ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ

1689

0

ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ Орта Азия хандықтарының ішінде Хиуа, Қоқан хандықтары Сырдария өзенінің орта ағысындағы жерлерге өз билігін жүргізді. Қоқан хандығының құрылу үрдісі ХҮІІІ ғасырдың басында Ферғана аңғарында басталып, ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Әлім хан және Омар хан тұсында аяқталды. Ерлігімен танылған қазақ-қырғыз батырлары Қоқан хандығы әскерінің құрамында қызмет етті. Бұл туралы ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі тарихшы Қ.Халид өзінің «Тауарих-хамса» атты шығармасында «Әуелі Әлім хан, соңынан Омар хан үш еркектің бірі әскер болуға тиіс деп жар салып, «үштің бірі ханың» деген сөз осыдан қалған. Мұнан бұрынғылар әскерге өз еркімен жазылып, қазынадан маяна (төлем) алатын болған. Қоқандықтар қажет кезде қазақтардың басшыларына шапан жауып, жігіттеріне ат-құрал беріп, «қыл-құйрық» етіп тағайындайтын болатын. «Қылқұйрық» деп атқа мінуге жарамды еркектердің бәрін жаппай майданға шығаруды атаған. Сондықтан да қоқандықтардың соғыс жүргізу әдісі де қазақтарға етене таныс болды. Бұл жағдай қазақ-қоқан қарым-қатынасында оң рөл атқарды.

Қоқандықтарға ыңғай танытқан қазақтардың көбі оларды қыпшақтар – бауырлас, өзімізбен түбі бір халық деп таныды. Қыпшақтар Қоқан хандығының саяси өмірінде маңызды рөл атқарды. Венгриялық саяхатшы Вамбери 80 жыл бойы хандықтағы биліктің тұтқасын ұстағанын және билік басындағылар өздерінің түп атасын Шыңғысханнан тарататынын жазады. Қоқандық тарихшы Мырзоолим Мушриф өзінің «Қоқан хандығының тарихында» Қыпшақтардың Шерәлі ханды, Құдияр ханды, Болат ханды ақ киізге отырғызып, хан көтергенін жазады. Мушрифтің «Киіз туырлықтылар бас көтерді, бүлік салды, қырғыз-қыпшақ үкіметке дау шығарды – деген өлең жолдары да қыпшақтардың көшпелі елді біріктіруге, өздерін қолдауға шақырғанда Шыңғыс ханның «Киіз туырлықты бірігіңдер» деген әйгілі ұранын ұтымды пайдалана білгенге ұқсайды. ХҮІІІ ғасырда болған Бұхарадағы лаң (бүлік) кезінде және жоңғарлар шабулына байланысты Ферғанаға жер ауып келген, дұшпандардан қорғану мақсатында Ферғана алқабында әртүрлі этникалық топтар қоныстанды. Соның ішінде сан жағынан өте көп болған (250 мыңға таяу) қыпшақтардың есебінен өзбектердің саны арта түсті. Шындығында, әдеп-ғұрпы, шаруашылық кәсібі жағынан Ферғана қыпшақтары өзбек, тәжіктерге қарағанда, қазақтар мен қырғыздарға жақындау болатын.

Қоқандар қазақ даласын негізінен датқалар арқылы басқарды. Датқалар институты, атап-айтқанда, қоқандық дәуірде датқа шенін алған қазақтар туралы әлі күнге дейін арнайы зерттеу жүргізілмей жатқандықтан, қазақта барлығы қанша датқа болған және кімдер болған деген сауалға дәл жауап беру мүмкін емес. Дегенмен де әртүрлі деректер мен материалдар қазақ датқалары туралы мол мәліметтер береді. Қазақстанның оңтүстігінде, соның ішінде Сыр бойында датқа шенімен белгілі болғандар қатарында: Ұлы

жүзден Байзақ датқа, Батырбек датқа, Бекбау датқа, Орта жүзден Тұрғанбай датқа Сіргебайұлы, Торғай датқа, Досбол датқа, Тұрсынбай датқа және тағы басқалар. Қоқан хандығында датқа дәрежесін алғандар саяси ахуалдар ағысына қарай әкімшілік қызметке де, әскери қызметке де араласып отырған. Сондықтан да орыс оқымыстылары датқаны генералға, генерал-губернаторға тең лауазым деп ұққан. Датқалар Қоқан ханынан жылына 700 батман (орыстың 4 пудына тең, 1 пуд, 16,3 кг тең) астық, 1000 теңге ақшалай сыйақы алатын болған.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Әлімхан, Омар хан және Мұхамед Әли басқарған тұста Қоқан хандығы нығайып, аумағы ұлғайды. Олар, Ташкент, Ходжент, Қаратегін, Дарбаза, Куляб, Памирді өзіне бағындырды. Ал Сыр бойында Қоқандықтар Жаңақорған, Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған, Бөрібай бекіністерін салдырды. Солардың ішінде ең ірісі Ақмешіт бекінісі болды. Ақмешіт қазақтардың айтуы бойынша, 1817 жылы Сырдың сол жағалауында, кейін 1818 жылы оң жағалауына көшірілді. Бекініс екі қорғанмен қоршалды. Сыртқы қорғанның аумағы 12 шақырымға созылып жатты, биіктігі 7 аршын, 3 қақпасы болған. Сонымен сыртқы қорған тереңдігі 7 футтық, екі сажын суға толған ормен қоршалды. Ішкі қорған төртбұрышты етіп салынған, аумағы 1 шақырым, биіктігі 12 аршын, бір қақпасы болды. Бларамберг бекіністің Ақмешіт деп аталуы бекініс ішіндегі мешітке байланысты деп жазады. Ақмешіт бекінісінің ішінде 450-ге жуық қазақ үйлері болған. Бекіністе үш жүздің қазақтары тұрды, негізгі бөлігі жаппас, алтын бағаналы, табын керей руынан еді. Ішкі қорғанда 50-ге жуық саздан соғылған үйлер болған, оларда Ақмешіт бегі және 150-ге жуық түркімендер мен сарттар тұрған.

Ақмешіт бекінісі Ташкент, Бұхара, Хиуадан шыққан керуендер Торғай және Троицк, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамалға айналды. Қоқан хандығына Ақмешіт және басқа бекіністер төңірегінде көшіп-қонып жүрген қазақтардың әр отбасысы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 1000 бау қамысты салық ретінде тапсыруға міндетті болды. Ақмешіт бекінісі – Ташкент, Бұхара, Хиуадан Торғай және Тройск, Атбасар, Батыс Сібірге баратын керуен жолында тұрған үлкен қамал болатын. Қоқандықтар Ақмешіттік керуендерден салық жинап, жергілікті қазақтардан зекет алатын бекініске айналды.

ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Сыр бойына басып кірген патша өкіметі бүкіл қазақ даласын империя иелігіне қосуды аяқтау мақсатында Сырдың бойындағы Қоқан хандығының бекіністерін басып алып, оны Сібір шебімен қосу туралы жоба дайындайды. Патша өкіметінің алдына ұсынылған Перовскийдің жобасында Ақмешіт бекінісіне зор мән беріліп, оның маңыздылығын былай көрсетеді: «Орынбор қазақтарын әкімшілік жағынан басқаруда кең мүмкіншіліктер туады. Сырдарияның орта ағысында нық орнығуымыз арқылы біз Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз. Сыр өзені мен Ақмешіт Орта Азиямен саяси және сауда қарым-қатынасында негізгі тірек болары сөзсіз».

Патша өкіметі Перовскийдің жобасын мақұлдағаннан кейін, ол жаңа аймақтарға барлау жұмысын жүргізуге топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын топты 1852 жылы 18 сәуірде Сыр бойына аттандырады. 1852 жылы 18 сәуірде барлауға шыққан Головтың әскери тобына Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский Сырдарияның оң жағалауынан жоғарыға қарай Қоқанның Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді картаға түсіруді міндеттейді. Ал бұл кезде, яғни, 1852 жылы сәуір айында патша өкіметінің қаупі анық төне бастағасын Ақмешітке 2000 қоқан әскері келген еді. Оның 400 сарт болса, 1600 қазақтар болған. Сарттар Ташкенттің бегі Ешмұхаммедке бағынса, қазақтар Ақмешіттің елбегі Абдуали бекке бағынған. Бұл әскердің құрамында Кенесарының ұлдары Тайшық, Осман, Кенесарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса болды. Олардың қолында 8 зеңбірек бар еді.

Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский сол жылы полковник И.Бларамбергтің басшылығымен ірі әскер жасақтап, оған тек барлау жұмысын жүргізіп қана қоймай, мүмкіндік болса Ақмешіт бекінісін басып алуды тапсырады. В.А.Перовскийдің нұсқауын орындауға шыққан полковник Бларамберг 1852 жылы 3 шілде күні 30 күнге жететін азық-түлігін алып, 3 зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді бастап жорыққа шығады да 18 шілдеде Ақмешіт бекінісіне жетеді. Олар шілденің 20-да таң алдында әрқайсысы 100 адамдық екі колоннаға бөлініп, бекіністі шабуылдайды. Алайда, басым бөлігі қазақтардан тұратын қоқандықтардың негізгі күші бекініске дер кезінде көмекке жетіп, жауға қарсы шабуылға шығады да орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57 адамын жаралайды. Ауыр шығынға ұшыраған орыстар 23 шілдеде кейін қарай шегінеді. Полковник И.Бламберг Ақмешіт түбінде тас-талқан болып жеңілгенімен, Сырдарияның негізгі бөлігін зерттеп, оны картаға түсіреді және қайтар жолында қоқандықтардың Күмісқорған және Шымқорған бекіністерін талқандап кетеді. В.А. Перовский 1852 жылы 15 қыркүйекте Сібір корпусының командиріне былай деп хат жолдайды: «…Бұрын белгісіз болған Қараөзек пен Жамандарияның зерттелуі – бұл аймақтың қоныстануға өте қолайлы екендігін көрсетті. Егер де орыс әскері осы аймақтарда жеңіске жетсе, қазақтарға деген саяси ықпалымыз күшейе түседі».

Осыдан кейін алдыңғы екі жорықтан мол сабақ алған Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский Ақмешітті алу үшін Сыр бойына бірнеше бекіністер салу қажет деген ұйғарымға келіп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды. В.А.Перовскийдің жасаған жоспарына сәйкес Қазалы аңғарында № 1 форт, Қармақшыда № 2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына № 3 форт салынып, патша әкімшілігінен жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді жинау жөнінде тапсырма алған сұлтан-правительдер түйелерді қазақтардан еріксіз жинап алады. Жергілікті қазақтар туралы саяси және әскери мәліметтер жинастыруға шығыс тілдерінің маманы О.Я. Осмоловский Сыр бойына арнайы тапсырмамен аттандырылады. Осмоловскийге Ақмешіт бекінісінде орналасқан қоқандық әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтар туралы, Орта Азия

хандықтарының саяси жағдайы, Сыр бойындағы қазақтардың патша билігіне деген көзқарасы және тағы басқа да мәліметтер жинау тапсырылады. Мұнымен бірге В.Перовский Есет Көтібарұлы, Елекей Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бұқарбай Естекбайұлы сияқты Кіші жүз қазақтарының батырлары мен сұлтандарын жорыққа қатысуға көндіруді Арал бекінісінің басшысына жүктейді.

В.А. Перовскийдің Ақмешітті алу үшін жасаған келесі бір айласы жорық кезінде қоқандықтар мен хиуалықтардың күш біріктіріп шығуына тосқауыл қою үшін оларға қарсы дипломатиялық әдістерді қолдана отырып, екі хандықтың арасындағы араздықты өршітеді де Хиуаны соғысқа араласпауға көндіреді. Сонымен қатар Перовский Кіші жүздің билеуші сұлтандарына жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді қазақтардан күштеп жинап алу жөнінде тапсырма береді.

Орынбор генерал-губернаторының бұл нұсқауы қазақтардың ашу-ызасын келтіргені соншалықты, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмектескен сұлтандар мен билердің ауылдарын шабады. Сыр өңірінің қазақтары өздерін жаулауға шыққан патша әскерлерінің жорығына барынша зиян келтіріп, оны әр түрлі амалдармен тоқтатуға тырысты. Тіпті, жергілікті тұрғындар патша әскерлеріне Ақмешітке баратын оңай жолды көрсетуден бас тартқан. Мәселен, 1854 жылы 8 қаңтардағы Перовскийдің Сырдария шебінің қолбасшысына жіберген нұсқауында: «…Ал Досбол би осының алдында да бізге оң пейілін көрсетпеген болатын. Сұлтан басқарушылардың талабы бойынша оған Ақмешітке баратын жолдарды көрсет деген кезде, ол және оның руластары Жөлектің маңында көшіп жүрсе де, жолды білмейтіндігін айтып, жол көрсетуден бас тартты»,- делінген.

Орыс әскерлерінің Ақмешіт қаласында жорығы алдындағы дайындық барысында Орынбор қаласына түрлі себептермен көптеген көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері бас қосты. Олардың ішінде композитор А.А. Алябьев, орыс түсіндірме сөздігінің авторы В.И. Даль, жер аударылған ақын А.Н. Плещеев пен суретші Т.Г. Шевченко, шығыстанушы ғалымдар А.И. Макшеев, Н.В. Ханыков, суретші баталист В.В. және т.б. болған. 1853 жылы 22 сәуірде әскер саны анықталғаннан кейін, патша әскерінің Ақмешітке қарай жорығы басталады. Деректер бойынша жорыққа 1 генерал, 6 штаб офицері, 34 обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгерлер қатысқан. Патша өкіметі бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалып, сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әскер, зеңбірек батареялары, инженерлік топтар, саперлік бөлімдер, казактар және әскери флотилия кірген. Жорыққа кейін тағы да 2 обер-офицер мен 158 жауынгер қосылып, жорық әскері 1068 түйеге артылған азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Бутаков бастаған «Перовский» кемесі мен «Обручев» баржасы қосымша күш ретінде Сырдария өзенімен жоғары қарай жорық әскеріне ілесіп жүзді.

Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, бекіністі қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскер келтірмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді. Кейін орыстардаң осы амалы өз-өзін ақтады. Себебі Ақмешітке көмекке келе жатқан қоқан әскері тоспадан жайылған судан өте алмай, уақыттарын өткізіп алады. Жорыққа шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, В.А.Перовскийдің бекіністі қоршау арқылы бағындырмақ болған жоспары іске аспады. Оған қоса бекініс маңайындағы қазақтар да басқыншыларға мал мен жем-шөп сатудан бас тартты.

В.А. Перовский енді шешуші шабуылға көшпесе, онда жағдайының қиындай түсетінін біліп, 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудырды. Бекіністі қорғаушылар жаудың күші әскери техникалық жағынан да, адам саны жағынан да көп басым болғанына қарамастан ұзақ уақыт төтеп беріп, патша әскерлерінің зеңбіректерден атқылауына қарсы шабуылмен жауап беріп, бірнеше орыс әскерін өлтіріп кетеді. Бекіністі қорғаушылардың ерлігіне Перовскийдің өзі де таң қалып, Булгаков деген досына жазған хатында былай дейді: «Бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспіз».

Қоқан хандығындағы өзара таластар, Ұратөбе билеушісі Абду-Гафардың Хұдияр ханға қарсы шығуы сияқты Қоқан хандығының өз ішіндегі бытыраңқылық Ақмешіт бекінісін Ресей империясының тез жаулап алуына жағдай жасады. Бірақ, осыған қарамастан, ташкенттіктер Ақмешітті қорғап жатқан өз қандастарына көмекке әскерлерін жібере алады. Қоқандықтардың күшті әскері Ақмешітке қарай көмекке келе жатыр деген хабар алғаннан кейін, В.А.Перовский жолдағы өткелдерден қоқандықтарды өткізбеу үшін, күшейтілген орыс әскерлерін жібереді де, генерал И.В. Падуровқа Жөлекті алуды тапсырады. Генерал Падуровтың Жөлекті алып, жағдайы оңтайланған В.А.Перовский Санкт-Петербургтен алып келген галваникалық құралдарды қолдану арқылы Ақмешіт бекінісінің қабырғасын бұзып, күшті артилериялық атқылауға ұшыратады. Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскеріне қарсы үш аптадан аса ерлік пен қарсы тұрып, аянбай соғысады. В.А.Перовский бекіністі қорғаушылардың берілуге дайын тұрғанына қарамастан 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне басып кіреді. Ақмешіт үшін болған шайқаста қорғаушылардың 206 адамы өліп, 35 адам жарақаттанса, орыстар жағынан 9 адам өліп, 16-сы ауыр жарақаттанып, 30 адамы жеңіл жарақат алған. Тұтқынға түскен 74 қоқандықтың біреуі ғана бұхаралық саудагер, қалғандарының барлығы жергілікті жердің қазақтары болып шықты. Олардың бәрі кейін орыс билігіне қарсы шықпаймыз деген уәде бергеннен соң ауылдарына қайтарылған. Ақмешітті басып алған патша өкіметі бекініске мыңға жуық әскермен бірге 16 зеңбірегі бар күшті гарнизонды орналастырады. Сол жылдың 26 тамызында І Николай Ақмешіт бекінісін Орынбор генерал-губернаторының құрметіне «Перовский» форты деп өзгертті. Осылайша, Перовский бастаған орыс әскерлерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери стратегиялық және саяси – экономикалық жағынан аса маңызды болды. Орыс әскерлерінің Ақмешітті басып алуы Ресей империясының иелігіне 500 шақырымдық жерді қосып қана қойған жоқ, бүкіл Кіші жүз қазақтарының жайлауларымен бірге қыстауларына да бақылау жасауға мүмкіндік берді. Әскери және саяси-экономикалық жағынан үлкен маңызы бар Ақмешіт бекінісінен айрылып қалғанына көнгісі келмеген қоқандықтар орыс билігінен оны қайтару жолында бар күштерін салып, жанталаса күресті. Қоқан хандығындағы билік үшін талас-тартыс пен қазақ қыпшақтары мен сарттардың арасында болған өзара қырқысу соғысының зардабы зор болды. Ақмешіттің қоршауда болған уақытында оған дер кезінде көмекке келуі және орыс әскерлеріне тойтарыс беру мүмкін болмады. Яғни, Қоқан хандығындағы отырықшы халықтармен көшпенділердің арасында жиі болып тұратын билік үшін соғыстың салдарынан қоқандықтардың орыстарға қарсы күресі жүйелі түрде жүргізілмей, үзік-үзік бөліктерден тұрды.

Қорыта келе, Қоқан хандығы билігі кезіндегі Сыр өңірі халқының әлеуметтік тарихын жан-жақты зерделеп, ашып көрсету қажет. Сол Сыр өңіріне қатысты Алматы, Ташкент, Москва, Орынбор, Санк-Питербург қалаларындағы мұрағаттардан құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу керек.

К.Ахметова,

Ақмешіт музей филиалының

меңгерушісі 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<