Компартия ақшасы қайда жоғалды?

516

0

Бұл оқиғаға тура 30 жыл өтті. 1991 жылы тамыз айында Мәскеуде ГКЧП төңкерісі болып, белгілі бір топ шаңырағы шайқалып, құлауға айналған Кеңес одағын сақтап қалуға соңғы әрекет жасады.

     Оқиға сәтсіз аяқталған соң Кеңес Одағының ішкі істер министрі Б.Пуго, сондай-ақ жоғары партия номенклатурасының бірқатар шенеуніктері өздеріне қол жұмсады. Бүлік жеңіліспен аяқталғаннан кейін Кеңес Одағы Компартиясы Орталық комитетінің іс басқарушысы Николай Кручина Кремль маңындағы номенклатураға арналған арнайы үйдегі өзінің 5 қабаттағы пәтерінен секіріп өлді. Бірақ бұл өлім қалың жұртшылық тарапынан айрықша таңданыспен бірге көптеген алыпқашты әңгімелердің туындауына себепші болған еді. Неліктен?

Біріншіден, Кручина бүлікті ұйымдастырушылар қатарында болған емес. Екіншіден, ол Горбачевтің тікелей басшылығындағы Орталық Комитеттің іс басқарушысы, яғни партия көсемінің айтқан нұсқауларын бұлжытпай іске асыратын орындаушы. Ал мұндай орындаушылар күллі әлемді уысында ұстаған Кеңес Одағы дейтін алып империясы Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында мыңдап саналады. Сонымен Кручинаның өзін-өзі өлтіруіне не себепші болды? Ол неден, кімнен қорықты?

Көп ұзамай-ақ қайғылы оқиғалар тізбегі қайта жалғасты. Тәжірибелі партиялық аппаратшы, СОКП Орталық комитетінің халықаралық бөлімі меңгерушінің орынбасары Дмитрий Лисоволик те 12 қабаттағы пәтерінен секіріп өлді. Арада екі ай өткенде сонау Брежнев дәуірінде саясаттың “сұр көкжалы” атанып, Леонид Ильичтің үздіксіз іс басқарушысы болған, бұл қызметін Юрий Андроповтың билігі кезінде аяқтап, зейнетке абыроймен шыққан 81 жастағы Георгий Павлов өзіне қол жұмсады. Таңданыс туғызғаны – 80 жастан асқан адамның өлімі кімге қажет болды деген күрделі сауалдың жауабы еді.

СОКП Орталық Комитетінің екі бірдей іс басқарушысы мен Орталық Комитетінің халықаралық бөлім меңгерушісі орынбасарының құпия өлімдерінің арасында қандай сыр жатыр? Бұл өлімдер шынтуайтына келгенде жалпы Кеңес Одағы Компартиясының ұзақ жыл бойы қалың жұртшылықтан жасырып, барынша құпия ұстаған қызметінің бірқатар көлеңкелі тұстарын жария етуге мүмкіндік берген еді. Ал өмірлерін қиюға мәжбүр болған жоғарыдағы шенеуніктер өздеріндегі құпия деректердің тамыз бүлігінен кейін халық алдында жария болатынынан қорықты. Сондықтан өздері адал қызмет жасаған жүйенің құпия сырларын өздерімен бірге көрге алып кетуді ұйғарды. Біз бұл орайдағы оқиғалар тізбегін дәуір кезегімен былайша баяндауды жөн көрдік.

…ГКЧП бүлігінен кейін Кеңес Одағы іс жүзінде тарап, Горбачев амалсыздан алып державаның президенті ретінде өкілеттігін тоқтатуға мәжбүр болған еді. Билік Ресей президенті Борис Ельцин бастаған демократтардың қолына көшті. Елде қаржы тапшылығы сезілді. Қожыраған экономиканы қалыпқа келтіру былай тұрсын, Ресейде 90 жылдардың басында мемлекеттің күнделікті қажеттілігін қамтамасыз ету үшін болмашы қаржыны табудың өзі мұң болды. Бұл кезде көшеге шеруге шыққан демократтар: “Партия ақшаны халыққа қайтар!”, деген ұрандарды жиі көтеретін еді. Қандай ақша? Кімнің ақшасы? Әлбетте, мызғымастай көрінген алып жүйенің қираған үйінділерінің арасынан бұл сауалдарға тұщымды жауап табудың өзі ақылға қонымсыз шаруа еді.

Тамыз бүлігінен кейін іле-шала бірқатар күмәнді, бүгінгі түсінік бойынша қылмыстық істер қатарына жататын, бірақ кеңестік компартия кезінде үйреншікті дағдылы құбылыс болып саналатын түйткілдердің көмескілеу іздері айқындала бастады. Алдымен 1991 жылдың қазан айында өзіне қол жұмсаған Дмитрий Лисоволиктің қызмет кабинетінен 2 миллион АҚШ доллары көлемінде қолма-қол ақша табылды. Анықтай келгенде ақшаның АҚШ Компартиясының төрағасы Гэс Холлға арналғаны, оның тиісті жеріне жіберіліп үлгермегені белгілі болды. Сондай-ақ орталық партия комитетінің аппаратында, Кручинаның үйіне алып кеткен құжаттарынан шетелдерге, әртүрлі коммерциялық ұйымдарға берілген ақшалар, мүліктер үшін алынған қолхаттар, басқа да құжаттар табылған еді.

Кеңестік жүйедегі мемлекетке жалғыз ғана Компартия билік жасады. Ол шын мәнінде өз билігі өзіндегі айрықша монстр еді. Орталық Комитеттен шыққан нұсқаулар арқылы шетелдердегі достас, мүдделес деген компартияларға, жұмысшы партияларға ұдайы көмек қаржы жіберілетін. Кеңес Одағы тарағанға дейін дүниежүзінің әртүрлі аймақтарын қамтыған мұндай партиялардың саны 90-нан асты. Ресейлік прокуратураның тексерген материалдары бойынша алынған мына құжатқа назар аударайық:

“25 декабря 1989 г. Сов. секретно.

ЦК КПСС  Международный отдел.

Вносится предложения удовлетворить просьбу 62 партий за счет средств международного фонда помощи левым рабочим организациям, сохранив в основном разведпомощь на уровне 1989 года… О помощи компартиям Финляндии, Нигерии, Мадагаскара, Гваделупы… сообщим дополнительно.

Фалин

Зав. международным отделом”.

Халықаралық қор деген не? Оған қаржыны беретін кім? Жалпы, Кеңес Одағында ұзақ жылдар бойы шетелдердегі коммунистік және жұмысшы партияларды қолдау үшін миллиондаған доллар ағымы бір сәтке де толастаған емес. Мысалы, сол 90 жылға дейінгі ширек ғасыр ішінде бір ғана Итальян Компартиясына 500 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінген. Бұл сол кездегі бағам бойынша өте құнды ақша еді. Демеушілік ретінде италияндық әріптестеріне халықаралық қордан жылына 20 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлініп тұрды. Халықаралық қордың Францияның, Чилидің, Израильдің солшыл жұмысшы партияларына, сондай-ақ жоғарыдағы қатынаста айтылған Кариб теңізіндегі Францияның протектараты саналатын Гваделупаға, әлемдік саясатта иненің жасуындай ықпалы жоқ Нигерия, Мадагаскар дейтіндерге ақша аударуы қандай мақсатты көздеді?

Енді қатынастағы “разведпомощи” деген айқындамаға назар аударалық. Жалпы кеңес жүйесінде КГБ-ның барлау қызметі күллі әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, құпия деректер іздегенінен  хабардармыз. Алайда бүкіл Компартия мен КГБ қызметі барынша құпия болғандықтан барлау қызметінің қаншалықты жемісті болғанын айқындау мүмкін емес еді. Әдетте мұндай қаржы операциялары бар болғаны санаулы адамдардың қолымен жүзеге асырылды. Тағы бір қатынас қағазына назар аударып көрелік.

“3 июля, 1987 г. ЦК КПСС. Международный отдел.

1. Согласиться с запиской тов. Добрынина и выделить в 1987 году французской компартии в качестве дополнительной финансовой помощи один млн. долларов.

2. Выдать Правлению Госбанка СССР тов. Добрынину один млн. долларов на специальные цели.

3. Передачу средств поручить Комитету Госбезопасности СССР.

Міне қызық. Кеңес Одағы Компартиясының халықаралық бөлімі Добрынинның тілдей қағазымен мемлекеттік банктен франциялық әріптестеріне арнайы мақсатқа қаржы бөлуді талап етеді. Қандай мақсатқа? Оны ашып айтпайды. Кеңес Одағын билеп-төстеп отырған құдіретті компартияның алдында сұрауға ешкімнің батылы жетпейтін еді. Добрынин –  ширек ғасырға жуық Кеңес Одағының АҚШ-тағы елшісі, кейін Орталық комитеттің халықаралық бөлімінің меңгерушісі, Орталық Комитеттің хатшысы болған үлкен лауазым иесі. Бірақ қаншалықты жоғары беделді шенеунік болсын, жалпы бүкіл әлемде қаржы аударудың, оны бөлудің өз тәртібі, заңдылығы бар. Ал кешегі жүйеде бұл заңдылықтардың тәртібі ешқашан сақталған емес. Бауырлас елдер сұраған екен, неге бермеске!? Бұл тұрғыда Кеңес Одағы сараңдық танытпайтын.

Енді халықаралық қор деген мәселенің басын ашып алайық. Бұл қорға социалистік лагерьдегі елдер жылына 2-3 млн АҚШ доллары көлемінде жарнапұл аударып тұрды. Әрине, бұл қаржы ақша сұраған елдердің тәбетін қанағаттандыруға жетімсіз еді. Сондықтан Кеңес Одағы коммунистік партиясы өз қорынан, яғни мемлекеттік қордан ұдайы қаржы бөліп отырды. Шындығында бұл Кеңес халқының маңдай терімен табылған игілігі болатын. Сұраған “достарға” ақша жеткізудің механизмі де соншалықты қарапайым еді. КГБ-ның қызметкері ұшақпен тиісті жеріне ақша жеткізіп, оны алған адамнан бар болғаны тілдей қолхат талап ететін. Қолхатты Мәскеуге әкеліп, Орталық Комитеттің іс басқарушысына өткізеді. Осы орайда қызметін мүлтіксіз орындалғаны жөнінде КГБ-дан партияның орталық комитеті іс басқарушысына жолданған мына хатты ұсынуды жөн көрдік.

“Комитет Государственной безопасности СССР. 1-е главное управление.

Направляю расписку о передаче руководству компартии США трех миллионов долларов  в счет ассигнований, выделенных на 1988 год.

Приложение: расписка на одном листе, без номера, на английском языке.

Зам начальника 1-го главного управления

Леонов”

КГБ-дан қолхат Лисоволикке берілетін, ол өз кезегінде Павловқа немесе Кручинаға өткізетін. 1991 жылы Кеңес Одағы тарағанға дейін бұл жүйе мүлтіксіз қызмет жасады. Қауіпсіздік Комитетіндегі 1 бас басқарма сыртқы барлау қызметімен айналысатын еді. КГБ қызметі құпия, бәлкім ақша шетелдегі мүдделі адамдарды өз ырқыңа көндіріп, мемлекеттік құпия деректер алу үшін қажет болған шығар? Сайып келгенде бюджеті құпия саналатын барлау органдары барлық елдерде осындай жолдармен қаржыландырылады емес пе? Ендеше жоғарыда аты аталғандардың өздерін өлімге қиып, соншалықты үркуінің себебі неде? Әлде қауіптенетіндей басқа себептер болды ма?

Жүргізілген тергеу барысында Орталық Комитеттің іс басқарушысының қолымен жасалған басқа да лас тірліктердің беті ашыла бастады. Тамыз бүлігінен кейін көп ұзамай-ақ Б.Ельцин Ресейдің жаңа басшылығының алдында құпия баяндама жасады. Баяндамада Компартияның 1,5 мың тонна алтыны, 250 млн долларға бағаланған платинасы, 5 млрд долларға бағаланатын қымбат тастардан жасалған әшекей бұйымдары болғаны айтылды. Ал Ресей Федерациясының Прокуратурасы тексерген мәліметтер бойынша 1991 жыл соңында СОКП Орталық Комитетінің есепшотында бар болғаны 6 млрд 14 млн рубль, 172 мың АҚШ доллары ғана табылған еді. Ақша қайда кетті? КСРО-ның алтын қоры қайда жоғалды?

Тергеу қызметінің ұзын-сонар тізбегі басқа арнаға әкеліп тіреді. Компартия өзінің тарайтынын, мызғымастай көрінген жүйенің күйрейтінін алдын ала болжап білген еді. Құпия хаттардан мәлім болып отырғанындай, Кеңес Одағының Шығыс Еуропадағы әріптестері 80 жылдардың соңына қарай тықыр таянғанын сезіп, абыржыған сыңайлы. Ақша жіберуін сұрап, оларды сенімді жерде сақтайтынын мәлімдеген хаттар осыған меңзейді. Ақша ғана емес, алғашқыда шетелдерге бағалы металдар (алтын, платина) құпия түрде жөнелтіле бастады. Мына қатынасқа зер салайық.

2 июля, 1986 г. Управления делами ЦК КПСС

Начальнику Шереметьевской таможнии тов. Наумову

Прошу вас пропустить через госграницу 30 мест груза…

Зав сектором Беззубко

Бұл әуежайдың кеден бастығына Орталық Комитеттен жолданған көп қатынастың бірі ғана еді. Қатынаста ұшақтағы орын контейнерлер санымен көрсетілді. Кеден қалыптасқан дәстүр бойынша оның қандай жүк екенін тексере алмайды. Есірткі ме, бағалы металл ма, әлде қару ма? Бұл жағы түгелдей құпия!

80 жылдардың соңынан бастап Компартияның Орталық Комитеті коммерциялық қызметін өрістете түсті. Кеңес Одағындағы алғашқы казино партияның берген ақшасымен ашылды. Партия қаржысына толық серіктестіктер, коммерциялық ұйымдар, банкілер көптеп ашыла бастады. Аталған ұйымдарды құруға байланысты тиісті құжаттарға Бас хатшы Михаил Горбачев пен Министрлер кеңесінің төрағасы Николай Рыжков қол қойған еді. Жыл ішінде шетелде 200 біріккен кәсіпорын ашылды. Орталық Комитет Швейцарияда ашылған осындай коммерциялық ұйымның құрылтайшысы ретінде Борис Бернштейн дейтінге 150 млн АҚШ долларын аударды. Бірақ Ресей Федерациясының Бас Прокуратурасы жүргізген тергеу амалдары айтарлықтай нәтиже бермеді. Ақшаның соңғы ізі көмескі тартып, құмға сіңген судай жоғалып кеткен еді.

Билік басына келген Ресей Үкіметі компартияның қаржысын қалайда табу керек деген тоқтамға келіп, бұл мақсатқа АҚШ-тың “Крол Ассошейтэд” атты жеке компаниясын жалдады. Ресей Үкімет басшысының орынбасары Егор Гайдар қол қойған келісім-шарт бойынша жеке қаржы компаниясына көрсеткен қызметі үшін 1,5 млн АҚШ доллары төленетін болды.

Таңдау неліктен “Крол” компаниясына түсті. Американдық компанияда шетелдің көптеген елдерінің барлау қызметінде жұмыс істеп, зейнетке шыққан тәжірибелі мамандар жұмыс істейтін еді. Кезінде Саддам Хусейннің Филиппин диктаторы Маркостың әлемнің түкпір-түкпірінде құпия жолдармен жасырған ақшаларын тапқан “Крол” өз беделіне қылаудай дақ түсірмеген қаржы компаниясы болатын. Ресей Үкіметінің “Кролмен” 1994 жылдың 18 ақпанында жасаған келісім-шартта тапсырыс беруші тарапынан мынадай міндеттеме жүктелді.

“Провести расследования и выявить денежные фонды и другие активы, находящиеся за рубежом, якобы принадлежащие или контролируемы бывшей Коммунистической партией Советского Союза”.

Тапсырма берілді. Ақшасы төленді. “Крол” тапсырманы үш ай ішінде орындап беруді міндетіне алды. Ресей журналистері Үкімет тарапынан болатын сенсациялық хабарды тағатсыздана күтті. Олар әне-міне Компартияның жасырған ақшасы жарыққа шығып, Кеңес жүйесіндегі шенеуніктердің жымысқы әрекеттерінің беті ашылады деп үміттенді. Егер бұл істі “Крол” қолға алып, оған Егор Гайдар бастаған демократтар тапсырма берсе неге орындалмайды? Бірақ үш, төрт, бес ай өткенде де Үкіметтен журналистер күткен сенсациялық хабар түспеді. Журналистердің тиісті орындарға, тіпті Үкіметке жолдаған сұрауларына “Бізде ондай ақпараттар жоқ” деген үйреншікті жауап келетін еді.

Шындығында не болды? “Крол” қызметін адал атқарды. Бірақ ол ашқан құпиялар Кеңес Одағын құлатқан ресейлік шенеуніктер мен күні кеше ғана көшеде “Компартия халыққа ақшаны қайтар!” деп ұрандаған демократтарға тиімсіз еді. Себебі ақшаны жымысқы жолдармен жымқырғандардың, олар құрған коммерциялық ұйымдардың меншік иелері өзгеріп, жаңа қожайындарға қызмет жасай бастаған болатын.  Олардың бірқатары Ресейдің жаңа Үкіметінде, Президент аппаратында қызмет жасап жатқан еді.

Қысқасы, ақша жүрген жерден әділдік іздеу ықылым заманнан бері келе жатқан үйреншікті қағидаға қиянат жасаумен бірдей еді. Билік өзгергенімен оның мазмұны, лас әрекеттері өзгеріссіз қалды. Жаңа Ресейде жаңа дәуірдің жаңа коррупционерлері пайда болды. Компартияның ақшасымен құрылған коммерциялық ұйымдар енді даурығып әлемге жар салған Ресей билігіндегі шенеуніктерге қызмет жасай бастады.

Енді Кручинадан басталған әңгімеміздің соңғы нүктесін қоялық. Ол не үшін өзін өлімге қиды? Кручина өлім алдында: “Я не преступник, не заговорщик, это подло, мерзко, вам служил честно, Михаил Сергеевич. Никто здесь не виноват, виноват я, что подписал бумагу по поводу охраны этих секретарей. Больше моей вины перед вами нет, Михаил Сергеевич. Кручина”, деген жазба қалдырған еді.

Кручина тамыз бүлігінің тікелей ұйымдастырушылардың қатарында болған жоқ. Горбачевтен кешірім сұрап отырғаны ГКЧП бүлікшілері құрамындағы хатшыларға қатысты құжаттарға қол қойған сыңайлы. Бірақ мұның өзі де өлімге қиятындай қылмыс емес еді. Жалпы, Николай Кручина өз жүйесіне соңғы күнге дейін адал болды. Ол алып империяның көз алдында соншалықты жылдамдықпен құлап, мызғымастай көрінген жүйенің бейшара кейпіне енгенін көруге төзімі жетпеген Компартия аппаратының үлкен шенеунігі еді. Кручинаны Қазақстанның Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан Мәскеуге өзінің іс басқарушылығына алып келген Юрий Андропов еді.  Орталық комитеттегі әріптестерінің айтуынша, Андропов билікке келгенде оған жаңа іс басқарушының адал, таза, моральдық жағынан кіршіксіз болғаны аса маңызды еді. Сондықтан ол лайықты деген адамды Мәскеу аппаратшыларының қатарынан іздемей, ешкіммен байланысып, танысып үлгірмеген шалғайдағы аппаратшылар қатарынан іздеді. Ұқыпты, барынша сақ бас хатшының таңдауы Кручинаға түсті. Ол қатпар-қатпар құпиясы мол қызметті Андроповтан кейінгі Бас хатшылармен бірге мінсіз атқарды. Қажет болғанда өмірден өз ықтиярымен кетуге де батылы жетті.

Ия, бірқатар кісілердің өмірден озуына себепкер болған сол оқиғадан кейін Қазақстанмен бірге бұрынғы Одақ құрамында көптеген елдер тәуелсіздігін жариялады. Солардың қатарында Қазақстан биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. 

Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<