Оқшы ата – киелілер ордасы

563

0

Сыр өңірі – сонау Бегабаттан, Фараб пен Яссыдан, Сауран мен Сығанақтан, Жанкент пен Женттен бастап, Көк теңіз, Хазар, Арал теңіздеріне дейінгі алқапта аты қалған бүкіләлемдік жылнамада өзіндік үлкен орны бар тарихи өлке. Киелі мекенде жадыңнан өшпейтін асылдың сынығындай мұралар жетіп артылады. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де, сыны кетпеген ғажайып тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі.

Осындай тарихи-мәдени  мұраларды дәріптеу – халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз. Осы бағытта тарихи-археологиялық және сәулет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру, сондай-ақ, жұртшылыққа олардың құндылығы мен маңызын таныту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын арттыру жөнінде нақты іс-шаралар жүргізілуде. Осындай мұраның бірі, оғыз-қыпшақ заманының жәдігері – Оқшы ата мазары.

Көне дәуірдің куәсі – Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Ежелгі бір кезеңде қалың қауым қадір тұтқан тұлғалар жайлы айтылған әңгімелер күні бүгінге дейін жеткен. Оны ұрпақ санасында жаңғырту – біздің еншіміздегі іс.

Өңірдегі киелі орындардың бірі Оқшы ата мазаратындағы «Жеті әулие қорымын» тереңірек тану да рухани қазынамызды арттырары сөзсіз. Оқшы ата әулиелер мазаратының тарихы әріден басталады. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекеннің мұнан мың, мың жарым жыл бұрын-ақ бабаларымыздың жамбасы тиген жер екені байқалады. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін осы Оқшы ата ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен.

Жеті әулие байыз тапқан Оқшы ата мазараты жайлы сөз қозғағанда, ел аузындағы аңыздарды айтпау мүмкін емес. Өткен ғасырдың басында теміржол салынғанда жұрт адам айтса нанғысыз мынадай оқиғаға куә болған екен. Белгіленген карта бойынша шойынжол тура мазараттың ортасымен өтуі керек болған. Солай жасамақ болған құрылысшылар күнімен тасты төсеп, рельстерді бекітіпті. Алайда, таңертең келіп қараса, рельстер бұзылып, жасаған жұмыстары зая кетеді. Оқиға бірнеше мәрте қайталанады. Жергілікті тұрғындар келіп, бұл орынның киелі жер екенін, онда қасиетті адамдар жерленгенін айтады. Алғашында нанбай түнімен аңдуға көшеді. Сөйтсе, түннің төрттен бір бөлігінде алып бұқа келіп, рельстерді мүйізімен іліп, оңды-солды лақтырыпты. Осыдан кейін барып, картаны өзгертіп, мазараттың сыртымен айналдырып өткізіпті.

Қазір біз әңгімелеп отырған әулиелер ордасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойында орналасқан. Сол тұсқа жеткенде жүргізушілер жылдамдығын азайтып, аруақтарға құраннан дұға бағыштап өтеді. «Оқшы ата» мазаратының жанында «Есабыз ата» мешіті орналасқан. Ас беріп, зиярат етушілер мен тәу етіп, түнеушілерге ғимарат соғылған. Басында мешіт имамы мен шырақшысы бар. Мазарат – мемлекеттің қорғауына алынған тарихи орындардың бірі. Мұнда жерленген адамдардың өмірі уақыт өткен сайын аңызға айналып барады. Олар туралы көптеген кітаптар шығарылды. Жүздеген мақалалар жарық көрді. Мұның барлығы  қай заманда болсын, жеті әулиеге халықтың құрметі ерекше дегенді білдіреді.

Оқшы ата әулиелер мазараты – бір қарағанда шағын мекен болғанымен, бүкіл қазақ жеріндегі Орта Азия аумағындағы аса қасиетті орын. Бұл мазарат қазіргі таңда республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарында.

Жанболат ӨМІРЗАҚ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<