Майданнан 10 ұлы аман оралған ана

1209

0

Газетіміздің 8-ші қыркүйек күнгі санына «Тырналар жыры» атты жазбамыз жарияланған-тын. Ол мақалада Солтүстік Осетия-Алания республикасының Алагирск ауданына қарасты таулы қыратта орналасқан Дзуарикау атты ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанған Газдановтардың жеті ұлының бірде-бірі тірі оралмағаны жайлы жазылған еді. Ал бұл жолғы жазба жоғарыдағы қайғылы оқиғаның келесі қыры іспеттес.

Украина Республикасы Черкаск облысының Корсунь-Шевченковский ауданында Бровахи атты қыстақ бар. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары бұл елді мекенде Макар және Евдокия Лысенколар отбасы өмір сүрген. Бұл ерлі-зайыптылардан едел-жедел туған үймелі-сүймелі 11 ұлы және 5 қызы болыпты. Өткен тарихтан білеміз, 1930-шы жылдардың басында біздің Қазақстан сияқты Украинаны да аштық жайлады. Он бір ұлдың үлкені Евтух зұлмат жылдары кәсіп іздеп Киевке аттанады. Ол сол күйі өлі-тірісі белгісіз хабарсыз жоғалады. Ал 16 баланың әкесі Макар 1933 жылы ішер асқа жарымай қиналған отбасын уайымдап, құсалықпен шейіт кеткен.

Сөйтіп, жұттан аман қалған 10 ұл мен 5 қызын аналары Евдокия Даниловна Лысенко әупірімдеп бағып-қағып, олар ептеп еңсе көтере бергенде бұрқ етіп соғыс басталмай ма. Қызық болғанда жесір кемпірдің 10 ұлы: Хтодос, Петро, ​​Иван, Василий, Михайло, Степан, Николай, Павло, Андрей мен Александр барлығы майданға аттанып, тәңірдің қалауы, тағдырдың жазуы түгелдей қан майданнан  от орнына аман-есен оралыпты.

Майданнан 10 ұлы аман оралған ана

Осы бір өте сирек кездесетін оқиғаны шет жағалатып, жұқа қайырып айтар болсақ, соғыс басталғанға дейін ауылда тракторшы болған Николай Лысенко немістердің алғашқы тебіне тап болып, қосыны қынадай қырылып жаралы күйде жау қолына түсіп, одан құтылып ақыры 1944 жылы қара шаңырағына аман жетіпті.

Ал ұлдың сегізіншісі Павло Лысенко болса, соғысқа бастан-аяқ қатысып, немістер жеңілген соң Еуропаны жаудан тазарту ісіне жұмылыпты. Сөйтіп, ап-сап басылған соң 1947 жылы үйіне оралған. Мына қызыққа қараңыз: бірде Павло жау тылында түнгі барлауда жүріп, абайсызда немістермен қоян-қолтық шайқасқа түседі. Ол енді өлдім-ау дегенде көлденеңнен бір кеңес жауынгері көмекке келіп, құтқарады. Қараса, бұл адам туған ағасы Михайло Лысенко екен. Осы Михайло Мажарстанды азат ету майданында ерлік көрсетіп, «Даңқ» орденінің иегері атаныпты. Жеңісті Ереван ауруханасында жатып қарсы алыпты.

Осындағы 10 ағайындының ішінде жалғыз Василий Лысенко ғана офицерлік шенге жеткен. Ол взвод және батарея командирі міндетін ойдағыдай атқарып, еліне аман оралса, жаяу әскер сапында балған Андрей Лысенко майданда ауыр жараланып, бір аяғынан айырылып ауылға қайтқан. Келген соң пешші болып кәсібін айырған.

Ағайындылардың ең жасы Александр Лысенко 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, Берлинді алған әскердің алдыңғы шебінде шайқасқан. Рейхстагтың құлағанын көзімен көрген. Соғыстан кейін әскери борышын өтеп барып, асықпай отбасына оралыпты. Ал Иван Лысенко болса Польшаны азат ету кезінде немістердің қолына түсіп, одан әйтіп-бүйтіп қашып шығып, Қызыл Армиямен қайта қауышып ақыры тірі келген.

Хтодос Лысенко Будапештті азат ету кезінде немістер құрған минаға тап болып, бір аяғынан айырылады. Сөйтіп, ауылына арбамен оралса, Степан Лысенко гвардиялық 83-ші танк дивизиясы құрамында Смоленскіні азат ету шайқасында басынан ауыр жараланып, бір жарым жыл емделеді. Содан жазылып шығып, немістер тізе бүккен соң Қиыр Шығыста жапон миллитаристерін жоюға ат салысып, 1947 жылы үйіне келіпті. Петро Лысенко майдан даласында телефонист міндетін атқарған екен. Соғыста бір қолынан айырылып, туған ауылы Бровахиге оралды.

Осылай 10 ұлын майданға аттандырып, амандығын тілеп үйдегі бес қызына пана болған Евдокия кейуананы соғыстан кейін үкімет Киевке шақырып «Батыр ана» орденімен марапаттапты. Жарықтық 1967 жылы 73 жасында бақилық болыпты. 1984 жылы Бровахи ауылына батыр ана Евдокия Даниловнаға арнап үкімет еңселі ескерткіш тұрғызыпты. Осы ескерткіштің ашылуына 10 ұлдың 9-ы қатысады. Тек Василий бұл қызықты көре алмапты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<