Өздерің білер Нартаймын

1116

0

Қазақтың халық әншілерінің ішінде сан қырлы өнерпаздар көп болды. Әдетте олар әнші-орындаушылар, музыканттар, композиторлар ғана емес еді. Олардың ішінде көрнекті ақындар, ақын-импровизаторлар бар. Қазіргі кезде оларды әнші-ақын немесе ақын-жыршы деп атайды. Мұндай ақын-жыршылар әдетте әдебиетте де, музыкада да елеулі із қалдырған.

Олардың жұмыстарымен әдебиеттанушылар, әдебиет тарихшылары мен музыкатанушылар, музыка тарихшылары да айналысады. Жыршы-термешілер, жыршы-әншілер ішінде ең құрметті орындардың бірін алатын  Нартай Бекежанов. Ол әнші ретінде ерте танылды. Жалпы халыққа Нартайдың ауызша да, жазбаша да шығарған өлеңдері көп тараған жоқ. Ал музыкалық сүйемелдеумен жазылған әндер немесе өлеңдер алғашқы кезден-ақ есте қалды. Оның ән-жырының аз ғана уақыттың ішінде бүкіл Қазақстанда таныла бастауы музыканың арқасында. Ұлттық мәдениеттің қарыштап дамып келе жатқан жылдары Нартай есімі бүкіл Қазақстанға белгілі болды. Ақын 1890 жылы Шиелі ауданы, Бестам ауылында дүниеге келген. Әкесі қайтыс болғанда екі жасқа да толмаған еді. Отбасы асыраушысыз қалды. Он үш жасқа дейін бала анасымен бірге тұрды. Ерік-жігері күшті, жігерлі ана таңнан кешке дейін еңбек етті. Көптеген қиындықтар мен сынақтарды бастан өткерді. Мұқтаждық, күнделікті күйбең тірлік оның әнші ретіндегі табиғи дарынын сөндірмеді. Нартай құрайдан сыбызғы жасап, күні бойы үйреншікті ән мен күй шертетін. Жиырма жасынан бастап ән айтып, түрлі аспаптарда ойнай бастады.

Ағасы Мәнсүр ақынның әндері айналадағы барлық ауылдарда шырқалды. Анасы мен ағасы бірте-бірте Нартайдың бойына музыкаға, ақындық сөзге деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті тәрбиеледі. Дәл осы кезде оның тағдырын шешкен оқиға орын алды. Ақмешіт қаласына Арқа мен Ұлытауға атақты ақын Тайжан келді, өз өңірінің әндерін ала келді. Осы күндері Тайжанның жанында жүрді, соңынан ерді. Тәжірибелі, сезімтал әнші Тайжан жігітті байқап, еркелетіп, жігерлендіріп, әншінің қиын да абыройлы жолын, оның талантына аса мән беру, аялау, өсіру қажеттігін айтып берді.

– Аралап Сыр бойында серуен еттім,

Ән шырқап жырдан талай көш жөнелттім.

Арқадан Сыр еліне ескерткіш деп,

Әнімді мен Нартайға тастап кеттім, – депті.

Тайжанның кеңесі әншінің жан дүниесіне сіңіп, өзін шәкірті санайтын.

Нартай қолына сырнай, домбырасын алып, Сырдария бойы мен Түркістанның ауылдарын аралайды. Даңқ тез келді. Онсыз бірде-бір той-думан өтпеді. Күшті, әдемі дауысымен «Құлыншақ», «Қалжан», «Қараторғай» және ұстазы Тайжан  ақынның көптеген әндерін шебер орындады. Барлық халық әншілері мен композиторлары сияқты Нартай да нота жазуды білмеген. Ол кезде ауылдарда композиторлардың шығармаларын нотаға түсіретін музыкалық сауатты адамдар жоқ еді. Сондықтан Нартай шығармаларының қашан, қай жерде, қандай себеппен жазылғанын дәл айта алмаймыз. Халық арасында кең тараған әндердің бірі – «Нартай әні» отызыншы жылдардың басында белгілі болды. 1934 жылы маусымда Алматыда өткен Бүкілқазақстандық бірінші жиында «Нартай әнін» Жаппас Қаламбаев қобыздың сүйемелдеуімен орындады. Еліктірер лирика мен шынайылыққа толы, өте ерекше туынды.

Әнші өзіне лайықты орындау стилін табуы керек, әйтпесе әуен өзінің сүйкімін жоғалтады. Нартайдың әнін тек күшті, кең дауыс иесі ғана орындай алады. Тереңдігі мен музыкалық қасиеті жағынан ол кемел, тәжірибелі композитордың туындысы екені сөзсіз.

Ансамбльге жетекшілік ету үшін адам музыкалық дарынды, өнерпаз болуы керек. Нартай асқан талантты, мәдениетті өнерпаз еді. Осы жан-жақтылығы оны қазақтың талай ақындарының ішінде ерекше етіп көрсетті. 1939 жылы қазақ халық поэзиясының алыбы Жамбылдың шығармашылық қызметінің жетпіс жылдығына арналған салтанатты жиынға шақырылады. Ақындар арасынан атақты Нартайды байқаған Жамбыл сүйсініп, жанына келіп:

– О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,

Сөзің тәтті, дәмді екен шекер балдай.

Жүректі сілкіндіріп бір ояттың,

Сарғайып күншығыстан атқан таңдай, –

деп, жырларының эстетикалық қуатына баға берген. Оның ғажайып таланты, ақындық шеберлігі туралы қарт ақын кейін бір емес, бірнеше рет айтқан. Алып ақындарының басқосуында Жамбыл өз тілегін айтады:

– Нартай, Кенен, Нұрлыбек,

Маясар, Қуат, Жақсыбай

Өлең-жырды дүрілдет –

Жарқылдатып жасылдай.

Сөздеріңнің күшінен

Жау жүрегі түршіксін,

Жырларыңды естіген

Дос құмардан бір шықсын!

1943 жылы қыста Алматыда айтыс өтті. Айтысқа атақты ақындар  Шашубай, Кенен, Қалқа, Нұрлыбек, Нартай қатысқан. Ақындардың басым бөлігі айтыстың сыналған түрі – термеге жүгінсе, Нартай сырнаймен сүйемелдеп, әнді кеңінен орындады. Ол кезде алпысты алқымдағанымен даусы бабында еді. Айтыстың қорытынды кешінде Нартай өз ансамблімен өнер көрсетті. Талантына тәнті болған Сәбит Мұқанов былай деп жазды:

– Жүлделі жүйрік Нарекең,

Сүйсінгендей бар екен, – депті.

Нартай қалалардан, вокзалдардан алыс шалғай ауылда өсті. Мектепке баруға, білім алуға мүмкіндігі болмады. Бірақ табандылықтың арқасында әріпті өз бетінше меңгеріп, оқу мен жазуды үйренді. Білімге құмартып, қолына түскеннің бәрін жазып, оқып, ақырында біраз білім алды. Оның дүниетанымы кең еді. Мұның бәрі оның әдеби шығармашылығында із қалдырды. Ауызша өлең шығаратын халық ақындарының басым көпшілігіне ұқсамай, шығармаларын қағазға түсірді. Сөйтіп, ол ауызша-поэтикалық шығармашылықтың өкілі ғана емес, жас жазба әдебиеттің де көшбасшыларының бірі болды. Айта кету керек, қағазға түсірілген өлеңдердің барлығы дерлік автордың әуенімен жазылған. Бұл өлеңдердің кейбіреулері музыкалық сүйемелдеумен, уақыт өте келе әнге айналды. Басқалары терме-импровизациялық-речитативті ән түріне көбірек ұқсайтын болса, үшіншісі терме әуенмен ұштасып жатты. Бұл шығармалардың барлығында Нартайдың музыкалық стилі айқын көрінді. Оны басқа композиторлардан ажырату әрқашан оңай.

Қазақтың ұлттық кәсіби өнері отызыншы жылдардың басында бұрын-соңды болмаған өрлеуді бастан кешірді. Нартай да орасан зор шығармашылық күштердің ағынын сезінді, танымалдығы күн сайын арта түсті. Жалпы, социализм құрылысы жылдарында халық әншілерінің, күйшілерінің, ақындарының қоғамдық қызметі айтарлықтай кеңейді. Олардың тұлғасынан партия белсенді көмекшілерін тапты. 1937 жылы Нартай Шиелі ауданының мәдениет бригадасын басқарды. Бастапқыда шағын бригада көп ұзамай облыстық ансамбльге айналды. Құрамында жыраулар, әншілер, домбырашылар, бишілер, жатқа айтушылар болды және үлкен жетістікке жетті. Көркемөнерпаздар ұжымы репертуарымен ерекшеленді, оның құрамында қазақтың халық әндері мен күйлері, кеңес  композиторларының шығармалары, дәуір тақырыбына арналған очерктер мен бір актілі пьесалар болған.

Халық бұл топты Нартай ансамблі деп атаған. Ансамбль Ұлы Отан соғысы жылдарында жан-жақты қызмет атқарды. Шымкентте, Жамбылда, Қызылордада, сонымен қатар республикадан тыс жерлерде Ош, Жалал-Абад және Өзбекстан, Тәжікстан Қырғызстанның басқа да қалаларында өнер көрсетті. Өзі әнші болып, лирикалық және патриоттық әндерді орындады, домбыра мен сырнай тартты, басқа әншілерді сүйемелдеп, ансамбль репертуарын анықтады, артистердің рөлдерін табуға көмектесті, репетициялар жүргізді, жатқа өлеңдер жазды, ойын-сауық көрсетті. Бірақ, біздіңше, ол ең алдымен әнші болған. Әдебиет сыншылары, әдебиет тарихшылары бізбен келіспеуі мүмкін, өйткені олар үшін Нартай ақын, одан кейін әнші, сазгер болса керек. Жетекші ретінде қарапайымдылығымен, талапшылдығымен ерекшеленді.

Ансамбль соғыстан кейін де өз қызметін тоқтатқан жоқ. Нартай жаңа әндер мен өлеңдер жазды. Репертуарында жаңа тақырыптар болды: бейбітшілік үшін  күрес, халық шаруашылығын қалпына келтіру, колхоздардағы өмір. Еліміздегі барлық маңызды оқиғаларға үн қосты. Нартайдың өлеңдері мен әндері облыстық, республикалық газет-журнал беттерінде үзбей жарияланып тұрды. 1950 жылы «Домбыра сазы» деген атпен оның өлеңдері мен әндер жинағы жарық көрді. Жинақ қазақ поэзиясындағы елеулі оқиға болды. Әдеби мұрасын Әдебиет және өнер институты жинаған. Сөз соңында ақынның мына өлең шумағын келтіруді жөн көрдім:

– Өмірде жаман атқа қалғаным жоқ,

Өкініш, қиянатқа барғаным жоқ.

Халық үшін өз әлімше қызмет еттім,

Сондықтан өтсем-кетсем, арманым жоқ.

Нұрдәулет НАҚЫПОВ,

Н.Бекежановтың  мемориалдық өнер музейінің қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<