Кремльге хат

534

0

Жақында БАҚ-та Сыр елінің өсіп өркендеуіне елеулі үлес қосқан, жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, запастағы милиция подполковнигі, марқұм Досмайыл Нұрбаев ағамыз туралы «Арда туған Досмайыл аға» атты мақалам жарияланды.

Ол 1947 жылы Өзбекстан Республикасы Термез қаласының педагогикалық техникумын аяқтағаннан кейін әуелі Сурхандария облысының Ұзын аудандық комсомол комитетінде еңбек жолын бастап, кейін 1951 жылы Ташкент каласындағы офицерлер мектебін аяқтайды.

Туған елге, жерге, ағайын-бауыр, туыс-достарға деген сағыныш жас лейтенантты қызметін елде жалғастыруға жетелейді. Бірақ оның жазған баянаттары Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі басшылары тарапынан қолдау таба қоймайды. Кейін «Карлаг» жүйесі атымен бүкіл Кеңес одағына әйгілі болған қарлы, ызғарлы Жезқазған лагеріне оперативтік уәкіл болып тағайындалады.

Қызметі елге ауысты, бірақ Жезқазғанның ауа райы қолайсыз, қатты суық. Жаңадан ашылған далалық лагерьде жазасын өтеушілер түгілі әскери, ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрмыстық жағдай қарастырылмаған. Жазасын өтеушілермен қатар қызметкерлерге де қатаң талап қойылған. Тұтқын қашса, бір-біріне дене жарақатын салса тәртіптік, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың. Досмайыл аға қызметін ызғарлы Арқадан шуақты Сырға ауыстыруды жөн көрді.

Мақала жазу үшін оның жеке ісі құжаттары арасындағы жазылғанынына жетпіс жыл болған хатты көріп, мәтінімен таныстым. Бұл 1953 жылдың 20 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы төрағасы К.Ворошиловтың атына он үш жастағы Нұрбаев Бакидің Досмайыл ағасын Қызылордаға ауыстыру туралы оқушы дәптері парағына жазылған хаты екен. Хатта оқушы Ворошиловты туған әкесіне теңеп, әке-шешесі 1952 жылы қайтыс болғаннан кейін, жетім болып, ана мейірімінен, әке қамқорлығынан айрылып, үйсіз-күйсіз алыс туысқандары үйінде тұрып жатқанын жазған. Оған қоса қазақ мектебінің 6-класында оқитынын, ағасы тарапынан материалдық, моральдық көмек көрсетуге мүмкіндік жоқ екенін, өзін әкелік қамқорлыққа алу үшін Жезқазғанда қазақ мектебінің жоқтығын, денсаулығы нашар екенін, сал ауруына шалдыққанын хабарлай келе, мектептегі оқуын үзбеу үшін Досмайыл ағасын Қызылордаға ауыстыруын сұрайды.

Енді осы хаттың хронологиясына тоқталып өтсек. Жеке істе осы хатқа қатысты бірнеше құжаттар бар. Оның біріншісінде «Москва қаласы, Кремль, К.Е.Ворошиловке», астында хат жолдаушы туралы «Қазақ ССР, Қызылорда қаласы, Коммунальная көшесі №29 үй. Нурбаев Баки» деген жазбалар бар. Жоғарыда сол жағында КСРО елтаңбасы, оң жағында Кремль бейнесі көрсетілген почталық марка, оның үстіне «Қызыл-Орда, 2010» деп көрсетілген, мөр басылған, байланыс бөлімшесі туралы деректер көрінбейді.

Айбынды Кремльдің кеңсесіне тіркеліп Ворошилов қарап, КСРО Ішкі істер министрлігі арқылы (тіркелген саны, күні, айы, жылы көрінбейді) түрме басқармасына жолданған құжатқа басылған мөрде «Тюремное управление МВД СССР», Вх.№79/15 14 ХI 1953 деп көрсетілген. Мөрдің сол жағында Н-78 деген жазбалар бар. Бұл Нұрбаевтың арызының 78 санмен тіркелгенін білдіреді. Әрі қарай арыз үш күн қаралып, оны 18 қараша 1953 жылы 119 № 34/1/1529 санмен КСРО ІІМ Түрмелер басқармасы бастығының орынбасары И.Денисов Қазақ ССР Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында орналасқан 7414 әскери бөлімі командирі Шатиловтің атына жолдаған. «Мерзімді әскери жауынгер Д.Нурбаевты (ол ішкі істер органы қызметкері) Қызылорда облысына ауыстыру туралы інісі, 6-сынып оқушысы Б.Нурбаевтың хаты жолданады» деп көрсетілген. Хатта Д.Нурбаевтың Б.Нурбаевқа ақшалай көмектесуге мүмкіндігі бар болуына байланысты оны құжатпен таныстыру керек екені хабарлана келе, Қызылорда облысына ауыстыруға мүмкіндік жоқ делінген. Ілеспе хат 30.ХI 1953 ж. 2596 санмен тіркелген.

1953-1960 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасы лауазымын атқарған К.Ворошилов атына жазылған өтініш хат әуелі Ішкі істер министрлігіне, одан кейін абақтылар басқармасына жолданып, бар болғаны 17 күнде арызданушыға хабарланған. Осындайда қазір біреулердің денсаулығына, жеке өміріне, мүлкіне, бостандығына қатысты әртүрлі сатыларға жазылып жататын арыз-шағымдардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарайтын лауазым иелерінің кесірінен бірнеше айлап сағыздай созылып, уақытылы, сапалы шешілмейтіні қынжылтады.

Маршал Ворошиловқа 6-сынып оқушысы хатты орыс тіліне, сауатты ересек адамның кеңесімен жазатыны түсінікті ғой. Мүгедек баланың жазған хатына Кремльдегілер мен Ішкі істер министрлігіндегілердің жанашырлық танытып, түсіністікпен қарағаны белгілі. Он үш жастағы Бакидің көмегімен елге ауысқан Д.Нұрбаев ағамыз 1954-1968 жылдары облыстық ішкі істер басқармасының Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық милиция бөлімшелерінде оперативтік уәкіл, аға оперативтік уәкіл қызметтерін атқарды. 1968-1984 жылдар аралығында Қазалы, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімдері бастығының орынбасары, кейін бастығы болып, 1984 жылы зейнетке шықты.

Ал енді хаттың авторы, жасөспірім Бақи ағаның жеке басына оралсақ. Ол 1940 жылы туған, бала кезінен мүгедектігіне қарамастан зерек, сауатты болған, Мәскеудің арнаулы орта оқу орнын аяқтап, елге оралған. Қазіргі Сужиков көшесінде тұрған. Мамандығы бойынша емес, облыс орталығында фотограф болып жұмыс істеп, шамамен 1970-жылдардың ортасында қайтыс болған екен.

Қазір түрме лагерьлерінің қазақ жеріне орналастырылу себебі туралы сұрақтар туындап жатады. Оған себеп лагерь тұрғыны аз, ұлан-ғайыр, ұшы-қиыры жоқ далада орналасуы керек болған. Табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалар қорының молдығы да, басқа республикалардан қашықта тұрғаны да әсер етті. Атышулы Берия басқарған, Одақ бойынша құрамына 64 ірі филиалы, 500-ден аса еңбекпен түзеу колониясы, 770 өндіріс колониясы, 414 совхоз кірген, «мемлекет ішіндегі мемлекет» атанған, КСРО Халық комиссиаратының (НКВД) арнайы бөліміне қарасты еңбекпен түзеу лагерьлері Бас басқармасы жүйесіне (ГУЛАГ) қарасты Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің (Карлаг) Жезқазған еңбекпен түзеу лагері. Бұл лагерьлер 1930 жылдың 12 желтоқсанында Қарағанды мен Жезқазғанда кен орындары, көмір бассейндері, Жезқазған, Балқаш мыс балқыту комбинаттары құрылуына байланысты Сталинның пәрменімен ашылған болатын. Тегін жұмыс қолы қажет еді, сондықтан да Кеңес одағының түкпір-түкпірінен жазасын өтеп жатқандар мен қарапайым адамдар, әйелдер мен балалар, арнайы контингент, неміс, корей, шешен, т.б. ұлттар өкілдері болды. Оларды күзетуге әскерилер мен ішкі істер органдары тартылған.

 Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер-журналист, полковник,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<