдауға, артық қимыл-әрекетке тыйым салынған, тек ресми жүріс-тұрыс, сұрақ-жауап. Қысқа мерзімді шара аяқталған соң, Қытай делегациясы асығыс аттанады. Ал Алтайдың арғы жағынан тарихи Отанына, бұрын-соңды көрмеген атамекеніне табаны тиіп тұрған Әминаның артына жалтақтаумен, қимай кетіп бара жатқанын байқаған қазақ делегациясының құрамында болған Тынышбай Рахым арасын ұзатпай Алтайдың ар жағынан келген аруға, қандасқа, қарындасқа ән арнайды. Мұны енді қалайша тарихи шығарма демессің?!

Бұл әнге байланысты да кино түсіріле қалса, Желтоқсаннан бастау алып, тәуелсіздіктің түндігі түрілген тұстарда ондаған жыл өтсе де әлі нақты бағасы берілмеген абыржы кезең, Алтай тауының екі жағын жайласа да, қандас болса да, ғасырлар бойы қол созым жерде тұрып арманда кеткен бауырлардың өмірдерегінің талай сыры ашылған болар ма еді дейсің ғой…

 Әлімжан Қияс.

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<