Ұлттық музейдің қорында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күріш өсіруден әлемдік рекорд жасаған текті тұлға Ыбырай Жақаевтың тері сіңген тақиясы сақталған.
Ыбырай атамыздың еcімін бала күнімізден жатқа білеміз. Ол туралы кезінде көп дүниелер жазылды. Маған ол кісі ертегінің кейіпкерлері секілді елестейтін. Сондықтан ба, атамыздың көзіндей көрінген тақияға ұзақ қарадым.
Құнды жәдігерді мұражайға, 2015 жылы Қызылорда қаласында өткен Ұлттық музейге сый тарту шарасы аясында, даңқты ердің баласы Сейітбек пен немересі Аягөз тапсырған. Олар тақиямен бірге атамыздың серігі болған кетпенінің басы мен орағын да өткізеді.
Бүгінде күріштің атасы саналған Жақаевты аға буын жетік білгенімен, кейінгі жас құрақтай желкілдеп өскен жеткіншектер біле бермейді. Бұрынғыдай еңбек көрігін қыздырған адам да көп дәріптелмейді. Сондықтан халқымыздың алып перзентінің өмірінен бір үзік сыр тарқатып өтсек дейміз.
Атамыздың даңқы күріш өсірумен дүркіреді. 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесіне егін егіп, дүниежүзілік рекорд жасады. 1949 жылы осы еңбегі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
Ыбырай Жақаев республикада алғаш болып күріш егісін жоңышқа атызына орналастырды. Оның ашқан жаңалығы өндіріске енгізілді. Бұл әдіс «Жақаев агротехникасы» деп аталды. Елімізде күріш атасының соңынан мыңдаған ізбасарлары ерді. 1971 жылы атамыз екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды.
Қазыналы қария имандылық қасиетінен ешқашан таймаған. Оны сол кезде мемлекет басқарған Дінмұхамед Қонаев та ерекше қадірлеген. Еңбектің нағыз майталманы болған қарт ұзақ ғұмыр кешіп, 1981 жылы ағайын-туысының ортасында дүниеден озды.
Қазіргі күні өзі туған ауыл, орта мектеп, Қызылорда қаласындағы көше Жақаев есімімен аталады. Еңселі ескерткіш орнатылған.
Осы ойдың бәрі атамыздан елордадағы бас музейде тұрған тері сіңген тақиясынан өрбіді.
Азамат ЕСЕНЖОЛ,
журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<