Ортағасырдағы киім аксессуарлары мен шыны әшекейлер

1024

0

Ортағасырлық Кескен-Күйік қалашығына 2019 жылы жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына қабылданды.

Оғыздар дәуіріндегі батпақты қалалардың бірі – Кескен-Күйік Қазалы ауданындағы Бозкөл ауылынан 35-40 шақырым қашықтықта, ал Жанкент қалашығынан 15-20 шақырымдай жерде орналасқан. Археологиялық экспедиция Халықаралық Орта Азия зерттеулер институтының бастамасымен қолға алынды. Қазба жұмыстарын М.Гурулевтің басшылығымен «Рутрум» ЖШС жүргізді. Бұл нысан жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Кескен-Күйік – «батпақтағы қалалардың» ішіндегі көлемі жағынан ең ірісі. Көлемі – 560×700 метр. Қала шикі кірпіштен қаланған, сыртқы қорған қабырғамен қоршалған. Оның қазіргі күні сақталған биіктігі – 2 метр. 1963 жылы ХАЭЭ жүргізген археологиялық қазба жұмыстары (жетекшісі Б.Вайнберг) қаланың ең мықты жоғарғы қабаты VII-IX ғғ. мерзімдеді. Сонымен қатар, жинақталған материал бұл қалашықтың дамыған қолөнер орталығы болғандығын, қала тұрғындарының керамика өндірісімен қатар қола, мыс және темір балқыту және шыныдан ыдыстар дайындаумен шұғылданғанын көрсетті.

1946 жылы С.Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ-ның әуеден барлау отряды алғашқы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізген. Әуеден фотоға түсіріліп, схематикалық жоспары жасалынған. 1958 жылы мәскеулік биолог В.Смириннің және 1963 жылы Б.Вайнбергтің басқаруымен Кескен-Күйік қаласында қайта деректер жинақталып, археологиялық барлау қазбасы салынған. 2006 жылы Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Шірік-рабат археологиялық экспедициясының (ШРАЭ) археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі – Ә.Тәжекеев) археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштің географиялық координаттары анықталып, қаланың үстіңгі қабатынан археологиялық заттар жинап алынды. Қаланың жоспары шеңбер пішіндес келген, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан саз кесектен салынған дуалмен қоршалған. Оның ішінде солтүстік бөлігіне жақын, қала деңгейінен 3 м биік, саз кесектен салынған бөлме құрылыстары бар шаршы пішінді орналасқан. Дуал шаршы пішінді саз кесектермен қаланған. Саз кесектердің басым бөлігі Хорезмнің афригид кезеңіне тән болып келеді.

Кескен-Күйік қаланың керемикалық кешенін Л.Левина үш топтамаға бөледі: жетіасарлық, жетіасар кешенімен аралас – жетісулық және аз мөлшерде – афригидтік, хорезмдік. Оған дәлел, музей қорына өткізілген әр топтан мәлімет беретін керамикалық саптыаяқтар, ұршықтың бастары, керамикалық дастархан бөліктері, глазурленген қыш қаптаманың бөліктері, ойыншы-аттың сынығы, керамикалық қақпақ бөліктері т.б. Шыныдан жасалған моншақтардың бай коллекциясы, қола асықтар, мыс сақиналар, белбеу тоғалары, өңделген мал сүйектері және т.б. заттай жәдігерлер көздің жауын алады. Жәдігерлерге геометриялық, зооморфты, өсімдіктектес ою-өрнектер бедерленіп, оғыз заманынан сыр тарқатып тұр. Қалашықта өңделген ірі қара мал сүйектерінің өте көп көлемде кездесуі сол уақытта мал шаруашылығының алға қойылғандылығын, ал, керамикалық ұршықтың бастары мал шаруашылығымен байланысты жүн иіру технологиясының дамығандығын байқатады.

Жәдігерлердің ішінен көзге оттай басылғаны – қоладан құйылған қос асық. Пішіні мен құрылымы бойынша ұсақ малдың сүйегін қоладан қалыптау және құю технологиясын қолдана отырып жасаған. Бұл – асық ату ойынының оғыз заманынан бастау алғандығын дәлелдейді.

Кескен-Күйіктен табылған мыс теңгелер шекіме әдісімен жасалған. Атмосфералық факторлардың әсерінен патина қабаты түскен. Самарқанда соғылуы мүмкін деген дерек те жоқ емес. Бұл сол уақыттағы сауда қарым-қатынасының дамығандығын көрсетеді. Сонымен қатар, музей қорына Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан қалаларда көп кездесе бермейтін ортағасырлық ойыншық-аттың сынығы өткізілді. Бұл – оғыз заманындағы балалар әлемінен сыр шертетін бірегей экспонат екені даусыз.

Жебе ұшы тәріздес, сопақ жақтаулы, қозғалмалы тілі бар белдікке арналған ілмектер қоладан құю және қалыптау технологиясын пайдалана отырып жасалған. Киім аксессуарларына пайдаланылған құс қанаты формасындағы декоративті жапсырма музей қызметкерлерін таң қалдырмай қоймады. Құстың жайылған қанатының формасын беретін бұйым қоладан құйылған, өте сапалы жасалған, айналасы шекімеленген. Әр бөлігінде киімге бекітуге арналған тесіктері бар. Түрлі түсті шыны моншақтар да оғыз заманындағы әйел қауымы әлемінен сыр шертіп тұрғандай. Қызыл, жасыл, көк, сары сынды ашық түстермен боялған шыны моншақтар әшекей әлемінің бай мұрасының дәлелі іспетті.

Кей деректерде «Үлкен Күйік қала» деп аталып жүрген оғыздардың бас қалаларының бірі – Кескен-Күйік алдағы уақытта да бай тарихымен, құнды жәдігерлерімен бөліседі деп сенеміз.

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері                         

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<