Өткен дәуірдің құм бетіндегі із

4

0

«Музей – өткенді оятып, болашаққа із қалдырар мәдени мекен» десек, қате айтпаған болар едік. Ғылыми қызметкерлердің жобалары аясында қорға тарихи жақұт түсіп, «Жас өлкетанушы» жобасы бойынша сирек кездесетін жәдігермен толықты. Ол – белемнит. Белемниттер (лат. Belemnіtіdа) – басаяқтылар класына жататын, өліп біткен омыртқасыз жануарлар отряды. Юра және бор дәуірлеріне жатады. Музей қорына омыртқасыз малюскалардың тасқа айналған бөлігі өткізілді.

Жобаға қатысушы Арал ауданы Абай елді мекенінің №59 орта мектеп оқушысы Мерей Мұратқызы аталған жәдігерді «Шөгінді тау жынысы – сіңіртас» деп өзіндік зерттеу жұ­мы­сын жасап өткізген болатын. Му­­зей қызметкерлері жәдігердің құ­ры­­лымына, аңыз-әпсанасына, ши­па­лық қасиетіне қарап, «шөгінді тау жы­­нысы» деген болжамды тере­ңірек зерттеуге кірісті. Қор­қыт ата атын­дағы Қызылорда уни­верси­те­ті «Жараты­лыстану» фа­культе­ті­нің оқы­тушы­ларымен кеңесе оты­рып, жә­дігердің белемнит екенін анық­тады.

Белемнит түсі сұр, құдды найза ұшы тәрізді сүйірленген, жылтыр келген. Оқушының зерттеуі бойынша Арал маңындағы Құлжымыр-Қас­қа­төбе, Тамдықайнар жерлеріндегі жо­талы төбешіктің сайынан табылған. Жергілікті халық сыртқы көрінісі мен қаттылығына қарап, белемнитті «сіңіртас» деп атаған. Қатты, ұзынша, сүйекке келетін құрылымы қатқан сіңірдей әсер қалдырады. Халықтық танымда ол тасқа айналған сіңір ретінде қабылданған.

Музей қорындағы белемниттің барлығы дерлік, бөлшек күйінде, қақ ортасынан бөлінген. Ортасынан ұзын­дығын бойлай жіпше тәрізді із бар, ең ұзын белемнит 7 см. Ме­рей осы белемниттің түрлі тері жарақат­тарына, күйгенге, тіпті қан қысымына көмегін тигізгенін жазған. Қазақтың халық медицинасында сіңіртас сү­йек, сіңір, буын ауруларына, қан тоқ­татуға, жараның тез жазылуына, асқазан мен бүйрек ауруларына пай­даланылған. Зерттей келе, Қытай ха­лық медицинасында да пайда­ла­натынын байқауға болады. Қытай халық емшісі доктор Джаоның ай­туынша, белемниттік препаратты қа­былдағандар гастрит пен асқазан жа­расынан зардап шекпейді.

Белемниттер Mollusca типіне, Cephalopoda класына, Coleoidea под­класына жатады. Олар қазіргі каль­марлар мен каракатицалардың ерте эволюциялық тармағы болып есеп­теледі, 95% кальцийден тұрады, қал­ған 5 пайызы 70 басқа элемент­тен түзіледі. Бір қызығы, тастың хи­мия­лық құрамында мезозой дәуірінде біздің планетада болмаған улы заттар жоқ делінген.

Энергиясы күшті, тарихы бай тас. Ол біздің планетамызда шамамен 70 миллион жыл бұрын өмір сүрген ең көне моллюскалар денесінің тас­қа ай­налған түрі. Денесі жұмсақ бол­ғанымен, ішкі қаңқасы жақсы дамы­ған. Ол үш негізгі бөліктен тұрған:

Ростр – оқ немесе найза тәрізді қатты құрылым;

Фрагмокон – камераларға бөлінген жүзу аппараты;

Проостракум – бұлшықеттер бе­кінетін жұқа пластина.

Ғалымдардың пайымдауынша, белемниттер белсенді жүзетін жырт­қыштар болған. Олар ұсақ балық­тар­мен, шаян тәрізділермен қорек­теніп, реактивті қозғалыс арқылы тез жүзе алған.

Қазақстанның батыс және оңтүс­тік аймақтарында, әсіресе бор және юра жүйелерінің шөгінділерінде бе­лемнит рострлары жиі кездеседі. Ха­лық арасында оларды «шайтан оғы», «найза тас», ал Арал өңірі халқы «сі­ңіртас» деп атаған. Бұл атаулар олар­дың пішініне, түр формасына бай­ла­нысты қалыптасқан болуы керек.

Аңыз-әпсаналарда белемниттің пайда болуы халық арасында мифо­логиялық сипатта түсіндірілген. Үш­кір, найза тәрізді пішініне бай­ла­нысты ол «найзағай тасы» немесе «аспаннан түскен жебе» деп аталған. Халық сенімінде мұндай тас найзағай түскен жерде пайда болады және оны сақтаған үйге апат жоламайды деп есептелген.

Кейбір аңыздарда белемнит жын-шайтанға қарсы атылған көк жебе ретінде сипатталады. Сондықтан ол қорғаныштық қызмет атқаратын киелі зат саналып, тұрмыста түрлі ырым-жоралғыларда қолданылған.

Белемнит мысалында халықтың табиғи құбылыстарды мифологиялық сана арқылы түсіндіргенін байқауға болады. Ғылым оның нақты био­логиялық және геологиялық таби­ғатын ашса, аңыз-әпсаналар оның мә­дени-рухани мәнін айқындайды. Бұл екі қырды қатар қарастыру та­биғи нысандардың қоғамдағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Белемнит – палеонтологиялық маңызы зор табиғи нысан ғана емес, сонымен қатар халықтық дүние­та­нымда ерекше орын алған мәдени белгі. Ол – ғылым мен мифтің, та­биғат пен руханияттың өзара сабақ­тастығын көрсететін құнды мұра. Мұндай нысандарды зерттеу табиғи және мәдени мұраны кешенді түрде сақтауға жол ашады.

Ләззат ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

 өлке тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері