«Мен Шыңғыс хан жерленген жерді білемін!»

1465

0

Қазақстандық тарихшы Владимир Осколков осылай деп отыр. Иә, соңғы жылдары Шыңғыс хан моласы бірнеше елде «табылды». Себебі, ұлы қағанды моңғолдар, буряттар, қытайлар, жапондар, тіпті қазақтар біздің ұлттың өкілі деп кітаптар жазып, кинофилльмдер түсіруде. Белгілі тарихшы Лев Гумилов сөзімен айтсақ, «Шыңғыс ханның туған жылынан бастап жерленгенге дейін бәрі көмескі». Тіпті әйгілі ғалымның Шыңғыс ханның бет-әлпеті туралы: «ол моңғол тектес емес, көзі көк, шашы жирен сары» деген жазба дерегі сақталған.


Жуырда «Ресей, Моңғолия, Қытайдан соң Қазақстан да біздің елде жерленген дейтін үміткер ел болғалы тұр», деп мәлімдеді алматылық ғалым, тарих ғылымының кандидаты Владимир Осколков.
Шыңғыс ханның 1227 жылы таңғұттардың Си-Ся еліне жорыққа бара жатқан жолда кенеттен көз жұмғанын кәрі тарих баянынан білеміз. Кей деректерде ұлы қолбасшы асау аттан құлап мертігіп, ажал құшты делінеді. Дүниеден көшер алдыңда өзінің өлгендігін таңғұттарды толық жеңгенге дейін жарияламауды айтып кеткен екен-мыс.


Жиһангез Марко Поло оны садақ оғынан мерт болды десе, Плано Карпини найзағай түсіп өлді дейді. Моңғолдардың бізге дейін жеткен аңызы бойынша алғашқы түнін бірге өткізген, яғни хан қойнына салынған таңғұттардың сұлу қызы Күйбелді ұлы қағанға қанжар салып өлтірген. Осыларды сараптай келе тарихшылар: «Шыңғыс хан әйтуір өз ажалынан өлмеген» дейді.
Сол кездегі әлемнің бестен төрт бөлігін жаулап алып, қол астындағы 500 млн халқы бар аумақты билеген ұлы хан үлде мен бүлдеге оранып өмір сүргенін, түнде дәретке шығатын ыдысы да алтынан болғандығынан білуге болады. Ол өлген кезде балалары мен әскер басшылары о дүниеде де, осындай күйге бөленсін деп орасан мол алтын мен асыл тастарымен қоса жерлеу керек деп шешім шығарды.

Сондықтан ол жерленген жер 100 000 (жүз мың) жылқымен таптатылып болған соң ғана ханды жерлеуге қатысқан 2000 адамды Шыңғыс хан күзетіндегі 800 атты әскері қылышпен шауып өлтіреді.
Сол күні түнде ешнәрседен хабары жоқ 800 сарбазды басқа жақтан әкелінген әскер жойып жібереді. Ең соңында арнаулы әскер сол жердегі мекендеген халықтардың барлығын қырып салып, үйлерін өртеп жібереді. Осылайша, Шыңғыс хан мына жерде жерленген деп ешкім айта алмайды.


Ал тарихшы В.Осколков Шыңғыс хан Алтайда жерленген деп болжап отыр. Нақты айтқанда Ертіс өзенінен бастау алатын Үлбі өзені бойындағы Лениногорск (Риддер) маңы деп болжайды. Бір қызығы 1786 жылы орыс зерттеушілері Риддердің пайдалы қазбаларын зерттеуге келгенге дейін бұл жерде ешкім мекендемеген. Кешегі кеңестік кезеңде Семей ет комбинатына Моңғолиядан ірі қара мал айдап әкелінетін. Қазір бұл жерден «Москва-Ұлан» батыр автомагистарлі өтеді. Осы магистраль астында Шыңғыс хан өзінің орасан зор байлығымен бірге мәңгі ұйқыда жатыр дейді ол.


Бір ғажабы, Ұлы Моңғол империясының құрылуының 800 жылдығына арналған Австрияда 2006 жылы өткен халықаралық конференцияда өз болжамын баяндағанда В.Осколков пікіріне моңғол ғалымдары да қосылған.


Ұлы Моңғол империясы көшпелі болып ат үстінде жорықта жүргендіктен қазіргі ұрпақтарына ешқандай да дерек қалдырмаған.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<