Өз заманынан оза туған

391

0

Кемеңгер жазушы, ғұлама абыз Әбіш аға Кекілбайұлы: «Ұлт аналар берген ақ сүттен нәр алып, әкелер көрсеткен ата жолмен өркендейді» дегендей, сөзсіз, біз кешегі көреген аталар мен асыл әкелердің даңқты іздеріне ерекше құрметпен қарап, мәңгілік тағзым етеміз.

Қазақ тарихының әр парағында қатпар-қатпар оқиғалар жатыр десек, соның ішінде ХХ ғасырды ұлт тарихында ойып тұрып орын алған кезеңнің бірегейі деп білеміз. Өйткені, қазақ елінің тұтастығы әбден нақтыланып шешілген, ұлт зиялыларының салтанат құруы, Алаш үкіметінің негізі қалануы, қазақ интелегенциясының өркендеуі, т.с.с. ірі-ірі ауқымды да маңызды оқиғалар дәуірі деп пайымдаймыз.

Осыдан бір ғасыр бұрын «Қызылорда» атауын иемденген және ел астанасы болған Қызылорда қаласы – қазақ халқының өз еркіндігін алуының, ұлтымыздың «Қа­зақ» деген атауға ресми түрде ие бо­луы­ның тарихи куәсі екені даусыз. Сол яки, 1925 жылы елордамыз Ақмешітке кө­шуінің басында тұрған мемлекетшіл тұлғалар қатарында есімі айрықша тұлға, көрнекті мемлекет қайраткері Жалау Мыңбайұлының да еңбегі ұшан-теңіз.

«Жалау – алдымен елдің ұлы еді, қара­пайым ортадан қайраткер дәрежесіне де­йін көтерілген кесек тұлға» деп фило­логия ғылымдарының кандидаты, белгілі әде­биеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиық­ұлы жазғандай, расында Жалау қазақ халқының ерте сөнген шоқ жұлдызы, төбесіне көтер­ген ел басшысы, ұлты сыйлаған біртуар ке­меңгері еді. Кезінде қайраткердің есі­мін елімізге белгілі ғалымдарымыз терең­деп зерттей түсіп, көптеп жазып, нәти­же­сінде араға жылдар салып, тарихи тұлға өз халқымен рухани қайта қауышты. Өкі­ніш­тісі, кеңес өкіметінің билігі жүрген ке­зең­дерде оның, тіпті тұтас қазақ зиялыла­рының есімдері көлеңкелі тасада келгенін оқырман қауым жақсы білер.

Осы мақаламызда биылғы Қызылорда шаһарының елорда болған тарихи сәтіне бір ғасыр яки, 100 жыл толуына байланысты, шаһардың астана атануы жолында тарих орнатқан тұлғалар шоғырындағы Жалау Мыңбайұлы турасында сыр шертсек дейміз.

Иә, тарихқа сәл шегініс етсек, 1925 жы­лы сәуір айының 15-19-ы күндері ара­лы­ғында V Бүкілқазақ кеңестер съезінде елеулі оқиға болды. Жиында «қазақ» атауы қайтарылып, еліміздің жаңа астанасы Ақ­мешіт қаласын «Қызылорда» деп атау жө­ніндегі тарихи құжат қабылданды. Осы тұста айта кетейік, Орын­бордан кейін қай шаһар астана ретінде таңдалуы қазақ зия­лылары арасында дау-дамай, қызу пікір­таласқа ұласып, артын­ша Сұлтанбек Қо­жан­ұлы бастаған зиялы­лардың ұсынысы ескеріліп, басым түсіп, Ақмешіт шаһары бірауыздан таңдалған-ды.

Елімізге белгілі қаламгер Жолтай Әл­машұлы «Сұлтанбек Қожанұлы» атты та­рихи еңбегінде мынандай дерек келтіреді: «Өсек-аяң өз алдына, ал шынтуайтқа кел­генде Сұлтанбек аса абыржулы болатын. Өйткені аты дардай Ақмешіттен жеме-жемге келгенде съезд өткізетін дені дұрыс кеңсе орнын таба алмай сасқан. Келгелі бері қаласымақты әрі аралап, бері аралап, ақыр соңында Жалау Мыңбаев екеуі мынадай келісімге келіп еді. Бұрын Қоқан хандығы өмір сүрген Сырдария өзеніне тақау тұс­та сары кірпіштен өрілген үш қабатты зәу­лім үй бар екен. Соны пайдаланайық десті. Алайда, онда бұл кезде жүйке ау­руы­мен сырқаттанғандар емделіп жатса керек. Бірақ амал қанша, сырқат кісілерді уақытша қала түбіндегі Тереңөзек елді мекеніне ауыстыруға тура келді. Бұған Жалау Мыңбаевтың өзі тікелей басшылық жасады» деп жазған. Маңғыстаулық өлке­танушы, зерттеуші қаламгер Әбілқайыр Спанның «Жалау Мыңбайұлы» кітабының 55-56 беттерінде: «1925 жылдың көкте­мін­де астананы Ақмешітке көшіру жөнін­де төраға Жалау Мыңбаев қол қойған ар­наулы қарар қабылданды. Сұлтан­бек Қо­жан­ұлының жұбайы Күләнда­ның есте­лігіне қарағанда, бұлар Ж.Мыңбаев­тыкымен екі үй Орынбордан Ақмешітке са­па­рында бір вагонға мінген. Күләнда – қазақтың аяулы қызы. Ерінің талайлы тағды­рының ауыртпалығын бөліскен қаһар­ман әйел. Күлекеңнің айтуынша, ар­нау­лы поезд Ақмешітке жеткенше әлде­неше жерде аялдап, митингілер өткізген. Сонда С.Қожанов пен Ж.Мыңбаев шы­ғып елмен кездесіп, сөйлеп отырыпты. Жазу­шы С.Мұқанов «Өмір мектебінде» өзінің Ақ­мешітке осы поезбен келгенін баяндай­ды.

Ақмешітке келген соң Сұлтанбек пен Жалаудың отбасы бір үйдің екі жағына орналасқан. Басшыларға бөлінген үйге барудан бас тартады. Жәкеңнің жаңа ас­танадағы қызметі Қазақ Орталық атқару ко­митетінің кезектен тыс бесінші съезін өткізуге дайындықтан басталады. Сол уақыт­тағы Ақмешітте съезд өткізетін жөндем үй де жоқ екен. Қала лас, көшелері тар, көп жерінде жарық жоқ. Екінші хатшы Сұлтекең екеуі табанынан таусылып жүріп, ақыры ақыл-есі кем аурулардың ауруханасын тауып босатады, оңдатады. Съезге кел­ген делегаттарға, қонақтарға түсетін мекен-жай қамдайды. Ас-су мәселесін ұйым­дас­тырады. Шаруашылық жағы осындай қар­балас болғанда, өзге шаруалар сірә жетіп артылады. Әйтеуір мігір жоқ. Ақыры съезд де өтеді. Онда Ақмешіт атын Қызылорда деп атау, бұрынғы Қырғыз Орталық атқару комитетін енді «Қазақ» деп өзгертуге қарар шығарылды. Ол Мәскеудің мақұлдауына ұсынылады. Үзіліс кезінде жиналғандарға қазақтың ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі көрсетілді. Көрмені ұйымдастыруға атсалысқан, кейіннен республикада көрнек­ті мемлекет қайраткері болған Нұртас Оң­дасынов. Осы Қызылордада тұңғыш рет Нау­рыз тойы жыл басы, ұлттық мереке тү­рін­де 3 күн тойланды. Ол 23 наурызда өт­ті…» деген қызықты деректерді оқуға бола­ды.

Ал осы жылдың сәуір айында «Сыр бойы» газетінде ҚР ҰҒА академигі, бел­гілі ғалым Амантай Шәріптің «Қазақ «Қа­зақ» болғанда» атты тарихи-танымдық ма­қаласында да көптеген тың мәліметтер беріліп, Қызылорда атауы мен астана ата­луы хақында төмендегі деректерді кел­ті­реді: «БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті бю­ро­сының 1925 жылғы 9 мамырдағы мәжі­лісінде V Бүкілқазақ кеңестер съезін­де қабылданған Ақмешіттің атын – Қызыл­орда, Қырғыз Кеңестік Социалистік Рес­пуб­ли­касының атын Қазақ Кеңестік Со­циалистік Республикасы деп өзгерту тура­лы қаулыны бекіту үшін Бүкілодақтық атқару комитетіне ұсыныс жасау тура­лы С.Қожанұлы сөз сөйлеп, бұл істі аяғы­на дейін апару ҚазОАК төрағасы Жа­лау Мыңбаев пен ҚазХКК төрағасы Н.Нұр­мақовқа жүктелді (ҚР Президенті Архиві. 141-қор, 1-тізбе, №13 сақтау бірлігі). Нә­тижесінде 1925 жылғы 15 мау­сымда БАОК «Қырғыз Автономды Социа­листік Кеңес Республикасының атын Қазақ Ав­то­номды Социалистік Кеңес Респуб­ли­касы деп өзгерту туралы» декрет, ал 24 шілдеде «Ақмешіт қаласының атын «Қы­зыл­орда» деп өзгерту туралы» қаулы қа­был­данды. Бұл құжаттың артында төраға Жалау Мыңбайұлы мен хатшы Бекайдар Аралбаевтың қолтаңбалары мәңгі өшіріл­местей тарих болып қалды.

Жәкеңнің сенімді серіктесі болған, хат­шы қызметін атқарған қайраткер Бе­кай­дар Жантөреұлы Аралбаев 1925 жыл­дың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бү­кіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің ба­сын қосқан Қазақ АКСР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылғанда осы кеңей­тілген жиында ол Қазақ АКСР Атқару ко­митетінің хатшысы болып сайланады. Аралбаев Түркістан АКСР Ішкі істер халкомы, Республика Халық сотының тө­рағасы болады. Астананы Қызылордаға көшіруге белсене атсалысқан азаматтардың бірі. Қазақ Орталық Атқару комитетінің партия, кеңес аппаратын қазақыландыру (коренизация) жөніндегі комиссиясына бас­шылық етеді. Кейін түрлі қызмет саты­ларынан өтіп, Голощекиннің қудалауына ұшырап, қамауға алынып, Красноярск өлкесінде 1952 жылы қайтыс болды.

Белгілі жалаутанушы, марқұм Сейсен Демеубайдың «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітабында: «Ақмешіт атауы қызыл комиссарлар көңіліне қонбады. Бұл да принципті мәселе ретінде жатқызылып, түрлі атаулар ұсынылды. Соның бірі ұлт­тық бағытты көздеген қайраткерлер ұсын­ған Қызылорда еді. «Қызыл» мен «Орда» сөздерінен құралған бұл атау екі жақты да қанағаттандырған-ды. Ақыры осы дұ­рыс деп табылды. Съезд делегаттары да бірауыздан осы Қызылорданы қолайлы көрді.

Қызылорда – бүкіл қазақ жерін бірік­тірген кездегі тәуелсіздіктің таңсәрісі бол­ған еліміздің тұңғыш ордасы. Қасиетті қара­шаңырақ. Басқосуда ұлт зиялылары мен Го­лощекин арасындағы алғашқы қайшы­лық­тың туындауына түрткі болған жерге орналастыру мәселесі қаралды. Ол бойынша қазақ шаруаларына шабындық және егістік жерлерді бөлгенде артықшылық беру жағы көзделді. Ирригациялық құрылыстарды жедел дамыту, суландыру, сауда мен коо­перация, қаржы жүйесін қалыптастыру сияқты шаруалар талқыға түсіп, қажетті шешімдер қабылданды. Республикада ен­дігі жерде оқу-ағарту жүйесі мен мәдени құрылысты дамыту кезек күттірмейтін іс делінді. Ағарту халкоматына жақын бола­шақта қазақтың ұлттық драма театрын ашу тапсырылды. Өз қызметін табысты өткізген Бүкілқазақстандық кеңестердің V съезі қа­зақ халқына үндеу тастап, онда былай деп көрсетті:

– Алдымызда Қазақ республикасын эко­номика жағынан көркейту кезеңі тұр, еліміздің өндіргіш күштерін көтеру жолын­дағы, ҚАКСР-ын мекендейтін барлық ең­бекшілердің материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру жолындағы күрес кезең тұр. Қазақ халқын бірлікке, елдікке шақырады. Осы бірлік пен елдікті жүзеге асыратын көп ретте жергілікті жерлердегі өкімет органдары десек, 1925 жылдың 1 тамызына қарай губерниялық және уездік атқару комитеттерінің төрағалары түгелдей сайланды, – деп жазады.

Жалпы қайраткер Ж.Мыңбайұлы сол бір ауыртпалығы мол күндердің өзінде-ақ осы кезге дейін әлі де мән-мағынасын жоя қоймаған қадау-қадау ірі мәселелерді тиянақты етіп шешуге зор күш салды. Бұл бағытта жасалған ілкі қадамдардың бар­лығы да 5-ші басқосудан соң, жаңа елорда Қызылордадан бастау алғаны тарихи ақи­қат.

Қызылордада Жалау төрағалық еткен тұста1925 жылдың сәуірінде Қазақстанның астанасы Орынбордан Ақмешітке көші­ріл­генде республика аймағы үштен біріндей кеңейіп, 2,7 миллион шаршы шақырымға жетті, қазақтар республика халқының 61,3 пайызын құраған.

Қазақстанның территориясы тұтасты­ғын сақтауда көп еңбек сіңіріп, ұлттық тер­риториялық межелеуден кейін Қазақ­стан шекарасын бекіту құжатына (1925-1929 жж.), сонымен бірге Қазақ Республи­касының алғашқы елтаңбасын бекіту, 1926 жылы Қазақтың тұңғыш ұлттық драма театрын (бүгінгі М.Әуезов атындағы) құру туралы қаулы құжаттарына қол қояды. Тағы бір қайраткерлік тындырымды істе­рінің бірегейі – қазақ шаруаларының тұң­ғыш баспасөз үні болған «Ауыл тілі» га­зетін ұйымдастырып шығарып, оның ре­дак­торлық қызметін өзі атқарды.

1925 жылы қыркүйек-қазан айларында Жалау Мыңбайұлы Қызылордада өткен Қазақстанның құрылғанына 5 жыл толу мерекесіне арналған салтанатты жиында кеңес құрылысы туралы Бүкілқазақтық І құрылтайда «Кеңестердің тарихи рөлі және кеңес құрылысының негізгі принциптері» атты тақырыпта баяндама жасайды. Сол Қазақстанның 5 жылдық тойында Қы­зыл­ордада түсірілген бейнетаспада (1925-1926 жж.) қайраткердің митингте қолын сермеп, жұрт алдында сөйлеп тұрған үзік-үзік кадр­лары Алматы қаласындағы Қазақстан Рес­публикасының киноқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік ар­хивінде бүгінде сақтаулы тұр.

 Ал маңғыстаулық кеңес және партия қызметкері болған Өтежан Алшымбаевтың «Есейдім бірге еліммен» кітабының 133-137 беттерінде: «Қазақтың көрнекті ақы­ны Асқар Тоқмағамбетов Қызылорда қаласы Қазақстан астанасы болуының 25 жыл­дығына орай 1959 жылы жазған «Қызыл­орда» деген өлеңінде В.Ленин қайтыс бол­­ған қаралы митингіде сөйлегендер ара­­сында Ораз Жандосов пен Әліби Жан­гелдиннен кейін, үшінші етіп Жалау Мың­баевты көрсетіпті.

– …Әр ойға, әр жүрекке түсіп алау,

Қайғылы, көзінде жас, түсі жадау.

Түнеріп трибунада тұрған тұнжыр,

Кім деп ем, Мыңбаев екен Жалау… –

деген танымдық естелігін көруге болады.

Қасиетті Сыр елі – ғасырлардан бері та­мырын тереңнен тартқан тарихқа бай құт­ты мекен. Топырағынан түлеп ұшқан жам­поздардың бәрін тізбектеп айтпаған­ның өзінде, Мұстафа Шоқайдай асыл бекзада азаматты дүниеге әкелген тарлан түбектен қалай ғана айналмассың. Сол Мұстафа Шоқайың бүгінгі мақала кейіпкері Жалау­мен қандай бауыр екенін тарқатып жазба­дық, себебі оны халық бізсіз де жақсы біледі.

Иә, бұл шағын мақаламызда біз ноқтаға басы сыймаған өр оғылан ұл Жалаудың ғұмыры хақында оқырман қауымға толық қамтып жеткізе алдық дей алмаспыз. Дей тұрғанмен оның тұлғалық образын, ке­йінгі жас ұрпаққа өнегелі жолын, туған халқының жадында даңқты есімі жаңғыра беретін айрықша тұлға екенін тағы бір мәрте еске салу еді.

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Маңғыстау облысы,

Ақтау қаласы