Мәңгі өлместің мұрасы

916

0

Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде күллі түркіге ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып әуезші Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіштің бітімі бөлек, тағылымы зор.

Әйгілі орыс ғалымы В.Жирмунскийдің «Сырдария бойында Қорқытты қадірлеудің мың жылдық өнегесі бар» деген пікірінде шындық жатыр. Өйткені, бұл – Қорқыт атаның кіндік қаны тамған жер, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкентте дүниеге келген данагөй бабаның ғұмыр кешкен даласы, ақыреттік торқалы топырағы. Бабаның аңызы мен рухани-музыкалық мол мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген жер де – осы Сыр өңірі.

 Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыз үні сарнаған киелі кесене адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Дана бабаның мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті.

Аты мәшһүр мемориалды кешен Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысына таман 18 шақырым жердегі қазіргі «Қорқыт» теміржол стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен басталған.

Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді қайта жаққан ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі шаһарларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері есепке алынды. 

Сондай шаралардың бірі – Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту жобасы болды. Ескерткіш заманауи бейнеге енгелі мұнда тәу етіп келушілер қатары еселеп артты. Қайта жаңғыртудан соң ескерткіш еңсесі 12 метрге, ол орналасқан жердің өзі (тұғыры) 2,5 метрге биіктеді. Бұған қоса, амфитеатрды жағалай бауырлас түркі елдерінің туы немесе ұлттық нышандары сап түзеді. Оған екі жылда бір мәрте өткізілетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» өнер  фестивалі кезінде тутұғыр орнатылды. Бұрынғы ескі темірбетон материалдарды мрамор мен ұлутастар ауыстырды. Ал, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан арғы бетіндегі «Қорқыт ата зиярат ету орталығынан» осы ескерткіш кешенге дейінгі, онан «Ақсақ қыз» кесенесіне дейінгі аралыққа жүргіншілер жолы салынып, жарықтандырылып, аумақ түгел абаттандырылды.

Кешендегі алып қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стелла әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылған тәрізді Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған.

Бұл – мемориалды кешен тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызған қасиетті орын. Тарихи-мәдени мұраны көруге шетел азаматтары да ат басын бұрады. Туристердің көпшілігі Германия, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция елдерінен келеді. Соған сәйкес Қорқыт ата мемориалды музейінде шетел тілін білетін мамандар жұмыс істейді.

Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Қазақстанның бастамасымен және бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекетінің қолдауымен ұйымның қарауына алынған жұмыс осылайша игі нәтижемен аяқталды. Нақтырақ айтқанда, «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат Маврикий республикасының астанасы Порт-Луиде өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды.

Бұл мәңгілік өмірді көксеп өткен Қорқыт ата мұрасының адамзат жадынан мәңгілік өшпейтінін танытады.

Айгүл БЕРМАХАНОВА,

Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<