Күрескер келбеті

1093

0

1992 жылы болуы керек, Кеңестер Одағының бұрынғы бас хатшысы М.Горбачев алып империя тізгінін уысынан шығарып алғаннан кейін, орыс ұлты алдындағы кінәсін жеңілдетуді ойлады ма, әлде жаңа ғана тәуелсіздік алып жатқан мемлекеттер арасында кикілжің туғызу ниетінен бе «Қазақстанның бес облысы Ресейге тиесілі» деген сыңайда мәлімдеме жасап, елді дүрліктірген-ді. Сол кезде Алматыда ҚР Жоғарғы Кеңес сессиясы өтіп жатқан. «Горбачевтің сандырағына наразылық білдіріп жазатын, айтатын тиісті құзырлы орындар бар ғой» деп тірлігімізді жалғастырдық.

Үйге Қармақшыда тұратын Аббаз Қанатбаев досым келіп, сөзін асығыстау бастады.

– Горбачевтің мына жауыздығына Үкімет наразылық танытып, нота жолдайтын шығар деп күткенбіз. Қозғалыс сезілмейді. Сәпен, мына жеделхат мәтінін өзіңмен келісіп алайын деп келдім, – деп қолындағы қағазын ұсынды. «Алматы, Үкімет үйі. Жоғарғы Кеңес сессиясының Президиумына: – Біз азаттықтар. Горбачевтің «Қазақстанның бес облысы Ресейге тиесілі» деген мәлімдемесіне наразылық ретінде Жоғарғы Кеңес сессия жұмысын уақытша тоқтатуын, Мәскеуге арнайы үкіметтік нота жолдануын талап етеміз!»

Мен жолданатын жеделхат жобасын қолыма алып:

– Аббаз, Жоғарғы Кеңестің депутаттары – еліміздің әр аймағынан барғандар. Сессия жұмысын тоқтату, қайтадан жалғастыру мемлекетімізге үлкен шығын. Онсыз да экономикамыздың шатқаяқтап тұрғаны белгілі. Нота жолданып, халықтың наразылығы ақпарат құралдарында, телеарналарда көрініс тапсын, деген талап жазылса жетер, – дедім. Аббаз досымның ұстанымы осындай. Оның себебі бар.

Мектеп жасында балалар үйінде тәрбиеленгендігінен болар, ол өз қатарынан әлдеқайда озық, алғыр, талапшыл, білімпаз, күрескер азамат болып қалыптасты. Балалар үйінде тәрбиеленгендердің өзгелерден ерекшелігі, олардың ортасы қайнаған талас пен тартыс, айқас пен жарыс, тіпті төбелес те осылардың арасында. Бәсекеге қабілеттілік те осы ортада қалыптасқан. Бақытсыз балалық шақты көріп өскен, жетіспеушілікті біліп өскен бала Аббаз өжет, намысшыл болып жетілді. Оған қоса Аббаздың 1962-1967 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтында (МИИТ) оқып жүріп Сәбетқазы Ақатай, Мұрат Әуезов құрған «Жас тұлпар» қозғалысына қатысып қазақ студент-жастарының көшбасшысы ретінде Мәскеу жұртшылығына ұлттық мінез, бітім-болмысымен көзге түсіп шыңдалғаны өмірге,  қоғамға көзқарасын өзгертті. Еуропада оқып жүрген озық ойлы, еркіндік сүйген студент-жастармен аралас-құралас болғандығынан Аббаз орыс және әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткерлері жайлы кітаптарды көп оқыды, деректерге молынан қанықты.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланғалы жатыр. Егеменді ел болу үшін оның алғы шарттары – шекараң шегендеулі, тұтастығың түгендеулі, тілің мен ділің өз биігінде болуы үшін қуатты экономика, халықтың ұлттық, мемлекетшілдік мүдде төңірегіне ұйысқан, ортақ сана қалыптастыратын идеологиясы болуы, ол үшін Аббаз сияқты көшбасшылар керек. Аббаз үгіт-насихатты қажет етпейді. Тек оған ере алатын иықтас, мұраттас, рухтас достар керек. Ол – жетекші.

Мен достарымның барлығымен де шынайы араласқанды, кісімсімегенді қалаймын. Кісілігін қадірлеймін. Аббаз екеуіміздің достығымыз Қадыр ақын айтқан «Кісіліктің үлгісіндей – нағыз достықтамыз» деген ойдамын. Өтірік күлу, көлгірсу, «ой сен кереметсің ғой, сендей адам жоқ қой» деген сөздер айтылған емес, айтылмайды да. Қисығымыз болса түзетеміз, кемшілігіміз болса бетіне басамыз. Екеуіміздің дастархан басындағы әңгімеміз, пікірталасымыз қым-қиғаш ұрысқа бергісіз.

Дастарханнан босасақ, шахмат тақтасында пікірталастағыдай қарсыласпыз. Қарсылас болатынымыз ол толыққанды, мен жартылай демократпын. 1994 жыл. Елімізде демократияға үлкен бетбұрыс кезеңі. Ол Қызылорда облыстық кеңесіне баламалы түрде сайлауға түсіп депутат болып, аймақтың дамуына үлесін қосты. Сессия мәжілісі кезінде тосыннан қойған сұрақтары мен көтерген мәселелері жайлы айтсам, ол – ұзақ әңгіме. Батыл әрі өте сауатты түрде үлкен проблемалық мәселелерді көтереді, ұсынысы қолдау таппаса кейде сессия отырысын тастап шығып кетіп жүрді. Осындай сабырсыздығына: «Аббаз, мұның дұрыс емес. Бір биікке ту тігерде жауынгер бірде жүгіреді, бірде жүреді, көбіне еңбектейді. Сен мақсатыңа жету үшін осындай тактиканы ұстан, мәжілісті тастап кеткеннен ешнәрсе ұтпайсың» деймін.

Жосалы механикалық зауытында бірге істедік. Мен механикалық цех бастығымын, техникалық білімім де жоқ. Он жылдан астам токарь, слесарь, фрезеровщик болып істеген тәжірибем бар. Маған дейін осы цехты басқарған жоғары техникалық білімі барлар жоспардың орындалуын қамтамасыз ете алмай ауыстырылған. Аббаз – бас энергетик. Ол өзіне тікелей қатысы болмаса да, менің жұмысыма сын айтты.

– Ескі сарынмен, күнделікті жоспарыңды орындағаныңа мәз болып жүре берме, – деді.

– Не істеуім керек?

– Молодой человек! Ты руководитель. Обязан творить! Созидать! – деп бір тоқтады да, – уақыт техникалық прогресті қалайды, зауыт жұмысы, оның технологиялық тізбегіне өзгеріс енгіз. Жұмысшылардың ауыр жұмыстарын жеңілдет, – дегенді тап бір менің бастығым сияқты қадап айтты.

Ойландым, толғандым. Аббаз да қарап отырмады, жоғары дәрежелі инженер ғой, ақыл-кеңестерін берді. Өзгерттім, жұмысшыларға көп жеңілдіктер жасалды. Еңбек өнімділігі артты. Біраз уақыттан кейін Аббаз досым зауытқа бас инженер болды. Осы сәтте мен басшылық ететін механикалық цехта 150-дей жұмысшысы бар. 17 шетелге тарайтын, жерасты кен байлықтарды іздестіру мен өндіруге қажетті бұрғылау аспаптары шығарылатын. Талап күшейді. Өндіретін бұйымдарымыз мемлекеттік жаңа стандартпен жасалуы талап етілді. Жоспардың орындалуы төмендеді. Менің механикалық цехты басқарғандағы қабілетім бас инженер Аббазды қанағаттандырмады. Директорға ұсыныс берді де мені босаттырды. Басқа жұмысқа ауыстым. Бірер жылдан кейін Аббаз Қызылордада жаңадан ашылып жатқан ірі өндіріс орны – Қызылорда экспериментальдық жөндеу-механикалық зауытына бас инженер болып ауысып кетті. Оның соңын ала Қызылордаға көшіп келуді жоспарлап целюллоза-картон зауытының транспорт цехына бастық болуға келісіп, орналасайын деп жүргенімде Аббаз:

– Ол жұмысқа барма. Біріншіден, сенің қолың емес. Екіншіден, ол жақтан пәтер алу мәселесі тез шешілмеуі мүмкін. Сен бізге кел. Бізден пәтер алатының анық. Механикалық цехқа бастық керек болып тұр, – деді. Қайтадан Аббаздың қарамағына жұмысқа тұрдым.

Ол қызмет бабында жайбарақат жүруді білмейді. Тынымсыз. «Ты должен творить!» дегеніндей, ол – Творец! Зауытта бір жаңа жоба басталса, техникалық, технологиялық, конструкторлық бөлімдерге, цех бастықтарына тыным бермейді. Бүгін бәрі ойланып, әбден екшеліп орындалуы тиіс жұмысты енді бастағанда, түнімен ойланған Аббаз ертеңіне әйтеуір бір идеямен келіп, бастаған жұмысымызды қайта өзгертеді. Мұндай пәрмен талай-талай қайталанады.

Аббаздың айтқаны келіп, жұмысқа орналасқаннан алты ай өткенде қаланың қақ ортасынан бес бөлмелі пәтерлі болдым. Пәтерлі болғаныма ол менен артық қуанды, жұмыстан кейін үйге келіп, пәтерімнің әр бөлмесіне кіріп аунап жүр. Тап бір өзі үйлі болғандай «Ой, рахат болды-ау» дейді. Қызғаныш, көре алмау деген жаман қасиеттерге оның болмысында орын жоқ.

1977 жылы Аббаздың көземелдеуімен Қызылорда ағаш өңдеу зауытына директор болып тағайындалдым. 1979 жылы Қызылорда экспериментальдық жөндеу-механикалық зауытының базасында «Қызылордаремстройдеталь» бірлестігі құрылып, оған құрылыс материалдары комбинаты, «Ремстройдормаш», Жаңақорған қиыршық тас және Қызылорда ағаш өңдеу зауыттары қарайтын болды. Аббаз бір мыңнан аса жұмысшысы бар осы ірі өндірістік бірлестіктің бас инженері болып тағайындалды. «Үлкен кемеге шалқыған теңіз керек Аббаз қолын жаңа тапты» деп түйдік.

1987 жылы Жосалы механикалық зауытына директор қажет болып, облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Аббаз Қанатбаевты зауытқа директорлыққа бекітті. Сол кезде аталған зауыт КСРО Геология министрлігінің Мәскеудегі ғылыми-техникалық бірлестігіне (ҒТБ) бағынатын. Бұл бірлестік ғарышты игеру мақсатындағы жұмыстармен айналысатын. Басшылары Айға қонған әуе кемесінің бір бөлшегі – луноходты жасап, Ай бетінен қазып алынған топырақты жерге сәтті жеткізгені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын және Социалистік Еңбек Ері атағын алған  кілең дөкейлер. Аббаз директорлық міндетіне батыл кірісті. Зауыт шығаратын өнім түрлерін көбейтті. 1939 жылдан пайдалануда болған зауыт ғимараттары техникалық қайта жарақтауға жарамсыз болды. Жосалы зауытына жаңа ғимараттар салу, технологиялық, техникалық қайта жабдықтау, олардың орындалуы үшін миллиондаған сома қаражат бөлу мәселелерін ҒТБ алдына қойды. Аббаздың ұсыныстары басшылықтан қолдау таба қоймады. Әлденеше мәрте орындалуы міндетті, өзекті және кезек күттірмейтін мәселелер қисыны келіп тұрса да қабылданбады. Ұсыныстың дұрыстығын дәлелдеп жеткізе алмай жаны күйген Аббаз:

– Сіздерге таңым бар. Жосалы механикалық зауытымен салыстырғанда Ресейдегі жаңа өндіріс орындарына қаржы бөлгендеріңізді көріп отырмын. Қазақстандағы зауытқа қашан бет бұрасыңдар. Мен осы ұстанымдарыңды шовинистік көзқарас, қазақ ұлтын менсінбеу демеске лажым жоқ, – деп бір емес, бірнеше рет талап ете бергесін Аббазды зауыт директорлығынан босатып жіберді.

Әділетсіз бұйрықты өзгерту мақсатында, өзінікін дәлелдеп Аббаз бір жыл соттасып жүріп директорлық қызметіне қайтып оралды. Бірақ, директорлық орынға отырмады. «Маған керегі орынтақ емес, әділет болатын. Ақиқатымды дәлелдедім» деп өзі «АНК – Дәулет» деген жеке кәсіп ашып, бизнесін дөңгелетті. «АНК – Дәулет» серіктестігі Жосалының қыр бетінен 200 гектар жер алып қиыршақ тас араласқан топырақты елеп, әртүрлі фракцияларға бөліп, жуып, кептіріп, арнайы қаптарға салып теміржол вагондарына тиеп жөнелтетін технология тізбегін құрды. Ағысы қатты өзендерге орнатылатын су реттегіш тоспалар құрылысы мен «Қазатомпром» өндірісінің қажетін өтеп, үлкен сұранысқа ие болып отыр. «АНК – Дәулет» – 30 адамды жұмыспен қамтыған Қармақшы ауданындағы тұрақты кәсіпорын. Демеушілік, қайырымдылық істерімен де танымал, жыл сайынғы су тасқынына қарсы күрес кезінде аудан басшылығы осы серіктестіктің көмегіне жүгінеді. Аббаз Қанатбаев – Қармақшы ауданының құрметті азаматы.

Сөзімнің басында Аббаз досымды жетекші дегеніме қосып айтарым, ол – кітап оқуда да менің үлгім. АҚШ-тың үшінші президенті, Америка Тәуелсіздігі Декларациясының авторы Томас Джефферсонның өмір жолы мен трактаттарын, Джавахарлал Нерудің қызы Индира Гандимен хаттарын, «Деловая Америка», тағы басқа кітаптарды Аббаздың айтуымен, қызықтыруымен оқыдым. Кітаптарды оқып болғасын ойым, қиялым алысқа шарлап кетеді. «Осыларды Аббаздан бұрын неге оқымағанмын» деймін. Шағын мақалада оның жетекшілік, күрескерлік, азаматтық қасиеттерін айшықтайтын, көптеген хикаяттардан тұратын сәттерді қамту мүмкін емес. Бір-бірімізбен дидарласуға, әңгімелесуге асығамыз. Шақыру күтпей бара берем, ол келе береді.

Қоғамды алға жылжытатын Аббаз сияқты білікті, қажырлы, қайсар, жан-жақты азаматтар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына өндіріс басшысы әрі жеке тұлға ретінде Аббаздың үлесі зор. Түйіндегенде айтарым, «Энгельстей досың болса, Маркс болмауың мүмкін емес» деп Қадыр ақын айтқандай Аббаздай досың болса, топас болуың мүмкін емес.

Сәпен АҢСАТОВ,

Қармақшы ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<