Өткен қасіретіңді ұмытпа, қазақ!

1258

0

…1819 жылы Ресейдің І Александр патшасы қазақ балаларын сатуға болатыны туралы тағы да заң қабылдайды. 1832 жылы жарық көрген А.И.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» деген кітабында «базарда қазақ баласының құны 4 немесе 5 қап тары, қыз баланың құны 3-4 қап тары тұрады. Сонда бір айдың ішінде жүз қазақ баласы сатылды» деп атап көрсетеді.

Қазақ ауылының кедейленіп, азып-тозуына патша үкіметінің өзі қызу қолдау жасап, «әскери барлау» деген құрамаларды пайдаланған. Осындай әскери жасақтар 1830 жылы бір ғана Байбөрі болысынан 12 мың қой, 2000 жылқы, 1500 сиыр, 700 түйені айдап әкеткен. Мұнымен қоймай, олар балалар мен қыздарға қиянат-қысым жасап, оларды тұтқындап, алып кетіп, ал ересек ер-азаматтарды қырып-жойған. 1838 жылы сұлтан Қоңыр Құлжа мен орыс офицері Көшек Қасымов ауылының тоз-тозын шығарып, 21 қыз бала мен 8 әйелді күштеп әкеткен, 25 ер азаматты өлтіріп, 80 адамды түрмеге жапқан. Басыбайлы (крепостнойлық) еңбектерді қолданатын ірі тау-кен зауыттарының иелері мен орыс помещиктеріне І Александрдың арнаулы заңы бойынша қазақ балаларын құлдыққа сатып алуға рұқсат етілген. ХІХ ғасырдың басында, бір айдың ішінде 100 қазақ баласы әрқайсысы 4-5 қап қара бидай ұнына, ал қыздар 3-4 қара бидай ұнына сатылып кеткен.   

Қазақ даласын зерттеуші ғалым Г.Н.Потанин өзінің бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін Қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қарашада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды Қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті», – дейді.

Қазақ қыздарын сатып алып күң ретінде ұстау ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны: 40 жастағы қазақ әйелі – 12 сомға; 30 жастағы жігіт (әйелімен бірге) – 1 ат, 1 құлын және 16 сомға; 16 жастағы бозбала – 12 сомға; 20 жасар жігіт – 15 сомға сатылған. Сол заманда аттың құны – 91,5 тиын болған…

Біз бүгінгі заманға шүкіршілік етуіміз керек. Осыны есте ұстайық, ағайын!

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<