Комиссияның жүйелі жұмысы

452

0

Қырғыз орталық атқару комитеті президиумының 1925 жылы 9 ақпандағы кеңейтілген мәжілісінде астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы қаулы қабылданды. Мәжіліске Н.Байсалықов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Орумбаев, т.б. қатысты.

Қаулы қабылданғаннан кейін орталықты көшіру жұмысы қауырт басталды. Есқараев Досовты төрт күнге жолсапарға жіберу, аталған мерзімде тексеру жұмыстарын аяқтау міндеттелді.

Ал 9 күннен соң 18 ақпанда астананы Ақмешітке көшіру жайлы Қазақстан өлкелік партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі С.Қожановтың жеделхатын тиісті орындарға жіберіп, нәтижесін секретариат мәжілісінде баяндау үгіт-насихат бөліміне жүктелді.

17-28 наурызда мемлекеттік орталық мекемелерді (барлығы 58 мекеме) көшіру жоспары мен кестесі жасалды.

Халық Комиссарлар Кеңесі астананы Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөнінде арнайы комиссия құрды. Комиссияның 1925 жылдың 10 наурызындағы бұйрығында төраға Кенжин дайындық жұмыстарының қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына жүріп бара жатқанына байланысты орнына комиссия мүшесі М.Тынышпаевты қалдыратынын көрсеткен. Оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға қаржыны жұмсау құқы берілген. Барлық партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын оның тапсырмаларын орындауға оң ықпал етуді сұрайды.

Облыстық мемлекеттік архивінен