Ерлігі көпке мәлім болғанмен, бұл күндері есімі ұмытыла бастаған ердің бірі Меңей еді.
Меңей Қарашаұлы шамамен 1750-1753 жылдары Қуаңдария бойында туып, 1847-1850 жылдары өмірден өтсе керек. Өзбекстанда тұратын Сейітмұрат Тілеубайұлының 2003 жылы баспа жүзін көрген «Ғибрат» атты кітабында «Бозғылдың екінші әйелі Көлдейден туған үлкен баласы Торыбай аталығынан Меңей батыр шығады. Меңей қаратамыр Қыстаубай, қарасақал Шағырай, қошқаралы Қорен батырлармен үзеңгілес, сыйласып өмір сүрген» деп жазылған. Меңей батырдың Өтетілеу бидің (1760-1845) замандасы, қимас досы болғаны туралы да мәлімет бар. Батыр туралы деректер Қызылорда облысының «Сыр елі» энциклопедиясында да кездеседі.
Меңей уақытысында Кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханның бас қолбасшысы болған.
Батыр өмір сүрген кезең Ресей империясының қысымына шыдамаған құба қалмақтар Еділден еліне ауған уақытпен сәйкес келеді. 1771 жылы казактар мен жергілікті шаруалар Еділ қалмақтарына кәдімгідей күш көрсете бастайды. Күнделікті қақтығыстан қажыған қалмақтар сол жылы Жоңғарияға бет түзейді. Көш туралы хабар жеткен Ресей үкіметі оларды кері қайтаруға тырысып-ақ бағады. Бірақ, бұл кезде қалмақтар қазақ даласына дендей еніп кетіп еді.
180-200 мың адамдық көшті қалмақтардың 40 мың әскері қоршай жылжып, жолай қазақ ауылдарын аяусыз шабады. Өздері де талан-таражға түсіп, әскер саны азая берді. Бұл соғыс тарихта «Шаңды жорық» деген атпен қалды. Осы соғыста жас Меңей батыр үлкен ерлік көрсетеді.
Қазақ тарихы жөнінде «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты іргелі еңбек жазған А.Левшиннің жазбаларында да Меңей батыр есімі аталады. 1894 жылы Ресейде шыққан және одан кейінгі карталарда да Меңей атты жер атауы кездеседі.
Қазіргі Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев ауылы орналасқан жер бұрын «Аша» деп аталған. Осы тұста Меңейдің қыстауы болған екен. Ол тек қол бастаған батыр ғана емес, сонымен қатар елдің егін егіп, диқаншылыққа бейімделуіне ұйытқы болған жан. Қуаңдарияның бойында Меңей атты көл де бар. Дүниеден өткенде оны ұрпақтары мен туыстары сол жердегі биіктеу төбеге жерлейді. Кейін осы маң Меңей аталып кетті. Бұл жерде батырдың мавзолейі де тұр. 2013 жылы батырдың Өзбекстан мен Түркияда тұратын ұрпақтары мен елдегі ағайындар баба кесенесіне белгі қойды.
Шынжырхан СҮЛЕЙМЕНОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<