Нәубет әкелген ғасыр

826

0

Кеңес үкіметі орнағанда қазақтарға деген көзқарас – кезінде Американы жаулаушылардың үндістерге деген көзқарасындай болды деуге болады.

Бұл күн қазақ халқы үшін еленетін күндердің бірі болып табылады. Себебі қазақ халқының ХХ ғасырдағы тағдыры кеңестік үкімет тарапынан қуғын-сүргінге толы кезең болды. ХХ ғасырдағы Столыпиннің аграрлық реформасын іске асыру негізінде қазақтардың жерлері тартып алынып Ресей империясының ішкі аймақтарынан келгендерге берілсе, 1916 жылғы көтеріліс  кезінде орыс әскерлерінің жазалаушы отрядтары жүздеген, мыңдаған қазақтарды күнделікті қырып жатты. Кеңес үкіметі орнағанда қазақтарға кезінде Американы жаулаушылардың үндістерге қарағандай көзқарасы орнады деуге болады.

Мұстафа Шоқайдың  «Туркестан под властю Советов» атты еңбегінде  Сыр бойында «Кеңес үкіметінің өкілі Гержот миллион қазақты қырып-жойды» деген мәлімет бар. Бұл асыра сілтеушілік болса керек, бірақ  бұлай жазудың өзі мыңдаған қазақтың қырылғанын білдіреді. Кеңес үкіметінің басшылығындағы кемшіліктер 1920-1921 жылдары Қазақ жерінде орын алған ашаршылықтан жүздеген мың қазақтың қырылуына әкелді. Ал 20-шы жылдардың соңындағы ұжымдастыру бағдарламасы, Голощекиннің «Кіші октябрь» бағдарламасы қазақ халқының жартысынан көбісінің қырылып, өз жерінен безуіне себеп болды. Отызыншы жылдардың екінші жартысындағы тарихта «отызыншы жылдардағы репрессия» атауымен қалған кезең енді ғана қалыптасып, бойын түзеп, қанатын қағып, қазақтың қамын ойлап мәдениетін, білімін, өнерін, экономикасын көтеруді қолға алған ұлттық инттеллигенцияның қырылған кезеңі болды. Кеңес үкіметі Орта Азия  халқы ішінде  қайсарлығымен, білімімен ерекшеленген. Ұйымдастырушылық қабілеті зор қазақ халқынан үрейленіп, кеңестіктер әдейі қазақ ұлтын жою жолына түскендей болды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Қазақстаннан 1,2 милион адам әскер қатарына алынды. Бұл 1939 жылғы санақ мәліметттерінде көрсетілген 6 151 мың адамның 20 пайызы әскерге алынды дегенді білдіреді. Мұндай көрсеткіш соғыс өрті шарпып өткен Украина, Беларусь, Ресейдің батыс аймақтарынан кейінгі орында Қазақстан болғанын көрсетеді. Өндіріс орындары аз, негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын қазақ халқын сыпырғымен сыпырғандай әскер қатарына алып кетті. 600 мыңнан астам Қазақстандық ұрыс далаларында қалып елге оралмады.

Оның үстіне Кеңес үкіметі қазақ жерін үлкен түрмеге айналдырып соғыс алдында, соғыс жылдары, соғыстан кейін де миллиондаған басқа ұлт өкілдерін Қазақстанға қоныс аударып елдегі әлеуметтік, экономикалық жағдайды күрт нашарлатып  жіберді.  Қазақ халқы бұл этностардың келгеніне қуанбаса да қолынан келген көмегін берді. Кеңес үкіметі болса осы саясатының арқасында қазақтардың өз жерінде тұрып тілінен,   мәдениетінен,өнерінен айрыла бастағанын көріп, керісінше бұны қоштап осы бағытын әрмен қарай дамуына жағдай жасады.

Сондықтан репрессия құрбандарын еске алғанда біз ХХ ғасырдың қазақ халқына нәубет әкелген ғасыр болғанын еске алып, бұндай жағдайдың қайталанбауы үшін есте сақтауымыз керек.

Айтжан ОРАЗБАҚОВ,

доцент,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының

меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<