Мұстафа Шоқай эмиграциясының кавказдық кезеңі

1146

0

«Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі  Жолдауынан

Қараша айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Әбдіжәлел Бәкір, Ғабит Тұяқбаев үшеуміз М.Шоқай мұраларын зерттеу мақсатында Грузияның Тбилиси қаласына арнайы ғылыми іс-сапарға барып қайттық.

Түркістан мұхтарияты құлағаннан кейін Мұстафа Шоқай Кавказда әуелі Әзербайжанда, кейін 2 жылдай Грузияда болған еді. Себебі оған Әзербайжанға қарағанда Грузиядағы ұлттық үкіметтің әлеуметтік негізі де, саяси ахуалы да тұрақтылау көрінеді.Закавказье Федерациясының ыдырауы нәтижесінде 1918 жылғы 26 мамырда Кутаиси  және Тифлис провинциялары, Батуми облысы мен бұрынғы Ресей империясының Сухуми округі кірген Грузияда тәуелсіз демократиялық республика орнаған еді. 1919 жылдың көктемінде Әзербайжаннан Грузияға келген Мұстафаны оның Санкт-Петербург кезінен бері Мемлекеттік думада істес болған грузин қайраткерлері Н.Жордания мен ішкі істер министрі Н.Рамишвили үлкен құрметпен қарсы алады.

Тбилисиде Солтүстік Кавказ азаттық қозғалысының жетекшілері, Версаль конференциясы Жоғарғы комиссары резиденциясының болуы да қолайлы жағдай туғызады. Олар Мұстафаға қолдан келгенше көмектесуге уәде берді. Сонымен Түркістан ұлт-азаттық  күресіне жаны ашитындар табу жағынан Шоқай үшін Еуропаға барар жолдағы Грузия сәтті қадам болды.

Мұстафа Шоқай кейін «…мені Тифлисте өте жылы  қабылдады. Грузия үкіметі сол кездегі жағдайды нақты түсінді және маған қолынан келгеннің бәріне көмектесуге уәде берді. Маған көп нәрсе қажет емес еді. Осының өзі менің Тифлисте қалуым үшін жеткілікті болды» деп жазды. Сонымен қатар көпұлттылығы жағынан Кавказдың Түркістанға ұқсастығы Шоқайға ұнаған болуы керек.

Мұстафа тағдырын әйелі  Мария Шоқай да бөлісті. Мұстафа  1919 жылы 1 мамыр күні  жары Марияны Тбилиси вокзалынан күтіп алады.  Екеуі әуелі бірер апта «Ореан» қонақ үйінде, кейін А. Грибоедов көшесі, 23 үйде 1921 жылдың ақпанына дейін тұрды.  Ол туралы Мария Яковлевна өзінің «Менің Мұстафам» атты естелігінде: «Бағымызға орай Тбилисидің буржуалар тұратын ауданынан шыны террасалы екі бөлме табыла қалды. Бұл тұрған жерден Эльбурс таулары көрінетін» деп жазады. Үй иесі Балтық жағалауының немісі Людвиг Першке деген кісі төңкерістен кейін он бөлмелі пәтерінің екі бөлмесін Шоқайларға жалға берген екен. Мария Шоқай естелігінде көшелерде алуан түрлі киінген адам көп болғанын, олардың біразы қашқындар екендігі, Грузия өкіметі оларды қамқорлығына алғанын жазған  болатын. Мария ән айтудан сабақ береді.

Тбилисиде жүріп Украина азаттық қозғалысының өкілі Красковскиймен бірге «Түркістан және Украина» бірлескен ұлттық орталығын құрып, ақпараттық бюро, орыс және батыс еуропа тілдерінде басылымдар ұйымдастыру жөнінде жоспар жасайды. Бұл идеяны грузиндер де қолдайды. Сөйтіп олар «Еркін одақ» атты баспа да құрады, кейін ол ұйымға айналады.

Міне, осылай түркі халықтарының ұлттық егемендігі жолындағы күрескердің «Еуропа ойындары» Кавказдан басталады. Мұстафа Шоқай Кавказға келген соң «Кавказ пактісі» атты очеркін жазған болатын. Бұл мақалада: «Кавказ майданы неғұрлым  күшті болса, соғұрлым біз бәріміз және әрқайсымыз жеке-жеке күшті боламыз. Кавказ біріккенде, біртұтас ортақ майдан болып, бір күш ретінде әрекет еткенде ғана күшті болады» дейді. Сондықтан да М.Шоқай халықтардың ортақ тілегін мынадай сөз тіркесімен білдірді: «Біздің бәріміз үшін де, украиндар үшін де, Ресейден бөлініп, тәуелсіз ұлттық мемлекеттер құруға ұмтылған түрік халықтары үшін де маңызды рөл атқарады. Кавказдың орыс империализмінің барлық түрлеріне қарсы ортақ күресте екендігі айқын». Бір қызығы, Грузия – Сталиннің шағын отаны еді. М.Шоқайдың Кавказға шығуын большевиктер назардан тыс қалдырмады.  Соған қарамастан, М.Шоқай өмірінің кавказдық кезеңінде де қол қусырып отырмады, жан-жақпен байланыс орнатып, большевиктердің билігін құлату үдерісіне өзінің көзқарасын баспасөзде белсенді түрде білдіреді.

Мұстафа Шоқай әуелі Солтүстік кавказдықтар шығаратын «Вольные горцы» атты апталық газетінде жұмыс істейді. «Борьба» газетімен шығармашылық байланыс орнатады. 1919 жылдың 1 қарашасынан бастап Түркістан және Украина Ұлттық орталығының көмегімен орыс тілінде «На рубеже» атты тәуелсіз айлық журнал шығара бастайды. 1920 жылы Мұстафа Ахмет Салиховпен бірге түркістандықтардың ұлттық мүдделерін қорғайтын «Иені Дүния» атты апталық газет шығара бастады. Сол жылы алдымен аптасына бір, кейіннен екі рет шығарылған, негізгі идеясы Түрік ұлт-азаттық  күресін қолдайтын «Шефек» газетін шығарады. «На рубеже» Грузия үкіметінің материалдық көмегі арқылы, түрік тіліндегі «Шефек» Тбилисидегі түрік қоғамының жәрдемімен шығып отырды. «На рубеже» журналында, «Вольные горцы» және басқа газеттерде М.Шоқай Аз, Акбер, Аян, Бакинский корреспондент, Б.С., Дау, Даут, Жанай, Жанаев, Желил, Искандер, К., Кара-Мурза, Кипчак, Кипчак оглы, К.М., М., Мен, Мусульманин, М.Ч., Н., Невольный туркестанец, Туркестанлы, Табынбаев, Тильчи, Садык Нури, Хакимжан, Х., Ю.Х., Юсуф Ходжа, Я деген лақап аттармен мақалалар жариялады. «Вольный горец», «Горцы Кавказа» журналдарында Осман мемлекетіне, армян мәселесіне қатысты мақалалар шығарды.

«Вольный горец» газетінде басылған Мұстафаның мақалаларын талдай отырып, оның негізгі тақырыбы Түркістан тағдыры екенін байқауға болады. «Вольный горец» газетінде жариялаған «Қырғыз кеңес республикасы» деген мақаласында Қазақ Автономиялық Республикасының құрылуы туралы БОАК декретін сынға алады. Тек қазақ, өзбек, т.б. түрік халықтарының ғана емес, бүкіл Кавказ халықтарының бостандығы үшін күреседі, кеңестік Ресейдің екіжүзділік саясатының құпия қырларын ашып көрсетуге күш салады.  Газеттің №57 санында   басылған «Түркістан туралы шындық»  атты мақаласына аштық себептерін жан-жақты  талдап көрсетіп, өлкедегі қазақтардың аштыққа ұшырауы совет өкіметінің саясатына байланысты орын алып отырғандығын, реквизиция мен конфискелеудің нәтижесінде тіпті қазақ даласы  соңғы екі жылда босап қалды дейді.

1920 жылғы 14 маусымда жарық көрген «Кеңестік шығыс саясатының кезеңдері. Қоқан және Гянжа» атты мақаласында Кавказ сырты мен түркістандық мұсылмандардың тағдырында көптеген ортақ нәрселер бар екендігін айтады. Билік басына келерде әрбір халық пен ұлттың өзін-өзі басқаруына еркіндік береміз деп жалаулатқан, олардың діни сенімдеріне кедергі келтірмейміз, тіпті ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін дамытуға көмек береміз деген уәде берген кеңестік саясаттың бейнесі ретінде Қоқан мен Гянжада болған қанды қырғын туралы жазды. Орта Азиядағы ең бай Түркістан мемлекетінің ұлттық негізі қаланған, мұсылмандар қаласы болған Қоқанда Халық кеңесі және Түркістан Автономиясының уақытша өкіметі ұйымдастырылып, Түркістан құрылтайшылар жиналысының ұраны қабылданса, ал Гянжа қаласында 1918 жылы Әзербайжанның алғашқы Ұлттық кеңесі құрылып, уақытша өкіметі дүниеге келген болатын. Сондай-ақ, Гянжа Кавказдағы түркі халқының басы  қосылған, Азербайжан мемлекетінің бесігіне айналған, алғаш революциялық тудың астына жиналған мұсылман қауымы тұрған қала болатын. М.Шоқай мақаласында екі қаланы да көтерілісшілерді басамыз деген желеумен тас-талқан еткенін, мұсылмандар үшін қасиетті мекен саналатын мешіттерді қиратқанын, жүзін тіпті өз еріне де көрсетпейтін мұсылман әйелдері мен қырмызы қыздарына зорлық жасаған орыс әскерлерінің әрекетін жазды. 1920 жылғы 20 желтоқсанда «Вольный горец» газетінде жарияланған «Түркістанда басмашылықтың күшеюі» атты мақаласында түркістандық басылымдарға сүйене отырып, 1918 жылдың басында күреске шыққан басмашылар қарқынының күшейте түскенін, олардың партизан топтарын құрып, кеңес үкіметімен экономикалық майданда күреске шығып, біраз мақта заводтарын қиратқаны туралы сөз етеді. 

М.Шоқай Анадолыда басталған ұлттық қозғалыс кезінде қолы жеткен ақпараттарға сүйене отырып, «Шефек» газетінде «Анадолы хаттарын» жариялайды. Бұл басылымдардың беттерінде Кавказ халықтарымен шектеліп қалмай, қазақ, өзбек, т.б. мұсылман халықтарының мұң-мүддесін кеңінен қозғайды. Сонымен қатар «Грузия», «Батумская жизнь» газеттерінде бірнеше мақала жариялайды. Ең алдымен баспасөз арқылы Ресейде қалыптасқан жағдай мен өздерінің саяси күресінің мәні мен мақсатын жұртшылыққа түсіндіруді мақсат етіп қояды. «На рубеже» арқылы Грузия үкіметінің Кеңес билігіне қарсы ұлт-азаттық күресін қолдаса, «Шефек» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті.

«Грузия» газетінің 1920 жылғы 28 сәуірдегі нөмірінде «Мен» деген бүркеншік есіммен жарық көрген «Түркістандағы ұлттық мәселе және ұлтаралық қатынастар» деген мақаласында «Түркістанның ура-большевиктері өлкенің өзін-өзі билеуін тулалық, нижегородтық мұжықтардың өмір салты мен ғұрыптары негізінде ұйымдастырды дейді. Осылайша большевиктерге қарсы сөз майданын бастайды, таптық принципті желеу еткен Кеңес өкіметінің саясатына әлем жұртшылығының назарын аударады. Бір ғана орыс демократтарына – эсерлер мен кадеттерге, олардың Бүкілресейлік құрылтай жиналысының салтанат құруы жөніндегі уәделеріне сеніп қалмай, түрік халықтарының ұлттық күресінің әділдігін, олар көріп отырған зорлық-зомбылықтарды, большевиктердің ұлттық саясатының бетпердесін ашып көрсетуге барлық күш-жігерін жұмсайды.

Мұстафа Шоқайдың Грузиядағы шығармашылығының тақырыбы тек Түркістанмен шектелген жоқ. Ол бүкіл Кавказ халықтарының бостандығы үшін күресті алып, кеңестік Ресейдің осындағы екіжүзділік саясатының құпия сырларын ашып көрсетуге күш салды. 1920 жылдың сәуірінде Әзербайжан Республикасының құлауы жөнінде «Янги Дунья» газетінде жариялаған мақаласында Кеңес өкіметін «мұхиттың арғы бетіндегі сирек кездесетін сұлу құс» болып көріну мақсатындағы өңін өзгерткен қара қарғаға ұқсатады. Бірде  ол қарқылдағанда жұрт оның жай боялған қара қарға екенін байқайды. Автор Әзербайжанды азат етуге келдік деген большевиктердің Бакуге, Гянжаға басып кіруін «азаттық революциясының алтын торында көптен таныс, қазір ашыққан, сол себепті тым ызалы орыс қарғасының отырғанына көзімізді әбден жеткізді» деп жазды. 

1921 жылдың 16 ақпанында Серго Орджоникидзе бастаған қызыл әскерлер Грузияны тізе бүктіреді. Амалдың жоғынан М.Шоқай Батуми порты арқылы жұбайы Мариямен бірге итальян кемесіне отырып, Түркияға кетеді.

Іссапар барысында Грузия парламенттік кітапханасында болып, Мұстафа Шоқайдың Тбилисиде газет-журналдарға жарияланған мақалаларының және Грузия Ұлттық архиві қорларындағы грузин қайраткерлеріне жазған қолжазба түріндегі хаттарының, тағы басқа құнды құжаттардың көшірмелерін алдық. Сонымен қатар ғалымдар 1919-1921 жылдары қайраткердің жары Мариямен тұрған Тбилиси қаласындағы А.Грибоедов көшесі, №23 үйде болдық. Қазақстаннның Грузиядағы елшілігіне М.Шоқай тұрған үйге ескерткіш тақта орнату жөнінде ұсыныс айтылды.

Мақала соңында ұлы қайраткердің Тбилисиде жазған, бұрын жарияланбаған «Секірген лақты көрдім тау басында» атты өлеңін оқырманға ұсынып отырмыз. өлеңді түркі шағатай тілінен аударған филология ғылымдарының кандидаты, профессор Төрәлі Қыдыр.

Секірген лақты көрдім тау басында

Секірген лақты көрдім тау басында,

Көруші ем лақ-қозыны мен жасымда,

Балалық еске түсіп ел аңсадым,

Баруға заман шалғай ел қасына.

Ойнаушы ек балалықта қозы-лақпен,

Құлыншақ, бота, бұзау, бай шолақпен.

Бұ күнде о замандар өтіп кетті,

Ойынымыз қан ағызу жау-жарақпен.

Ойында жыртушы едік көйлек-ыстан,

Ешбір жан демеуші еді пәлен-пыстан.

Ойыннан бұ күндегі қан тамады,

Жер үсті күңіренеді жан дауыстан.

Елеусіз деген сөздер:«қанды төкпе»

Бір-бірін құртпай тынбас  көңіл өкпе.

Төккен қан бала үшін деп ақталады…

Баланың ата-анадан хақы көп пе?

Боянып қанға туған бала оңбас,

Жаудан болған жауыңыз көлге қонбас.

Дұшмандық сүтпен еніп, қанға сіңген,

Боп кетер балаларға ата-мирас.

Мұстафа Шоқайұғлы

22 сүнбіле. 1919 жыл. Тифлис.

Сағат ТАЙМАН,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<