Өмір өткелдері

1208

0

Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығын ла­йықты қарсы алу мақсатында, қайраткер атындағы қоғамдық қордың бастамасымен ауқымды іс-шаралар белгіленіп отыр. Осы ретте аймақ басшылығы тарапынан кешенді іс-шаралар жоспары жасалады деп күтілуде. Қор төрағасының айтуынша, толықметражды көркем фильмнің сценарийін Айгүл Кемелбаева жазып аяқтаған. Темірбектей қайраткер тұлғаның әкесі Қара Жүргенұлы қара шаруа емес. Елде аты, айтқан сөзі қалған, қайсар тұлғалық болмысы аңыз болып сақталған біртуар азамат. Жүргеновтер әулеті жайлы киносценарий жазу барысында көптеген тың деректер шығып отыр. Соның ішінде Қара туралы бірер сөз оқырман назарына ұсынылады.

Редакциядан

Қара мен Қажымұқанның сыйластығы

Қара Жүргенұлы, (шын есімі Сырлыбай) 1858 жылы дүниеге келген. Өз заманының көзіқарақты, ақылды, байлығымен де, билігімен де елдің көшбасшысы болған. Кеңес жаналғыштарының әмірі орнағанға дейін Қараның сөзі жерде қалмаған, Сыр өңірі мен Тобыл, Торғай, Ырғыз өзендері бойының ел-жұртына айтқаны болған. Қараның есімі аталса, «Ол бай Шөмекей ғой», деп түгел білген. Атағы жер жарған қазақтың кәсіби палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өзінен мүшел жас үлкен, даңқы асқан Қараны іздеп арнайы сәлем беріп келіп тұрған. Екеуінің сыйластығы, бірі-бірін қадір тұтқандығы жайлы ел арасында ауыздан ауызға тарап жүрген бір әңгіменің нобайы мынадай:

Қараның аулына Қажы­мұқанның әр келгені бір мереке. Палуанды көруге ынтызар жұрт шақыру күтпей Қара үйіне қарай ағылған. Елдің үлкендері мен игі жақсылары бас қосады. Әңгіме-дүкеннің көрігі қызады. Қажымұқанның түр-тұлғасы, келісті сипаты, отырған-тұрған қозғалысы, аузынан шыққан әр әңгімесі – бір тарих, бір қызықты оқиға. Әңгіменің бірінде Қара:

– Өзіңдей алыпты берген, қазақты әлемге танытқан Алла Тағалаға ризамыз, – депті.

Сонда Қажымұқан:

– Қареке, менен әлдеқайда күшті, менен қуатты талай қазақтар болған. Арыстанбаб бабамыздың мәңгілік мекен тап­қан жайының маңындағы бір ауылда Бақтияр деген кісімен жолықтым. Жүрелеп отырғанда тақиясы керегенің жоғарғы қатарымен деңгейлесіп тұратын. Қабырғасының қалыңдығы менің екі сау­сағымдай болатын, – деп екі саусағын жоғары көтеріп отыр­ғандарға көрсетіпті. – Палуандар қарсыласының күш-қуатын қабырғасының қалыңдығымен бағамдайды. Қапсыра құшақтап қысып жібергенде қабырға шыдас беруі керек. Сол Бақтиярдың, әттең… Бағы жанбаған ғой деп, – әңгімесін әрі қарай жалғапты.

Бақтиярдың әкесі ұлынан да қуатты, сұсты айрықша кие мен қасиет қонған, жолбарыс­тан сес­кенбейтін, аты аңызға айналған жан болыпты.

Көрші ауылға қатынайтын екі жол бар. Бірі – қалың тоғай ішімен жолбарыстың жымы арқылы баратын қысқа, қауіпті жол. Екіншісі – айналма, ұзақ, қауіпсіз жол. Бақтиярдың әкесі қысқа жолмен, жолбарыстың жымы арқылы барып қайтады екен. Ауыл тұрғындары қауіпсіз айналма жолмен қатынайды.

Бақтияр да «Әкем барып-қайтып жүрген, жолбарыс­тың жымымен жүретін кезге қашан жетем. Қашан әкемнің батылдығын қайталай аламын», деп іштей дайындалып жүреді. Қайрат-күшім толыс­ты-ау деген күні көрші ауылға аттанады. Келгесін әкесі:

– Балам, барып қайттың ба?

– Барып қайттым.

– Қай жолмен бардың?

– Сіз барып жүрген, жолбарыстың жымымен.

– Жолбарыс жолықты ма?

– Иә, жолықты.

– Не істедің?

– Жолбарыс маған атылып еді, қылышпен қақ бөлдім, – депті өзінше бір ерлік жасағандай кейіппен. Әкесі:

– Астағфиралла! Мысықтың адамға ұмтылғаны не деген сұмдық?! Ұрпағым ұсақтана­йын деген екен! Мен сол жолмен ана ауылға барған-қайт­қанда, жолбарыс алдыңғы екі аяғына басын қойып, жүрген қадамымды қабағымен бағып, орнынан қозғалмай жататын еді, – деп сөзін аяқтапты.

Тым-тырыс болып, демін ішіне тартып отырғандар таң­да­ныс­тарын жасыра алмай:

– Ойпырым-ай, жарықтық! Ойпырым-ай жарықтық! – деп қозғалақтап, үй ішінің гуілі көпке дейін басылмапты.

Қара ақсақал Қажымұқанға тай тұяғындай алтын сыйлапты.

Әкесі көкжал екен

Ташкенттегі оқуы аяқталып, Тәжікстанға халық қаржы комиссары қызметіне барар алдында Темірбек Ырғызға ауылына келеді. Әкесі Қара:

– Әлібидің (Жанкелдин) соңына еріп ақтармен соғысыпсың. Сол Әлібиің Каспий бойын жайлаған қалың он екі ата Байұлы жұртын сәбетке күштеп енгізбек болған. Орыс әскерлерінің етігімен теңіз кешіп, түрегеп тұрып теңізге дәрет сындырғанын көрген ел-жұрт толқыған. Тобанияз би бастаған топ Әліби әскерлерінің киімдерін жинап алып, қол-аяқтарын байлап арбаға тиеп әкеліп тапсырыпты. Әлібидің кешірім сұрап құтылғаны Ырғыз бен Сыр өңіріне жетті емес пе? Сол жетесіздер бүгін теңізімді лас­таса ертең елді қорламай ма? – деп шамыр­қанған.

– «Кәмпеске деген болады. Ірі байлардың малын алып қояды. Өз еркіңмен ортаға салғаның дұрыс», дегенде Қара:

– Зорлық-зомбылықпен тартып алған қайран мал қызыл үкіметіңе жаға қояр ма екен?! – деп қатуланған.

Қараның 80 мың қой, 3000 жылқысы, 1000 түйесі бар деп көрсетіліп, малы тәркіленіп Қарқарылыға үш жылға жер аударылған. Әкесінің жер аударылғанын естіген Темірбек Ташкенттен Алаш қайраткері Жанайдар Сәдуақасовқа мынадай хат жазады:

«Армысың, қадірлі досым, Жанайдар? Ел-жұрт аман ба? Ұзату тойынан соң елге Дәмешті апара алмадым, жолай соға алмай, Ташкент асып кетуге мәжбүр болдым. Әке-шешем келін түсіріп, той қылатұғын сәтінде осы кепке ілікті. Ырғыз­да тәркіленген әкемді Қарқаралыға жер аударды. Әкем онда көшіп барғанша, азын-ау­лақ малын айдап жеткенше біраз уақыт өтеді. Қарқаралы округіне 27 қарашадан қалмай тіркелуі керек. Аты-жөні Қара Жүргенұлы. Апамның есімі Кәмпит. Біздің әулеттен конфес­келенген бала-шағамен 9 жан. Әке-шешемді, тете інім Ысқақ пен оның келіншегі Ақшекерді балаларымен Дәметайдың ауылына, құдаларына елдегі әкең апарып таныстырса. Тілегім осы».

Жанайдардың әкесі Сәдуақас Қараны Дәмештің әкесі Әмірханның үйіне ертіп әкелген. Әмірхан Қараны арнайы қонақ етеді. Дастархан үстінде Қара:

– Шаңырағыма түспеген келіннің ауылына келіп, құрметті құда атанамын деп кім ойлаған? А, құдай, «Адамның басы – Алланың добы» дейтін едік. Басымыз қызыл өкіметтің де добы болды-ау. Мына қызылкөз үкімет құдайсыздар заманын орнатып жатыр. Жұрт көлеңкесінен қорқатын есірік заманда жер айдалып келді демей, басымызға үй тігіп берген құдамызды құдай ақтан қосқан екен. Алла разы болсын, – депті.

Әмірхан:

– Құда, қолдан келер не амал бар, заман бұзылды ғой. Ел тыныш болса, Сыр бойында шалқытып той қылар едіңіз. Ал үлкен асқа бата беріңіз, – дейді.       

Қара:

– Менің бабам Әйтеке би барша қазақты бауыр етіп бір ұяның балапаны, бір биенің құлыны деп еді… Сұңқар болар ма екенбіз?! Тұлпар болар ма екенбіз?! Тоз, тоз болдық қой! – деп терең күрсініп, тебіреніпті.

– Бата сұрап, бақ тілеген,

Жарылқа Алла құлыңды.

Қайырын Алла бергейсің,

Мал менен жанның шығынын.

Е, Алла! Тоқтам бер мына зұлматқа,

Айыра көрме дінімнен.

А, Құда! Бата бердім осылай,

Шығарып іштен сырымды.

Мейірімді қылып жаратқай,

 Келінім менен ұлымды.

Армандары орындалар уақыт келгей,

Жаудыртып көктен нұрыңды.

Мың жылдық  құдалы­ғы­мыз­ды жарастырғай!

Әумин!

Мерзімі бітуге жақындағанда Қараға қарқаралықтар «Балаң Темірбек – Кеңес өкіметінің ірі қызметкері, Өзбекстанның ағарту комиссары болыпты» деген сүйінші хабарды жеткізгенде, жауатын бұлттай түнерген Қараның «Балам алдымен өзінің миын ағартып алсын» деген сөзі бүкіл елге тараған. Осыны естіген жұрт «Әкесі көкжал екен, баласы Темірбек қандай екен?» деп таңырқасыпты.

Темірбектен кейін көп кешікпей Қара ақсақал да тұтқындалған. Оның осы сөзін тергеуші айыптау ретінде көлденең тартқанда, Қарекең:

– Мал-мүлкім тәркіленіп, өзім жер аударылғасын сәбет өкіметін жек көргенім рас, ұлыма қарата ана сөзді айтқаным жоқ, – деп мойындамаған.

Темірбек Жүргенов Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметінде жүргенде Алматыға баласын арнайы іздеп келіп, түрлі себептермен қызмет орнынан да, үйінен де кездестіре алмаған. Темірбек өзі іздеп тауып кездескенде, әкесі:

– Ия, сөйле өкімет! Жалшыларды қолына қару беріп дікеңдетіп қойдыңдар. Кілең уызына жарымаған немелер төбемізден әңгіртаяқ ойнатып жүр. «Бір күн аш болғаннан ақыл сұрама», деген қазақ. Кілең аш-жалаңаш, ақылсыз есіріктер жиналып дәулеттілердің бар малын тартып алып туған топырақтан аластап, қиян шетке жер аудардыңдар. Әй, сендер мықты өкімет екенсіңдер. Бардың мал-мүлкін тонап тақыр кедей еткенше, неге мына аш-арық елді дәулетті ету үшін күреспейсіңдер? Зорлықпен, атып-асумен, тонаумен келген сенің қоғамыңның да барар жерін көрерміз. Неге зәру, құмар болса, соның тақсіретін бір тартпай қоймас. Соның ішінде сен де барсың… – деп қаһарланған. 

Біраз үнсіздіктен кейін, қош­тасарда:

– Үстеріңдегі киімдерің тым жылтыр екен. Тірліктерің боямалы, бас киімдеріңнің күнқағары тым қысқа екен, өмірлерің де қысқа болатын шығар, – деген Қара ақсақал да бабасы Жәрімбет әулиедей сәуе­гейліктен де құралақан болмаған.

Қызылорда қаласындағы НКВД өкілі Пяткин дегеннің тұтқындауы, тергеуінен кейін Қара Жүргенұлы 1937 жылы 27 қыркүйекте осы Қызылордада атылған. Рухы шат болғай!

Жүргеновтер отбасының қалай жазаланғаны жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жылдар қызмет еткен, отс­тавкадағы полковник Әмірхан Бәкірұлының мақаласында егжей-тегжейлі жазылған.

Сәби Аңсат,

Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<