«Маусым жарлығының» қасіреті

679

0

Қазақ ұлты тарихындағы ерекше тұстың бірі ХХ ғасырдың басы екені белгілі. Бұл тұстың қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті үшін бергені де аз емес. Алғашқы қазақ газеттері мен журналдары өмірге келді, олар халыққа ел жағдайын жеткізумен қатар, сол тұстағы  әдеби дамуға да үлес қосты. Қазақ қаламгерлерінің әңгіме, өлеңдері және т.с.с.  сол кезеңде алғаш осы газеттер мен журналдарда  жариялана бастады. Алғашқы қазақ романдары, альбомдық өлеңдер, көркем очерктер, жолсапар очерктері өмірге келді, яғни, қазақ әдебиеті жанрлық жағынан өсті, байыды, көркем аударма өнері жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Баспалардан қазақ тіліндегі кітаптар көптеп шыға бастады. Сонымен қатар, бұл кезең қазақ даласы үшін сан түрлі саяси-әлеуметтік  оқиғаларға  толы болды. Осы кезең туралы К. Бисембиев:  «ХХ ғасыр басында қазақ даласындағы қоғамдық санаға түрлі әлеуметтік-саяси, философиялық, қоғамдық тенденциялар мен құрылыстар әсер етті» деп жазады. Бұл ғасыр басындағы және соның алдындағы қазақ даласында болған саяси-әлеуметтік және шаруашылық жағдайындағы өзгерістермен тікелей байланысты еді.

ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін өте ауыр болды, орыс патшасының қазақ даласына қысымы күшейді. Елде басқару тәртібі, экономикалық жағдай өзгеріске түсті. Теміржол мен өндіріс орындарында қазақ ұлтының жұмысшы табы қалыптасты. Патшалық Ресейде 1905 жылы болған буржуазиялық төңкеріс орыс империясын тәлтіректетіп кеткен еді. Жағдайды түзеу үшін патша үкіметі орыс шаруаларын Орта Азия мен Қазақстанға көптеп қоныс аудартты. Солармен қатар қазақ даласына патша саясатына қарсы көзқарастағылар да көптеп келді. Деректерге қарап  отырсақ, 1917 жылға дейін орыс қоныс аударушыларына қазақ даласының  ең шұрайлы жерлерінен 45 миллион десятина жер бөлініп беріліпті, ал бүкіл Ресейде сол кезде шаруалардың иелігінде 75 миллион десятина жер болған екен. Осы факт орыс патшасы қиянатының, қазақ елін өз отарына айналдырғанының анық көрінісі екені даусыз.

Сол кезде қазақ зиялылары мен оқығандары да түрліше бағыт ұстанды. Бұл осы тұстағы қазақ зиялылары әрекеттерінің қайшылыққа толы екенін көрсетеді. Орыс үкіметі жүргізіп жатқан соғыс елді әбден қалжыратты, мұның зардаптары қазақ еліне де тиді. Елдің қиындыққа толы тіршілігін патша өкіметіне қарсылар ұтымды пайдалана бастады, мұнда, әсіресе, қазақ даласына жер аударылған большевиктердің рөлі зор болды.

Ал, 1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның майданның қара жұмысына қазақтан адам алуы туралы жарлығы осы асқынған ахуалды онан сайын ушықтырып жібергені хақ. Бұған дейін де қазақ даласында патша билігіне қарсы әр жерде толқулар, ереуілдер болып тұрды. Бұған мысал ретінде 1915 жылғы Екібастұз көміршілерінің, «Орынбор-Ташкент» теміржолшыларының, Спасск мыс зауыты жұмысшыларының ереуілдерін, 1916  жылғы Қостанай, Семей және т.б. уездердегі толқуларын, 1916 жылғы «Сексеуіл» депосы жұмысшыларының ереуілін және т.б. атауға болады. Бірақ оларда дәл осы оқиғаға, яғни, майданның қара жұмысына қазақтан адам алуына қатысты елдің тұтаса қарсылық көрсетуі болмаған еді. Қазақ бүкіл халық болып атқа қонбаған. Осы жағынан келгенде, бұл Кенесары көтерілісінен кейінгі аса үлкен көтеріліс болғаны хақ.

Көтеріліс қазақ даласының әр тұсында болып жатты. Бұған халық ақындарының жырлары да толық куәлік бере алады. Мысалы, Жамбыл Жабаев өлеңдерінде Ұзынағаш, Қордай маңындағы көтеріліс туралы айтылса, Иса Дәукебаевтың «Бекболатында» Алматы, Қаскелең маңы, Омар, Күдері, Сәт ақындарда Торғай аймағы, Әлтай Сүйіншәлиевте Мерке, Луговой, Аспара, Шу (Ақкөз батыр) Кеген маңы, Біржан Берденовте Қызылжар маңы, Жүсіпбек Жиенбековте Қарқаралы төңірегі, Төлеу Көбдіковте Шығыс Қазақстан төңірегіндегі көтеріліс оқиғалары суреттеледі.

Бұл көтерілістің ішіндегі ең  ірісі – Торғай даласындағы көтеріліс болса, ол кең қанат жая отырып, 1917 жылғы социалистік төңкеріске ұласқаны белгілі. Жоғарыда баяндалған патша жарлығы шыққан тұстағы жағдайды қазақ зиялылары да, ел де түрліше қабылдады. Бірі, мәселен М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов елдің патша өкіметінің қанауына қарсы болғанын құптағанмен, майданның қара жұмысына қазақ азаматтарының баруына қарсы болған жоқ. Олар қазақ жігіттерінің майдан жұмысына барғаны дұрыс деп білді. Өйткені олар біріншіден, қазақ жігіттері майдан даласын көрсе, ширайды, әскери өмірден хабары болады, саяси көзқарасы қалыптасады, оянады деп ойласа, екіншіден, қолында шоқпардан басқа қаруы жоқ қазақ патшаның қарулы әскерінің қырғынына ұшырайды деп қорықты.

Оқиғалар дамуы ұлт зиялыларының ойлағанынан басқа бағытқа бұрылды. Бұған жоғарыда айтылатын саяси көзқарасы үшін жер аударылып келгендер айтарлықтай ықпал етті. Ал, кейіннен М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов сияқты ұлт зиялыларының қаупі шындыққа айналды. Иә, бұл шындығында да солай болды, қазақ даласы қанға бөкті. 1917 жылғы қазан төңкерісі болмағанда 1916 жылғы көтеріліске қатысушылар ғана жазаланып қоймай, патша билігі бүкіл қазаққа одан әрмен тізесін батырар, атылғандар мен асылғандар, итжеккенге айдалғандар саны тіпті көп болар еді. Қазақ зиялыларының екінші бөлігі істің ақырын күтті, мұны олардың шығармаларынан анық аңғаруға болады. Үшіншілері патша жарлығына қарсылығын білдіріп, шығармаларында күреске үндеді, күрес туралы жырлады.

Деректерге сүйенсек, 1916 жылғы көтерілістің қазақ халқы үшін өте тиімсіз болғанын көреміз. Қазақ елі орыс қаруының қырғынына ұшырады, тіпті, атылғандар, асылғандар мен итжеккенге айдалғандардың нақты саны әлі де анық емес. Бұл кезең әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Осыған қатысты кей мағлұматтарға назар аударар болсақ, Батыс майданның өзінде қара жұмыста 13 жарым мың қазақ болған. Бұл деректер ұлт көсемі Ә.Бөкейхановтың өзі бастап барған тексеру комиссиясының есебінде бар. Қалғаны оңтүстік батыс, солтүстік майдандарға жіберілген.

Алаш зиялылары жоғарыда айтып өткеніміздей, майданға баруды қолдап қана қойған жоқ, өздері де сол майдан даласына барып, комитеттер құрып, ондағы қазақтар жайын бақылап отырған. Б.Әбдіғалиұлы: «Орташа есеппен қара жұмысқа 100 мыңдай қазақ шақырылған, 20-30 мың қазақ майданның қара жұмысына алынып, қалғандары зауыттарда жұмыс істеген, каналдар қазған» деген дерек келтіреді. Бұдан аңғарып, көретініміз – 1916 жылдың қазақ халқына төтенше нәубет әкелгендігі.

1916 жылғы көтерілістің патша билігіне, жоғарыда аталатын жарлыққа қарсы шыққаны анық. Бірақ ол өкіметке тәуелсіз ел болу, өз елін өзі басқару мәселелерін қоя алған жоқ және оған ел дайын да емес еді. Бұған қатысты жайтты М.Шоқай мақалаларынан анық аңғаруға болады.

Өмірден озғанына 80 жыл толған Алаш зиялысы Мұстафа Шоқайдың осы кезеңге қатысты пікірлері көп нәрсені қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Ол кейде ашық, кейде мәтін астарында осы оқиғаны «ұлт-азаттық көтеріліс» деп атау орыстар үшін өте пайдалы екенін жеткізеді. Мұндай жағдайда олар бар айыпты қазақтарға аударып салып, жазалау мақсатында атылған, асылған, көтеріліс кезінде өлген, опат болған, жараланған, майдан азабын тартқан, жат жерде өлгендерге төлем төлеуден құтылып кетеді. Патша үкіметі дәл осы қулыққа барды. Бұған қатысты М.Шоқай «Сағидолла Тұрсынқожаны «тазалауға» байланысты» деген мақаласында біраз дерек береді. Негізі Алаш қозғалысына қатысқан ірі қайраткер, Түркістан жеріндегі азаттық күресі топ бастаушыларының бірі, публицист ғалым Мұстафа Шоқайдың бұл мақаласы – кеңес билігінің 1930 жылдардағы қитұрқы саясатын әшкерелейтін еңбек болғанмен, біз айтып отырған мәселеге қатысты да құнды дүние.

Мақала ізі сонау 1916 жылдар оқиғасына бастайды. ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқы үшін дүрбелеңді болғанын мақаладан анық байқауға болады. Кешеге дейін, тіпті осы күні де үлкен бір ерлікке толы күрес ретінде бағаланып, оқытылып келе жатқан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қазақ халқы үшін үлкен нәубет болғанына осы мақаладан да көз жеткізуге болады.

Мұстафа Шоқай – сол кездегі оқиғаларды көзімен көрген, өзі соған араласқан және оған әділ баға берген адам. Тарихи деректерге жүгінсек, ол 1916 жылы Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы жанындағы бюроға мүше болып, онда хатшылық қызмет атқарады. Түркістандағы көтерілістің себеп-салдарын тексеруге Мемлекеттік дума Ташкентке арнайы комиссия аттандырғанда, оның құрамында депутаттар А.Керенский, Тевкелевтермен бірге Мұсылман фракциясы жанындағы бюро мүшелері Ш.Мұхамедияров пен М.Шоқай да болды.

Жергілікті халықтың жағдайымен терең танысу, 1916 жылғы оқиғаның жай-жапсарын анықтау мақсатында ол Ташкентпен ғана шектелмей, Самарқан мен Әндіжанда болып, жергілікті жағдаймен танысқан. Петроградқа оралғаннан кейін өзі жинаған материалдар негізінде 1916 жылғы көтеріліс кезінде билік орындарының Түркістан халқын аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны туралы Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясы атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін әзірлеген. Міне, ол өзі білетін осы жайттың ақиқатын аталған мақалада ашық айтады.

Автор 1916 жылғы көтеріліске қатысты Мемлекеттік Дума комиссиясының Әндіжанға тамыздың 26-да келгенін, рұқсат берілмесе де Құтлық Махмуд мырза Төкіл (Тевкелев) мен Керенскийдің Әндіжан мешіті алаңында митинг өткізгенін, оған 2-3 мыңдай адам жиналғанын, олардың барлығы да мұсылмандар екенін, Сағидолла Тұрсынқожаның аудармашылық жасағанын, комиссия құрметіне берілген қонақасыда Сағидолланың төңкерісшіл бағытта сөйлегенін, сонан соң Әндіжаннан қашып кеткенін айтады. Дума мен Үкіметке берген есебінде Тевкелевтің «Түркістан халқы патша жарлығына наразы», Керенскийдің «Түркістан халқы түгелімен патша үкіметіне дұшпан» деп көрсетуі жайлы баяндайды. Бұл деректер де саяси және тарихи мәнге ие.

Бұдан соң ол: «…Алайда түркістандықтардың тілегені болмады. Патша үкіметі қарулы күшке сүйеніп бізді жеңді… Осы тұста тағы бір шындықтың беті ашылып қалды. Түркістандағы орыс жұмысшылары мен орыс мұжығының бәрі біздің халыққа дұшпан екенін көрсетіп алды. 1917 жылғы төңкерістен соң, біз дұшпандықты достыққа айналдыру үшін көп еңбек еттік. Бірақ жағдай бәрібір өзгермеген күйінде қалды… Орыстардың бізге деген дұшпандығының нәтижесінде 1916 жылы халқымыздың басына түскен шексіз ауыртпалық пен жәбір-жапаны, енді, міне, 1934 жылға келгенде, орыс пролетариат диктатурасы Түркістандағы ұлтшыл бұқараның мойнына жүктеп қоюға әрекет жасап отыр» деп көрсетеді. Бұдан біз орыс шовинизмінің кеңес билігіне дейін де болғанын, 1917 жылдан соң оның жалғасқанын, қазақ елінің достыққа ұмтылуын, кеңестік биліктің 1916 жылғы көтерілістер қасіретін Түркістан ұлтшыл бұқарасына аудармақ ниетін аңғарамыз.

Жоғарыда аталғандардың барлығы да жоғымызды іздеп, жоғалтқанымызды түгелдеп жатқан бүгінгі таңда ерекше маңызды деректер деп білеміз. Бұл жайт мақаланың аса құнды, қазақ қоғамының дамуында ерекше жүк көтерер еңбек екенін көрсетеді. Шындығында да М.Шоқайдың осы пікірі 1916 жылғы оқиғаға берілген алғашқы нақты баға екені хақ. Бұл мәселе әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететіні анық, яғни, келер күндер міндеті болмақ.

 Алдажар ӘБІЛОВ, 

    ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<