ҚОЖАМБЕРДІ БАТЫР

1497

0

ҚОЖАМБЕРДІ БАТЫР Дерек көздері бойынша Қоңырат тайпасынан тарайтын ұрпақтардың бірі Тәңірбердінің (лақап есімі Көшенші) Сүйеліш, Мақы, Сопы, Досымқұл атты төрт баласы болыпты. Қожамберді сол төрт баланың ішіндегі Мақының немересі. Ал Тәңірберді Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрып, өз алдына мемлекет шаңырағын көтергенде ішінде болған тұлға және өзінің ұлдарын хан жасағына қосқан. Қариялар Мақының Қарақұдайберді, Қанымкүл есімді ұл-қызы болғанын ғана айтады.

Қарақұдайбердінің үш әйелінен Жаулыбай, Аманбай, Сүйінбай, Сүттібай, Байқошқар, Аққошқар ұрпақтары өсіп өнсе, Қанымкүл Қаракерей найманның Жанту деген мырзасына ұзатылған. Бірақ өзінен ұрпақ болмағаннан кейін ағасы Құдайбердіден Аманбай інісін сұрап алып, ержеткен соң үйлендірген. Содан туған Қожамбердіні Қанымкүл бауырына басып, еркелетіп өсірген. Еркін өскен баланың дене бітімі де ерекше болады. Жас жігіттің ірілігіне қызыққан Жантудың туған ағасы Жаңбыршы батыр өзі тәрбиелеп ат үстінде найзаласу мен қылыштасудың, шоқпар жұмсау мен қалқанмен қорғанудың әдіс-тәсілдеріне қапысыз үйретеді. Сондай-ақ, садақ тартып оның жебесін жүзіктен өткізуге машықтандырады. Ер қаруы – бес қаруды меңгерген жас жігіттің ауылына ұры-қары жолай алмаған. Тарбағатайды мекендеген ойраттар бірде Қожамберді ауылының бір үйір жылқысын барымталап алып кетеді. Артынан қуған Қожамберді бастаған төрт жігіт 7 барымташының бесеуін байлап әкеледі. Содан кейін қара керейлер, Қожамбердіні «ауылымыздың батыры» деп әспеттеп, құрметтеген.

Отыздан асқан Қожамберді Жетісу жерінен келіп, немере ағасы Жаманбаймен табысқан. Бұл Қытай, Ресей, Өзбек, Бұхар хандықтарының қазақтарға қысым көрсете бастаған шағы еді. Осындай қилы кезеңде бірігудің орнына Сүйеліш, Сопы, Досымқұл ұрпақтарының әрқайсысы әр жаққа тарта бастаған. Жаманбай мен Қожамберді олардың бірігуі үшін көп күш жұмсайды. Әсіресе Қожамберді: – Бітім бәтуаға келіп ел боласыңдар ма, жоқ жеңіліп, жер боласыңдар ма, көнбейтіндерің жекпе-жекке шығыңдар, – деп майдан алаңының шаңын шығарып, түнеріп тұрып алған. Бұған дейін өздері білмейтін қаһарлы батырдың айбынынан қаймықты ма, әлде ақылға келді ме қарсы беттегілер «Бесата Жаманбайды аз деп мына бір құйысқаны жоқ аттыны қосқан Құдайым-ай!» – деп бәтуа бірлікке келіпті. Ертеңіне: – Жерімізге Құйысқансыз батыр келіпті, ол Жаманбайдың немере інісі екен, – деген сөз бүкіл атырапқа жайылыпты. Содан былай батырдың Қожамберді есімі былай қалып «Құйысқансыз» атанып кетеді. Бірігіп бәтуаға келгеннен кейін бүкіл Тәңірбердінің ұрпақтары Жаманбай батырды өздеріне ұран етіп алады. Содан XVI ғасырдың алғашқы жартысынан XVIII ғасырдың аяғына дейін Маңғытай, Саңғыл, Божбан, Жетімдер мен алты ата Қоңыратқа Жаманбайдың ұран болып келгенін шежіре де, көнекөз қариялар да растайды.

Жетісу жерінен келген Қожамбердіге Жаманбай бастаған ағайындар үстіне үй тігіп, алдына мал салып беріп, ежелгі Көккесене жеріне қоныстандырады. Қожамбердінің батырлығын естіген Сығанақтағы Ақназар хан оның ер қаруы бес қаруды шебер меңгергенін, садақ жебесін жүзіктен өткізген мергендігіне риза болып өзіне жүзбасылыққа алады. Содан он бес жыл бойы, Ақназарханға қызмет етіп, Қазақ ордасының іргесін нығайтуға белсене қатысқан.

Түркістан, Сауран қалаларын қоқандықтардың езгісінен екі рет құтқарған. Бұхара хандығының әскерімен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Ақназар Қожамбердіге болат семсер мен алтын балдақты алмас қылышын сыйға тартқан. Сол қылыш ұрпақтан ұрпаққа ауысып 1929 жылғы байларды тәркілеуге дейін келген. Ұрда-жық белсенділердің қасиетті қылышты алмай қоймайтынын білген батырдың ұрпағы, Жауғашбайдың балалары Көккесененің күнбатыс бетіндегі төбе баурайындағы төбешіктің жиегіндегі түйе қораның ішін біржарым метрдей қазып, соған киізге орап көмген. 1950 жылдары ол жерлер тегістеліп күріш егіліп кеткен.

Ақназар хан Ташкенттің ханы Бабасұлтанмен одақтасып Бұқараны түпкілікті бағындырмақ болады. Бірақ опасыздық жасаған Бабасұлтан Ақназарды қапыда өлтіреді. Одан кек алу үшін Шығай ханның ұлы Тәуекел бір түмен әскеріне Қожамбердінің жүздігін қосып алып соңынан қуады. Ашынған Тәуекелдің әскері Бабасұлтанның әскерін қуып жетіп, Арқадағы Жошы ханның мазарының түбінде талқандайды. Айқасқа шыққан Бабасұлтанның өзі Қожамбердінің жебесінен мерт болады. Кейін Тәуекел Бұхара шаһарына шабуыл кезінде ауыр жарақаттанады. Ақыры содан көз жұмады. Қожамберді бұл кезде алпыстан асып қалған еді.

Өзі «Ақназар, Шығай, Тәуекел хандарға бірдей қызмет еттім, енді бала-шағамның қасында болайын», – деп Көккесенеге келіп екі жылдан кейін көз жұмады. Өтініші бойынша денесі Хорасан атанған Әбдіжалил бабтың кесенесінің жанына қойылған. 2013 жылы ұрпақтары Қожамбердінің басына зәулім кесене тұрғызады.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<