Космоновтиканың 60 жылдығындағы жетістіктер

2094

0

Қазақстанның Байқоңыр ғарыш алаңынан 1961жылдың 12 сәуірінде Москва уақытымен 9 сағат 07 минутта массасы 4725 килограм болатын «Восток» ғарыш кемесімен адамзат баласы тарихында тұңғыш рет адам баласы ғарыш кеңістігіне сапар шекті. «Восток»ғарыш кемесімен Кеңес Одағының азаматы Юрий Алексеевич ГагаринЖер шарын 1 сағат 08 минутта айналып өтті. Ұшу барысында косманавт Жердегі ұшуды басқару орталығымен үздіксіз радио байланыста болып, барлық кезеңдердегі өзгерістер бойынша хабарлап отырды.

Адам баласының аспанға ұшуды бағзы замандардан бастап армандағаны белгілі.Аспанға ұшу жөнінде қазақ ертегілерінде де аз айтылмаған.Қолға қанат байлап, биіктен секіріп, ұшқаннан бастап ғарыш кемесіне отырғанға дейін адам баласы талай-талай сәттіліктер мен сәтсіздіктерді бастан кешті. Ғылыми-техникалық прогресс арқасында небір таңғажайып ұшу аппараттары, корабльдері өмірге келді .

Жер планетасын қоршаған космос деп аталатын кеңістікті игеруге бағытталған жұмыстар сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастау алады. Сұрапыл соғыс кезінде бейбіт уақытта бірнеше ондаған жылдарда жасалатын техникалар қысқа уақытта, бірнеше ай ішінде жасалынды.Міне, осы уақытта жақын қашықтықты ракета арқылы атқылау ерекше жолға қойылып,осыған сәйкес радиобайланыс қарқынды дамыды.Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін ракета техникасын дамыту дүние жүзі бойынша ерекше қарқын алып, ғылымның бұл саласы Кеңестер Одағы мен Америка Құрама Штаты ғалымдарының күшімен жылдам дами бастады. Осы зерттеулер негізінде Кеңестер Одағында С.П.Королевтың басқаруымен конструкцияланған бірінші ракета 1949 жылы космос кеңістігіне 100км биіктікке көтерілді.Үздіксіз жүргізілген ғылыми ізденістердің нәтижесінде биіктік 500км-ге жетіп , ракеталарға Жерді қоршаған атмосфера қабатының физикалық және химиялық күйін анықтау мақсатында әртүрлі ғылыми қондырғылар орнатылды. Қоршаған ортаның тірі организмге әсерін зерттеу мақсатында әртүрлі жануарларды қажетті биіктікке көтеріп, оларды Жер бетіне парашют арқылы қайта түсіру мақсаттары қойылып, бұл тапсырмалар өз деңгейінде орындалды.

С.П.Королевтың басшылығымен жасалған континентаралық ракета 1957жылы ең бірінші рет сәтті сынақтан өтті.1957 жылы 4 қазанда дүние жүзінде бірінші болып Кеңестік космодромнан Жер серігі «Спутник-1» ұшырылып, 92 күн бойына Жер шарын 1440 рет (60 млн км) айналып шықты. Оның конструкциясы өте қарапайым, массасы 83,6кг болды.Бұл әртүрлі биіктіктегі атмосфера қабаты тығыздығы, радиотолқын таралуыжайлы ең алғашқы мәлімет алуға мүмкіндік берді. Адамзаттың космосты игеруі осы уақыттан бастау алады.

Бұл кезде «қырғи-қабақ соғыс» жағдайында тұрған қос суперджержава-КСРО мен АҚШ-тың арасындағы жаппай қаруланудың өрістеуі енді ғарышты бағындыру бәсекесіне ұласқан болатын.Сол себепті Кеңес Одағымен қатар АҚШ-та бірінші болып жасанды Жер серігін ұшыруға жанталасып бақты.Нәтижесінде, АҚШ өздерінің тұңғыш жер серігін 1958 жылы 1 ақпанындаұшырды. Бұл жаңалықтар космостық техниканың дүние жүзі бойынша қарқынды дамуына барынша әсерін тигізді.

Космосқа ұшу шындыққа айналғаннан кейін зерттеушілердің әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша космосты зерттеуге деген ынтасы арта түсті.Космостық аппаратуралардың алға қойылған мақсатты жеткілікті деңгейде шеше алатындай болып өмірге келуі, оның ұшу траекториясын,ұшырылу мақсатын жоспарлауға байланысты алдын-ала теориялық зерттеулерді жүргізуге мәжбүр етті.

Әртүрлі ғылыми-зерттеу бағыттары ішінен адамы бар техниканы космосқа ұшыру ерекше орын алды.Оның тарихы 1957 жылы қазан айында ұшырылған қарапайым басқарылмайтын спутниктен басталып, 1961 жылы 12 сәуірде Кеңестер Одағында адамы бар «Восток» кораблі ең алғаш космос кеңістігіне ұшырылды.Сөйтіп, Юрий Гагарин-әлемнің тұңғыш ғарышкері,ал Байқоңыр-ғарыш айлағына айналды.

Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдарда 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп ғылыми зерттеулер жүргізді.Солардың ішінде Қазақстанның үш ғарышкері бар:Тоқтар Әубәкіров,Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов.Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды .

Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ -13 » кемесімен ғарышқа аттанды.Жазушы Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш қазақ ғарышкері» атты ғұмырнамалық эссе кітабында жазғандай :

«-Жолдас мемлекеттік комиссиясының төрағасы!-деді командир дауыстап.

-Құрамында Австрия азаматы, ғарышкер –зерттеуші Франц Фибек,Қазақстан азаматы ғарышкер –зерттеуші Тоқтар Әубәкіров бар Халықаралық «Союз ТМ-13»ғарыш кемесінің экипажы ұшуға дайын. Баяндап тұрған «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің командирі, Кеңес Одағының Батыры,КСРО ұшқыш ғарышкері Александр Волков !

Кеме командирінің әр сөзін міз бақпай, қалшиып тыңдап тұрған генерал,айтқаныңызды қабылдадым дегендей қолын маңдайынан түсірді. Сатыр-сұтыр шапалақ жауып кетті.Өзіміз де солай болады ғой деп күтіп тұрғанбыз.Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бағыштап,қазақша рапорт берді.

-Құрметті Президент!Халықаралық экипаждың мүшесі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ұшуға дайын !».

Ал,1986 жылы 20 ақпанда Жер төңірегіндегі кеңістікке шығарылған халықаралық «Мир» ғылыми-зерттеу кемесіне кейінірек «Квант» ғылыми модулі түйістірілді.Ал,Тоқтар Әубәкіров ұшқан ғарыш кемесі «Мир» кемесімен түйісуге тиісті еді.Модульде алыстағы жұлдыздар мен галактикаларды бақылап, зерттеуге арналған қуатты айналы-линзалы телескоп,спектрометр және басқа да күрделі бақылап зерттеу құралдары орналасқан.

Қазіргі уақытта космос кеңістігі жан-жақты зерттелінуде,тіпті космонавтика ғылымының араласпайтын бірде-бір зерттеу бағыты жоқ деуге болады.Атап айтқанда, байланыс,ауа райын зерттеу,геодезиялық барлау,Жер шарындағы су қорларын анықтау,үлкен ормандарды өрттен алдын ала сақтандыру т.б.

Т.Әубәкіров атмосфераға зиянды қалдықтарды тарататын ауыр өндірістік қалдықтарды суретке түсіріп, онан соң Арал теңізінің құрғап қалған жағалауларында түзілген тұз бен құм қабаттарын,олардың жел көтерген борамасының қандай аймақтарға дейін ұшып тарайтынын кемедегі арнайы күрделі бақылап зерттеу құралдарымен мұқият бақылап, құнды ғылыми деректер жинады.Сонымен бірге,Арал теңізі жағалауындағы Арал,Қазалы және тағы да басқа елді мекендердің метеорологиялық жағдайлары, сол өңірдегі ауа температурасының жылдық орташа деңгейі, аэрозольдың концентрациясы мен желдің соғу жылдамдығын дәл білудің мүмкіндігі туды.Ғарышкер бұлармен қатар Каспий теңізінің мұнай мен газ қоры бар аумағының спектрозоналық анық суреттерін елге әкелді.Ол мұнай мен газ қорының жаңа ошағын ашуға және мұнай мен газ алынып жатқан аймақтардағы экологиялық дерттерді анығырақ білуге жол ашты .

Бұлардан кейін ғарышкер «Мир» ғылыми кешенінде көптеген ғылыми-техникалық,биотехнологиялық эксперименттер жасады. Ол эксперименттерге Ғарышты зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері «Алтын», «Өнер», «Мақсат», «Батыр», «Алма», «Терминатор» деген аттар қойды. Бағдарлама бойынша селекцияның ғарыштағы салмақсыздық жағдайындағы биотехнологиялық әдіспен бидай,жүгері мен картоптың жаңа сорты алынды.Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығында мол өнім беріпотырғанкартоп сортына институт ғалымдары «Тоқтардың картобы » деген ат берді.Мұның бәрі де гендік инженерияға қосылған үлкен үлес болады.Тоқтар Әубәкіров, бұлармен қатар,Австрияның ғалымдары әзірлеген дәрігерлік-биологиялық және биотехнологиялық эксперименттер жасауға да белсене атсалысты. Т.Әубәкіров Кеңес Одағының Батыры және Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» атақтарының иегері.

1990жылы ғарышкерлер құрамына еніп,ғарышқа ұшуға даярлайтын орталықта дәрігерлік-биологиялық тексеру мен күрделі жаттығу сынақтарынан өткен Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа 1991 жылы ғарышкер-сынаушы біліктілігі берілді.Ол 1994 жылы 1шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды.Талғат «Мир» халықаралық ғарыш кешенінде 127 тәулік бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кемеден 2 рет ашық космосқа шығып, жалпы ұзақтығы 11 сағат 06 минут бойы жұмыс жасады.

Талғат Ғарышты зерттеу институты әзірлеген күрделі бағдарламаларды орындады. Бағдарламада Қазақстан халық шаурашылығына қажетті ғылымизерттеулер мен эксперименттер, Қазақстанның бүкіл аумағын суретке және бейнефильмге түсіру, кристаллография саласында бірқатар технологиялық эксперименттер жүргізу, дәстүрлі астрофизикалық зерттеу жұмыстарын жалғастыру істері белгіленген болатын. Жалпы, Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет аттанып, ғарыш кеңістігінде бір жылға жуық, яғни, 341 күн 9 сағат 41 секунд уақыт болды.Ол Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының батыры , «Отан» , «Халықтар достығы», 3-дәрежелі «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен ,NASA-ның «Ғарышты игеруге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған .

2015жылдың қыркүйек айында Қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты.Ол Қазақстан атынан Халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған тұңғыш ғарышкер-ұшқыш.Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы».Ғарыш әлемінде болған 9 күн 20 сағат 13минутта Каспий теңізі мен Арал теңізі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізді.

2006 жылы 18 маусым күні Қазақстанның тұңғыш жеке Жер серігі-«KazSat» Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке ұшты. Бұл ұшырылымға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин куәгер болды.Екі мемлекет басшыларының қатысуымен болған бірлескен брифингте ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ресей әлемнің бірде-бір мемлекетімен нақ осындай жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім жасамаған. Бұл әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру бағдарламасын жүзеге асырып жатқан Қазақстанның мүддесіне сай келеді және жоғары технологияларды игеру мәселесімен бірінші кезектегі басымдыққа шығарады», – деп атап өтті.

Осылайша Қазақстан ғарышпен байланысы бар жиырма бес елдің қатарына қосылуға тұңғыш қадамын сәтті жасап, ТМД елдеріндегі Ресейден кейінгі жасанды жер серігі бар екінші мемлекетке айналды.2011 жылдың 16 шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Қазақстандық «KazSat-2» жер серігі аппараты ғарышқа ұшырылды.Араға үш жыл салып,2014 жылдың 28 сәуірі күні «KazSat-3» жер серігі аппараты орбитаға шығарылды.

Ғарышқа жол салған жер серіктеріміз телекоммуникациялық қызметтің жаңа түрлерін көрсетумен қатар, еліміздің қорғаныс, ауыл шаруашылығы, төтнше жағдайлар саласында айтарлықтай маңызды істер тындыруда.

Осылайша,ғарыштық қызмет қазірдің өзінде экономикамызға айтарлықтай үлес қосып отырған, келешегі зор қызмет түрі. Қазіргі уақытта ғылым мен техниканың жетістіктерінің арқасында аспан әлемінен күнделікті хабар алып, оны еліміздің өркендеуіне және дамуына пайдаланудамыз.

Ғалым-ұстаздар

Бауыржан Елеусінов,

Нұртаза Абдрахманов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<