Көшбасшы десе, көшбасшы еді (Алаштық қайраткер Серіқұл Алдабергеновтың қуғындалуы туралы)

730

0

Осы кезге дейін тұлғаланбаған Алаш қозғалысының өкілі Серіқұл Алдабергеновтің қоғамдық-саяси қызметін айғақтайтын деректер құпия қорларда сақталып келеді. Тоталитарлық биліктің қуғын-сүргін кезінде жасаған қылмыстарын жасыруға қызмет еткен бұл мемлекеттік құпия ел көзінен осы кезге дейін жасырылып келді.

Осы құпияны ашқымыз келіп Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есігін тоздырып, қызмет хаттарды қардай боратқанымызбен сұсты мекеменің босағасынан ғана сығалап қайтып жүрдік. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға қатысты Жарлығы осы тоңды жібітті. Құпия қорлар біртіндеп ашыла бастады. Өткен жылы Түркістан облыстық комиссиясының тапсырмасымен сол құпиялығын ішіне бүккен қорлармен таныса алдық. Осы мақаламызда тоқсан жылға жуық құпия болып келген Сыр бойынан шыққан Алаш қайраткерлерінің бірі Серіқұл Алдабергеновтің құжаттарының мәліметтерін жұртшылыққа ұсынамыз.

С.Алдабергенов 1917 жылы Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезіне М.Шоқаймен бірге қатысқан. Серіқұлдың кеңестік билік тұсындағы саяси қызметі барынша күрделі. Оның отарлық билік тұсында болыс басқарушысы болғандығы кейінгі саяси қуғын-сүргінге ұшырауының негізгі дәлеліне айналды. Құпия қорлардағы құжаттар қайраткердің өмірбаяны мен қоғамдық-саяси қызметінде осы кезге дейін белгісіз болып келген тұстарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Оның Алаш қозғалысындағы қызметі жарқын бола қойған жоқ. Бірақ алаштық идеяға адалдығы оны 1929-1934 жылдары кеңестік биліктің өктемдікпен жүргізген реформалары кезінде шын мәніндегі көшбасшыға айналдырды.

Тағдыр оған кеңестік биліктің қысымынан Сыр бойы тұрғындарының Өзбекстан мен Тәжікстанға жаппай ауа көшін бастатты. Осы күнде, саяси тұлғаларға қатысты әңгіме айтқанда, «көшбасшы» ұғымын ауыспалы мағынада қолданады. Оның бастапқы мәні бір қоныстан екіншісіне жылжыған елдің көшін бастаушы дегенді білдіреді. Ал Серіқұл кеңестік билікке қарсылық ретінде ұлттың генефондын сақтап қалу үшін жат жерге ауа көшкен елдің шын мәніндегі көшбасшысына айналған еді. Көшбасшының жауапкершілігі – «үскіріп шалып көшкен» елдің қатарын сетінетпей, мал-жанын ит пен құстан қорғап, межелі жерге жеткізу. Бұл міндетті атқара алу үшін көшбасшы, ең алдымен, елдің сеніміне ие болуы керек. Бұған қоса көшбасшыға лайық ақыл-парасаты мен құбыла соққан замана желінің бағыт-бағдарын ажырата алатын ақылман болуы керек.

Өткен ғасырдың бас кезіндегі кеңестік билікпен ілесе келген саяси қуғын-сүргін тарихында ауа көшу ерекше құбылысқа айналды. Осы құбылыс айқындық беруді қажет етеді.

Қазақ елі мен жерінің тарихын тұтас бірлікте тануымыз үшін ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Түркістан өлкесінде кең өріс алған ұлт-азаттық қозғалысты Алаш қозғалысымен сабақтастықта қарастырамыз. Осы екі қозғалыстың ықпалдастығы кеңестік биліктің өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы реформалары кезінде қазақ халқының басына қиын іс түсіп, ауа көшкенде саяси және әлеуметтік қамқорлық түрінде танылды.

Алаштық идеядан бастау алған тәуелсіздік жолындағы күрестің соңы жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Халықты аман сақтап қалудың жолы ретінде ауа көшу орын алды. Кеңестік идеология саяси тұрғыда барынша қаралаған ауа көшушілердің де саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандығы деректік негізде дәлелденді. Сол сияқты ауа көшудің стихиялы емес, барынша ұйымдасқан сипат алғандығы да анықталды. Осы ауа көшуді ұйымдастырушылар бірді-екілі жеке тұлғалар емес, олар жүздеп, мыңдап саналады. Олардың қуғын-сүргінге ұшырауының себептеріне көз жеткізуіміз қажет.

Енді осы тарихи құбылысты тұлғаландыруымыз керек. Осы тұрғыда «Сыр бойындағы елдің ауа көшуін ұйымдастырған көшбасшылардың көрнекті өкілінің бірі Серіқұл Алдабергенов кім еді, еліміздің қоғамдық-саяси тарихындағы оның атқарған қызметі мен алатын орны қандай?» деген сауалға архив деректеріне жүгіне отырып жауап іздейік. Біздің қолымызға іліккен құжаттары негізінен оның Шымкент абақтысында тергеуде болған кезеңіне қатысты. 1934 жылдың 1-шілдесіндегі тергеу хаттамасындағы мағлұмат пен оның өмірбаянын қалпына келтіре аламыз.

С.Алдабергенов 1873 жылы қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы №7 ауылда туған. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған. 8 жасында «Жөлектегі» мектепте білім алған. 1897 жылы Перовск уезі приставының Жаңақорғандағы өкілі – аудармашы болып қызмет істеген. 1915 жылдың соңында Приречный болысының (қазіргі «Төменарық» ауылдық округінің төңірегі) басқарушылығына сайланып, бұл қызметті ақпан төңкерісіне дейін атқарған.

Онан кейінгі кезеңде Перовск уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қазан төңкерісіне дейін қызмет істеген. «Қазан төңкерісінен кейін уездік атқару комитетінің төрағасы қармақшылық, уездік басқарманың бұрынғы тілмашы Ералы Қасымов болды. Үш айдан кейін оның орнына ақмешіттік адвокат Құсейін Ибрагимов тағайындалған. Оның орнына большевик Гержод отырды. Онымен бір ай жұмыстас болғаннан соң мен отставкаға кеттім. Бұл 1917 жылдың соңы болатын» дейді.

Серіқұлдың 1925-1928 жылдары Қазақ Орталық атқару комитетінің хатшысы болған Бегаудар Аралбаевпен байланысы жөнінде мынадай қызықты дерек кездеседі. Серіқұл уездік атқару комитетінен жұмыстан босаған кезінде оны Шиеліде Уақытша Үкіметтің комиссары болып қызмет істеген Б.Аралбаев шақырып, Сырдария облысы қазақтарының атынан Орынбордағы Алаш Орданың (құжатта осылай жазылған) съезіне делегат болып баруды ұсынады. Серіқұл ұсынысты қабылдап, Түркістан уезінің қазақтары Имамберді Ержігітов және Мәуленқұл Байзақовпен бірге Орынборға барады. Сырдария облысынан барған Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Осы съезде негізінен Алаш Орда үкіметін құру мәселесі шешіледі. Серіқұлдың жазбасында съезде Сырдария облысының делегаттары М.Шоқайдан басқаларымыз Алаш Ордаға қосылудан қалыс қалдық. Өйткені, біз бір жағынан қарағанда ол кезде Қазақстанның емес, Түркістанның азаматтары едік, екінші жағынан облыстан қатысқан делегаттар санының аз болуынан біз мәселені шеше алмайтын едік. Сол үшін облыс тұрғындарының тағдырын шешетін съезді Сырдария облысында өткізуді сұрадық.

Біздің өтінішімізге орай Сырдария облысының Алаш Ордаға қосылуын шешу үшін Түркістан қаласында арнайы қазақ съезі шақырылды. Түркістан қаласында өткен алаштық съезді шақыруға байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың «Қазақ» газетінде жарияланған «Сырдария облыстық съезін шақыру туралы» жеделхатында «съезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылды» деген тізімде С.Алдабергеновтің есімі кездеседі. Ал осы съездің ұйымдастыру жұмысында Түркістан төңірегінде туып-өскен Садық Өтегенов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов белсене қызмет жасаған. Сұрақ-жауаптарында Серіқұл осы съезге қатыса алмауын өзінің сүзекпен ауырып қалғандығымен түсіндіреді.

Бірінші Жалпықазақ съезінен бастап көтерілген ұлттық бірлік, ұлттық мемлекеттілік түріндегі алаштық идея Түркістан өлкесіндегі Сырдария және Жетісу облыстарын қазақ еліне қосуға бағытталған. Осы мүддені Түркістан өлкесінде насихаттаған қайраткерлердің бірі – Алдабергенов Серіқұл еді.

Қазақ ұлтының тәуелсіздік мәселесін қараған 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысында Сырдария облысынан қатысқан делегаттар қатарында С.Алдабергенов те болады. Осы съездің делегаттары Алаш автономиясын жариялау туралы мәселеге дауыс беруде екіге жарылғанда С.Алдабергенов «Алаш автономиясы күні бүгін ресми иғылан етілсін деп тас салғандар» арасында болды.

Архив қорларынан қолға іліккен тапшы деректердің өзі Серіқұлдың Алаш қозғалысының белсенді өкілі болғандығын айғақтайды. Оның қоғамдық-саяси қызметін ғылыми тұрғыда қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи құжаттар Өзбекстан Республикасының және Қауіпсіздік комитетінің архивтерінде сақтаулы. Олар ғалымдар үшін әзірге қолжетімді болмай тұр. Демек, Серіқұлды, онымен қатар қаншама алаштық тұлғаларымызды толығымен тануымыз үшін әлі де біршама уақыт керек.

С.Алдабергенов Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітірген Жорабек Есенов және оның Түркістан мұғалімдер семинариясын бітірген інісі Бабабек Есеновпен тығыз араласқан. 1918 жылдары Серіқұл мен Жорабек Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істеген. Серіқұл жер бөлімінің бастығы болса, Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болған. Жергілікті халыққа өте жайсыз тиген уездік атқару комитетінің төрағасы шовинист И.Гержод қызмет істеген жылдары билікке араласқан ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан. Жаңақорғанда ұзақ жылдар аудандық газеттің редакторы болып қызмет істеген А.Бибасарұлының «Бәйтеректің қос бұтағы» атты кітабында Ж.Есеновтің көмегімен атылудан аман қалған Серіқұл өзінің ағайын-туыстарымен «Қызылқұмға», одан әрі Өзбекстанға көшіп  кетуге мәжбүр болғандығын жазады.

Тергеушілердің Серіқұлға таққан айыптардың бірі Бұхар Әміріне мыңбасы дәрежесінде қызмет еткендігі және одан шапан кигені. Осы деректі одан әрі таратып көрейік.

1919 жылдың сәуірінде Жаңақорғанда су шаруашылығымен айналысып, егін ектіреді. Оның бастамасымен 15 шақырымдық «Күркіреуік» каналы қазылған. 1919 жылдың тамызында «Қызылқұмға» көшіп, Бұхар Әміріне қарайтын Нұратадағы әйгілі жәрмеңкеге қатысады. Нұратада Қарақожа атты өзбектің үйінде тұрады. Нұратадағы Әмір Әлімханның басқарушысы Рахматуллақожа датқамен мүтәбәли арқылы танысады. Оған Гержодтың қысымымен қашып жүргендігін айтады. «Біз Гержодты білеміз. Оның билеп-төстеуіне шыдамай Ақмешіттен біздің өзбектер де қашып келген. Бізде тұра бер, саған ешкім тиіспейді» дейді датқа. Серіқұлдың тағдырын жақсы түсінген бек оның иығына бұхарлық жібек шапан жабады. Осы жібек шапан айыптау қорытындысында Серіқұлға Бұхар Әмірі арқылы Ауғанстандағы контрреволюциялық күштермен байланыста болды деген айыптауға дәлел болады. Серіқұл осы жылдың соңында Гержод тұтқынға алынып, Сібірге жер аударылғаннан соң ғана елге оралады.

1934 жылы 28 маусымда С.Алдабергенов қамауға алынып, оған контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықтың республикадан тыс жерлерге ауа көшуін ұйымдастырды деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл қылмыстық іс бойынша Алдабергенов Серқұлмен бірге Созақ ауданының тұрғыны, бұрынғы болыс Исаев Жанәділ де жауапқа тартылған.

Серіқұлдың тергеу хаттамаларынан оның ауа көшуге қашан және кімдердің ықпалымен кеткендігі жөнінде деректерді кездестіреміз. Ол алғашқы тергеулерінің бірінде 1929 жылдың қыркүйегінде Жаңақорған ауданы «Төменарық» ауылында Нелегковтың үйінде жаңақорғандық бай Сәрсенбай Байдалинов, Бегайдар Аралбаевтың келу құрметіне қонақасы бергендігін, оған өзінен басқа Нысанбек Торғаев, Алтынбек Мырзахановтың қатысқандығын айтады. Кездесуге қатысушылар шаруашылық науқандары, кулактарды тап ретінде жою туралы пікірлерін ортаға салған. Сонда Аралбаев Қазақстандағы ықпалды адамдарға тыныштық болмайтындығы, ерте ме, кеш пе олардың да қуғын-сүргінге ұшырайтындығын айтып, Орта Азияға көшуді ұсынған. Ол ұсынысты жөн көрген Серіқұл аталғандардың арасында алғашқы болып ауа көшкен.

Серіқұлмен қатар Шымкент абақтысында тергелген жаңақорғандық Ибадуллаев Саруар ишанның көрсетуінде Тәжікстанда ауа көшушілердің арасында қызмет істеген революцияға қарсы ұйымның белсенділері қатарында Серіқұлмен бірге Әбдіқадыр Телғожинов, Досымбек және Өтеген Шопанов аталады. Осы ұйымның атынан Ауғанстанда тұратын Бұхар Әміріне «шетелдік ұйымға көмек ретінде» ұйым мүшелері Тәшім Ержанов пен Әбілхан Тантақов арқылы 20 фунт алтын, 40 фунт күміс, 1000 метр таза Түркістан жібек матасы жіберілгендігін айтады.

1930 жылдың көктемінде Ташкент қаласында Өтеген Шопановтың ұйымдастыруымен 25 қазақ белсендісі қатысқан жиында Шопанов «Қазақстан үкіметі байлар мен діндарларды жоюға шешім қабылдады, сол үшін де бізге елге қайтатын жол жоқ. Осыған байланысты мен Союзтранстағы Тәжікстанның өкілдерімен келістім, олар түйекештер артельдерін ұйымдастырып, Тәжікстанға өтуді ұсынды… Әр түйе үшін 50 рубльден төлеймін. Тәжікстанға кетеміз» дегенді айтқан. Осыдан кейін беделді кісілер өз туыстары мен дос-жарандарын жинап, жаппай ауа көшуге дайындалады. Осылайша Өзбекстанның оңтүстік аудандары мен Тәжікстанға 50-60 мың қазақ шаруашылығы шоғырланды.

1934 жылдың 2 шілдесіндегі сұрақ-жауабында С.Алдабергенов 1930 жылдың тамызында «Голодный степь» стансасында Ө.Шопанов, У.Смайылов, Ө.Қожмұхамедов, Нысанбек, Өмірбек, Оңғарбек Торғаевтардың қатысуымен жиын өткендігі, олар Союзтранспен 2500 түйе жинауға келісім-шарт жасағандығы, қолда бары 1000 бас қана болғандықтан, «біз Қазақстаннан ауа көшушілердің жаңа толқынын ұйымдастыруымыз керек болды» деп жауап береді.

27 шілдедегі сұрақ-жауап хаттамасы Серіқұлдың ауа көшуде қазақтың қандай қайраткерлерімен ақылдасқанын анықтауға арналған екен. Серіқұл осы мәселеге қатысты С.Қожановпен ақылдасқан. С.Қожанов 1930 жылдан 1931 жылдың ортасына дейін Орта Азия мақта, ирригация политехникалық институтының директоры, 1931-1932 жылдары «Өлкелік» мақта кооперациясы орталығының басшысы, 1932 жылдың бас кезінен 1933 жылдың тамызына дейін «Союзхлопок» басқарушысының орынбасары, 22 тамыз 1933 жылы БК(б)П Орталық Бақылау Комитеті – КСРО Жұмысша-шаруа инспекциясы Халық Комиссариатының Техникалық дақылдар және ирригация тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған. Кезінде Түркістан Республикасында мемлекет тізгінін ұстаған қайраткердің Өзбекстанда осындай қосалқы деңгейдегі қызметтерде болса да ауа көшкен елге қолынан келген қызметін жасағаны аңғарылады.

1929-1930 жылдың қысында ауа көшушілер шағын топтармен Қазақстанның оңтүстігінен Мырзашөлге көптеп көшіп келе бастаған. Олардың тағдырына алаңдаған Серіқұл Ташкентте Ортаазиялық бюрода үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіндегі Сұлтанбек Қожановтан ауа көшушілерді қайда орналастыруға кеңес сұрайды. «Мен Қожановты ірі партия, кеңес қайраткері екендігіне қарамастан қазақтың байларын кеңестік биліктің қуғындауынан қорғап келгендігін білетінмін. Осы жолы қазақ ауа көшушілердің жағдайы туралы бізге кеңес береді деп ойладым» деп жазады. Сонымен бірге Сұлтанбектің Көтібаров Пірмағамбет, Әлиакбар, Әлиасқар, Жағыпар, Сейдалы, Әбдірахман, Сералы Лапиндерді, Шеріхан, Қалқын, Ерахан Нұрмұхамедовтерді, Жантөре, Айтөре, Қалжан, Бегайдар, Әлім, Мырза, Бекетау Аралбаевтарды және т.б. байлар мен олардың балаларын құтқарғанын айтады.

Сұлтанбек Қожанов барлық қазақ ауа көшушілерінің Ферғана аңғарына шоғырланып, «Союзтранстың» жүктерін тасымалдау үшін түйе керуендерін ұйымдастыруға кеңес берген. Осы хабарды алған Серіқұл Мырзашөлге шұғыл аттанып, ауа көшушілердің жасырын жиынын өткізіп, С.Қожановтың ұсынысын хабарлайды. Жиында Қазақстаннан Орта Азияға жаңадан ауа көшушілерді тарту мәселесі де қаралып, туыстарын кеңестік биліктің қуғын-сүргіннен құтқарып алу үшін елге ауа көшудің жаңа толқынын ұйымдастыруға адамдар жіберуге келісім жасалады.

Осы жиыннан соң Серіқұл Шеріхан Нұрмұхамедов екеуі Қожановпен жолығу үшін Ташкентке арнайы барған.

Серіқұл Тәжік КАСР Халкомкеңесінің төрағасы Абдраим Хаджибаев пен бірнеше рет кездесіп, келіссөз жүргізген. 1931 жылы Қорғантөбе қаласында Хаджибаев 50 шақты қазақ ауа көшушімен жиын өткізеді. Төрағаның кездесуде қозғаған мәселесі – төленетін ақысына қызығып, Мәскеу қаржыландырып отырған Вахшстройға ауысып кеткен кірекештерді Тәжікстанның «Союзтрансына» қайтару. Сол жиындағы Хаджибаев «Тәжікстанға Қазақстаннан келгендер «Союзтранс» республикалық мекемесінің, мемлекеттің қаржысының есебінен келгендер» деген сөзі ауа көшудің стихиялы емес, ұйымдасқан сипат алғандығын айғақтайды. Сол кезде Тәжікстанға үкіметтің жоспарлы саясатының нәтижесінде жаңа жерлерді игеру мақсатында Орталық Азиядағы барлық республикалардан ауа көшушілер барған.

Ходжибаевтың 8 наурыз 1931 жылы Наманган аудандық жер бөліміне «Қазақтарды өз түйелерімен қоныстандыруға келісемін. Жолақысы қайтарымсыз, біздің есебімізден, оның үстіне әр шаруашылыққа 50 рубльден кредит беріңіздер» деп жеделхат жолдағандығы – Үкіметтің жанынан құрылған Қоныстанушылар Комитетінің өзге республикалардан көшіп келушілерді жұмысқа орналастыру қызметінің бір ғана дерегі.

Жұмысқа орналасушыларға деген үкіметтің ұстанған кеңшіліктері де болған. Айталық, жоғарыда айтылған Қорғантөбе қаласындағы жиында Хаджибаев «Сіздердің араларыңызда бұрынғы бай-кулактар да болуы мүмкін. Біз тапқа бөлмейміз, ешкімді қудаламаймыз» деп, жақында Қазақстаннан ауа көшушілерді қайтаруға уәкіл келгендігін, оның өтінішін орындаудан бас тартқандығын, бірақ ол өз бетінше әрекет жасағысы келгесін үш күнге қаматып қойғандығын, қамаудан босаған соң шұғыл түрде Қазақстанға қайтып кеткендігін айтады. «Көрдіңдер ме, мен ешқайсыңды өкпелетпеймін, тек қана жұмыс істеңдер, сонда бәрі дұрыс болады» деген сөзіне жиынға қатысушылар риза болған.

Сондағы Хаджибаевтың айтқаны «Біздің мемлекетке түйелер алдағы 30 жыл бойы керек болады. Мен сіздердің қылмыстарыңның бар екендігін білемін, бірақ сіздерді ешкімге қуғындатпаймын» дейді. Өкінішке орай, Тәжікстан үкіметі басшысының уәдесі іске аспай қалды. Тәжікстанда кірекештік жасаған Үсей Жолдасбеков көкем айтып отырушы еді «соғыстан кейінгі кезде тау мен тасты бұйым көрмейтін лендлизбен әміркендік «алтыаяқ» (алты доңғалықты дегені) автомобильдер келіп, түйекештер жұмыссыз қалдық» деп. Саяси қуғын-сүргін машинасы да уақыты келгенде үкімет басшысының уәдесін іске астыртпай тастады.

Жиырма күн өткен соң Хаджибаев Қорғантөбеге тағы да келеді. Қазақ ауа көшушілеріне арнап палау дайындатады. Сонда Серіқұл «осындағы бәріміз де қашқындармыз, осында тұруға ешқандай құжатымыз жоқ, Сіз көмектесе аласыз ба?» деген сауал қояды үкімет басшысына. Хаджибаев заматында хатшысын шақырып, «Союзтранс» мекемесі арқылы барлық ауа көшушілерге куәлік беруді тапсырады. Келесі күні олардың барлығы куәлік алады. Осы жиында Хаджибаев Серіқұлға Тәжікстанда қазақ ауа көшушілерінен таза қазақ ауданын құруды ұйымдастыруды, оған қоныстанатын жер таңдауды тапсырады. Тұрғылықты жер үшін Қорғантөбе, Арал, Конгурд аудандарымен танысуды ұсынады. Қайсысы ұнаса, сол жерде қазақ басшысы басқаратын таза қазақ ауданын құруға уәде береді. Бұл бастама түрлі себептермен іске аспай қалады.

1934 жылдың 28 желтоқсанында ҚАКСР Ішкі Істер Халық Комиссариаты Басқармасының тергеушісі Латыпов тергеу ісін аяқтап, С.Алдабергенов пен Ж.Исаевтың ісін КСРО ІІХК Мемлекеттік Қауіпсіздік Бас Басқармасының Ерекше Кеңесінің қарауына ұсынады.

Шымкент қалалық түрмесінде жүргізілген тергеудің қорытындысымен тергеушілер Тәжікстаннан тұтқындап алып келген С.Алдабергенов пен Жанаділ Исаевқа 29 қыркүйекте РКФСР ҚК 16-53, 3 бабымен қылмысты деп тауып, айыптау қорытындысын жасаған.

Аталған айыпталушыларға тағылған айыптарды бірі «Жаңақорған ауданынан 14319 шаруашылық немесе аудан тұрғындарының 52 пайызы ауа көшіп кетсе, мал басы 95 пайызға азайған, 7 мың пұт астық қоры талан-тараж болған, «Сталин», «Еңбек», «Еңбекші қазақ», «Елтай» колхоздары күйреген».

Түркістан ауданында 25 пайыз колхозшылар ауа көшкен, мал басы 76 пайызға азайған, «Үсік тас», Исаев атындағы колхоздар күйреген. Тәжікстанда тасымалданған 50 мың пұт астық, 180 пұт қант пен шай талан-тараж болған, ауа көшушілердің Ауғанстанға жаппай өтуі ұйымдастырылған, шекаралық бекеттерге 10 мыңнан аса қазақ шаруашылықтары шоғырланған.

С.Алдабергенов пен Ж.Исаев айыптау қорытындысында өздеріне тағылған айыптан тек ауа көшу мен оларды эмиграцияға дайындауды ұйымдастырғандарын ғана мойындаған.

Осы айыптау қорытындысы негізінде КСРО ІІХК Ерекше Кеңесінің 1935 жылғы 23 наурыздағы хаттамасымен С.Алдабергеновке контрреволюциялық ұйымға қатысқаны үшін 5 жылға жазасын өтеуді 1934 жылдың 28 маусымынан бастап Красноярск өлкесіне жер аударуға; 1928 жылы Оралға жер аударылып, одан қашып кеткен Ж.Исаевтың жазасын өтеуді 1934 жылдың 28 мамырынан бастап 5 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберу туралы шешім қабылданған. Ж.Исаев 22 сәуір 1935 жылы арнайы этаппен Сиблагке, С.Алдабергенов 1935 жылы 6 мамыр күні кезекті этаппен Красноярск облыстық басқармасының қарамағына жіберілген.

Қорыта айтқанда, ел басына төнген нәубеттен құтылудың жолы деп, туған жерінен ауа көшкен елдің тарихы жаңартылуы, жаңғыруы керек. Туған жерін тастап, көшкендер кеңестік идеология айыптағандай халық жаулары, контрреволюциялық ұйымның мүшелері, басбұзарлар емес еді. Ауа көшу дегеніміз – биліктің саяси қуғын-сүргін саясатына жасаған қарсылығы болатын.

Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары қорытындылануда. Тиісті заң актілері қабылданатын болады. Ауа көшушілерге үкімет тарапынан құқықтық және саяси баға берілуі керек деп ойлаймыз.

Х.ТҰРСҰН,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,

Тарих кафедрасының профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<