Майраның әні

501

0

Сурет ашық дереккөзден

Ежелден ән тербеген қазақ даласында Керекудің де алар орны бар. Бұл өңірден есімін дүйім жұрт қастерлеп, әндері жалпақ елге тараған Жаяу Мұса, Иса Байзақов, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев пен Майраны айтсақ та жетіп жатыр.

Бұған дейін біз атақты Естай Беркімбайұлы жайлы жазғанбыз. Әсем әнді кім сүймейді? Осы ретте «Қорланға» біршама қалам тартқанбыз. Енді Майра Уәлиқызы Шамсутдинова туралы жазуды жөн көрдік.

Майра 1890 жылы 6 мамырда Уфадан Павлодарға көшіп келген татар саудагері Уәли Шамсутдиновтің отбасында дүниеге келген. Шешесі Қатира – Кереку топырағының қазағы. Музыка зерттеушілерінің сөзіне қарағанда, өнер Майраға анасынан дарыған, оның әжептәуір әншілігі болған. Жалғыз қызы Майра 10 жасқа келгенде әкесі Уәли оған «Тольянка» дейтін татар сырнайын сатып әпереді. Осы музыкалық аспапты өздігінен игерген Майра келе-келе тольянкамен қазақша, татарша, орысша әндер орындауға машықтанады, 13 жасынан топқа түсіп, ел алдына шығады. Сол төңіректе, яғни Кереку өңірінде Майрасыз той-думан өтпейтін болған. Ақындыққа да бет бұрады. Ол жайлы ақын Мәриям Хакімжанова: «Майра ақын да еді. Семей қаласында екі ақынмен айтысып, екеуін де жеңген», депті.

1909 жылдың тамыз айында Алматы облысы Ақсу ауданы Қарағаш деген жерде сегізжылдық медресе ашылып, осы медресеге сырттан шақырылған мұғалімдермен бірге Майра келеді. Керекудің жас бұлбұлы осы төңіректегі ауыл-ауылды аралап өнер көрсетеді. Барлық жерде халық үлкен қошеметпен қабылдап, салған әндеріне тәнті болады. Бір сөзбен айтқанда, тыңдаушыларының сүйіспеншілігіне бөленеді.

Жылдан аса уақыт өткесін Майра еліне қайтатын болады. Әбден бауыр басқан жұрт әншіні қимайды. Кетерінде шығарып салуға халық көп жиналады. Сонда гармонын құлаштай созған ақын әрі сазгер Майра табан асты «Қоштасу» әнін шығарып, орындаған екен дейді. Соның екі шумағын бере кетейік:

– Қош боп тұр, туған жерден алыстағы ел,

Той жасап, думандатып табысқан ел.

Есіл мен асау Ақсу жарысқандай,

Өнері дәулетімен шалқыған ел.

Ақсуым болсын деймін елің аман,

Жаз жайлау жұпар шашқан жерің аман.

Аялап еркелеткен серілерің,

Болғай да ел бастаған ерің аман.

Қоштасу кеші таң алдына дейін жалғасса керек. Сонда медресе мұғалімдерінің бірі тұрып «Майраның әніне жауап өлең арнасақ дұрыс болар еді» депті. Жас жігіттер ақылдаса келе жасы 17-ге енді шыққан Ілияс Жансүгіровке шақырушы жіберіп, алдырған ғой. Мән-жайға қаныққан ол ән бұлбұлы Майра апасына арнап мынадай өлең оқыпты:

– Майра апай, сіз едіңіз өнері асқан,

Құмар ем әніңізге бала жастан,

Сайраған үніңізді естігенде,

Тіл қаттым жастығыма қарамастан.

Мен де бір талаптанған ініңізбін,

Жарқ еткен ұшқынымын жырыңыздың.

Қабыл ал, өлеңменен өзіңізге,

Тарту ғып жас жанымның гүлін үздім.

Өнердің қанат қағып өріне сіз

Шықтыңыз құрметпенен төріне сіз.

Еліңе қайтып барам десеңіз де,

Ұзатқан қызымыздай көрінесіз.

Майра апай, сіз де бізді ұмытпаңыз,

Көңілді ешқашан да суытпаңыз.

Көгімде әніңізді қалықтатып,

Ақсуды тағы келіп қызықтаңыз.

Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Естайдың жолын жалғаған жалғыз әйел осы Майра деп білеміз. Ол ән шығарып қана қоймай, мәтінін де өзі жазды. Сол кезеңнің қалталы адамдары, бай кісілер ойын-тойдың көркі болған Майраны шақырып ән салдырған. Қарқаралының, Қояндының жәрмеңкелерінде апталап жатып, өнер көрсеткен. Әрине, қомақты табыс та тапқан. Сәнді киінген, өзі көрікті, өзі әнші, өзі ақын қызға талай жігіттер қызығады. Бірде атақты Мұса Шорманның немересі Жармұхамедтің Майраға көзі түсіп, көп ұзамай екеуі бас қосады. Бірақ бір жылдан соң, Жармұхамед ауырып дүниеден өткен.

Сәл кейін семейлік палуан Әбілмәжүнмен көңілі жарасып, киелі Семей топырағына келін болады. Ұлы Абай жерінде өнері асқақтайды. Абай әндерін үйреніп, айта жүреді. Тағдыр шығар, екеуінің арасында бала болмаған. Сол себепті Әбілмәжүнмен ажырасып, Керекуге қайтады.

Өмірдің ащысы мен тұщысын татқан Майра көп толғаныстан соң, «Майра» әнін шығарған ғой. Тыңдаушысының құлақ құрышын қандыратын әсерлі ән халық арасына тез тарайды. Атағы алысқа кетеді. Майраның өмір жолын білетін Байғабыл Жылқыбаев «Бай мен сері жігіттер Майраға құмар болды. Ол ән салған сайын ашыла түсетін. Дауыс мәнері Жамал Омароваға ұқсайтын» десе, Зара Қабдешқызы «Майра бірнеше рет тұрмыс құрса да, оған ана болу бақыты бұйырмапты. Соңында ұрпақ қалмады, алайда өлмес мұрасы, асқақ әндері қалды» дейді. Иә, расында солай. Бүгінде оның жиырмаға тарта әндері белгілі болып отыр.

«Майра» әнін аға буын білетін болар, алайда өскелең ұрпақ біле жүрсін деп ән мәтінін ұсына кетуді жөн көрдік:

– Қызы едім мен Уәлидің Майра атым,

Тартады бозбаланы магнитім,

Құрбылар жастық шақта ойна да, күл,

Қартаяр, ұйқы қашар, уақыт жақын.

Майра, Майра,

Қызыл тілім сайра,

Халә-ләку ләйлә, Майра,

Шырқа осындайда…

Дегенге атым Майра, атым Майра,

Отыз тіс, көмекей мен тілім сайра,

Қолға алып гармоныммен ән шырқасам,

Ілесер сонда маған жігіт қайда?

Майра, Майра,

Қызыл тілім сайра,

Халә-ләку ләйла, Майра

Шырқа осындайда.

Қайсыбір әншілер «Қолға алып, домбырамен ән шырқасам» деп орындап жүр. Дұрыс емес, Майра әнді домбырамен айтпаған, сырнаймен (гармоньмен) айтқан.

«…Параходпен Омбыдан Семейге Ертіс өзенін бойлап жүзіп келе жатқанымда, каютаның төменгі полубасынан керемет контр-альт дауысты естідім де жоғарыдан дереу түстім. Бұл 1926 жылдың жазы еді. Жарасымды киінген, жасы отыздардың үстіндегі әдемі қараторы әйелді көрдім. Оның құлағында шығыстың ұзын сырғасы, мойнына бірнеше түсті алқалар тағылған. Жібек көйлегі мен орамалы да түрлі-түсті болды. Осы үйлесімділік әншінің жақсы талғамын байқатты. Таныстым. Майра Уәлиқызы екен. Сол жолы оның репертуарындағы 13 әнді нотаға түсірдім» деп жазады Александр Затаевич.

«Майра» әнінің 3 нұсқасы бар. Біріншісі – халық арасына кең тараған, қазір айтылып жүрген негізгі нұсқа. Бұл бірден жоғары регистрден басталып барып, бірте-бірте төмендейді де, қайырмаға түседі. Негізгі нұсқаның орындаушылары жетерлік, бәрінің атын атап, түрлерін түстемей-ақ қоялық. Десе де, бала күнімізде Қазақстанның Халық артисі Рахия Қойшыбаеваның «Майраның әнін» радиодан келістіре шырқағанын тыңдағандардың бірімін. Бүгінде әншілер Майра Ілиясова, Клара Төленбаева, Дәрігүл Алдажанованың орындауында ән өз өрнегін тапқан деуге болады.

Екінші нұсқасын Перизат Тұрарованың айтуында тыңдадық. Мұнда ән керісінше, төменгі регистрден біртіндеп жоғары қарай көтеріледі, бірақ қайырмасы бірінші нұсқамен бірдей.

Үшінші нұсқа Майраны көріп, оның өз аузынан 12-13 жасында үйренген Байғоныс Мұхамеджанұлы деген әншінің орындауында бейнеқорда сақталған екен. Қайсыбір дыбыстарының көмескіленіп қалғаны болмаса, мәнері құлаққа қонымды. Осыдан үйренген болуы керек, домбырамен Зарина Рахманбердиева деген әнші қыз айтыпты. Бұл үшінші нұсқа алдағы екеуіне ұқсамайды.

Енді Майра Шамсутдинованың әндерінің бірнешеуін атасақ, олар – «Мақпал», «Толқыма», «Баянауыл», «Құрбымжай», «Угай-ай», «Телқоңыр», «Қаракөз», «Бақша». Осылардың ішінде «Бақша» әні өткен өмірін баян ететін керемет туынды деуге келеді. Белгілі композитор Ахмет Жұбанов бұл ән туралы ұнамды пікір жаза келіп: «Бақша – әннің асылы» деп жоғары бағалап кеткен. Осы әнді Клара Төленбаева өзі баянға қосылып, жеріне жеткізе орындайды. Домбыраға қосылып Әсел Ботаева, Айнұр Әбілқасымова деген жас әншілердің айтқанын да тыңдадық. Ал «Толқыма» әнін шебер орындаған Шұғыла Кемалованың ашық әрі биік даусына риза болдық.

Небәрі 37 жыл ғана ғұмыр кешсе де, Майра Уәлиқызының қазақ ән өнеріне қосқан үлесі аз емес. Ол шығарған әндер өміршең. Аса талантты жанның өмірі мен шығармашылығында әлі де зерттеуді қажет ететін тұстары бар екені даусыз. 2018 жылы өткен «Мен Қазақпын» мега жобасында «Майра» әнін Аяулым Қамажан деген жас әнші жоғары деңгейде орындап, Мырзатай Жолдасбеков бастаған қазылардан әділ бағасын алып, үлкен жетістікке жетті.

Майра Уәлиқызы Шамсутдинова халық композиторларының да әндерін керемет орындаған. Өкінішке қарай, оның дауысы еш жерде сақталмапты. Мысалы, ол Естайдың барлық әндерін білген және құйқылжыта шырқаған. Қазақстанның Халық артисі, дәстүрлі ән орындаудың хас шебері Жүсіпбек Елебеков Майрадан бірнеше ән үйренгенін айтады. Сол заманда Қарақаралы мен Кереку жәрмеңкелеріне небір атағы аспандаған әнші-күйшілер, палуандар арнайы келетін болған. Солардың бірі және бірегейі Қажымұқан екен. Майра атақты палуанмен бірнеше рет кездескен. Жәрмеңкеден бөлек, Иса Байзақов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Шамсутдинова үшеуі ауыл-ауылды аралап өнер көрсетіпті. Майра мен Қажымұқан туралы алыпқашты әңгімелер де болған. Осыған байланысты ақын Дихан Әбілов палуаннан әншімен арақатынасын сұрағанда Қажекең «Керекуде бір орыс палуанымен 3 күн күресіп, жыға алмадым. Сонда иығына ақ шәлі жамылған Майра келіп «Аға, ел біткен сізге тілекші болып, сіз жеңеді деп күтіп отыр. Солай болуға тиіс. Мен де сіздің намысты бермейтініңізге сенімдімін» деп шын ықыласын білдірді. Майраның осы сөздері маған күш-қуат беріп, орыс палуанының жауырынын жерге тигіздім. Содан бастап, Майра екеуміз ағалы-қарындастай сыйласамыз» депті.

«Майра» әнінің құлаққа жағымдылығы мен әуен-ырғағының гармониялық үйлесімі үшін таңдаған болар, Евгений Брусиловский әнді «Қыз Жібек» операсына, Бақытжан Байқадамов хор каппелласына пайдаланған. Ақын Әбділда Тәжібаев «Майра» атты пьеса жазған. Ол Мұхтар Әуезов атындағы театрда сахналанған.

Өзі өмір сүрген заманынан озық туған Майраның 2001 жылы Павлодарда музей үйі ашылыпты. Ол «Майра Шамсутдинова атындағы ән-шығармашылық үйі» деп аталған. Тольянка сырнайынан бастап, киген шапаны мен қос етек көйлегі, аяқ киімі, тұтынған заттары қойылыпты. Әдемі портреті және бар. Ал Павлодардың орталық музейінде әнші жайлы құнды деректер жинақталған көрінеді. Павлодардағы өзінің атымен аталатын көшеде  ескерткіші орнатылған.

Жарық дүниеде аз өмір сүрсе де, соңына өлмейтін, өшпейтін мұра қалдырған Майра Уәлиқызының әндері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<