Намыс туын жықпаған ер

1159

0

Облыс әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы №239 бірлескен қаулысы және облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 17 наурыздағы №17 шешімімен Қызылорда қаласындағы Тарас Шевченко көшесі Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевтің есімімен аталды. Осы қуанышты хабарды естігеннен кейін елдің белсенді азаматтары ынталы топ құрып, батырдың атына көше берілуіне байланысты бірқатар іс-шаралар жоспарын жасап, жұмысқа кірісіп кетті.

Алдымыздағы жылдың мамыр айында Ұлы Жеңіс мерекесіне орай және батырдың 105 жылдығын атап өту мақсатында Қызылорда қаласында грек-рим күресінен республикалық турнир, «дөңгелек үстел» өткізу, атын иемденген көшеге ескерткіш тақта орнату, рухына ас беру жоспарлануда. Әрине, іс-шаралардан Үрмәш Түктібаевтің туған жері Қазалы ауданының әкімдігі мен халық сайлаған депутаттар тыс қалмайды деген ойдамыз. Осы мақалада Кеңес Одағының батыры туралы айтқымыз келеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп атап өткен еді.

Адамзат тарихында сұрапыл соғыстар өткені белгілі. Солардың ішінде 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысының алатын орны ерекше. Оған Қазақстаннан 1,2 млн адам қатысып, 600 мыңнан астам ұлан неміс фашизмін жеңу жолында өз өмірін қиды. Қаһармандарды біз ешқашан да ұмытпауымыз керек. Олар Отан үшін от кешті, неміс фашизмінен елімізді аман алып қалды. Қазір Батыс Европаның кейбір елдерінде осы соғыс туралы керіағар пікірлер қалыптасуда. Сондықтан да біз жастарды осындай келеңсіз пікірлердің жетегінде кетпей, кешегі қанқұйлы соғыста өмірін пида қылған, Отанын қорғап қалған батырлар рухын сыйлап, құрметтеуге тәрбиелегеніміз дұрыс деп ойлаймыз.

Қазақтың дүние болмысында батырлық ұғымының алатын орны ерекше. Бізге мұра болып қалған дархан даламыз, мол жеріміз осы қасиеттің нәтижесі. Осындай жағдайға батыры көп ел ғана қол жеткізген. Батырлық – болмаса жерге иелік те болмайды. Батырлық ел кеңістігінің айғақты көрсеткіші. Біз бүгінгі күнде ұлан-байтақ жерімізді аман сақтап қалғандарды ұмытпауымыз керек. Қазақтың кең даласы бүгінгі күнге дейін, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы өмір сүру тәсілінің әрі тәжірибесінің арқасында сақталып қалып отыр. Қай заманда болмасын біздің ата-бабаларымызға жер кеңдігі қажет болып, келер ұрпақ еркін өмір сүруі үшін бар күш-жігерін сарқып, белді бекем бууына тура келген. Сондықтан, қазіргі кезеңдегі ақпараты дамыған қоғамда атамекенді қорғау, сақтау үшін бүгінгі ұрпаққа Отанымызды қорғаған батырлар ерлігін, болмысын бойына сіңіру аса зәру мәселеге айналып отыр.

Әлем тарихына бір сәт көз салсақ, «Неге еврей халқы жер бетінен мүлдем жойылып кетпеді»  деген сұрақ туындайды. Шын мәнісінде, 2,5 мың жылдан бері қуғында болған еврей халқы жойылып бітуі керек еді. Бірақ олар өзінің өліп қалған иврит тілін жандандырып қана қоймай, қазіргі таңда еврей ұлтының өкілдері әлемдік капиталдың 30 пайызын бақылап отыр. Неге? Себебі, олар ұлттық болмысын ешқашан, ешқандай да жағдайда жоймаған және жойдырмаған. Батыр халық болған. Олар өзге халықтарға еліктеп, солардың соңына түспеген. Міне, осындай биік мақсат, батырлық еврей халқын әлемдегі белгілі халықтардың дәрежесіне жеткізіп отыр.

Біз қазақ халқы кімнен кембіз? Ешкімнен де кем емеспіз. Батыр десе батырларымыз бар, халықты ауызына қарататын от ауызды, орақ тілді шешендеріміз бен қара қылды қақ жаратын билеріміз бар. Бірақ бізде кейінгі кезде жаман дерт пайда болды, ол – өз ортасынан жиренушілік. Өз тарихын, тілін, ділін, дінін төмен санап, өзге біреулерге еліктеушілік. Табиғи болмысын бұзып, әркім болушылыққа әрекеттену. Бұл – халық болашағы үшін қауіпті дерт.

Біздің қоғамда тіліне, тарихына, мәдениетіне немқұрайлықпен қарайтын ұрпақтың қалыптасып келе жатқаны жасырын емес. Міне, осындай жағдайда болашағымыз жастардың бойында отансүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін жанын пида қылып, жаумен айқасқа түскен батырларымызды үлгі тұтып, солардың салып берген сара жолы мен дара дәстүрін жадымызда мәңгі сақтауға міндеттіміз. Сондай батырларымыздың бірі – қасиетті Сыр бойы, Қазалының тумасы Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев еді.

Оны елге танытуда, ерлігін халыққа паш етуде Қазалы ауданының құрметті азаматы, қарымды да қайсар қаламгер, жазушы Әлмамбет Әлішовтің еңбегі ұшан-теңіз. Әлмамбет ағамыз батыр туралы шығармаларында өмірбаянын, болмысын, соғыс кезінде жасаған ерлігін керемет суреттеді. Ерлік жасап, қаза тапқан Латыш жеріне туысқандарын бастап апарып, елге топырақ әкелуіне бастамашыл болды. Латвияның Лудза ауданында бауырластар зиратына жерленген жерлесіміздің аты Үрмәш емес, Ормаш болып жазылғанын барып көрген. Әлмамбет ағамыздың батырдың бауырластар зиратындағы аты мен әкесінің атын түзетуге ерекше еңбек сіңіргенін айтқан абзал. Сөйтіп жат жерде жатқан «Ормаш Тутебаев» Үрмәш Түктібаев болып қайта оралды.

Әлмамбет Әлішовтің «Батыр болып тумайды» атты повесі жарық көріп, латыш тіліне аударылды. Қазақ халқы, кейінгі ұрпақ Түктібаевті осы кітап арқылы таныдық десек артық болмас. Сондықтан да Әлмамбет ағамыздың жасаған істеріне батырдың туыстары ғана емес, бүкіл Қазалы жұрты разы.

Алда Үрмәш батырдың туғанына 105 жыл толады. Осы орайда қазіргі жастарға оның тұтас қазақ еліне ортақ екенін түсіндіруіміз қажет.

Үрмәш Түктібаев 1917 жылы қазан айында Қазалы ауданында дүниеге келген. «Алға» колхозында сауатсыздықты жою мектебінен 4 кластық білім алған. Ленин комсомолының мүшесі болған. Тумысынан өте қарулы болған, сол кездегі колхоздың ауыр жұмыстарында еңбек еткен. 1938 жылдың күзінде Совет Армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, 1941 жылдың 17 тамызында неміс фашистерімен соғысқа аттанған. Алғашқы жорық жолын Қазақстанда ұйымдастырылған 391-атқыштар дивизиясында қатардағы жауынгерден бастады. Ержүрек пулеметші, ал кейіннен пулемет бөлімшесінің командирі Түктібаев 4 рет жараланып, сонда да қатарға қайта қосылып отырды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Майданда жүріп Коммунистік партия қатарына мүшелікке өтеді. 1944 жылы Латыш елінің Нирза қыстағының маңында 3 күнге созылған қанды шайқас болды. Жауды ілгері жылжытпау үшін пулеметшілер бөлімшесінің командирі, кіші сержант Үрмәш Түктібаев ерліктің орасан зор үлгісін көрсетті. 1944 жылы 16 шілдеде құрамында 391-атқыштар дивизиясы бар 2-Прибалтика майданының әскерлері дұшпанның ұзақ уақытқа созылған қорғанысын бұзып өтіп, латыштардың байырғы жерін неміс фашистерінен азат ете бастады. Ми батпақ пен ну орманды алқаптарды басып өтіп, Совет әскерлері барған сайын ілгері жылжи берді. 391-атқыштар дивизиясының бөлімдері мен бөлімшелері Режица қаласы үшін қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Қанды шайқас екі тәулікке ұласты. Пулеметші Түктібаев қызмет ететін 1280-атқыштар полкінің жауынгерлері дұшпанның артиллерия мен минометтен қарша боратқан оғы астында жатып қалуға мәжбүр болды. Осы бір шайқастың қиын сәтінде дала батыры фашистердің нөсерлеткен оғы арасынан арыстанша ұмтылып, атыс позициясына пулеметін қондырды да қарсы шабуылдаған жауды атқылай бастады. Фашистер пулеметшінің тұсынан айналып өтіп, оны тірілей қолға түсірмек болады.

Әлмамбет Әлішовтің «Үрмаш Түктібаев» деп аталатын еңбегінде батырдың ерлігі былайша суреттеледі: «Біздің жаяу әскерлеріміз жаудың оғының астында қалып, көп шығынға ұшырады. Осы кезде алдыңғы шепте орналасқан пулеметші Үрмәш Түктібаев үлкен қайраттылық пен батылдық көрсетті. Қарша бораған оқ астында жүріп жаудың әлсіз шебін байқап қалған ол, өзінің орнын тез таңдап алды да, шабуыл жасаған фашистерге қол пулеметімен оқ жаудырады. Көптеген неміс фашистерін жер жастандырды. Күш тең емес еді. Шабуыл жасаған жаудың саны көп болатын. Дәл осы мезетте Үрмәш жау оғының лаулаған отын кесіп өтіп, оқ жетер жерге бекініп алып, шайқасты жалғастыра берді. Фашистер оны орап өтіп тірідей қолға түсірмекші болды. Мұны сезген ол жауға қарсы оқты бората түсті. Дамылсыз оқ атудан қол пулеметі қызарып, отқа түскен көріктей болып кетті. Бір неміс солдаты артқы жағынан жасырынып келе бергенде, Үрмәш оны пулеметінің  дүмбісімен бір ұрып, жан тапсыртты. Фашисттер жан-жақтан: «орыс, беріл!» деп айқай салды. Немістер жақындай түсті, бірақ ол абыржыған жоқ. Оқты жауға қарсы қарша боратты. Үрмәш болса: «ештеңе де істей алмайсыңдар, жексұрындар, жеңіс біздікі болады» деп жауға жауап қатты. Оғы таусылған соң жаумен қолма-қол ұрысқа көшеді. Салмағы жарты пұттан асатын қол пулеметінің дүмбісімен жауға қарсы шығады. Осы шайқаста Үрмаш батыр жалғыз өзі жиырмадан астам фашисті жер жастандырады. Ажалдың таянғанын сезсе де жау алдында  бас имеді. Бірақ бекінген жерін жауға бермеді. Жаудың жиырмадан астам солдатын қол пулеметімен ұрып өлтірді. Үрмәш асқан ерлік жасап қаза тапты. Оның сұрапыл соғыстағы ерлігі өзге де жауынгерлерге өнеге болды. Осылайша батыр бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырып өзінің ғана емес елінің де атын шығарды. Қазақ деген қайыспайтын қайсар халық екенін дәлелдеп кетті. Үрмәштің денесі Латыш елінің Нирза қыстағындағы бауырластар зиратына жерленген.

СССР Жоғарғы Советі Президумның 1945 жылғы 24 марттағы жарлығы мен Үрмәш Түктібаевқа асқан ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» деген ең жоғарғы атақ берілді. Латыш Республикасы Министрлер Кеңесінің 1968 жылғы 25 қаңтардағы Қаулысы бойынша Нирза 8 жылдық мектебі Совет Одағының Батыры Үрмәш Түктібаевтің атында. Сонау 1968 жылы мамыр айында қазалылық жерлестері Латвия еліне барып қайтты. Сапар барысында батыр атындағы мектепте болып, Нирза қыстағындағы  бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойып қайтты.

Сонан бері қаншама уақыт өтті. Ұлы алып империя келмеске кетті. Құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін алды. Құндылықтар өзгерді. Балтық жағалауы елдерінде, Польшада, Европаны фашизмнен азат еткен Кеңес жауынгерлеріне қойылған ескерткіштер қиратылуда. Осындайда зұлмат соғыстың зардабын көрген адамдар қалай тез ұмытылады деп ойға қаласың. Бізді сонау Латыш жерінде Отан үшін ерліктің қайсарлық үлгісін көрсеткен қазақ батыры Үрмәш Түктібаев атындағы мектептің, ол жерленген бауырластар зиратының тағдыры ойлантады.

Келер жылы батырдың туғанына 105 жыл толуына байланысты мерейтой аясында ол жатқан елге іссапар ұйымдастырылса артық болмас еді. Бұл біздің елдігіміздің, ерлік дәстүрін қастерлегеніміздің, қазақтың қайсар батырларының рухын жаңғыртудың айғағы болар еді.

Үрмәш – қазақтың данагөй ғана емес, рухы биік халық екенін паш еткен ұлтымыздың ардақты ұлы. Оның ерлігі – қазақ дүниетанымындағы батырлық философияның бейнесі. Мұны айтып отырған себебіміз, оның ерлігі жергілікті деңгейде ғана насихатталып жүр.

Рас, батырдың атын иеленген ауыл бар. Қазалы қаласында үлкен көше берілген. Ол дүниеге келген елді мекендегі №24 мектеп Үрмәш Түктібаевтің атында еді. Атында еді деу себебіміз, өткен жылы  ғана белгілі болғандай бұл мектеп ресми түрде батыр есімін иеленді. Жергілікті биліктің бұл мәселенің оңтайлы шешімін тапқанына халық риза. Қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан аудан бюджетінен қаржы бөлініп, ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Батырдың бюсті жасалып, тұғырға қойылды. Ең бастысы, ерлікті ұлықтаудан ұрпақ өнеге алғаны игі.

Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

Қазалы ауданының құрметті азаматы, философия ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<