\»Пахтакор\» трагедиясы

529

0

\"Пахтакор\" трагедиясы 1979 жылдың 11 тамызында Украина аспанында әлемдік әуе тасымалы тарихында ештеңемен салыстыруға келмейтін қайғылы оқиға болды. Днепропетровск облысының көгінде «Аэрофлоттың» екі бірдей жолаушылар ұшағы бір-бірімен соқтығысып, 178 жолаушы қаза тапты.

 Ұшақтың бірі Воронеж-Кишинев, екіншісі Ташкент-Донецк-Минск бағыты бойынша ұшып шыққан еді. Ташкенттен Минскіге бағыт алған ұшақта сол уақытта КСРО біріншілігінде тәуір ойынымен бүкіл Одақ жанкүйерлеріне аты мәлім бола бастаған, сонымен бірге Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың сүйікті командасына айналған «Пахтакор» футбол клубының 14 ойыншысы болды. «Пахтакор» КСРО біріншілігінің кестесіне сәйкес 13 тамызда Минскіде жергілікті «Динамомен» жасыл алаңға шығуы тиіс еді…

Үкіметтің ВЧ байланысы бойынша қайғылы оқиғаны бірінші болып естіген Ш.Рашидов бірнеше күн бойы санасын билеген күдікті ойлардан арыла алмай дел-сал күйде жүрді. Қалайша? Бұл адамның қолымен істелген әрекет емес пе? Ұшы-қиыры жоқ аспан әлемінде жол таппағандай екі ұшақтың соқтығысуы неліктен? Бірінші хатшы алдымен Владимир Шербицкийден күдік алды. Ол Украина Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы еді. Украина ғана емес, күллі Одақтың атынан шетелдерде өнер көрсетіп, КСРО футболының даңқын асырған Киевтің «Динамосы» Шербицкийдің сүйікті командасы болатын. Сол уақытта украиндар көсемі жалғыз футбол ғана емес, экономикада, ұлтшылдықтың ушыққан мәселелерін шешуде едәуір жетістіктерге қол жеткізіп, тіпті кейбір Саяси Бюро мүшелері оны Брежневтің мұрагері ретінде де атай бастаған еді. Кім біледі, қызғаныштан, іштарлықтан дегендей…

 70-жылдардың саяси ағымын дөп басқан Ш.Рашидов та бедел мен абырой жинауда ешкімнен қалысқысы келмеді. Мақта өнімі бойынша көтеріңкі міндеттемелер алды. Республикада сол жылдары жалған ақпар беріп, қосып жазу белең алғанынан жоғарыдағылар мүлдем хабарсыз еді. Жұмыс жүріп жатыр, ендеше Өзбекстанда миллиондардың сүйікті ойынына айналған футболды неге биікке көтермеске?! Шараф аканың Шербицкийден несі кем?!

Рашидов «Пахтакорға» үлкен қолдау көрсетті. Команда ойыншыларына жағдай жасалды. Әлеуметтік жағынан үлкен қолдау көрсетілді. Клубқа кәнігі мамандар басшылық жасады. Бірінші хатшының несібесіне орай сол кездегі «Пахтакор» клубына талантты жастар көптеп шоғырланды. «Пахтакор» одақ біріншілігінде алғашқы жетіліктің қатарына енді. Футболшылар Өзбекстан басшысының абыройын көтерді. Спортты КСРО Компартиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Брежневтің өзі жақсы көретіндіктен осының барлығы Рашидов үшін өмірдің басты мәні, саяси аренада бедел жинаудың үлгісі ретінде саналды. Енді, міне, барлығы бір сәтте жоғалды, тағдыр деген қандай қатал, мейірімсіз десеңші!

Бірақ қайғылы оқиғаға Рашидовтың күмән келтіргеніндей, Шербицкийдің ешқандай қатысы жоқ еді. Әуе апатына диспетчерлер кінәлі болып шықты. Әуеде 8400 метр биікте бұлт арасымен бір-біріне қарама-қарсы ұшып келе жатқан екі ұшақты радардан байқаған диспетчер оларды бір-бірінен ажырату мақсатымен ташкенттік рейске 1200 метрге жоғары көтерілуге нұсқау береді. Команданы естіген ұшақ командирі «түсіндім» деп жауап береді. Диспетчер жауап қабылданды деген оймен алаңсыз отыра берген. Бірақ «түсіндім» деген жауап өкінішке орай, ташкенттік ұшақ командирінен емес, сол төңіректе ұшып келе жатқан үшінші ұшақтың командирінен естілген еді. Диспетчердің өрескел қателігі – ол «түсіндім» деген сөзді қандай ұшақтың командирі айтқанын қайталап тексермегендігінен орын алған еді. Осылайша диспетчерлердің байқамдығы мен ұқыпсыздығы әлемнің әуе тасымалы бұрын-соңды естіп көрмеген трагедияға әкеп соқтырған еді.

Бұл оқиға жайында КСРО басшылары тіс жармауға қанша жерден талпынғанымен, шындықты жасырып қалу мүмкін болмады. Арнайы комиссия құрылды. Көп ұзамай апаттың неден болғаны анықталып, сол кезде ұшақтардың бағыттарын басқарып отырған диспетчерлер Николай Жуковский мен Владимир Сумский кінәлі деп табылды. Екеуі де 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Николай Жуковский ол кезде небәрі 20 жастағы үшінші деңгейлі диспетчер еді. Ал Владимир Сумский оның ұстазы екен. Адам тағдыры қызық қой. Негізі апат болған күні Сумский орнына кезекшілердің басшысы Сергеев есімді азамат болуы керек еді. Бірақ, ол бар жауапкершілікті Сумскийге артып, «судан таза, сүттен ақ» болып шыға келген. В.Сумский өзіне тағылған айыптардың барлығын мойындап, түрмеде алты жыл отырып, тәртіптілігімен көзге түскен соң босап шығады. Ал Николай Жуковский өзіне артылған қысымға шыдай алмай, абақтыда өз-өзіне қол жұмсады. Қаза болған футболшылардың көбі Ташкенттегі Боткин зиратында жерленді. Кейбірінің денесі өз Отанында жер қойнауына тапсырылды. Кейіннен апат болған жерде, яғни Куриловка ауылында ескерткіш орнатылды. Команда апатқа ұшырап, Өзбекстан халқы қан жылап жатқанда, КСРО-ның құрамындағы барлық республикалар «Пахтакорға» қол ұшын берді. КСРО футбол федерациясының басшылары «Пахтакор» қажетті ұпай жинай алмаған жағдайдың өзінде үш жыл бойы жоғары топта ойнай беретіндігі жайында шешім шығарды.

Тұтас бір команданың ойыншылары апаттан қайтыс болғанда КСРО біріншілігі қызып тұрған еді. Сондықтан да «Пахтакордың» турнирдегі ойындарын кейінге шегеруге мүмкіндік болмай, бірқатар команданың ойыншылары өз еріктерімен ташкенттіктердің сапына ауысты. Термез, Минск, Мәскеу, Тула, Львов, Ферғана, Душанбе, Кутаиси, Одесса, Гүлстан, Дондағы Ростовтан келген теңбіл доп шеберлері «Пахтакордың» сапында өнер көрсетті. Солардың арасында Ақтөбенің «Ақтюбинец» клубының ойыншысы Владимир Карман да бар еді.

Бұл апаттан «Пахтакордың» жастар командасында ойнайтын Сирожиддин Базаров аман қалуы мүмкін еді. Ажал айдады ма, ол екінші командамен емес, «Пахтакордың» негізгі құрамымен ұшаққа отырды. Апат болардан бірнеше күн бұрын ол туған күнін тойлады. 10 тамыз күні ұлының туған күнімен құттықтау үшін елден арып-ашып әкесі келді. Сөйтіп ол бапкерлерден әкесінің қасында бір күн болып, 11 тамыз күні негізгі құраммен ұшуға рұқсат алады. Ол кезде Сирожиддин Базаров небәрі 18 жаста болатын… 10 тамыз күні «Пахтакор» клубының массажисі Евгений Дворников та туған күнін тойлаған еді. Журналист Олег Якубовпен бірге рейске кешігіп келген олар аман қалды.

КСРО тарихындағы ең үлкен әуе апатынан «Пахтакор» клубының сол кездегі бапкері Олег Базилевич те аман қалды. «Апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде менде болуым керек еді. Бірақ, республиканың спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Мырзаолим Ибрагимовпен келісіп, командадан екі күн бұрын Сочиге ұшып кеттім. Өйткені, ол жақта менің жанұям демалып жатыр еді. Одан бөлек, мен екінші команданың да ойының көргім келген. 11 тамыз күні тбилисилік «Динамо» мен мәскеулік «Динамо» арасындағы КСРО кубогының финалын тамашалап отырғанмын. Мен тоқтаған бөлмеде телефон болмады. Бір кезде қонақүй қызметкері келіп, Ташкенттен қоңырау шалып жатқанын, тез арада төменге түсуімді сұрады. Сол кезде денемді қара күш шымырлап өткендей болды. Тұтқаның арғы жағында Ибрагимов болды. Оның дауысы дірілдеп әрең шығып тұрды. Ол өз-өзін әрең ұстап, «команда қаза болды» деді. Сол кезде байланыс үзілді. Әлі есімде, мен сол тұрған қалпымда қатып қалып, соңына дейін не болғанын дұрыс түсіне алмадым. Бөлмеме қалай жеткенімді де білмеймін. Кейіннен есімді жиғаннан соң әйелім мен ұлым сол кезде адам танымастай болып өзгеріп кеткенімді айтты. Бөлмеде отбасымның «не болды?» деген сауалына «команда апатқа ұшырады, барлық жігіттер қаза болды» деп жауап беріп, көз жасымды тыя алмай қалдым», – деп есіне алады бұл қайғылы оқиғаны Олег Базилевич.

– Қанша жылдар өтсе де «Пахтакор» туралы бір хабар естісем жүрегім дір ете қалады, – дейді бапкер. Ол оқиға әлі де менің есімде. Өмірімнің соңына дейін шықпайтын да шығар. Өйткені, мен ол команданы, ол жігіттерді сүйіп қалдым. Команда қатарындағы Владимир Федоров мен Михаил Ан КСРО жастар құрамында да өнер көрсеткен. Федоров өте жылдам әрі кез-келген қарсыласын алдап өте алатын шабуылшы еді. Ан болса шабуылшының астында ойнайтын. Ол алаңды тамаша көре білетін. Негізі Миша ол матчқа бармау керек еді. Өйткені ол бір тур бұрын «Зарямен» өткен кездесуде жарақат алып қалды. Бірақ ол команданың көшбасшысы әрі капитаны. Оған да ол ұшақтың ішінен орын табылды…

Сол кезде командамен болған Владимир Макаров алаңның кез-келген жерінде ойнай беретін. Сол қапталда ойнайтын Константин Бакановтың жылдамдығы мен соққысы жақсы еді. Ол допты айып алаңына жиі көтеретін. Шабуылшы Виктор Чуркин допты жақсы сезетін. Енді ғана өсіп келе жатқан Шухрат Ишбутаев пен Сирожиддин Базаровтың да болашағынан зор үміт күттік. Оң қапталдағы қорғаушы Юрий Загуменных шабуылға жиі қосылатын. Орталық қорғаушы Равиль Агишев тапсырманы ойдайғыдай орындайтын. Қорғаныстың ортасында Алым Әшіров та тас қамал қорғаушы еді. Владимир Сабировты алаңның қай жеріне қойсаң да сенімді ақтайтын.

Жартылай қорғаушы Александр Корченовтың еңбекқорлығына таң қалатынмын. Қорғаушы Николай Куликов өзіне өте сенімді ойнайтын. Қақпашымыз Сергей Покатилов қырағы еді. Ал, команданың аға бапкері Идгай Тазетдиновпен тез тіл табысып кеттік.

2000 жылдардың басында Ресейдің 1-ші телеарнасы «Гибель Пахтакора» атты деректі фильм түсірді. Фильмде марқұм болғандардың әйелдері сол қайғылы күнді еске алып, апат алдында жұбайларының қорқынышты түс көріп, оларды жын-шайтан кейпіндегілердің белгісіз тұңғиыққа батырып жатқанын баяндаған еді. Фильмде әуе диспетчерлерінің ұшқыштармен сөздері, олардың қателескен тұстары ап-анық естіледі. Оны тебіренбей көру мүмкін емес.

– Командамыздың бірлігі мықты еді. Клубтың басшысы Зокир Құрбановпен Ташкентке келмей тұрғанда Киевте жолықтық. Ол кезде Зокир тәптіштеп тұрып бізге өзбектің палауын жасап берген. Ол жасаған тағамның дәмі әлі есімде, – дейді Олег Базилевич.

Міне, сол негізі Өзбекстан құрамасының ойыншыларынан тұрған «Пахтакор» клубының апатқа ұшырағанына 38 жыл өтті. Қаралы оқиғаның 30 жылдығына орай Куриловка ауылында ескерткіш орнатылды. Ал, Ташкенттегі Боткин зиратына арнайы монумент қойылды. Әр жыл сайын бұл зиратқа қайтыс болған ойыншылардың туыстарынан бастап футбол жанкүйерлері гүл шоқтарын қояды…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<